ЖҰМЫС БЕРУШIЛЕРДIҢ ЖҮГЕНСIЗДIГI

ЖҰМЫС БЕРУШIЛЕРДIҢ ЖҮГЕНСIЗДIГI

ЖҰМЫС БЕРУШIЛЕРДIҢ ЖҮГЕНСIЗДIГI
ашық дереккөзі

Олар 2,5 млрд. теңге жалақы берешек

Соңғы кезде көптеген жұмыс берушi компаниялар мен жекеменшiк кәсiпорындардың қоластындағы қызметкерлерiне еңбекақы төлеуден қашу деректерi жиi тiркелуде. Мұндай жағдайлар елiмiздiң барлық өңiрiнде белең алып барады. Жақында Алматы облысы, Қарасай ауданындағы "АСТ" базарында жұмыс iстеп жатқан 400-ге жуық құрылысшы жарты жылдан берi жалақысын алмағандықтарын айтып, наразылық шеруiн өткiзсе, бiрер күн бұрын Маңғыстау мен Шымкенттегi қарапайым жұмысшылардың сан соғып қалғандығы белгiлi болды.

Парламент мәжiлiсiндегi Үкiмет сағатына Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасының жобасын таныстыруға келiптi. Министрдiң айтуынша, елiмiзде тұңғыш рет ауыл тұрғындарына 5 жылға 3 миллион теңгеге дейiн несие берiлмекшi. "Бұл облыстарға бөлгенде онша көп емес. Әр облысқа 200 миллионнан келедi. Сондықтан барлық облыстармен сөйлесiп жатырмыз. Несие үстемесi 8 пайыздан аспайтын болады. Ал бағдарлама жобасына сай, 2020 жылға дейiн 1,5 миллион адам жұмысқа орналастырылса, қоғамға қажеттi кейбiр мамандар арнайы дайындық курстарынан өтедi", – деп сендiрдi ол.

Алайда министр ханымның бұл жаңалығына онша құлақ түрмеген халық қалаулылары еңбекақысын ала алмай, аузы күйiп жүрген жұмысшылардың мәселесiн жайып салды. Қарапайым қызметкердiң құқығын аяқасты ету оқиғаларына бей-жай қарамауға шақырған Парламент мәжiлiсiнiң депутаттары еңбекақыны негiзсiз кешiктiретiн жұмыс берушiлердi жауапқа тартуды талап етуде. Ол үшiн салық жүйесiнiң тәсiлдерiн қолдану керектiгiн айтады. Егер "Еңбек кодексiне" осы iспеттес өзгерiстердi енгiзген болсақ, еңбекақы кешiкккен сайын жұмысшының қолына тиетiн жалақы да ұлғаятын жағдайға жетедi екен.

Қазiргi таңда жалақы берешегiн төлемей отырған жұмыс берушi мекемелердiң көбейiп кеткендiгiн жасырмаған министр ханым: "2,5 миллиард теңге қарыз бар. Ең жоғарғысы – Алматы қаласы мен Алматы облысында тiркелген. Арнайы кесте жасадық, сол бойынша жұмыс iстеймiз", – деп ойын суыртпақтай жеткiздi. "Биыл индустрияландыру картасы шеңберiнде 370 мың жаңа жұмыс орны құрылатын көрiнедi. Бұл арқылы кедейлiк деңгейiн 6 пайызға дейiн төмендетiп, жұмыссыздық деңгейiн 5,5 пайыздан асырмауды көздеп отырмыз", – дейдi министр.

Осы тұста таяуда ғана Қызылорда облысында қоғамдық қабылдау жүргiзiп қайтқан Мәжiлiс депутаты Мұрат Әбенов бiраз деректер келтiрдi. Оның айтуынша, елiмiздiң бес облысынан өтетiн "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзiнiң Қызылорда облысы аумағындағы жұмысшылардың бiр тобы 5 айдан берi жалақыларын алмай отыр. "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзi бойынша жұмысшыларды неге уақытша алады? Бұл көлiк дәлiзi үш жылға жоспарланған емес пе?! Мемлекет "үш жылға осыншама адамды қызметке аласың" деп қаржы бөлсе де, жұмысшыларды бес-алты айға алып, 8 сағаттың орнына 12-15 сағатқа дейiн жұмыс iстеткiзiп, қанап отыр. Мердiгерлердiң басты мақсаты – жұмысшыларға ақшаны дұрыс төлемеу. Еңбек демалысына, денсаулығына байланысты ақша бергiсi келмейдi. Осыны көрiп, бiлiп жүрген еңбек инспекторы бәрiн жасырады. Заң бұзушылықтарды көре тұра айтпайды. Өздерiн қорғау үшiн акт жасап, азғантай айыппұл салып қояды", – дейдi қарапайым жұмысшылардың жағдайымен танысқан депутат мырза.

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты:

– Қазiр Үкiметте жұмыспен қамту мәселесiне байланысты көптеген шаруалар жасалуда. Ол үшiн 2020 жылға дейiн жаңа бағдарлама қабылданды. Жаңа өндiрiс орындарын ашып жатырмыз. Мамандарды қайта оқыту, қайта даярлауға мемлекет тарапынан көмек көрсетiлуде. Бiрақ мұның бәрi бiржақты жүзеге асуда. Осы уақытқа дейiн қаншама қаржы бөлiп, жасақтаған жұмыс орындарын тұрақты ете алмай отырмыз. Еңбек қарым-қатынасын күшейту керек. Саннан сапаға көшетiн уақыт келдi.

Қазiргi жұмыс берушiлер еңбек заңдылығы, соған қатысты құжаттарды толық деңгейде жасап отырған жоқ. Көбiнесе жұмыс берушi қызметкердi уақытша алып, қалаған уақытында шығарып жiбередi. Жұмысқа қабылдағанның өзiнде келiсiм-шарт жасамайды. Ал келiсiм-шарт жасаса, оған жұмыстағы қажеттi талаптарды қоспайды. Яғни, әлеуметтiк қорғау, қауiпсiздiк мәселесiне көңiл бөлмейдi. Бiздiң жұмысшылар да өз құқықтарының дұрыс қорғалмағандығынан кейiн құқықтарын талап ете алмайды. Қазiр компаниялар, ұйымдар қаржы дағдарысына ұрынып, жұмысшылардың құқықтарын аяққа таптап отыр. Жұмысшыларға түк төлемей жүрiп-ақ өздерiнiң экономикалық ахуалын дұрыстап алуда. Жалақыға бөлiнген ақшаны айналымға жiберiп немесе құрылыс материалдарына жұмсап жiбередi. Екiншiден, қазiр халық құқықтық мәселе жағынан хабардар. БАҚ арқылы құқығын қорғап, талап етуде. Мысалы, жұмыс берушi компания мемлекет алдында салық төлемесе, салық органы мұны анықтап, бiрнеше есе айыппұл салатыны белгiлi. Себебi, мемлекет өз қаржысын қорғауды үйрендi. Ендi бiз жұмысшылардың құқықтарын дәл солай қорғауымыз керек. Егер жұмыс берушi айлықты кешiгiп төлесе, оларға айыппұл салу жөнiнде заңға өзгерiс енгiзу қажет. Сол кезде ғана жұмыс берушiлер жұмысшыларға еңбекақысын уақтылы төлейтiн болады. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi өз құзырын сапалы деңгейде атқару керек. Қазiр жер-жерде жұмыс iстейтiн еңбек инспекциясы iстi дұрыс атқармайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