Абдулхамид ИСАЕВ: БIР СУРЕТТIҢ ТАҒДЫРЫ

Абдулхамид ИСАЕВ: БIР СУРЕТТIҢ ТАҒДЫРЫ

Абдулхамид ИСАЕВ: БIР СУРЕТТIҢ ТАҒДЫРЫ
ашық дереккөзі
255

Мен бұл әңгiменi 14 жасымда оқыдым. Содан бергi 47 жылда оның авторының қара сызықпен қоршалған аты-жөнiмен қоса кейiпкерлер есiмiн де ұмытпаған екенмiн. Кейiн қайта бiр оқуға талай рет ниеттенгенiм де бар, бiрақ архив ақтарып, "Жұлдыз" журналының сол нөмiрiн (№4, 1964 жыл) iздестiруге құнттылығым болмаған.

Өз шығармаларын қазақ тiлiнде жазған, кейiн қыршын кеткен осы чешен қаламгерiнiң бұл әңгiмесi жөнiнде кезiнде талай қаламдас ағаларымнан да жылы пiкiр естiп едiм.

Жуықта менiң өтiнiшiм бойынша жас жазушы Қуаныш Нұрданбекұлы бұл әңгiменi маған архивтен тауып әкелiп бердi. Ендi онымен бүгiнгi оқырмандар да таныссын деген ниетпен "Түркiстанға" ұсынуды жөн көрдiм.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

БIРIНШI АЛҒЫ СӨЗ

Менiң алдымда өзiм салған бiр сурет жатыр. Осы суретке мен жиi қараймын. Қараған сайын екi адамның бейнесiн көрем. Бiрi – дүниедегi ең қымбаттым, асылым. Екiншiсi – дүниедегi ең жек көретiн жатым…

Бұл неғылған сурет, неткен құпия деп отырған шығарсың, оқушым. Ендеше тыңда.

I

АЛПЫСЫНШЫ жылдың көктемi.

Оқиға бiр редакцияның тапсырмасынан басталды. Өзiм бұрыннан араласып жүрген газеттiң редакторы күтпеген жерден шақырып алып, мынадай тапсырма бердi:

– Оңтүстiк өлкесiне барып, депутат Маханованың портретiн жазып келсеңiз. Номер арнағалы отыр ек.

Маханованың портретiн жасау өзiмнiң де ойымда болатын. Редактордың тапсырмасын қуана-қуана қабыл алдым да, сол күннiң ертеңiне-ақ Оңтүстiкке тартып отырдым…

Менiң жолым болды. Ш. станциясындағы поездан түсiп, вокзал сыртына шыға берсем, сол мен iздеп шыққан "Коммунизм" колхозына баратын машина кез бола кеттi. Шоферi өзiм қатарлы жас жiгiт екен. Ұзамай ол жұмысын бiтiрдi де, колхоз қайдасың деп тартып отырдық.

Мен кабинада, шофердiң жанында отырмын. Ол ашулы адамша қабағын тырыстырып көзiн жолдан тайдырмай, қалың ернiн дамылсыз жалап үнсiз келедi. Мен де үнсiзбiн. Мана орталықтан шығарда суретшi екенiмдi, астанадан келе жатқанымды айтып, өзiмдi таныстырып үлгергенмiн. Және шофердiң аты Ахат екенiн де бiлiп алғам. Сонымен бар әңгiме таусылған. Ендi зерiкпес үшiн бiрдеңе бастайын десем, аузыма сөз түсер емес. Кабина терезесiнен сыртқа қарап, дала табиғатына үңiлем.

Алыста, аңыз ортасында жер жыртқан екi трактор қою шаңды артқа тастап, қарама-қарсы сырғып барады. Мына бiр тұста артына сеялка тiркеген тағы бiр трактор зырғып жүр. Әр жерден пыр етiп дән терген торғайлар ұшады.

Осындай әсем суретке қарап, астанадағы әрiптестерiмдi еске алам. Үйлерiнде бұйығып жатпай далаға шықса ғой, олар да мынадай романтикалы көркем пейзажды көрiп, шығармаларына нәр алар едi.

Жағасына қалың құрақ өскен үлкен каналдың көпiрiнен өтiсiмен жол тiке оңға бұрылды. Осы жерде машинасын кiлт тоқтатып Ахат кабинадан түстi де, үндеместен арық бойын жағалап, қамысқа сүңгiп көрiнбей кеттi. Кешiкпей алты-жетi жастағы баланы ертiп қайта шықты. Баланың қолында қысқа сапты қармақ және қамысқа тiзген он шақты аю балық шабағы. Екеуi келiп кабинаға отырды.

Кiшкентай бала қармағын кузовқа лақтырып тастап, балықтарын өзiмен бiрге кабинаға алып кiрген. Ендi оларын маған жұқтырып алмайын деп сақ ұстап отыр. Бұл кiм болды екен, бұрын-соңды көрмеген адамым дегендей балалық аңғалдықпен жүзiме қарайды.

Баланың осы ойын сезгендей-ақ Ахат:

– Мынау ағаң Алматыдан – суретшi. Менiң тапсырмамды жақсы орындап отырсаң, сенiң суретiңдi салып газетке басады, – дедi.

Кiшкентай бала рас па дегендей бетiме аңтарылып бiр қарады да, қолындағы балығын тастай салып:

– Сiздiң аппаратыңыз қайда ендеше? Мұрат әрдайым мойнына асып жүредi, – дедi тақылдаған нық дауыспен.

Мен жымиып қойдым. Онымды Ахат та, бала да байқаған жоқ. Жүрiп келемiз. Ахатпен екеумiз жас баланың әңгiмесiн қызығып тыңдаймыз. Өзi де көңiлдi отыр.

