Жаһан жаңалықтары

Жаһан жаңалықтары

Жаһан жаңалықтары
ашық дереккөзі

ӘЗIРБАЙЖАНДА АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Бакуде Абай Құнанбаев атындағы қазақ тiлi, тарих және мәдениет орталығы ашылды. Бауырлас екi елдiң мәдени ынтымақтастығын арттыруды көздейтiн жаңа орталық Баку Мемлекеттiк университетiнде жұмыс iстейтiн болады.

Низами арқылы әзiрбайжан жұртын танысақ, Абай – қазақ халқының “төлқұжаты”. Астанадағы Еуразия университетiнде өз ұлтының көшбасшысы болған тұлға Гейдар Әлиевтiң мұражайы ашылған едi. Ендi Баку Мемлекеттiк университетiнде ұлы Абайдың атындағы орталық есiк ашты. Жаңа орталық Абай елi – Қазақ елiнiң өткенi мен бүгiнiнен сыр шертедi. Заманауи мультимедиалық және лингафондық құралдармен жабдықталған, оқу материалдары мол орталықтан әзiрбайжандық жастар осы орталықтан елiмiз туралы мол мағлұмат ала алады.

Баку Мемлекеттiк университетiнiң ректоры Абель Магеррамов: "Бiз екi халықтың өзара ынтымақтастығына негiз болатындай жаңадан iрге қаладық. Осылайша әзiрбайжан мен қазақ арасындағы достықтың жаңа кезеңiне көштiк. Бұл – түркi әлемi үшiн мүлде жаңа кезең", – деп бағалады.

ГЕРМАНИЯДА ҚЫМЫЗ ФЕСТИВАЛI ӨТТI

Германияның Валдбрун аймағында 400-дей жылқысы бар фермер Ханс Соллманн бие сүтiнен жасалған косметикалық крем-сабынмен қоса, қымыз қосылған дәрумен, балаларға арналған құрғақ сүттер фестивалiн өткiздi.

Күнiне 200 биенiң жүзiн сауып, сүтiн түрлi мақсаттағы өндiрiске пайдаланып келе жатқан Соллманн мырза қымыз сүтiн пайдалану дәстүрiн қазақтардан алғанын айтады. Оның айтуынша, совет-герман соғысында жараланып, тұтқынға түскен қайын атасын қазақ отбасы саумалмен емдеп жазып алған. Осыдан кейiн немiс тұтқыны болған Рудольф Шторх елiне жеткенде қымыз дәмiн ұмыта алмай, 1959 жылдан бастап Германияда жылқы шаруашылығын дамытқан. Содан берi оның ұрпағы қымыздың адам денсаулығына пайдасын Еуропаға паш етуге тырысып келе жатқандарын айтады.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУIПТI ТАУАРЛАР ТӘРКIЛЕНДI

Еуропалық Одақ адам денсаулығына қауiптi тауарлардың тiзiмiн жариялады. Онда соңғы 1 жылда тәркiленiп, сатуға тыйым салынған, тiптi саудаға шыққан жерiнен қайтарылған 2 мыңнан астам өнiм атауы бар. Тауарларға сараптама жүргiзген сарапшылардың қорытындысы үрейiңдi ұшырады. Сапасыз тоқыма, одан тiгiлетiн киiм адамдарды демiкпе ауруына әкеп соқтырса, ұсақ бөлшектерден құрылған ойыншықтар балалар үшiн аса қауiптi, ағзасын улауы кәдiк.

Ал автокөлiктер мен электр құралдарын пайдаланып, зақымданған тұтынушылар саны күн сайын көбейiп отыр. Есте болса, Еуропалық Одақ жақында сапаны анықтаудың жаңа шкаласын енгiзген. Содан кейiн, еуропалық компаниялар тұтыну өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мықтап ден қоя бастапты. Денсаулық сақтау және тұтыну саясаты жөнiндегi еурокомиссары Джон Далли: "Өндiрушi зауытынан бастап тауардың қауiпсiздiгiн қадағалау бұл жүйеде ең маңыздысы болып табылады. Компания өз өнiмдерiн тұтынушы денсаулығына қауiпсiз етiп жасауы қажет. Ал өнiмдi импорттаумен айналысатындар тасымалдаушыларды өнiмге қатысты талаптар жайында ақпараттандырып отыруы қажет", – екенiн айтты.

АЗИЯДА ҚОР НАРЫҒЫ ҚҰЛДЫРАДЫ

Азияның қор нарығы сауда аптасын биржа бағаларының күрт төмендеп кетуiмен бастады. Құлдырау барлық алдыңғы қатардағы азиялық сауда алаңдарында байқалды.

Сарапшылар Уолл-Стриттегi белсендiлiктiң төмендеуiмен, сауда биржасындағы сатылымның түсiп кетуiмен және Еуропадағы жалғасып келе жатқан қарыз мәселелерiмен байланыстыруда. Ал Токиодағы қор биржасына осы мәселелерге Жапониядағы апатқа ұшыраған "Фукусима-1" атом электр стансасының операторы "Токио Электрик-пауэр" акциялары бағаларының төмендеуi де қосылды. Жапониялық Никкей 1 пайызға төмендедi. “Халықаралық валюталық қордың басшысы Доминик Стросс-Канның қамауға алынуы Азия нарықтарына әсер етуi екiталай”, – дейдi сарапшылар. Дегенмен оның Португалия мен Грекияның қарыз мәселелерiн шешу жөнiндегi келiссөздерге тiкелей атсалысқаны белгiлi.

ДОМИНИК СТРОСС-КАН ҰЗАҚ ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКIН

Халықаралық валюталық қордың басшысы, 62 жастағы Доминик Стросс-Кан Нью-Йоркте "жыныстық қатынаста зорлық көрсетпек болған" деген айыппен ұсталған болатын.

Егер оның қонақүйдегi қызметшi әйелге зорлық көрсетпек болғаны дәлелденсе, ол 70 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн. Доминик Стросс-Кан алдағы президенттiк сайлаудағы Николя Саркозидiң басты қарсыласы саналып келген едi. Күдiктiнiң өзi тағылған айыптан үзiлдi-кесiлдi бас тартып отыр. Халықаралық Валюта қорының басшысы Доминик Стросс-Кан Нью-Йорктегi Райкерс-Айленд түрмесiне көшiрiлдi. Қаржыгер мамырдың жиырмасына дейiн осында қамауда отырады. Сол күнi сот iсiнiң алғашқы отырысы басталуы тиiс. Кеше адвокаттары Доминик Стросс-Канды 1 миллион доллар кепiл төлеп, уақытша бостандыққа шығаруды сұраған едi. Алайда Нью-Йорк соты оған рұқсат бермедi.

Ал белгiлi актер әрi Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер әйелiмен некесiз бала үшiн ажырасты. Арнольдқа он жыл бұрын үй қызметшiсi бала туып берген екен. Оның әйелi Мария Шрайвер күнi бүгiнге дейiн бiлмеген болып шықты. Актер өзiнiң некесiз баласының барын тек саясаттан кеткеннен кейiн ғана мойындап отыр.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН