“ЖЕҢДIҢ СЕН, МҰҚА, ЖЕҢIЛДI ОЛАР..."

“ЖЕҢДIҢ СЕН, МҰҚА, ЖЕҢIЛДI ОЛАР..."

“ЖЕҢДIҢ СЕН, МҰҚА, ЖЕҢIЛДI ОЛАР..."
ашық дереккөзі

Бар ғұмыры жарқ етiп аққан жұлдыздай ғана болған, бiрақ сол қысқа зымыран уақыттың өзiнде сөнбес iзiн, өзiндiк сүрлеуiн қалдырған, ақиық қыран, мұзарт шыңның мұзбалағы Мұқағали ақын едi. Қасиетiңнен айналайын, қара ормандай халық – қымбат бiткеннiң қазынасы, асыл атаулының алтын ұясы. Сол ұядан түлеген қырандай, бiрегей жаратылған ұл-қыздарын ел-жұрты ерекше елеп, өмiр бойы үкiлеп өтедi. Бiрақ шығар шыңына, шырқайтын көгiне бiреу ерте, бiреу кеш көтерiлiп жатады.

Бес саусақ бiрдей емес. Тұлпарды құлынынан тану үшiн бiреудiң зейiн-зердесi таяз келедi, бiреудiң көңiл көмбесi жетпейдi. Барды көре алмаған, жоққа бере алмаған баяғы пендешiлiк аяқты шiдердей матап, адамның адымын аштырмайтын кез де аз емес-ау, аз емес?! Ақиық ақын Мұқағали тек өлең-поэмалар ғана жазып қоймай, прозаға да батыл қалам сiлтеп, көркем аудармалар да жасаған. Сонымен бiрге аз да болса өмiр күнделiгiн де жазған. Сол күнделiк менiң қолымда, менiң мәңгi серiгiм, қайталап оқи берем, оқи берем! Мүмкiн ақынға жаным жақын болғандықтан, оның да жанын тереңiрек түсiнгiм келетiндiктен шығар. Ақын күнделiгiнде бiрде былай дептi: 24 желтоқсан, 1973 ж: "Бұл жыл да өттi. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлi күндердi қойшы. Жырсыз өткен күндер мен үшiн өлi күндер. Тәңiрдiң бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едiм? Не iстер едiм?! Ақынның өз мемлекетi, өз қоғамы, өз дүниесi бар. Бұл аз дүние емес. Демек мен сол үшiн өмiр сүрем, сол үшiн күресем. Күресем?! Кiммен, немен күресем. Өзiммен өзiм бе? Соңғы сөздi айтып өлу керек қой… Қандай сәби едiм. О, тәңiрiм! Түйсiк бере гөр. Түсiнiк бере гөр?!" (Күнделiк. Алматы, Жалын, ТПИК, "Жетi", 16-б). Лайық емес бiреулердiң есiгiне ентелей келiп, табалдырығына сүрiнiп-жығылып жататын атақ пен даңқтың көбiне-көп түптiң түбiнде өзi iздеп келiп табатын иелерiн дер кезiнде маңайламай, қашық жүретiндiгi. Бұған арғы-бергi тарихымызды қазбаламайық, мәселен кеш те болса М.Мақатаевты осылай тапты. Бiреулер барымен базарлап бүгiн озады, бiреулер насихатын сабалап, көмектiң күшiмен әдiлетсiз озады, ендi бiреулер адал еңбегiнiң күшiмен ұзақ уақыт шаң басқан мұрағатты жайлап, қазанда бұрқ-сарқ қайнап, әбден сылынып, ақсүйек болып барып озады. Ал iз-тозсыз уақыт тұңғиығына батып кететiн дарындар қаншама?!. Тағы Мұқаңның өзiне жүгiнейiк. 1 қаңтар, 1974 ж. "Жеке өз басының қадiр-қасиетi деген осы екен-ау! Ал мен ақымақ оны қорғамақ тұрмақ, тiптi бiлмеппiн де. Қарапайым болғым келедi, алайда ашықауыз екем, тек менiң "достарым" ғана емес, тiптi өз семьям, балаларым да менi жер соқтырып кетедi. О, сен қандай қорқынышты нәрсесiң, Адамзат! Болмайды, өз қадiр-қасиетiңдi қорға! Ақын атыңды сақта, нағыз ақынмын десең, соған лайықты бол! Табиғаттың өзiндей қарапайым бол, бiрақ сол сияқты қайсар да бол. Сен өз замандастарыңнан өзгешесiң. Неңмен екенiн айтпаймын. Ендеше, өр болсаңшы! Басыңды көтер, бауырым!.. 