ТYРIК ЕЛIНIҢ "ТӘУЕЛСIЗДIК МАРШЫ"

ТYРIК ЕЛIНIҢ "ТӘУЕЛСIЗДIК МАРШЫ"

ТYРIК ЕЛIНIҢ "ТӘУЕЛСIЗДIК МАРШЫ"
ашық дереккөзі

90 жыл бойы шырқалып келедi

Туысқан Түркия Республикасының бүгiнгi мемлекеттiк әнұраны "Тәуелсiздiк маршы" ("istiklal Marsi") деп аталады. Оның қабылданғанына биыл 90 жыл толып отыр. Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжiлiсi (парламентi) бұл әнұранның мәтiнiн 1921 жылы 12 наурыз күнi ресми түрде қабылдап, содан берi ол өзгерiссiз орындалып келедi. Бұл әнұранның жазылуы, қабылдану тарихы аса тағылымды: ТҰҰМ 1920 жылдың соңына таман алты айлық мерзiммен ұлттық әнұранның мәтiнiне бәйге жариялайды. Мұстафа Кемал Ататүрiктiң (1881-1938) басқаруындағы ұлт-азаттық соғыс (1919-1922) қызу жүрiп жатқан кез. Халықтың ұлттық рухын көтеретiн әнұранның қажеттiлiгi өзiнен-өзi де түсiнiктi. Бұрынғы Осман империясының депутаттар палатасы таратылып, жаңа типтi парламенттiң өзi сол 1920 жылы 23 сәуiрде өмiрге келген болатын.

Белгiленген алты айлық мерзiм iшiнде бәйгеге 724 өлең түскен. Комиссия бұларды талқылап, олардың iшiнен бар болғаны алтауын таңдап алады да, мәтiндерiн көбейтiп, депутаттарға таратып бередi. Өзiнiң парламент депутаты екенiн айтып әрi конкурс шарттарында көрсетiлген 500 түрiк лирасы көлемiндегi қаламақыны алғысы келмейтiнiн алға тартып, болашақ әнұран авторы белгiлi ақын Мехмед Акиф Эрсой (1873-1936) бәйгеге саналы түрде қатыспайды. Бiрақ ол комиссияның өтiнiшi бойынша конкурс үшiн емес, соғысып жатқан түрiк әскерiн мадақтайтын "Қаhарман әскерiмiзге"деп аталатын өлең жазады. Комиссия төрағасы Бiлiм министрлiгi Хамдолла Сұбхи бей бұл өлеңдi депутаттарға оқып бередi. Өлең депутаттарға қатты ұнайды да, олардың өтiнiшi бойынша тағы бiр рет қайталанып оқылады. Халық қалаулылары түгел орындарынан тұрып, қайта-қайта ду қол шапалақтайды. Осылайша бұл өлең "Тәуелсiздiк маршы" атымен ел парламентi тарапынан Түркияның күнi бүгiнге дейiн өзгерiссiз орындалып келе жатқан әнұраны ретiнде қабылданады. Есепшiнiң қайта-қайта еске салуымен 500 лираны амалсыз алуға мәжбүр болған өлең авторы ақын Мехмет Акиф Эрсой ақшаны Ыстамбұлдағы Сарқышла аудандық ауруханасында емделiп жатқан соғыс жаралыларына сыйлайды. "Тәуелсiздiк маршының" мәтiнi, мiне, осылай өмiрге келген. Бұл – он шумақтан тұратын және әр шумағының төрт тармағы (жолы) бiр-бiрiмен түгел ұйқасатын 15-16 буынды күрделi өлең. Бiрақ ұлттық патриоттық рухы өте күштi, өте биiк шығарма.