– Ана отырған жерiмде балық үйiлiп жүр екен, – дейдi ол масаттана сөйлеп. – Бiрақ бар ғой, Ахат, шетiнен айлакер. Жып-жып еткiзiп шегiрткемдi жеп қояды да жөнiне кетедi. Бағанадан берi ұстағаным осы-ақ. – Ол қамысқа тiзулi шабақтарын аяғымен нұқып қойды. – Жаңа бар ғой, Ахат, сен келердiң алдында қармағымды бiр дәу лаха сүңгiтiп ала жөнелдi. Эх, айрылып қалғаным. Лаха деген қу келедi. – Ол басын шайқады.

Бағанадан берi жолдан көзiн тайғытпай, баланың әңгiмесiн тыңдап отырған Ахат:

– Сен, Баубек, жақсы балықшысың, – дедi нән алақанымен басын сипап қойып, – бiрақ та ағаңның көңiлiнен шықпай жүрсiң.

Баубек бұл сөздi ұнатпай аузын томпайтты:

– Қайтем өзi жазбаса. Сосын бар ғой, Ахат, ендiгәрi хат алып келсең, үйге кiргiзбеймiн деп қуып шықты.

Мен сөз төркiнiн тым дәл ұқпасам да, Баубектiң айтқаны Ахаттың жанын қуантпағанын оңай-ақ аңғардым.

Бұл кезде колхоз iшiне келiп кiргенбiз. Кiлең жаңа үлгiмен салынған шифрлi үйлер бiрден-ақ ұнап кеттi. Менiң бала кезiмде колхоздан мұндай үйдi табу қиын едi.

Бiр кезде Ахат машинаны тоқтатып Баубектi түсiрдi. Төс қалтасынан, май-май блокнотының арасынан бүктеулi ақ қағазды шығарып, ана Баубекке ұстатты:

– Мынаны апарып бер. Осыдан кейiн жазбаймын, – дедi.

– Жақсы бала, – дедi Ахат Баубек кеткен соң, – машинаға мiнуге сондай құмар. Көзiне түссем болды мiнгiз деп жабыса кетедi.

– Почтальондыққа да пайдаланып тұратын сияқтысың ғой өзiң. – Менен мұндайды күтпеген Ахат сәл қызарып қалды. Бiрақ онысын тез жасырып, күлiмсiрей қойды:

– Иә, махаббат деген бәрiн iстетедi. Қалыңдығымның көршiсi болғансын, былай ептеп… Өзi де ептi сондайға.

– Бойдақсың ғой тегi.

– Бiр сұлу келiншегiм бар едi. Қайтыс болды…

Ахат сұлу келiншегiн есiне түсiргендей жайымен күрсiндi. Мен үндегенiм жоқ.

Кеңсе алдына жетiп тоқтай бергенiмiзде iштен жуантық келген қара кительдi кiсi шығып, машинаны көрiп бiзге қарай жүрдi.

– Председателiмiз осы кiсi, – дедi Ахат ақырын сыбырлап. – Бағанағы Баубек айтқан лахадан да қу адам.

Мен председательдiң аты-жөнiн бiлушi ем, басымды изедiм. Ахат:

– Мұха, суретшi алып келдiм сiзге. Қалаға барып портретiмдi жасатам деушi едiңiз ғой, ендi жолыңыз болды, – деп бастығына қалжыңдай сөйледi де, кабинаға қайта отырды.

Председатель де есесiн жiбермедi:

– Иә, ендi сен де анау қарындасым екеуiңнiң портреттерiңдi жасататын боларсың, – деп орағытып тастады. Содан соң маған қолын ұсынып:

– Қош келiпсiз, – дедi.

Мен қолын алдым. Екеумiз кеңсеге қарай адымдадық. Қоштаспақшы болып артыма қарасам, Ахат машинасын керi қайтарып, қозғалып кеткен екен.

– Ал, қош келiпсiз, – дедi председатель iшке кiрген соң даладағы сөзiн қайталап. Сөйттi де, маған диванды ұсынып, өзi орнына отырды.

– Қош, суретшi болдыңыз ғой. Жақсы, жақсы. Жасымда мен де суретшi болуды ойлағам. Кейiн оны қойып өлең жазуға шықтым. Қазiр қарасам бәрi балалық сияқты… Ендi мiне, мынау елдi басқарып отырғаным. – Председатель өз сөзiне өзi қанағаттанған кiсiше, ырқ-ырқ етiп, екi иығын сiлкiлеп шамалы күлiп алды.

– Қызық қой адам өмiрi, – дедi күлкiсiн тыйып. Мен қалтамнан темекi алып жатып, Мұхаңның сөзiн қоштап басымды изедiм. Ол терезеден сыртқа қарап тұрған. Кенет маған бұрылып:

– Келерiңiздi хабарласаңыз еттi. Машинамен барып өзiм күтiп алған болар едiм. Жастық қой әрине, бiлем. Шаң болған шығарсыз грузовойда, ә? – дедi күлiмсiреп. Осынысы Ахат айтқан қулық күлкiсi болмаса неттi.

– Жақсы келдiм.

Осы сәтте телефон шылдыр ете қалды да, Мұхаң трубканы көтердi. Мен оның сөзiн тыңдамаған болып, жартылай ашық тұрған терезеге бұрылдым. Колхозды ауыл осы арадан түгел көрiнедi екен.

Түстен кейiн Мұхаң екеумiз машинамен депутат Маханованың жүгерiлiк участогiне келдiк. Орта бойлы, қырықтың үстiне шығып қалған қара торы келiншек сәл қысыла амандасты да, артынша еркiн әңгiмеге көштi. Менiң арнайы тапсырмамен өзiн iздеп келгенiмдi бiлiсiмен:

– Менiң атақ-даңқым онсыз да кем емес. Мықты болсаң, көмекшiмнiң портретiн жаз. Еңбеккер десең еңбеккер. Жас десең жас. Әне, соны таныт елге, – дедi.