12.00-де Жаңа жылды қарсы алдық. Тыныш. Бейбiт. Зерiгiңкiлеу. Мен өз басым көңiлденгем жоқ. Бұл жолы бiрдеңенiң қиюы келмедi. О, дүние жарық! Мен зарыққан халдемiн. Бұның бәрi не үшiн?! Мақтаныш үшiн. Өзiңдi бағалау үшiн!" (Күнделiктен. 17-б.) Ағынды судай арындап өтiп бара жатқан өмiрдiң артта қалған iзiне қайырылып бiр қарасаң, талай тамаша талант иелерiнiң кескiн-келбетi, сөйлеген сөзi көзге елестеп, қиялыңды қиянға жетелейдi. Мен де мұзбалақ ақынға елiктеп жыр жаздым… Күншiл мен залым аяқтан шалған, Жүйрiкке қапас, тар болды заман. Сiздей боп мен де қиналдым әттең, Тағдырым қатал, не дейiн оған?! Сiздi де кеше қызғанған, күндеп, Талаған иттей, тауықша жүндеп. Жауларың бүгiн мақтайды шулап, Айтады елге "еске алып жүр" деп. Ақиық ақын әруағың басым, Жеңдiң сен, Мұқа, жеңiлдi олар. Уақыттың өзi екшедi бәрiн, Адалдың орны биiкте қалар. Қайтадан жандың өшсең де ерте, Ақынның өмiрi, о, неге келте?! Алтынның парқы бiлiнбес барда, Ардағын жоқтар туған ел, өлке. Тотықұс-тағдыр құбылып кейде, Күншiлдiк қажап жаныңды жей ме?! Өлсе де өзi, өлмейдi жыры, Жүректе мәңгi сақтайды ел де. * * * Ау, Мұқа, кеш қалардай қарманамын, Адасып қалмаса деп арман әнiм. Шындықты айтып шырылдап бүгiн мiне, Шағым емес, жалынды жыр жазамын. Түрен салды бiреулер айға барып, Жердiң бетiн түгiмен жалмап алып. Бiреуiн тентiретiп, бiрiн бай ғып, Қайқаңдатып қойды ғой қайран нарық. Бiреу бай, бiреу жарлы айдан анық, Ар сатып, сақал сатып майдаландық. Қу құлқын, түлкi қулық буындырды, Адамдар жан сақтайды қайда барып?! Қалар ма күн шыға алмай, ай қамалып, Ел-жұртым мұңға батты, ойға қалып. Төрелер төбедегi ұғар ма екен, Отырған бес саусақты майға малып?! Шүкiр деп отырсаң да барға қарық, Түтелемей қоя ма шiркiн, нарық?! Тығырықтан шығатын соқпақ қайда, Көбiк сөз, бос уәденi малталадық. * * * Керегi жоқ байлықтың, ештеңенiң Жалынбадым тағдырға дес бермедiм. Өмiр-дария жалында жағаласып, Өлеңнiң гүл-өрнегiн дестеледiм. Тасқында толқын соғып қиналсам да, Өнер деп өлеңiмдi таспаладым. Сезiмдi шiдерлемей еркiн тастап, Қайғының жарып шықтым тас қамалын. Шың-биiкке шырқар бiр естi өлеңiм, Тоқып жүрмiн жырымның кестелерiн. Әр ақынның адымы ұзын-қысқа, Әттең, Мұқа, артыңнан кеш келемiн. * * * Тiршiлiктiң сырларын түйiп ерен, Тербелдiң ғой қазақтың күйiменен. Ақиқатты айта алған Мұқағали, Әдiлет деп өттiң-ау дүниеден. Сағынышпен қарадың айналаңа, Сағынбаса сезiм мен ой бола ма?! Сырлас таппай қазақтың жiгiтiнен, Өлең болып өртендiң, қайран Аға! * * * Шаңқан шыңдарда, мәңгi мұздарда, Ағын суларда, тұңғиық құздарда. Сен бар деп бiлемiн, Бастаған бiздi алға. Өлеңнiң тар кешу, тайғақ мұзында, Айқасқа жолды қуғанмын. Өнердiң құштар боп бағына, Зәмзәммен бетiмдi жуғанмын, Аға!
Iзтiлеу Тойшыбайұлы