XX ғасырдағы түрiк поэзиясының iрi өкiлдерiнiң бiрi Мехмет Акиф Эрсой 1873 жылы Ыстамбұлдың Фатих ауданының "Сарыгүзел" орамында туған. Әкесi осындағы медресе оқытушыларының бiрi болған Темiз Тайыр (Таhир) есiмдi теолог ғалым, ал шешесi дiндар кiсi болған. Сондықтан Мехмет Акиф Эрсой бала кезiнен мұсылманша өте жақсы тәрбие алған. Ол әкесiнен араб тiлiн, Эсат Дәдә есiмдi басқа бiр оқытушыдан парсы тiлiн үйренген. Лицейдi бiтiрген соң Мехмет Акиф Құран Кәрiмдi түгел жаттап, қари атанады. Спортқа да қатты ден қояды. Күрес, атлетика, жүзу салаларында жақсы нәтижелерге жеткен. Бала кезiнен-ақ поэзияға мықтап қызығады. Естiген, оқыған, көңiлiне ұнаған өлеңдердi дереу жаттап алатын болған. Бiрте-бiрте өзi де ұлттық дiни өлеңдер жаза бастайды. Алғашқы өлеңдерi 1886 жылы "Ресимли мәжмуа" ("Суреттi жорнал") деген жорналда жарияланды. Осылайша халыққа таныла бастайды. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде ұлттық ақпарат ұйымы (құпия қызмет мекемесi) атынан М.А.Эрсой Алманияға, содан соң Мәдине мен Мәжит қалаларына барады. Ұлт-азаттық соғыс жылдарында ол Бурдур округiнен парламент депутаты болып сайланды. Түркияның еуропалық бөлiгiн (Румелия), Анадолы жақты және Арабстанды аралайды. Бұл сапарлары кезiнде мұсылман жұртшылығымен жақсылап танысады. Оларға арнап өлеңдер жазады. Өзi өте таза, адал мұсылман болған ақын қайда жүрсе де әдiлетсiздiкке, зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа қарсы шығады. Әлсiздерге, кедейлерге, қарiп-қасiрлерге қолынан келгенше көмегiн аямайды. Оның адамгершiлiк қасиеттерi, өлең-дастандары халықтың аузында жүредi. Ақын елiнiң шынайы сүйiспеншiлiгiне бөленедi.

Республика жарияланғаннан кейiн М.А.Эрсой бiраз мерзiмге Мысырға (Египетке) барады. Бiрақ онда көп бола алмайды, ауырып елге оралады. 1936 жылы Ыстамбұлда 63 жасында жүрек талмасынан қайтыс болады. Туғанына биыл 138 жыл толып отыр.

М.А.Эрсой ешкiмнен ешқандай қаламақы, тарту-таралғы күтпей жазған өлеңдерiн "Сафаһам" (қазақша "Кезеңдер") деп аталатын жалғыз жинағына топтастырған. Бұл – жетi кiтаптан (бөлiмнен) тұратын едәуiр көлемдi жинақ. Ол бөлiмдердiң аттары да бiраз нәрсенi аңғартады (бұл бөлiмдер әр жылдары жеке-жеке кiтап болып шыққан, ал кейiн бiр жинаққа бiрiктiрiлген): "Сүлеймания мiнберiнде", "Хақ дауыстары", "Фатих мiнберiнде", т.б. 1-кiтап 1911 жылы жарық көрген. Ол Түркияда "Тәуелсiздiк маршының" ақыны деген ат алған.

М.А.Эрсой ұлы Абай, Шәкәрiмдермен үндес ақын, ал "Тәуелсiздiк маршының" жазылу және әнұранға айналу тарихы Ж.Аймауытовтың кейiн Алаш маршына (әнұранына) айналған "Ғаскер өлеңi" атты шығармасының өмiрге келу тарихына ұқсас (алғаш "Абай" журналының 1918 жылғы №17 санында жарық көрген).

"Тәуелсiздiк маршын" бiздiң жолма-жол аудармамызбен белгiлi ақын бауырымыз Жұмаш Кенебай (Көкбөрi) осы атпен қазақ тiлiне тәржiмалап, тұңғыш рет 1992 жылы 30 сәуiр күнi "Ана тiлi" апталығының 17-санында жариялады. (Кейiнiрек басқа аудармалар да жасалды, бiрақ Ж.Кенебай аудармасынан тәуiр болған жоқ).

