“ЖҮРЕКТIҢ КӨЗI АШЫЛСА...”

“ЖҮРЕКТIҢ КӨЗI АШЫЛСА...”

“ЖҮРЕКТIҢ КӨЗI АШЫЛСА...”
ашық дереккөзі

Сонау бағзы бiр заманда Данко деген жiгiт өмiр кешiптi. Бiрде аласапыран кезеңде ауылдастарымен бiрге тас қараңғы орманға кiрiп, жол таппай адасқан екен. Сонда қарапайым Данко кеудесiндегi жүрегiн жұлып алса, денедегi бiр кесек ет нұр болып жарқырап тұр екен, осылайша жарқыраған Данконың жүрегiнiң арқасында адасқан бауырлары жол тауып қараңғы қапас орманнан шығыпты-мыс. Бiрақ байғұс Данко тоғайдан шыға сала жан тапсырады. Өкiнiшке қарай қапастан жол көрсетiп, қараңғылықтан құтқарған батырын халқы тез арада ұмытып кетiптi.

Өткен жылы, жүрегiнiң нұрымен бодандықтың қараңғы қапасында жатқан үндi халқын тәуелсiздiкке жеткiзген әлемге әйгiлi Махатма Гандидiң туғанына 140 жыл толды. Бiр оқ атпай, бейбiтшiлiк пен мейiрiмдiлiктi насихаттай отырып елiн тәуелсiздiкке жеткiзген тұлға.

Г.Махатма (Мохандас Карамчанд) Ганди 1869 жылы Гунжараттың Порбандар князьдығында дүниге келген. Ол – Үндiстан ұлт-азаттық қоғамының қайраткерi, сонымен қатар гандизмнiң негiзiн қалаушы. М.Ганди Оңтүстiк Африкада жүргенде бейбiт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгiлеп, оны "Шындық үшiн тайсалма" деп атады. 1899-1902 және 1906 жылғы ағылшын-зұлыс соғыстары кезiнде М.Ганди сол жақта тұрып жатқан үндiлерден ағылшындарға көмек көрсететiн санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зұлыстардың күресiн әдiл күрес деп есептегенiмен, ол үндiлердiң ағылшындарға жәрдемi Үндiстанға өзiн-өзi басқару құқығын беруге септiгiн тигiзедi деп үмiттендi. М.Ганди осы тәсiлдiң арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгiден аман сақтап қаламын деп те ойлады.

1947 жылы Үндiстан Гандидiң арқасында Британиядан өз тәуелсiздiгiн бейбiт түрде алды.

Гандизмнiң Үндiстан идеологиясында алатын орны ерекше. Мысалға М.Ганди: "Сiздердiң әрқайсыларыңыз өз Құдайларыңызды Алла деп, немесе Ишвар деп атасаңыздар да, өз ерiктерiңiз. Өйткенi, Жаратушы Ие – жалғыз. Бiрақ оны сiз бен бiз өз таным-сенiмiмiзге қарай, әрқалай атаймыз," – дейдi. Шындығында да, Иесiн табу үшiн адамзат қазiр әр түрлi тармаққа бөлiнiп кеттi. Қазақ халқының данышпан, кемеңгерi Шәкәрiм атамыз "жер жүзiне қарасам көп халық бар, дiн иманын санасам мыңнан артық анық бар, бұған көз жiберсем мынадай сыры бар" екен деп:

Жардың шашы сансыз көп,

Ол санауға келмей тұр.

Анық нұры осы деп,

Әркiм бiр тал ұстап жүр, – деп бiрi отқа, бiрi пұтқа табынды. Сөйтiп бәрi өз тәңiрiсiн iздей келе оның да табу жолы бар екендiгiн меңзейдi:

Жалғыз жарға шоқынсын

Шын iздесе тәңiрiсiн.

Қиянатты жау бiлсiн,

Онан тиып нәпсiсiн.

Тәңiрi жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақ жүректi ертерек,

Ескер-дағы қыл әдет.

Мына көздi қалдырып,

Көңiл көзiн көзiң қыл.

Бас көзiмен сенделiп,

Ұқпай қалсаң өзiң бiл, – деген Шәкәрiмнiң сөзi адамзаттың iшкi рухани жан дүниесiн танудың көзiн ұсынады. Сол жанды қиянатсыз ақ пейiлмен таза күйiнде иесiне тапсырсаң ғана өмiрдiң өкiнбейтiн әдiсiнiң барлығын меңзейдi. Оған тек қана ой тазалығы мен ақжүректiк арқылы жетуге болатынын айтады.