Осыны аңдып тұрғандай-ақ Мұхаң да қуақы жымиды.

– Ахат ше? Көмекшiңнiң портретiн Ахатқа жасат, – деп тағы да ырқ-ырқ күлдi.

– Мұха, сiздiң осы әзiлiңiз қалмайды-ау, – дедi келiншек еңкейiп жерден уысын толтыра топырақ алып жатып. Топырақты уқалап езiп жiбердi де, риза адамша қайта тастады.

– Топырақ – алтын ғой!..

Қайтарда председательден әлгi Маханованың көмекшiсiне соға кетудi өтiндiм. Ол келiстi де, кiшкенелеу арықты бойлап, ескi жолмен салып келемiз. Мұхаң шофермен қатар, алдында отырған жуан мойнын артына бұрып:

– Айтпақшы, оның қызық тарихы бар. Керек етсең айтайын, – дедi.

– Айтыңыз, – дедiм егер суретiн жазатын болсам, өмiрiнен де бiлгеннiң зияны жоқ қой деген оймен.

Мұхаң мынаны айтты:

– Өткен жылдың осындай уағы. Ауданнан қайтқан бойда үйге соқпастан кеңсеге келдiм. Кабинетiме кiре бергенiмде артымнан секретарiм ере кiрiп, менi Қызылордадан келген бiр қыз баланың күтiп отырғанын айтты. Дереу қабылдап өтiнiшiн тыңдадым. Тап-тұйнақтай ғана бала екен.Сүйегi анау айтқан iрi болмаса да, көзi жiгерге толы. Орта мектептi бiтiрiптi. Осы күнi оқушылар механизаторлық бiлiмдi де қоса алып жүрген жоқ па, мынау да сондай екен. Сөзiне қарағанда жас басынан жақсылап тұрып сүрiнген адамға ұқсайды. Ендi оның бәрiн де еңбекпен өтемек. Маханованың қарамағында жұмыс iстеймiн деп осында әдейi келiптi…

Машина суы бар жаққа келiп кiлт тоқтады. Одан әрi өте алмайтын болған соң Мұхаң екеумiзге аңызға жаяу баруға тура келдi. Алдымызда, едәуiр жерде жер жыртқан "ДТ"-ның қуатты даусы айқын естiледi. Кабинасынан жүргiзушiнiң көгiлдiр орамалы көрiндi.

– Әне сол, – дедi Мұхаң. – Қатесiн еңбекпен жуатын мықтың сол. Қазiр жүгерiсiн сеуiп бiтiп күрiш жерiн айдауға көмектесiп жүр. Жастар ғой қазiргi тiрегiмiз.

Мұхаң тракторшыға қолың бұлғап, берi кел дегендей ишара жасады Сол-ақ екен тракторды тоқтатып кабинадан ер балаша киiнген қыз түстi де, басындағы көгiлдiр орамалын шешiп қолына алып, бiзге қарай жүрдi. Сарғыш шашы көктемгi күнмен шағылысып, жылт-жылт етедi. Бастықты бiрден таныған ол әлдебiр қуанышты хабар күткендей шапшаң адымдады. Жете бере аңқиып кiлт тоқтап қалды. Ау, мынауың… Өз көзiме өзiм сенбей бақырайып қарап қалыппын. Аяғымның астындағы жер қарс айрылып, түпсiз тұңғиыққа бара жатқан сияқтымын. Мұхаңнан ұялған соң ба, бойымды билей қойып, алдымдағы қызға қайта қарадым. О да мына сәтке шыдамаған екен, амандасып та үлгiрмей, керi бұрылып жүгiрiп кетiп қалды. Кабинаға отыруы-ақ мұң екен, алып "ДТ" алға қарай жұлқынып кеттi.

Мұхаң аңтарылып, сұраулы кейiспен менiң жүзiме қарады…

ЕКIНШI АЛҒЫ СӨ3

Мен көптен берi күнделiк жазам. Онымды жұрт көзiнен жасырмаймын да. Бiрақ күнделiктерiмнiң iшiнде өзгелерiнен қадiрлiрек көретiн, жаныма ыстық бiр дәптер бар. Соны ғана адам баласына көрсеткен емеспiн.

Ендi оны да көп алдына жайып салғалы отырмын. Оқысын. Әлгi көрiнiске таңырқап, түк ұқпай қалған Мұхаң оқысын. Ақ ниет, адал жанымды түсiнбей кеткен Толқын оқысын. Тiлсiз махаббатымның куәсi болған бүкiл әлем оқысын…

II

БIРIНШI СЫР

Ертеңгiсiн кiтапханаға барып келiп, шешiнгелi жатыр ем, стол үстiнде ашық жатқан қағазға көзiм түстi. Алып оқысам мынадай жазу бар екен.

"Сапар!

Жаңа жыл болса кеп қалды. Өзiң бiлесiң, мейрамға арнап қабырға газетiн шығару керек. Келiп көмектессең жақсы болар едi. Дәуренов".

Дәуреновтi жақсы бiлем. Мектепте оқып жүрген жылдарымда бiздiң кластың жетекшiсi болатын. Қазiр завуч. Мен киiмiмдi қайта кидiм де, мектепке келдiм.

Дәуренов шығып кеткелi жиналып жатыр екен. Алдыма бiр құшақ газет-журналдарды тастап: – Мыналарды қарап отыра бер. Он бес минуттан кейiн сабақ бiтедi. Сонсын көмекшiң келедi, өзiм айтып кетем, – дедi бөлменiң кiлтiн маған ұстатып.

