"БАЛАУЫЗ ШАМНЫҢ" ЖАРЫҒЫ

"БАЛАУЫЗ ШАМНЫҢ" ЖАРЫҒЫ

"БАЛАУЫЗ ШАМНЫҢ" ЖАРЫҒЫ
ашық дереккөзі

Оқып болған кiтабымыздың соңғы бетiн аса бiр қимастықпен жауып: "Сағыныш! – дедiк күбiрлеп. – Сағыныш!.. Тұнып тұрған сағыныш!.. "

Ерiккеннен айта салған елiрме сөз емес, неше күннен бермен мұқият сүзiп шыққан көлемдi жыр жинақтың санамызда қалған соңғы сәулесi, қорытынды байламы едi бұл. Ерiксiз тiл ұшына үйiрiлген түйiндi лебiз… Бәлкiм бүкiл кiтаптың ұзына бойынан дәл солай деп ат қойылып, айдар тағылған өлеңдi кездестiруге болмас, дей тұрғанмен, алғашқы беттi ашқаннан-ақ сондай бiр аңқаны кептiрген аңсаудың қарсы алдыңыздан аңқып қоя беретiнi күмәнсiз. Ақ парақтарды аударып, iлгерi қарай ендеп енген сайын сондай бiр мұңлы сезiм бояуы әнтек қалыңдай түседi. Әңгiме Исраил Сапарбайдың 2006 жылы "Қазығұрт" баспасынан жарық көрген жаңа жыр жинағы "Балауыз шам" туралы болайын деп тұр. Өмiрге әкелген ұрпағының ныспын қалай деп атамағы – ата-ананың ажырамас қақы. Сол сияқты жан-рухынан өрбiген өр ұланы – өлең кiтабына не деп ат қоймағы – автордың толық еркiндегi шаруа. Алайда берген есiмiнде өзiнiң бiр ойға алған мақсаты, iшкi бiр жасырын демегiнiң бұғып жататыны еш күмәнсiз болса керек. Исраил аға да рухани перзентiн "Балауыз шам" деп атаса, өзiнiң бiр дiттегенi болған шығар, солайда, бажайлап қарасақ, меңзегенi бiздiң оқып шыққан соң түйген әлгiндегi ойымыздан онша ұзап кетпейтiндей… сондай бiр белгi байқалады. Тек қараған тұрғыда ғана шамалы айырмашылық болғандай. Мысалға алсақ, жинақтың алғашқы бетiндегi алғысөз – түгел сөздiң түп қазығы iспеттi "Балауыз шам" деген өлең былай деп сыр суыртпақтайды. Балауыз шам… Ымыртта өшiп-жанған, Бiр тал гүлiм қара жер төсiн жарған. Жазға iлескен көктемiм күзге ұласты, Көз алдымда барады көшiп жалған. Көк түтiнге тұншығып түйдектелген, Үркiп ұшып барады үйрек көлден. Қай тұйыққа бiр күнi тiрелерсiң, Қайран менiң жолдарым иректелген?.. Сәл-пәл сары уайымға салынған, қамығыңқы тұсын алып тастағанда, бұл кәдiмгi жер ортасы жасқа келген адамның қыр басына шығып, артында қалған әлдене қымбат дүниесiн қимай, қиналып отырғандағы арманды сөзi болып шығар едi. Өткенге өкiнiштен гөрi, алыста қалған асылын аңсау басым. Олай дейтiнiмiз, содан кейiнгi тағы бiр шумақ былай боп жалғанады: Қаперге алмай iлкi үмiт, iзгi арманды, Қарашаның қабағы ызғарланды. Қолаң шашы қобырап хош иiстi Қыр астында қырмызы қыздар қалды… Басынан ауып, соңына озған сағым өтмiштен бiржола құйрық үзiп кете алмай, жiпсiз байланып, шарасыз мойын бұрып, қарайлай беретiн арқандаулы бiр дәрменсiз хал бар. Бұйда үзерге айла жоқ. Заманы өткен, жасы жеткен кiсiнi алыс ұзатпай, өзiне арбап, тартып тұрған ондағы әбжылан – қыздар. Әрине, бұндағы "қыздар" жиынтық бейне. Қияқ мұртты қыршын күндер қимаса қимағандай-ақ уақыт қой, шiркiн! Сүрген бiр дәурен дерсiң! Естен қалғысыз ерекше мезгiл. Өйткенi оның аясына көп нәрсе сыйып тұр. Алысқа шақырып аласұртқан арман, алаудай өртеп албырт қылған ыстық махаббат, өзiне құмар қылып үзiле үздiктiрген таусылмас қызық, ұмытылмас "шыжық"… көңiлге қанат бiтiрген үмiт, қамсыз-қайғысыз алаңсыз жас өмiр… бәрi де соның кенересiн кеңiтiп жатыр. Кеше