ОРАЛМАНДАРДЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСI — БАСПАНА

ОРАЛМАНДАРДЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСI — БАСПАНА

ОРАЛМАНДАРДЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСI — БАСПАНА
ашық дереккөзі

Тәуелсiздiк алғалы бергi жиырма жыл iшiнде атамекенге қоныс аударған оралмандардың 23 пайызы, яғни төрттен бiрi Оңтүстiк Қазақстан облысына қоныстанған екен. Нақты санмен айтар болсақ, 179 972 оралман немесе 52 мыңнан астам отбасы. Былтырдың өзiнде облыста 2200 отбасыға немесе 9241 азаматқа оралман квотасы берiлсе, биыл 2300 отбасын немесе 10 мыңнан астам оралманды елге көшiрiп әкелу көзделiп отыр.

Облыста оралмандардың әлеуметтiк мәселесiн шешуге бағытталған ауыз толтырып айтарлық iс-шаралар бар. Тек шетелден келген қандас бауырларымызға арналған "Асар" мөлтекауданы бой көтердi, онда бiр және екi қабатты, үйiргелiк жерiнде жылыжайы бар коттедждер салынды. Былтырдың өзiнде аталған мөлтекауданда 1150 үйдiң құрылысы аяқталса, биыл 575 үй салу жоспарда бар. Биыл сондай-ақ осында 1200 орындық мектеп құрылысы да аяқталады. Сонымен бiрге Шымкент қаласы мен Сайрам ауданында оралмандарды бейiмдеу және кiрiктiру орталықтары жұмыс iстейдi.

Осы аптада "Нұр Отан" ХДП ОҚО филиалының ұйымдастыруымен оралмандардың мәселесiне арналған дөңгелек үстел отырысы өттi. Оған көшi-қон полициясы, облыстағы басқарма басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкiлдерi қатысты.

Былтырдан берi оралман мәртебесiн беру, квота бөлу құзыретi көшi-қон полициясына өткенi белгiлi. Аталған мекеменiң басшысы Балтабек Аблаев жиналғандарға алдымен атқарған жұмыстарын баяндап, бұдан кейiн бiрқатар проблемаларға тоқталды. Айталық…

Шетелден келген, бiрақ әлi Қазақстан азаматтығын алмаған оралмандарды тұрақты мекен-жайға тiркеу қиындық туғызып отыр. Оралман отбасының көшiп келген жерiнде қолұшын беретiн туысы болса жақсы. Ал егер болмаған жағдайда оралмандар тiркелетiн мекен-жай таппай, сандалумен күй кешедi. Ал тұрақты бiр мекен-жайға тiркелмеген азамат төлқұжат немесе жеке куәлiк ала алмайды. Бұл көшi-қон полициясының өзiн де әбiгерге салып отыр екен. Себебi бiрнеше жаннан тұратын оралман отбасылары әркiмге жалынып жүрiп бiр мекен-жайға уақытша тiркелгенiмен, өздерi мүлдем басқа жақта жүредi. Олардың iшiнде өзге облысқа қоныс аударып кеткендерi де кездеседi. Сондықтан оралманның азаматтығы келген кезде көшi-қон полициясы оларды көбiне таппай қалады.

– Облыста оралмандардың мәселесiмен айналысатын кеңес бар. Осы кеңестiң жұмысын жандандыру қажет. Өйткенi шетелден келген қандастарымызға, оның iшiнде квотадан тыс келгендерге жұмыс тауып беру, олардың отбасындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз етуде кеңесiп шешетiн мәселе көп, – дедi Балтабек Аблаев.

Жиынға арнайы келген бiр топ оралмандар бұдан кейiн көшi-қон полициясының бастығына көкейлерiнде жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақ қойған бiр оралман азаматшасының айтуынша, ол осыдан бiраз жылдар бұрын Өзбекстан азаматына тұрмысқа шыққан. Ерлi-зайыптылардың арасында қазiр бiр қыз бар екен. Ендi олар Қазақстанға оралман ретiнде көшiп келуге ниет еткен. Әрине, мұндай жағдайда бұрынғы Қазақстан азаматшасына квота берiлмейдi. Өйткенi заң бойынша оралман мәртебесiн Қазақстаннан 1991 жылға дейiн кеткен азаматтар ғана иелене алады. Алайда сұрақ қоюшының айтуынша, көшi-қон полициясы оның Өзбекстанда туылған және сол елдiң туу туралы куәлiгiн алған қызына да оралман мәртебесiн беруден бас тартыпты. Мұны қалай түсiнуге болады?

– Бұл заңды. Өйткенi тәртiп бойынша баланың әке-шешесiнiң бiреуi бұрын Қазақстан азаматы болса, ол қай жерде туылғанына қарамастан оралман мәртебесiн иелене алмайды. Бiрақ қойылып отырған сұрақ орынды. Осы мәселеге орай заңға өзгерiстер енгiзу туралы ұсыныстар беру керек дедi, – көшi-қон полициясының бастығы.

Оралмандар үшiн ең өткiр мәселенiң бiрi – баспана. Бұл дөңгелек үстел басында қызу талқыланды.

Елден үй алып үлгермеген отбасылар оралмандарды бейiмдеу орталықтарына қоныстана алады. Бiрақ уақытша. Былтыр заңға енгiзiлген өзгерiс бойынша оның мерзiмi 3 ай болып белгiленiптi. Одан кейiн әркiм өз жөнiн табуы тиiс.

– Бiздiң мекемемiз – оралмандарды кiшi кәсiби мамандыққа оқытатын мекеме. Ол баспана емес,– дейдi Шымкенттегi оралмандарды бейiмдеу орталығының директоры М.Жанатаев.

– Мен Қазақстанға осыдан бес жыл бұрын көшiп келгенмiн. Келгеннен кейiн әкiмшiлiктен баспана болмаса жер сұрадым. Сонда ондағылар "Баспана мен жер тек Қазақстан азаматтарына берiледi. Азаматтықты алғаннан кейiн келiңiз" деген болатын. Азаматтықты алғаннан кейiн әкiмшiлiкке қайта бардым. Ендi ондағылар "Сiз үй немесе жер алу үшiн барлық Қазақстан азаматтары сияқты кезекке тұруыңыз керек" дейдi. Сонда бұл қалай? Мен қазiр жердiң кезегiнде 55 мыңыншы болып тұрмын, ал үй алу үшiн алдымда әлi 2000-нан астам адам бар. Мен қашан баспаналы боламын,– дедi оралмандардың бiрi.

– Сiздерге квота баспана алу үшiн берiледi емес пе?

– Квота үй алуға жетпейдi.

Бұл мәселе осымен жылы жабылып қала бердi.

– Бүгiнгi жиын "Нұр Отан" партиясының бекiткен кестесiне сәйкес ұйымдастырылды. Қаралған тақырыптың қызу талқылануының себебi, бiрiншiден, оралмандар жайы қоғамдағы ең өзектi проблемаға айналып отыр. Екiншiден, бүгiнгi басқосу оралмандардың мәселесiмен айналысатын мекемелер арасындағы үйлесiмнiң жоқтығын көрсеттi, – дедi жиынға төрағалық еткен "Нұр Отан" ХДП ОҚО филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Ұласбек Сәдiбеков.

Партия күзде осы тақырып төңiрегiнде тағы да дөңгелек үстел отырысын өткiзудi жоспарлап отыр.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы