ӘЛЕМ ТҮРКОЛОГТАРЫ ТҮРКIСТАНДА ТӨРТIНШI РЕЕТ БАС ҚОСТЫ

ӘЛЕМ ТҮРКОЛОГТАРЫ ТҮРКIСТАНДА ТӨРТIНШI РЕЕТ БАС ҚОСТЫ

ӘЛЕМ ТҮРКОЛОГТАРЫ ТҮРКIСТАНДА ТӨРТIНШI РЕЕТ БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі

Өткен аптада "көк түрiктiң бесiгi" саналатын Түркiстан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң 20 жылдық мерейтойына орай Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ұйымдастыруымен IV Халықаралық Түркология Конгресi өттi.

Аталмыш конгресске Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Түркiменстан, Өзбекстан, Әзiрбайжан, Ресей, Қытай секiлдi мемлекеттерден 110-ға жуық түрколог-ғалым қатысып, пiкiрталас жүргiздi.

Конгресс:

1. Түркi тiл бiлiмi

2. Түркi әдебиетi және фольклоры

3. Түркi тарихы

4. Түркi археологиясы және этнологиясы

5. Түркi дүниетанымы және ой-санасы секциялары бойынша жұмыс iстедi.

Биылғы Түркологиялық конгресс өзiндiк ерекшелiктерiмен дараланды. Бұл жолы ғалымдар Түркология саласында жаңаша iзденiстер болып жатқандығынан хабар берiп қана қоймай, соны жан-жақты талқылап бердi. 2002 жылғы ұйымдастырылған алғашқы түркологиялық конгресте түрколог-ғалымдарды Түркiстанға жинап, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнде атқарылған түркологиялық зерттеу жұмыстарымен таныстыру, келешекте әлемдiк деңгейдегi түрколог-ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс iстеу мәселесi алға қойылған болса, 2004 жылғы II Түркология конгресi өз кезегiнде түркологияны жандандыру жолында Түркi ассоциациясын Түркiстаннан құру, оған сайланған мүшелер жылына бiр рет Түркiстанға шақырылып, түркiтану саласының келешек мiндеттерiн талқылап отыру туралы қарар қабылдаған болатын. 2009 жылғы конгресте Түркi ассоциациясының жұмысын қайта жандандыру бастамасы қайта қолға алынды.

Бұл жолғы конгресс Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, негiзiнен конгреске жас ғалымдарды көбiрек тарту мәселесi күн тәртiбiне қойылған едi. Конгресс аталмыш үдеден шықты. Жас ғалымдарды тартудың да өзiндiк себебi бар. Елдiң дамуы үшiн жаңа идеялардың маңызы ерекше болатындығы белгiлi. Сондай-ақ Қазақстандағы түркология ғылымын да жас ғылымдар қатарына жатқызуға болады. Қазақстан тәуелсiздiк алған тұстан бастап түркология саласы қарыштап дами бастады. Әрине, кеңестiк жүйе кезiнде де түркология саласында көптеген жұмыстар атқарылғаны мәлiм. Мәскеу қаласындағы "Совет түркологтарының комитетi" жыл сайын түрколог ғалымдардың басын қосып, не iстелу керек, не жасауымыз керек деген сияқты мәселелердi алдын ала жоспарлап отырған. Ол кезде түркология деген ұғым тек лингвист-ғалымдардың ғана айналысатын шаруасы ретiнде, яғни тар шеңберде зерттелдi. Ортағасырлық түркi дүниесiнiң құндылықтары, ғұлама ғалымдарының еңбектерi түркiлердiң тұтас байлығы ретiнде емес, жекелеген сол кездегi тайпалардың еншiсiне берiлiп жатты. Көршi отырған туысқан екi халық iшiнде бұрынғы ата-бабадан қалған мәдени мұраға деген өзара талас туды. Түрколог-ғалымдар осы ұлы тұлғалардан қалған шығармаларының әлемдiк деңгейдегi адамзат алдындағы маңыздылығы туралы келелi тұжырымдар жасаудың орнына, әркiм өз аймағында туған ұлы тұлғаларды өз ұлтына жатқызу, оны меншiктеп алу сияқты дүниелермен ғана шектелiп қалды. Батыстың көзқарасымен қарағанда түркiлер әлемдiк өркениетке ешқандай үлес қоспаған деген тұжырымдар пайда болды. Қазiргi күнге дейiн Батыстың жазған дүниелерiн тұтастай шындыққа балап, астарлы саясатына мән бермей, олардың айтқанын өзiнiң ұстанымының негiзгi тiрегi ретiнде көретiн аға буын түрколог ғалымдарымыз да бар.

Синологтар мен иранистерде жағдай мүлде басқаша өрбiдi. Мысалы ирантанушы ғалымдар қазiргi Тәжiкстан, Ауғанстан және Иран мен Кавказдың ирантектi халықтарының мәдениетi мен әдеби тұлғаларын өздерiнiң ортақ мұралары ретiнде қарастырады. Мектеп және жоғары оқу орындарында ирандық мәдениет деп тұтас дүние ретiнде оқытады, тәжiк, ауған не парсы деп оларды бөлiп қарастырмайды. Осылайша әлемдiк өркениетке өзiнiң тұтас мәдениетiмен енiп отыр. Қытай идеологиясы да сондай бағытты ұстанады, кезiнде патшалық құрған түркi, монғол қағандары да Қытай дүниесiне жатқызылады. Олардың мемлекет құрған территориялары да Қытайдың оқулықтарына Қытайдың жерi ретiнде оқытылу процесi әлi жүргiзiлiп келедi. Орыс саяхатшылары Орхон-Енисей жазуларын тапқан кезде Батыстың ориенталистерi оны өзiмiздiң ата-бабамыздың мұрасы деген сыңаймен мақалалар жаза бастағаны да белгiлi. Оны зерттеу үшiн арнайы экспедициялар ұйымдастырылды да. Бiрақ руникалық жазу түркi тiлiнде сөйлеген соң оған деген қызығушылығы сап тиылған болатын. Әлi күнге дейiн еуропалықтардың өз ата-бабаларын көшпелi мәдениетке апарып тiрейтiн жағдайлары кездесiп тұрады.

Аталмыш конгресте баяндама жасаған ғалым, академик Рахманқұл Бердiбайдың мына бiр сөзi көңiлге түрлi ой салды:

"Қараман қаласындағы Тiл мейрамына қатысып қайттым. Мейрам өте салтанатты жағдайда өттi. Бағдарламада көрсетiлген шаралар тiзбегi қаладағы Тiл паркiне барып гүл қоюдан басталып, Юнус Емре түрбесiне (кесене) зиярат етумен жалғасты, ұлы ақын рухына бағышталып Құран оқылды. Бұдан кейiн қаланың орталық алаңында театрландырылған қойылымдар көрсетiлдi. Тәуелсiздiк (истихлал) маршы орындалған соң, концерттiк бағдарлама өз кезегiмен жүрiп жатты. Салтанаттың ең бiр қызықты тұсы – Мехмет Қараманоғлының бұдан 723 жыл бұрын түрiк тiлiне айрықша мәртебе беру туралы пәрменiн дауыстап "оқу" болды: атпен ортаға шыға келген артист ұлы патриоттың бейнесiн көз алдымызға әсерлi етiп елестеттi. Алаңға жиналған жұрт түрiк, казақ, түркiмен, қырғыз өнерпаздарының әндерi мен күйлерiн естiп, билерiн көрiп тамашалады. Осы күнгi есте қаларлық оқиғаның бiрi – салтанат алаңына мектеп оқушыларының сап түзеп кiруi, құлағымызға жайлы естiлген ескi бiр әуеннiң оркестрде орындалуы едi. Ең таңғаларлығы сол – бұл марш-әндi осыдан алпыс жыл бүрын Қазақстандағы мектеп оқушылары сапта жүрiп, сөзiмен қоса айтатын. Кезiнде ақын Тайыр Жароковтың "Миллион толқын" деген өлеңiнiң сөзiмен орындалатын осынау марш-ән әрi сұлу, әрi жiгерлi, екпiндi естiлетiн. Отызыншы жылдардың ақырына дейiн бүкiл казақ мектебi оқушыларының сүйiктi сазы болған бұл әуен кейiнгi алпыс жыл iшiнде қалай ұмыт болғаны белгiсiз. Мiне, осы "жоғалып кеткен", мектепте оқушы кезiмде өзiм де сапта жүрiп, сан рет айтқан әндi Түркияның Қараман қаласында, Тiл мейрамы кезiнде қайта естiгенiмде қатты тебiрендiм. Айтуға, жаттауга жеңiл, қарапайым да тартымды бұл саз қандай ғайыптың күшiмен көзден таса болды екен деп ойладым", — дейдi ғалым.

Осы тұрғыдан келгенде, Түркiстанда ұйымдастырылған IV Түркологиялық конгрестiң маңыздылығы ерекше. Келешекте жас түркологтарды тәрбиелеп, олармен қоян-қолтық жұмыс iстеу, түркi мәдениетiн тұтастандыру жолында қажырлы еңбек ету керек.

Гүлзина Бектасова