ғана басып өткен жолың ғой… iздерiң сайрап жатыр артыңда. Соңыңда шұбалған алтын бұйдаңды үзiп қайда барасың? Ауық-ауық аңдаусыз мойын бұрып, кейiн тарапқа қарап қоясың. Сағыну ма, Бiлмеймiн, жабығу ма?.. Тәнiм дертiп, шөлдедi жаным уға. Жайымды айтам, Көзiмнен жас парлатып Жаратқанға бейiлмiн жалынуға! Алма-кезек астасып уайым, налу, Қапалану, түңiлу, қайыл қалу… Шара таппай қиналған кездерiмде Шарапаттай жарылқар жайылған у!.. Бұның не хал екенiн бiлсеңiз керек. Бiлмесеңiз, бiз айтайық. Бұл – жабығу да, налу да емес, бұның аты – зарығу. Өткен күндердi аңсау. Артта қалған арайлы айларды, мерейлi жылдарды сағыну. Сағынайын деп сағынбайды кiсi. Өзi сағындырады. Онда бiр сұмдық сыр бар жан арбаған. Алыстан шақырып, өзiне тартып тұрады. Ойға алсаңыз болды, шырмауығына шырмалып, шыңырауына шым батып кетесiз. Және бұл бүгiн болған жәйт емес, ежелден келе жатқан еншiлi елiгу. Тоты халiн кешкенiме қай заман? Аспанымда – жұлдыз желең, Ай жалаң. Өле-өлгенше арыла алар ма екенмiн Өрттен, дерттен өн бойымды жайлаған? Тайқы маңдайға о баста жазылған тағдыр болса, одан арылмақ жоқ. Қашып құтылам деу – жазмыш iсiне қарсы келу. Өйткенi ол сезiмтал жанның жалғанда тиесiлi сыбағасы. Қала-қалама, ақын болып жаралған көп iшiндегi жалғыздың көрер күнi сол. Өле-өлгенше өртену. Дерттену. Одан алар өзiндiк ләззаты да бар, әрине. Ешқайдан табылмас жан рахаты. Алда өлең болып өрiлер өзгеше толқымалы күй. Меңдеген толғақ. Жатармын марғау халде мен Маза алған мәйден масаңдай, Жай тауып бiр сәт жан-денем, Көзiмдi жұмған аша алмай. Ләззатың, Күлкiң… Бәрi есте, Не шара у-зәр iшкенмен? Жүрегiм – құйттай нәресте Кеудемде жатып түс көрген. Бар пәле есте қалудан басталса керек. Жадыда қалмай, еске алу да жоқ. Ал санада iз қалдырған "ләззат" пен "күлкiнiң" арғы жағы – тереңiне тоғытып әкетер тұңғиық. Иiрiмдей үйiрген шүңетке еркiңнен айрылып жұтыласың да кетесiң. Баяғыда өтiп кеткен өтмiш жайлардың құшағына сүңгисiң, тұманында тұншығасың. Сондағы бiр ескi елестер шақырады қол бұлғап. Соған елiтесiң ерiксiз. Жоғарыдағы өлең жолдары дәл сондай бiр масаң күй кешкен ақын сезiмiнiң сыртқа шыққан айшықты көрiнiсi. Ал көрген түс секiлдi бұлыңғыр тартқан жандүние құбылысы ары қарай былай ұласады: Кiрпiгiңдi, жаным-ау, жас шылаған Тағы да бiр талаурап қақшы маған. Арзуына ақынның кiм "әу" деген Тақ сұрамай, Тәңiрден бақ сұраған? Арзуына ақынның "әу" де, гүлiм, Өтсiн, кетсiн басымнан әурелi күн! Көкке алақан жаяйық, Жапырақ пен Ұстай алмай саулаған сәуленi мың… Танып отырғаныңызға күмәнiмiз жоқ. Жүрегiңiзге жылы тиер етене сезiм. Өлеңмен өрнектелген жан толқыны… Иә, сағыныштың тағы бiр аты – сарыла ойлау, берiле мұң кешу. Оның түбi – жұтпа қайраң… Шегiне жете алмай ауытқып кеткендер қаншама өмiрде. Ондайларды Мәжнүн дейдi. Тағдыры қиын болғанмен, махаббатта адамзат жеткен ең биiк шың әзiрге сол. Ал ол шекке iлiне алмай, берiде, етекте, қиялында қалт еткен жайларға ғана елiтiп, ақыл-есiн аман сақтап қалғандарды не деймiз? Әрине, бұның аты – романтика. Алақанына алып әлдилейтiн сезiм – тәттi мұң, ынтызар тiлек. Ойда жоқта өлең болып қарсы алдан ұшырасқан мына хал, сөз жоқ, сол… бiз бiразға көз жазып