Шәкәрiм қара сөздерiнiң бiрiнде: "Дүниенiң қайғысы ақ жауындай үзiлмей жауса да, қуанышы анда-санда найзағайдай жарқ етедi де өшедi, бұл нелiктен? Бұл адам баласының қиянатының көптiгi, мейiрiмiнiң аздығы" десе, М.Ганди да қиянаттың кесiрiн, адам баласының жаман қылықтарының керi әсерiн келесi сөздерiмен жалғастырғандай: "Тiлi ащы, жүрегiнде толған кек, ыза, ашу, мейiрiмi жоқ адамның құлшылығы естiлмейдi," – десе, қажы атамыз:

Сыртқы сөзiң шын болса,

Iшiң толған жын болса,

Жүрегiңде мiн болса,

Айтқан сөзiң ем емес! – дейдi. Яғни сенiң Құдайдан тiлеген тiлегiң естiлмейдi, адамға айтқан ақыл-кеңесiң ешкiмге жұбаныш, ем бола алмайды, ал егер бойымыздан ғұламалар айтқан жаман қылықтардан арылып, өзiмiзбен айналыссақ… Ондай жағдайда М.Гандише айтсақ: "Егер адам баласы осы қасиеттерге қол жеткiзсе, ешнәрсенi қажетсiнбейдi. Ол адам тәнi ауырса да, оның жаны сау, ол жанның дүниесi рухани байлыққа кенелуде," – дейдi. Ал қажы атамыз асыл сөзiн былайша жалғастырады:

Жүрегi таза адамдар–

Зұлымдықтан амандар.

Қиянатсыз надандар –

Әулиеден кем емес!

Философияда Гандидiң ұстанған жолы – обьективтiк, идеалистiк бағыт болып табылады. Оның түпкi негiзi құдайдың хақтығын мойындау, оны ақиқатқа қатар қою дегендi бiлдiредi. "Мен үшiн Ақиқат – ең басты принцип. Ол Ақиқат – Құдай", – дейдi. Осыған байланысты Шәкәрiм атамыз бiр өлеңiнде:

Шыннан өзге Құдай жоқ,

Анық Құдай – шын Құдай.

Ұқпай қалма алаң боп,

Шын болмаса кiм Құдай?

Бұрын шын бар, бүгiн шын,

Ертең шын бар – үш бөлек.

Керегi жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын шын керек, – дейдi.

Адамзаттың даму барысында адамдар аспан мен жерге, өсiмдiк пен жануарға, от пен суға сендi, ендi бiр заманда тiптi Құдай жоқ деп те айтты. Яғни заман, тiптi билiк өзгерген сайын дүниетанымда өзгерiске ұшырап отырғаны тарихтан белгiлi. Бiрақ Шәкәрiм, Махатма сынды данышпандар адамзаттың құбылмалы дүние танымын емес, шын ақиқатты қалайтынын айта бiлдi.

Махатма Ганди: "Адамның өзiн-өзi тазартпайынша жан атаулымен бiрiгуi мүмкiн емес. Онсыз Ахимса Заңын сақтау бос арман болып қалады. Жаны таза болмаған жан Құдайды ешқашан түсiнбейдi. Сондықтан адамның өзiн-өзi тазартуын барлық қызмет саласындағы тазару деп ұққан жөн. Және тазару өте жұғымпаз болып келедi: бұл маңайындағылардың да тазаруына сөзсiз апарады". Қазақтың бүкiл болмысын өзiне қызықты һәм қымбат қылып көрсеткен ұлттық тұтастықтың белдi қазығы Абай атамызға бiр сәт үңiлсек:

Iштегi кiрдi шығарса,

Түседi Хақтың сәулесi.

Жүректiң көзi ашылса,

Адамның хикмет кеудесi, – дейдi.

Мiнекей, Абай, Шәкәрiм мен Махатма Гандидiң айтатыны – бiр, ол – жүрек тазалығы.

1931 жылы қан түстi қызыл жендеттер Шәкәрiм атамызды атып, Құрқұдыққа тастаса, 1948 жылы 30 қаңтарда Ганди үндi реакцияшыл ұйымының мүшесi Натхурам Годзенiң қолынан оққа ұшады.

Айшат ЖУАСБАЕВА, М.Ганди атындағы дарынды балаларға арналған

№92 мектеп-лицейiнiң оқытушысы