Мен диван үстiндегi газет-журналдарды алғашында шамалы аударыстырдым да, Дәуренов кеткен соң бiр бұрышқа ысырып тастап, қалтамдағы хатты алып оқуға кiрiстiм.

Бағана, кiтапханадан қайтарда почтаға соғып ем. Сәбирадан хат келiп тұр екен. Жолда шала-пұла бiр оқығам. Ендi оңашада тағы да оқығым келдi. Қыздың хатын кем дегенде екi-үш қайтара оқу қай жiгiттiң болмасын әдетi ғой.

Сәбираның хатын неше мәрте оқығанымды, оған қанша уақытымның кеткенiн де бiлмеймiн. Басымды көтерiп, алдыма қарасам…

Бiр қолына ораулы ақ қағаз, екiншi қолына түрлi-түстi қалам ұстаған жас қыз есiктi ақырын ашып, iшке кiргенде менiң қалпымды бұзбайын дегендей, қимылсыз тұрып қалған екен.

Хатты бүктеп-бүктеп қалтама салдым да, орнымнан тұрдым… Қыз:

– Мынау қағаз, мынау қалам, – деп оларды менiң алдыма қойды да, қайта кеттi – Қазiр сызғыш пен өшiргiш әкелем. – “Керегi жоқ” деп ем, ол естiмедi.

– Кәнi, неден бастаймыз? – дедiм қыз қайтып келген соң.

– Суретшi бiледi де.

– Редакторы сенсiң ғой.

Қыз терiс айналып жаймен күлдi. Мен газет атын жаза бастадым. Шамалыдан кейiн әрiптердiң сырт бейнелерi дайын болды. Қаламды қоя салып, ойланып тұрғанымды көрiсiмен қыз дереу өшiргiш резинканы ұсына қойды.

– Оны қайтем?

– К-ның сирағын қысқартпайсыз ба?

– Неге?

– Жирафтың мойнындай сорайып тұрған жоқ па?

Осыны қыз аса бiр ризалықпен айтты, рахаттанып күлiп алды. Теңеуi үйлеспесе де, мен де күлдiм. Бөлме iшi бiзге қосыла күлдi.

– Мен сiздi танимын, – дедi бiр кезде қыз кесе көздерiнiң астымен қарап, – сiз осы мектепте оқыдыңыз. "Крокодилдiң" редакторы болатынсыз. Мен онда алтыншы класта едiм.

– Қазiр ше?

– Бiтiрем биыл.

Қоңырау соғылды. Сабақ аяқталды. Бiрiншi кезектегiлер тарап жатыр. Менiң редакторым да жинала бастады.

– Қарным ашты, кетем, – дедi маған менiң қайтерiмдi бiлмекшi болып. Мен есiктi кiлттедiм де, сыртқа бiрге шықтым.

Жерде жаңа жауған ұлпа қар жатыр. Күн ашық. Көзiң шағылысады. Алдыңа еркiн қарай алмайсың.

Бiз үнсiз келемiз. Дәуреновтың бөлмесiнде әңгiмемiз әжептәуiр жарасқан сияқты едi, ендi бiр-бiрiмiздi жаңа көргендей, жатсына қараймыз.

– Менi бiледi екенсiң ғой, өзiңдi таныстыршы, – дедiм қайратымды жиып. Әйтсе де даусым қысыла шықты. Қысылған себебiм қыз менен әлдеқайда кiшi болатын.

– Толқын менiң атым, – деп ол тақ еткiздi.

– Толқын! – дедiм мен де iшiмнен қыз атын қайталап. Бiрақ оны өзiмнен басқа ешкiм естiген жоқ.

Бодан үйiнiң тұсына жете екеумiздiң жолымыз екi айырылды. Мен тура кеттiм.

ЕКIНШI СЫР

Газеттi жасап болып, кем-кетiгiн iздеп қарап жатқам. Оныншы кластың Жәленов дейтiн бiр оқушысы жаңа жылға үш екiлiкпен келген екен. Дәуреновтың айтуы бойынша соның сықақ суретiн салғам. Онда Жәленов екiлiктен iстелiнген жаңағы қос екiнi жегiп шауып барады. Алдында жирене қарап Аяз ата тұр. Қаламды алып, оқушының қолына қамшы ұстатқан болам, ирек сызық тарттым. Осы-ақ екен қатарымда қарап тұрған Толқын мырс еттi.

– Неге күлесiң? – дедiм мойнымды бұрып. Сұрауын сұрасам да, күлгенiн қалап тұрмын.

– Жәленовке қарап тұрмын.

– Көрмеген адамды салу қиын. Ал мынау каррикатура… жарай бередi, – деп ем, Толқын менiмен келiскендей басын шұлғып:

– Көрген адамыңызды айнытпай саласыз ба? – дедi.

– Ол оңай.

– Менi ше?

– Сенi де. Ол үшiн саған көп-көп қарауым керек, – дедiм Толқынға қарап. Оның жанарлы көздерi оттай ыстық ұшқын шашып маған қадалды. Төрт көз, төрт айна беттесiп қалды. Зiңгiттей денем шымырлап кеттi. Әлдекiм есiктi ашты. Дәуренов кiрiп келдi.

Газеттi тапсырып, үйге қайтып бара жатқам. Мектеп ауласынан шыға бергенiмде Толқын қуып жетiп:

– Бiзде жаңа жылдық үлкен кеш болады. Келiңiз. Келесiз ғой, ә? – деп қиылғандай үн қатты. Мен қыздың балаң жүзiнен жоғымды iздегендей үстi-басын айналдыра қарап қалыппын. Үстiндегi етегi бүрме қоңыр көйлек пен қызыл кофтасы талдырмаш денесiне үйлесiп-ақ тұр. Сарғыш шашына таққан әппақ бантигiнiң екi қанаты лып-лып етiп әнтек қозғалады.Көзiнде ғажап сыр.