Биылғы жыл Түркияда Эрсой жылы деп жарияланып отыр.Осыған орай Ыстамбұлдағы Эрсой қоры "Тәуелсiздiк маршының" 90 жылдығына байланысты алдағы айлардың бiрiнде Алматыда арнайы халықаралық конференция өткiзбекшi. Соған қатысты мәселелердi реттеу мақсатымен аталмыш қордың төрағасы биылғы наурыз айында бiрнеше күн Алматыда болып қайтты.

ТӘУЕЛСIЗДIК МАРШЫ

Түркия республикасының мемлекеттiк әнұраны

Өлең авторы: Мехмет Акиф Эрсой

Қазақшаға аударған: Ж.Кенебай

Қорықпа, елiм, алқызыл ту мәңгi желбiрер,

Жерошақта қалған шоқтай жұртымызға өң кiрер,

Бұл жалғанда басқа күн жоқ жұлдызымды сөндiрер,

Ол менiкi, ұлтымдiкi, растығын ел бiлер.

Құрбандығың болайын мен жарқырай түс, Жаңа Айым!

Қаһарман ел нәсiлiмiн, саған тура қарайын.

Қаным төгiп, тәуелсiздiк отын мәңгi жағайын,

Сенi ұлтымның қасиеттi Тәңiрiне балайын.

Мен бұрын да азат едiм, алда тағы азатпын,

Қай есуас бұғау салмақ, Санасызға ғажаппын.

Буырқаған сел боламын жолын кесер мазақтың,

Быт-шыт етер қандайын да тосқауылдың, азаптың.

Көкжиегi құрыш қорған Батыс бiзден қорқады,

Иманыма бар, шекарам бар бөлiп тұрған ортаны.

Иманым қол салды ма, олар үшiн сор тағы,

Ұли берсiн өздерiнше өркендi елдiң қорқауы.

Ар-ождансыз, имансызды жолатпа, елiм, абайла!

Тосқауыл қой, арсыздықта шекара жоқ, қарай ма?

Сенiмдi бол, туар күнiң – Тәңiрдi тағы ойла,

Бәлкiм бүгiн, бәлкiм ертең бiр келедi қалайда.

"Жай жер ғой", – деп таптамағын ата-баба әруағын,

Шейiт болған кебiнсiз-ақ жатыр онда ардағың.

Сен-олардың ұрпағысың, алмақтың бiр салмағын,

Түсiнерсiң сонда ғана "Ұлы Отанның" бар мәнiн.

Отан үшiн, жұмағы үшiн кiм бас тартар өлiмнен,

Әруақтар да күңiренедi ерте кеткен өмiрден.

Жанымды алсын, жарымды алсын, Тәңiрiмнен жерiнбен,Тек дүние айырмасын Отанымнан, жерiмнен.

Тәңiрiмнiң тiлеуiнде тiршiлiктiң мәнi де:

Жаттың қолы жуымасын қасиеттi тәнiме.

Дiн азанның азалы үнi күңiренсiн әлi де,

Бүкiл әлем құлақ түрсiн ұлы елiмнiң әнiне.

Мен ол кезде шабыт қысып, сәждеге мың жығылам,

Бар жарамның аузын ашып, қанды жаспен жуынам.

Менiң жаным медет тауып топырақтың буынан,

Көк ғарышқа көтерiлiп сол қуаттан жылынам.

Толқи түс сен, жарқыраған, алтын Айым, қияқтай,

Кешiрiлсiн осы жолда төгiлген қан бұлақтай.

Нәсiлiмнiң асыл тегiн қуаттай бер, қуаттай,

Тәуелсiздiк-хақтың жолы, соған ұлтым табынған

Азат елдiң куәсiндей Туды ұстаймын құлатпай!

Өлең осы. Ал әуенi кейiн бiр рет өзгертiлген.

Фадли Әли, түрiктанушы