қалған асық аңсар, арманшыл күй. Шығыс поэзиясынан жұғысты болып, өз болып сiңiп, мұндаға дейiн iлесiп келiп, темiр-терсектiң заманы басталғалы берi қазақ өлеңiнен "көкала үйрек" боп ұшып кеткен мұңлы сарын, жалынды леп… Талай жылдан соң қайта шығыпты алдымыздан. Жылы ұшыраған көңiлмен жатырқаусыз қабылдадық. Бiр есептен бұның да таңданарлығы жоқ болса керек. Жер жиһанға даңқы жайылған Шираз бұлбұлдарымен ежелден таныстығы бар, мөлдiреген таза сезiмнiң ауылына қоңсы қонған Ысекеңнен мұндай бiр өзгеше өрнек, әрлi бояу кездестiрмесек, несiне сыршыл үндi лирик шайыр деп жүрмiз. Мұндай жұп-жұмсақ мұңға бөлеп, мұнарлы әлемге бастап кететiн жан тұшынғандай тәттi жырға тап болуымыз – заңды да. Өлеңдегi мұндай өзегiне тартып әкетер сиқырлы иiрiм басқа бiр өрiмдерде былай жалғанады: Ей, асыл зат! Мен мүлдем өлiп-өшкен, Көрген сайын көркiңдi көңiл өскен. Бейiштiң самалындай лебiзiңе Қалай шыдар жүрегiм ерiместен?!. Дәргейiңе зар болған дәруiшпiн, Қанып iштiм саумалын сағыныштың. Қарлығаштың қанатын сұрап алып, Саған қарай келедi алып ұшқым! Тағы да алып ұшқан арман. Үзiлмес үмiт. Басылмас ынтық көңiл. Сұлу сөз – сыршыл поэзия болып өрнектелген ғашық жүрек лүпiлi. Әлде ақынның өз көкiрегiнiң үнi, әлде лирикалық кейiпкер "меннiң" "аһ" ұрған жалынды демi, шыны керек, екi арасын ажырату қиын. Тек аңсап көрген, сағынып көрген жандар ғана толық түсiне алар алапат зарығу. Тәңiрiм-ай, қайда едi жарық күнiң? Кiм түсiнер ғашықтың ғарiп тiлiн? Өткiр жүздi қолыма қанжар түссе, Жүрегiмдi тастар ем жарып бүгiн! Байқаған жанға бәрi аян. Ширығу зар күйiнде. Қалауын iздеп зар шеккен шерлi көкiрек жарылуға таяу. "Қайда едi жарық күнiң?" деп, "аһ" ұрып, ауыр азаптан арылтатын бiр шапағатты шақтарға қол созады. Ол – үмiтiнiң ақталып, арманының орын болғаны ғой. Бiрақ "кiм түсiнер ғашықтың ғарiп тiлiн". Аржағына аян: сұраушының сүйген асын ешкiм бермейдi. Соған "қолына қанжар түссе, жүрегiн жарып тастауға әзiр". Ал ол – оңай емес. Сондықтан сабыр сақтап, тоқтау қылуға тура келедi. Айтқандай-ақ, дегенiмiз болыпты: Адастым ай мен күн арасында, Дауысым құмға құмығып. Құлқыңмен менi құп аласың ба, Бейiлiң бермен бұрылып? Өмiрге өткен өкпелi едiм, Жастық шағымды жаулаған. Жанымда жүршi, көктемiм менiң, Еркiмдi ессiз баураған… – деп, "жастық шағын жаулаған өткенiне өкпелi" Мен (бәлкiм, ақынның өзi) ақылға келiп, екпiнiн тоқтатып, "жанымда жүршi" деп, "жасыл көктемiне" тiлек айтып, өтiнiш бiлдiредi. Өйткенi еш жасырып жаппайды, ол "еркiн ессiз баурайды екен". Демек бiздiң тұспалымыз да бұрыс кетпеген… Сөз жоқ, ақын (әлде "мен") бiрдеңенi сағынады… үзiле аңсайды… Сол себептi, бүкiл кiтап өзегi – Сағыныш. Жұрт жақсы бiлетiндей, Исекең – жалпы нәзiк үндi, сыршыл ақын. Ысылған шебер лирик. Өлеңдерiнiң өзегiнде тәттi мұң, иiрiмдi сезiм жатады. Ақындық табиғатындағы басты ерекшелiк осы десек, сол сиқырлы сарын осы жинақта мұңлы сағыныш болып өрiлiптi. Өлеңдi өлең етер айырықша нәрселердi, егер дәл осындай бөлекше бөгенайлар деп айтуға болса, онда маңдайға жазылған бұл елеулi артықшылықтың ақынның бұдан кейiнгi шығармашылығында да жалғасын тауып, одан ары дами бередi деген нық сенiмдемiз.
Серiк НҰҒЫМАН