Өзiне қарап үнсiз тұрып қалғаныма Толқын сәл қысылса керек:

– Мен шақырамын, – дедi де, ойнақы адымдап мектепке қарай жүгiрiп кеттi. Есiкке жете бере артына бұрылды:

– Келiңiз!

ҮШIНШI СЫР

Мектеп кешiне жалғыз баруды ыңғайсыз көрiп, қасыма Әдiлдi ерттiм. (Әдiл кластас жолдасым). Оныншыдан кейiн ол қаладағы жаңа салынып жатқан қағаз комбинатына жұмысқа тұрған. Қазiр сондағы коммунистiк бригаданы басқарады.

Мектептiң кең залының нақ ортасына үлкен елка қойып, әсем безендiрiптi. Мен осы залда бiрнеше жаңа жылды қарсы алып ем, талай мәрте билеп ем. Сөйтсе де дәл бүгiнгiдей жүрегiм толқыған емес. Бүгiн мен Толқынмен билеймiн…

Кеш басталды. Ә десе вальстiң қоңыр әуенi толқығаннан-ақ Толқын екеумiз бiрге кеттiк. Сонсын ол өз кластасы бiр бойшаң жiгiтпен биледi де, Боданға ауысты. Одан Әдiлмен билеп, қайта айналып өзiме келдi.

Толқын десе толқын екен. Көңiлдi бидiң рахат әуенiмен толқып ағып барамыз. Ол бiр қолын менiң иығымнан асырып тастап, аяғын жеңiл алып қанатын жазған көбелекше баяу қалқиды. Иығыма қолы бата түссе екен деймiн. Бiрақ та кеудемнен әрең келетiн балаң қыздың нәзiк қолы жеп-жеңiл.

Билей жүрiп Толқынға қараймын. Осы сәт оның өмiрiндегi ең әдемi, ұмытылмас кезең сияқты. Қазiр ол үшiн дүниеде алыстан талып естiлген ән ғана бар, осы ән жанын тербеп-толқытқан қыз дүниедегiнiң бәрiн естен шығарып, би ықтиярына алаңсыз берiлген. Қалай жүрiп, қалай бастасам да аяғын жеңiл алып, сызылып қана ередi. Толқынды осылайша әлем шетiне де әкетуге болатын тәрiздi. Бiрақ қыздың ыстық демi бетiмдi өпкен соң ба өзiм де көп нәрсенi ұмытқандаймын…

Түн жарымында кеш аяқталып тарай бастадық. Бiз Әдiл екеумiз топтан бөлек шығып, Толқынды күтiп тұрмыз. Ұзамай ол да шықты.

– Толқын, – дедiм қызды жаныма шақырып,– сенiң суретiңдi салып қойғам. Мiне!

Ай жарығы көмескi болды да, Толқын суретiн айқын көре алмады. Үңiлiп қарап жатыр едi, бiр қыз жетiп келiп оны жұлқып әкеттi. Артынан қарап тұрмын. Қыздар қараңғыға сүңгiп ұзап барады. Әлдекiм оларды қуып жеттi.

ТӨРТIНШI СЫР

Атақты Рембрандтың сүйiктi Саскиясын тiзесiне отырғызып салған автопортретiн кiм бiлмейдi. Ұлы суретшiнiң өнерiне елiктедiм бе, әлде махаббатына елiктедiм бе, қайдам, кейiнгi кездерi мен де осындай суреттi көп жаздым. Айырмасы Рембрандтың орнында өзiм де, Саскияның орнында Толқын.

Әттең… творчество адамының тартатын азабын жұрттың бәрi бiрдей бiле бермейтiнi қандай аяныш. Толқынды тiземе отырғызған суретке бiр ай қиналдым десем болады.

Рас, өзiмдi салуға әбден машық боп алғам. Оған сонша терлей қоймаймын. Ал Толқын… Мiне, бұл қиын жұмыс. Анада жаңа жыл алдында суретiн салып бергенiмде Толқын мұның өте сұлу боп кетiптi, маған ұқсамайды деп әбден күлген. Содан берi бiр альбомым сондай сәттi шыққан сәтiн тап басқан емеспiн. Өзiме ұнаса да, Толқын қалай қарарын бiлмей әлек болам.

Мен оның тұнық көзiне қараған сайын өзiмдi, теңдессiз бақытымды құптап тұрған әлемдi көремiн. Суретiнен де соны iздеймiн. Бар жанымды, бар өнерiмдi салатыным да сондықтан.

Уата берсең тау да құлайды ғой. Ақыры автопортреттi жасап болып, кеудемдi керiп, қуанышпен демiмдi алдым. Iзiн суытпай сол қуаныш үстiнде Толқынға әкеп көрсеттiм де.

– Бұл кiмдер өзi? – деп сұрады Толқын, ә дегеннен айыра алмай қалып. Артынша суреттегi екi адамның бейнесiн дәл танып, күлiп жiбердi. Бiрақ та күлкiсiнiң орынсыз болғанын ұқты да дереу басылды.

– Мұны неге салдыңыз?

– Несi бар екен? Рембрандтқа елiктегенiм ғой.

– Ол да осындай майда-шүйдемен шұғылданған ба? – деп сұрады Толқын жеңiл күлiмсiреп. Астыңғы жұқа ернi көтерiле түрiлiп, монтия қалды.

Осы сөздi басқа бiреуден естiсем, тас-талқан болар ем. Қазiр орнымды жасырып қалуға тырысып:

– Сүйген адамын салу майда-шүйде емес. Бұл нағыз талант, – деп ем, Толқын күдiктенген кейiспен:

– Ол да сүйген бе? – деп сұрады.

– Әрине. Ұлы адамда ұлы махаббат болады.

Толқын жалт қарады. Жанарлы көздерi менiң көзiммен тоғысып тұра қалды. Маған осы сәт жанымнан да артық. Осы сәт менi өртеп бiттi…

БЕСIНШI СЫР

Ұшқаннан ұшып отырып Әдiлге келдiм. Станоктар күй шертiп, еңбек әуенiне бөленген ұзын цехтың iшiнен Әдiлдi әрең тауып алып:

– Сүйедi, – дедiм бас сала. Алқынған өкпемдi басуға да мұршам жоқ. – Толқын сүйедi менi. Өмiрде махаббаттан да зор нәрсе толып жатыр деп ең. Өтiрiк. Толқын махаббаты сенi ешқайда апармайды деп ең. О да өтiрiк. Айтқан үгiтiңнiң бәрi өтiрiк, Әдiл, – деп жолдасымды ерекше бiр қуаныш құштарлығымен құшағыма қысып, айналдыра берiп ем, жанымыздан – "iстемеймiн" деп әлдекiмнiң бақырған даусы шықты. Бiз жалт бұрылдық.

– Бодан ғой, – дедi Әдiл, – үнемi мастермен ұрысады да жүредi. – Әдiл менi алып оңаша шықты да:

– Не болды, кәне айтшы. Тағы да сол ма? Толқын ба? – дедi. Мен басымды изедiм.

– Сол Толқын. Автопортретiмдi көрсетiп ем, жаман қуанып кеттi. Маған берiңiзшi деп сұрады. Бердiм. Толқын үшiн салмап па едiм өзiм де?

Әдiл нағыз жұмыс адамына тәншiлдiкпен сабырлы жымиып:

– Сол ма? Содан бiлдiң бе сүйетiнiн? – дедi.

– Әрине. Сүймесе суреттi сұрап алмас едi… Әдiл ендi менiң иығымнан ұстап жәймен сiлкiлеп:

– Бала сияқтысың, Сапар, – дедi, – қызды сүйген жақсы ғой. Бiрақ құр махаббатқа салынып, өзгенiң бәрiн ұмытуға болмайды. Қарашы, академиялық демалысқа келгелi бiр тиянақты картина жасаған жоқсың. Кiлең Толқын, Толқын!

Мен ашуланып қалдым.

– “Есть время для любви. Для мудрости – другое” дегендi кiм айтқанын бiлесiң бе?

– Пушкиннен көргенiм бар.

– “Кто не знал любви, тот все равно не жил” дегендi ше?

– Оныңды бiлмеймiн ендi.

– Вольтер… ұлыларды көп оқу керек. – Әдiл мырс етiп басын шайқайды.

– Сенi құртып жүрген сол ұлылар, – дедi де станогiне қарай адымдап:

– Толқынды сүйетiн сенен басқа да адам бар көрiнедi ғой, – дедi. Мен шошып кеттiм.

– О кiм?

– Бодан.

– Бодан?

АЛТЫНШЫ СЫР

Қаланың шығысында, аласа құм төбешiктерiнiң ортасында көгiлдiр көл бар. Мұны бiз "Құм көлi" деп атаймыз. Көктем шығып, жер-көк жайнағалы осында келiп табиғат суреттерiн жазу әдетке айналып кеткен.

Көлдiң ортасына таман қалың құрақ пен қамыс аралас өскен. Қалған жерi айнадай тегiс. Кешкi күн сәулесiмен жарқырап, бетi қызарып, шағылысып жатады.

Қолымда кисть және палитра. Қызарып қана батып бара жатқан дөңгелек күннiң көл бетiндегi суретiн полотноға түсiрiп жатырмын.

Тылсым табиғат тып-тыныш: менiң еңбегiме сәттiлiк тiлегендей, менiң көзiм айқын көрсiн дегендей бар бояуымен, бар тынысымен тұра қалған. Осынау әлемнiң жалғыз иесi мен ғанамын.

Бiр кезде… екпiндi күш алдымдағы полотноны ұшырып түсiрдi. Әлi де құрғап үлгiрмеген бояуларды құм басты да, ендi-ендi бiтiп келе жатқан сурет жұтап сала бердi. Кистiнi қолыма ұстаған бойда артыма бұрылып қарасам…

Бодан. Екi қолын шалбарының қалтасына салып, мәз бола ыржиып тұр. Кiшкентай көздерiн ұры мысықша жыпылықтатып маған бiр, жерде жатқан суретке бiр кезек қарайды. Пiшiнiнде менсiнбеушiлiк бар.

– Мен де суретшiмiн, – дедi ол тәкәппарлана күлiп, – саған ақыл-кеңес бергелi келдiм.

Бодан осыны айтып, қарқ-қарқ етiп тағы да құмары қанғанша күлдi де, қалтасынан бiрдеме iздей бастады.

– Мынау жерде сен емес, мен отыруым керек. Мен, Бодан. Ұғамысың, суретшi! – деп Толқынды тiземе отырғызып жасаған автопортреттерiмдi баттитып көз алдыма тоса қойды. Умаждалып қалған екен. Мен Толқын бейнесiнiң осындай дөрекi қолда тұрғаны үшiн аяп кеттiм.

– Әкел берi, – деп қолымды созып ем, Бодан аларсың дегендей мысқылдай қарады да, суреттi жыртып-жыртып, тастап жiбердi.

– Суретшiсiң ғой, мен айтқандай ғып қайта сал! – дедi де, бiр үлкен iс тындырған адамша аяғын маң-маң басып, қайырылып қарамастан көлдi айналып кетiп қалды…

ЖЕТIНШI СЫР

Арада едәуiр уақыт өттi. Бұл мерзiм iшiнде Толқынға де кездескенiм жоқ. Салған суретiмдi Боданға апарып бергенiне iшiм қынжылып, бiр түрлi ашушаң мiнез шығарғам. Осы мiнез Толқын мектеп бiтiрiп, аттестат алғанша арамызды бөлiп келдi.

Әй, дүние-ай! Сүйген көңiлдi қойсайшы. Боданды да, арамыздағы қақтығысуды да ұзамай ұмытып кеттiм. Сөйтiп Толқынға қайта кездестiм. Бiрақ та…

Сол кездесу жан түршiгерлiк сойқан болды. Сол кездесу тұңғыш оянған ең адал, ең балғын махаббатымды бiржола опырып әкеттi.

Июльдiң қайнаған ыстық күнi болатын. "Көл жағасында" атты жаңа картина жазып жүргем. Сәттi шықса диплом қорғауға да пайдаланармын деген ойым бар. "Құм көлiне" күнде келiп, бiр мезгiл жұмыс iстеуiм де сондықтан.

Бiршама бiтiп қалған картинаны табиғат бояуына ұқсатып әрлеп жатқам. Кенет бiр жағымсыз, бiр әсем екi күлкi көл бетiмен толқып келiп, құлағымды соғып өттi. Басымды көтерiп абайлап қарасам…

Қарсы алдымдағы мөлдiр суға малтып шығып, ендi-ендi құмға отырғалы жатқан Бодан мен… Толқынды көрдiм.

Толқын! Дәл соның өзi. Кәдiмгi мен көрiп жүрген, жүрегiме әбден орнығып, жатсам-тұрсам көз алдымнан кетпейтiн аяулы Толқыным. Қазiр ол бұрынғыдай етегi бүрме қоңыр көйлек пен қызыл кофта киiп тұрған жоқ, жап-жалаңаш. Сарғыш шашында да әппақ бантик жоқ, көгiлдiр орамалмен тарта салыпты. Жалтыр денесi күнге шағылысып, лып-лып етедi.

Толқынның қатарында бiлегiн мойнына артып тастап, қап-қара Бодан жатыр. Анда-санда аунап түсiп, қыздың кеудесiн, тамағын иiскейдi. Кейде иiлiп кеп, ып-ыстық ерiндерiн апандай аузымен басып, сүйiп-сүйiп алады. Мен үшiн қол жетпес арман болған Толқын әппақ мүсiнiн Боданға билетiп, соның алдында көсiлiп жатыр.

Дүниедегi ең қасиеттi сезiм – махаббат маған дәл қазiр соншама жиiркенiштi боп көрiнедi. Төзе алмадым. Қаным қайнап, өзiмдi алдымдағы көлге тұншықтырғым келдi. Сурет құралдарымды жинадым да, жарық әлемге қолымды бiр-ақ сiлтеп үйге қайттым…

Келесi күнi оқуға, Алматыға жүруге жиналдым. Тосын қимылыма түсiнбеген апам:

– Сабағыңа әлi бiр ай бар емес пе? Тынығып жата тұрсаң еттi, – деп күйгелектенiп қалды. Бiрақ махаббат күйiгiмен кеткелi жатқанымды айтқаным жоқ. Осылайша аяулы Толқынымды суық қолдың құшағына тастап, осы үшiн бар тiрлiктi тiлдеп ұзап кете бардым.

Екi күндiк жолда екi сағат ұйықтамадым десем болады. Көз алдымнан Толқын бейнесi кетпедi.

– Эх, Толқын!

Жалт етiп көрiнiп, жүрегiмдi әлем-тапырақ етiп шыға алмайтын тұңғиыққа тастадың да, осы күйiмнен бейхабар қалпы қалып барасың. Өзiңдi көргеннен бергi алты ай уақытты қайтып өткiзгенiмдi бiлсең екен деп армандап ем, ол тiлегiме жетпедiм.

Қар мен аязды да, жаңбыр мен желдi де елемей, ұят пен намысты итерiп тастап сенiң жолыңды жалықпай тоссам, сол едi махаббат, Толқын!

Талай күн мен талай түндi сенiң жаныңда өткiзсем де әрдайым тiлiмнiң ұшынан кетпейтiн "сүйем" деген жалғыз сөздi айта алмасам, сол едi махаббат, Толқын!

Мөлдiр көзiңе қарап тұрып, терең тұнығынан дүниедегi ең бақытты екi адамның нұрлы болашағын көрсем, сол едi махаббат, Толқын!..

Таң ата астанаға жетiп, поездан түстiм. Менi өз телеграммам бойынша Сәбира күтiп алды. Бейшара қыз бес ай бойына жазған хаттарына дұрыстап жауап бермегенiме жылап алды да, ендi мәңгi бiргемiз дегенiме мәз болып, көзiнiң жасын күлкiмен жуып жiбердi.

Шығысқа қарадым. Алатаудың үстiнен қалың өскен ағаш арасымен қызғылт сәулесiн жырта шашыратып күн көтерiлiп келедi екен.

ҮШIНШI АЛҒЫ СӨЗ

…Алдымдағы суретке қарап әлi отырмын. Осы суретке қараған сайын өзiм жүрiп өткен ирек жол көз алдыма келедi.

III

Толқын…

Тағдыр дегенiң қызық-ау.

Үш жыл бұрын айрылысқанда Толқынды мына күйде қайта кездестiрем деп ойлаппын ба? Қонақ үйге, номерiме келдiм де есiктi кiлттеп жатып алдым. Сондағым өзiммен өзiм оңаша қалып, қиялға берiлу.

Толқын…

Тағдыр дегенiң қатал-ау.

