"ШЕВРОННАН" – ҚОС КIТАП

"ШЕВРОННАН" – ҚОС КIТАП

"ШЕВРОННАН" – ҚОС КIТАП
ашық дереккөзі
390

Өткен аптада Алматыда "Шеврон" компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң ұйымдастыруымен екi жаңа кiтаптың тұсауы кесiлдi. Аталған шараға Үкiмет, жергiлiктi атқарушы билiк, халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдар, бiлiм беру мен денсаулық сақтау саласы, сондай-ақ "Шевронның" талай жылдан берi тiзе қоса отырып жұмыс iстеп келе жатқан сенiмдi серiктестерi қатысты.

Компанияның Қазақстанда iргетасы қаланған 1993 жылдан бастап, түрлi салаға құрылған әлеуметтiк бағдарламалар шеңберiндегi атқарылған көпжылдық серiктестiгi суреттелетiн "Қазақстан-Шеврон: жылдар сынағынан өтiп, келешекке ұмтылған серiктестiк" деп аталатын бейнелi басылымда отандық бiлiм беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, шағын және орта кәсiпкерлiк, түрлi қайырымдылық шаралары, кәсiпкерлiктi дамыту және қолдауға қатысты жобаларды жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстар баяндалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, республиканың барлық аймағын қамтыған бұл бағдарламаларды "Шеврон" компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгi өзiнiң Атырау облысындағы "Теңiзшевройл" және Батыс Қазақстан облысындағы "Қарашығанақ Петролеум Оперэйтинг" компанияларының әлеуметтiк бағдарламаларымен қатар iске асырыпты. Ал екiншi кiтап – "Көне дәстүрлердi қайта жаңғырту" атты бейнелi альбом оқырманға бабадан балаға мирас болған ұлттық қолөнер мен кәсiпшiлiк тарихын таныстыра отырып, оның бүгiнгi ахуалынан сөз қозғайды. Компанияның Орталық Азияның Еуразия қорымен бiрлескен жобасы – "Қазақстандағы қолөнер мен дәстүрлi кәсiпшiлiктi қайта жаңғырту" бағдарламасының нәтижесiнде дүниеге келген альбомды құрастыруға елiмiздегi бiрқатар белгiлi ғалымдар, өнертанушылар, суретшiлер мен қолөнершiлер атсалысқан. Тұсаукесер рәсiмiнiң салтанатты ашылуында "Шеврон" компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Замира Қанапиянова: "Қазақстан Республикасында алғашқы жұмыс iстеген күндерiмiзден бастап, бiз әлеуметтiк және этикалық мәселелерге ерекше назар аудара отырып, осында өмiр сүрiп, жұмыс iстейтiн елдiң игiлiгiн басшылыққа ала отырып, бизнесiмiздi жауапты атқару қағидаларын ұстандық. Бүгiн таныстырып отырған кiтаптарымыз арқылы бiз серiктестерiмiзге құрметiмiздi бiлдiрiп, оларға осы жобаларды жүзеге асырудағы атқарған орасан зор жұмыстары үшiн алғыс айтқымыз келедi", – дедi. Саналуан қызықты әрi пайдалы әлеуметтiк жобаларды ойлап табуда жетiстiктерге қол жеткiзген "Шеврон" компаниясының 2006 жылы бастама етiп көтерген "Қазақстандағы қолөнер мен дәстүрлi кәсiпшiлiктi қайта жаңғырту" бағдарламасының басты мақсаты – мәдени мұраларды көздiң қарашығындай сақтау және қазақстандық қолөнершiлер жасаған бұйымдардың iшкi және халықаралық нарықтағы бәсекелестiк сынына төтеп беруге жағдай жасау. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қолдауымен iске асырылған жобаға "Our Heritage" қоғамдық қоры, Британдық Кеңес, UNESCO, Ержан Тәтiшев атындағы қор, АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгi, Kcell демеушiлiк жасаған. Осының нәтижесiнде елiмiздегi 600-ден астам қолөнершi кәсiби бiлiктiлiгiн шыңдайтын арнайы курстарға қатысып, кәсiпкерлiктiң негiзiмен танысқан. Сабақтар UNESCO-ның халықаралық сапа стандарттарына сәйкес түзiлiп, Шымкент пен Өскеменде қолөнершiлерге арналған бiлiм беру, ақпараттық және маркетингтiк қолдау көрсететiн екi орталық ашылған. Сонымен қатар Оңтүстiк Қазақстан мен Алматы облыстарындағы қолөнершiлер қауымына шағын несие алу мүмкiндiгi туған. Елiмiздегi саусағынан бал тамған мыңнан астам шебердiң аты-жөнi, байланыс телефондары түзiлген электрондық карта мен веб-сайт (www.sheber-crafts.kz) құрылып, жас мамандарға түрлi оқулықтар шығарылып келедi. Ал "Шебер" деп аталатын ақпараттық бюллетень дәстүрлi өнердiң қыр-сырына қаныққысы келетiндерге кәдiмгiдей сеп. 2009 жылы өткiзiлген алғашқы халықаралық конференция мен 2010 жылы ұйымдастырылған "Шебер" байқауы отандық қолөнершiлердiң нарық заңын игере отырып, бiлiктiлiктерiн шыңдауына көмектескен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары