СӘУЛЕ САХНАЛАҒАН “САРЫН”

СӘУЛЕ САХНАЛАҒАН “САРЫН”

СӘУЛЕ САХНАЛАҒАН “САРЫН”
ашық дереккөзі

Таяуда Қазақтың мемлекеттiк М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында дәстүрлi әншi, Қазақстанның Еңбек сiңiрген қайраткерi Сәуле Жанпейiсованың "Сәуле-сарын" атты 2-бөлiмдi ән кешi өттi. Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған бұл концертте хас шебердiң бүгiнгi күнi елiмiздiң музыка мәдениетiнде өзiндiк орны бар танымал шәкiрттерi де қатысты. Концерттi Президент оркестрiнiң жетекшi әншiсi, дарынды жыршы Эльмира Жаңабергенова С.Тұрғынбектiң "Өмiр өткелдерi" деген сөзiне жазылған өз термесiмен ашты. Сондай-ақ кәсiби әншiлер А.Елшiбаева, Қ.Әбдiлдина, А.Мақашева, Ө.Айниязовтармен қатар кеш иесiнiң шәкiртi әрi әрiптесi, Қырғызстанның халық артисi Роза Аманова ән-шашуымен арнайы келдi.

Бұл жолы Сәуленiң сахнаға қадамы ұлт азаттық көтерiлiстiң жаршысы болған Махамбет Өтемiсұлының "Мен – мен едiм, мен едiм!" термесiмен басталды.

Кештiң алғашқы бөлiмi тақырыпқа сай, яғни тәуелсiздiк, азаттық жолында небiр нәубет оқиғаларды басынан өткiзген ұлтымыздың тарихынан ақпарат беретiн музыкалық шығармалардың мазмұндық құрылымымен берiлдi. Мәселен бейбiт жатқан қазақ елiн бейнелеуде ұлттық саз өнерiнiң арналы үш жанры да қамтылыпты: әнi мен күйi және де жыры. Сәуле сәукеле киiп, жаңа түскен келiншек образында "Жас келiн" әнiн "Сазген сазы" фольклорлық ансамблiнiң сүйемелдеуiмен орындады. Мини-спектакльдiң жобасындағы келесi кезеңi баласын әлдилеген келiншектiң "Әй-әй, бөпем" әнi арқылы берiлдi. Көне жетiген мен сыбызғы аспаптарының үнiмен қосылған әншi даусы архаикалық дыбыс әлемiн жеткiзе бiлдi. Iле мұндай кантилендi әнге контраст ретiнде жоқтау сипатты әуенге ие XVII ғ. жаугершiлiк заманда босып, шығыстағы Қытай ауа көшкен елдiң "Ағажай Алтай" әнiн шығаруы, батыс бөлiгiнде Башқұртстан жерiне дейiн өткен қазақтардың елiн сағынып айтқан "Ақ Жайық" (көне аты "Туған ел") әндерi домбыра сүйемелiмен Арқа, батыс дәстүрлi мектептерiнiң үрдiсiмен орындалды. Концерттi өлең жолдарымен өрнектеп, өзi жүргiзген шебер қазақ өнерiнiң "алтын ғасырындағы" (ХIХ ғ.) сал-серiлер шығармашылығын беруде Мұхит Мералыұлы туындыларының шоқтығы биiк шыңы "Айнамкөздi" шырқады. Бұл – диапазоны өте кең, анау-мынау әншiге бағынбайтын күрделi ән. Бiрiншi бөлiм өткен ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтерiлiс, Отан соғысы, Желтоқсан оқиғасы секiлдi ел тарихындағы елеулi оқиғаларға толы кезеңнiң жеңiсiн жырлайтын тақырыптағы Ш.Қалдаяқовтың "Бейбiт күн тiлегi" әнiмен аяқталды (сөзi Ж.Нәжiмеденовтiкi).

Кештiң екiншi бөлiмiнде ақын Маралтай Райымбекұлының өлеңiне жазылған "Жан әке", "Алатау", "Жас ғасыр, жаңа замана" ән, термелерiнiң орындалды едi. Бұрынғы концерттерiнде Сәуле "Жас ғасыр, жаңа замана" термесiн айтып жүргенмен, әуенiнiң авторын жарияламайтын. Халық музыкасына қанып өскен әншiнiң бұл шығармасынан дәстүр iзiн естуге болады. Бұл жолы терменi Өмiрқұл Айниязов эстрадалық өңдеумен шабытты жеткiздi.

Әншiнiң қызы Қуаныштың сахнаға ән айтып шығуы және өзiнiң "Бұлттардың жазған жазуы" (сөзi Б.Жақыптiкi) әнiнiң тұсаукесерiн жасап, қалың тыңдарман қауымды ерекше баурады. К.Байсейiтова атындағы республикалық дарынды балалар музыка мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Қуаныш – скрипка класында дәрiс алып жүрген, еуропалық академиялық орындаушылық бағытта тәрбиеленiп келе жатқан жас музыкант. Бұрынғы концерттерде ол – скрипкасымен шығып жүрсе, бұл кеште анасымен "Бауырым-әнiм" (сазгер Е.Әмiров) дуэтiн екi дауыстың көркем сәйкестiгiмен шырқады.

Сондай-ақ Сәуленiң бүгiнгi дейiнгi сұхбаттарында айтып жүрген домбыра мен гитара экспериментi де осы кеште алғаш тыңдалды. Сәуле композитор Т.Рахимовтың "Боз орамал" әнiнiң тұңғыш орындаушысы ретiнде осы шығарма мен I.Жақановтың "Едiл мен Жайық" әнiнiң сүйемелдеуiне домбыра мен гитараның басын бiрiктiрдi.

Әншiнiң дауыс табиғатына тоқталып өтсек, оның домбырамен айтатын халық термелерiнен, дәстүрлi орындаудағы Мұхит әндерiнен, ансамбль сүйемелiндегi қырғыз әнi "Сарыой" мен тәжiк әнi "Сорбоннан", жетiген мен сыбызғы қостауындағы "Әй-әй, бөпем", Қуанышпен айтқан эстрадалық дуэттен, өз әнi "Жан әке" шығармаларынан дауыс бояуы, ерекше нақышы айқын көрiнедi. Әр кез оның үлкен талғаммен айтқан әр туындысынан дауыс мүмкiндiгiнiң ерекше мол қорын, мықтылығын көрiп, таңырқаудан жалықпайсыз. Мәселен диапазонының кеңдiгiн, Мұхит мектебiнiң мақтанышы екендiгiн "Айнамкөздi" айтуы дәлелдесе, "Сорбон" – жоғары регистрдегi шығыс иiрiмдерiнiң бұрмаларын, "Сарыой" орындаушыларда өте сирек ұшырайтын нәзiк динамизмнiң қырын аңғартады. Ал өз әнi "Жан әкенi" орындағанда оны меццо-сопрано деп қабылдайсыз! Өйткенi төменгi регистр дыбыстарының толыққанды естiлуiне таңдай қағып, бас шайқап, шапалық ұрудан басқа амалыңыз қалмайды.

Бақыт Тұрмағамбетова, музыкатанушы