Үш жыл мерзiм Толқын өмiрiн көп өзгерттi. Оның бәрiн Әдiл хат арқылы хабарлап отырып едi.

Күзге қарай Бодан Толқынды алам деген уәдесiн тастап, батыс өлкенiң бiр ауданына қашып кеттi. Толқын оны көктемге дейiн күтiп, ақыры үмiтiн үзген соң аборт жасатып баласын алдырған да, ел көзiне көрiнерлiк бетi болмай, шешесiн алып қаладан көшiп кеткен… Ал мен бұл арада оқуымды бiтiрiп, ата-анамды Алматыға көшiрiп алған едiм.

Осының бәрiн көз алдыма қайта елестетiп, әралуан қиял құшағында жатыр ем, кенет тық-тық етiп есiк қағылды. Ашсам…

Толқын. Кешегi трактор жанында көргенiмдей май-май емес, үш жыл бұрын Дәуреновтiң кабинетiнде көргенiмдей сұп-сұлу. Жо-жоқ, о Толқын мен бұл Толқынның айырмасы жер мен көктей.

– Кел, Толқын! Аманбысың?

Толқын менен жасқанғандай, кесе көздерiн қымсына қадап сәл кiдiрдi. Толқынның көзiне қарадым. Лездiң арасында қып-қызыл боп кеткен екен, мөлт-мөлт етiп көгiлдiр орамалына жас тамып тұр.

– Мұның не, Толқын?! Жылама. Саған не болған, Толқын?! – деймiн. Мұныма құлақ асқан ол жоқ, бұрынғыдан бетер өкiрiп, көзiнiң жасын билей алмай кеттi.

Аң-таңмын. Құшағымда қыз жылап көрмеген сорлы басым әлем алдында өтелмес қылмыс жасаған айыпкерше сасқалақтап қалдым. Тек қана солқ-солқ етiп өксiгiн баса алмай жылаған Толқынның сарғыш шашын кең алақаныммен баяу сипаймын. Үш жыл бұрын түп-түзу боп жалғыз өскен қайың түбiнде әлдеқалай осы шашына қолым тиiп кеткенi бар едi. Сонда тұла бойым дiр етiп, бiр ыстық күш денемдi қарып өткен-дi. Қазiр сол шашты қаншама сипасам да сол кездегiдей әсер етпейтiн тәрiздi. Уақыт көп жәйдi өзгертедi екен.

– Сенiң алдыңа өстiп жылап келгенше өлгенiм артық едi, Сапар, – дедi Толқын басын сәл көтерiп. Демi үзiлiп, даусы булығып шықты. Көгiлдiр орамалымен ұстай алмай қалған бiр тамшы жас тiземе барып түстi.

– Сен бәрiн бiлесiң, Сапар, бәрiн де. Саған Әдiл бәрiн де хабарлаған. Сен онсыз да менiң келешегiмнiң осыған соғатынын сонда-ақ бiлгенсiң. Сен ақылды адамсың, Сапар. Ал мен… мен…

Толқын жылауын қойған жоқ. Мен оны қаншалықты сүйген болсам, мына отырысын да нақ сонша аяп кеттiм. "Адам өмiрi қызық қой" деп едi Мұхаң. Рас та шығар. Ал қазiр маған адам өмiрi аянышты да ғой деген ой келдi.

– Мен Боданды сүйдiм, – дедi Толқын бiраздан соң даусын мүләйiмсiте шығарып. – Ол менi сүймептi. Менi сен де сүйген жоқсың. Болмаса үш жылдан берi бiр хат жазар ең… Әдiлден бәрiн ести тұра жаның ашыған жоқ. Менi ешкiм сүймейдi… Менi ешкiм сүймейдi… Кеш, – деп Толқын да демiн созып алып, ауыр күрсiндi. – Өзiм де бiлем кеш екенiн.

Толқын жасы әлi де құрғай қоймаған, қызарып, қабынып тұрған көздерiн есiкке тiктi. Осы кездi көптен берi тосып тұрғандай, есiк жұлқа ашылып, iшке… Ахат кiрдi. Табалдырықтан iшке бiр адым аттады да батылдығы лезде тайып, мелшиiп тұрып қалды. Менiмен амандасқан да жоқ, бар болғаны Толқынға өткiр қабағын бiр тiгiп, ашулы ма, ашусыз ба – онысын бiлдiрмей қайта шықты. Мен бұл екеуiнiң ара жайынан хабардармын.

– Сүйе ме? – дедiм Толқыннан Ахат кеткен соң.

– Бiлмеймiн. Қазiр мен ешкiмге сенбеймiн, – дедi ол бар жақсыдан түңiлiп, күдер үзген адамша қапалы үнмен. Содан соң екеумiз де қонақ үйдiң терезесiнен сыртқа қарадық. Ахат аяғын сылбыр алып, көңiлсiз жүрiп барады екен. Мойны салбырап кеткен.

Толқынға бұрылып:

– Ойлан деуге саған әлi ерте, Толқын. Дүниеде жақсы адамдар көп,– деп ем, ол ойланып қалды…

Арада екi-үш күн өткен соң мен мұндағы жұмыстарымды жинақтадым да, жаңа таныстарыммен жылы қоштасып, Алматыға қайттым. Көп кiдiртпей редактордың да тапсырмасын орындап, оны бiр қуантып тастадым. Толқынның да портретiн жаздым, бiрақ та оны Махановаға уәде берсем де, баспаға ұсына алмадым. Әйтеуiр… бiр себептермен ұстап қала бердiм.

Еңбек адамдарының арасында болған аз күнiм көптеген тың тақырыптар жазуыма септiгiн тигiздi. Жаздай бас көтермей жұмыс iстедiм. Жұмыс мол болса

Серіктес жаңалықтары