"ӘБДIРАЙЫМОВ ОҚУЛАРЫ" МӘРЕГЕ ЖЕТТI

"ӘБДIРАЙЫМОВ ОҚУЛАРЫ" МӘРЕГЕ ЖЕТТI

"ӘБДIРАЙЫМОВ ОҚУЛАРЫ" МӘРЕГЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
220

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде өткен "Әбдiрайымов оқулары" жақсы адамның аты, ғалымның хаты өлмейтiнiн тағы бiр рет дәлелдегендей. Белгiлi журналист марқұм Серiк Әбдiрайымов – қазақ журналистикасында өшпес iз қалдырған азамат. "Әбдiрайымов оқуларына" журналистика факультетiнiң студенттерi белсене қатысты. Байқау әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Байқау нәтижесiн жариялау мен студенттердi марапаттау рәсiмi әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң Қожакеев атындағы оқу залында өттi. Марапаттау рәсiмiне профессор Әбiлфайыз Ыдырысов, Бақытжан Момышұлы, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Зейнеп Ахметова, Кәдiрбек Сегiзбаев, Нұртөре Жүсiп, Жанарбек Әшiмжан, Жарылқасын Әбдiрайымұлы сынды жазушылар мен қаламгерлер қатысты. Марапаттау рәсiмi барысында қаламгердiң өмiрi мен шығармашылығынан естелiктер айтылып, журналистика факультетiнде арнайы көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ белгiлi баспагердiң "Қазақ радиосына" осыдан бiрнеше жыл бұрын берген сұхбаты жиналған қауымға ұсынылды. Онда Серiк Әбдiрайымұлы өзiнiң балалық шағынан сыр шерткен. Серiк Әбдiрайымұлы – Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Нұрғиса Тiлендив сияқты қазақтың бiртуар азаматтарының елге арнаған ерен еңбегi мен тәрбие-тағылымын жалпақ жұртқа паш еткен қаламгер. 1990 жылы ҚазҰУ-дiң "Қазақ университетi" баспасын басқарды. Ал 1992 жылдан Халықаралық Д.А.Қонаев қорының төралқа мүшесi, 1993 жылдан осы қордың вице-президентi атанды. Көзi тiрiсiнде қаламгер Дiнмұхаммед Қонаевтың азаматтық бейнесiн кеңiнен қаузап, ұлттың ұлы перзентiн ұлықтау рәсiмдерiн ұйымдастырған. Мәселен Дiнмұхаммед Қонаевты еске алу мақсатында "Ұрпақтар үндестiгi" атты кеш өткiзiп, iс-шараның дәстүрлi түрде жалғасын табуын көздеген едi. Сонымен қатар Д.А.Қонаевтың "Өттiң, дәурен, осылай", "Ақиқаттан аттауға болмайды" атты мемуарлық шығармаларының әдеби нұсқаларын жасады. Шараға жиналғандар С.Әбдiрайымұлының жан-жақтылығын, тапқырлығын, зеректiгiн, үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсете бiлетiн жайдары мiнезiн де тiлге тиек еттi. Әсiресе "Лениншiл жас" газетiнде қаламгермен қатар еңбек еткен жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы: "Серiк Шерханның шекпенiнен, тәрбиесiнен шыққан. Ол макет жасаудың шеберi болды. Әсiресе оның сұхбат алу шеберлiгiне таңғаласың. А.Асқаров, Д.Қонаев, Н.Тiлендиевпен жүргiзген сұхбаттарын оқи отырып, сол тұлға туралы толық танысып шығасыз. Бұл Серiк Әбдiрайымұлының жорналшы болуының бiр қыры едi", – дедi тебiрене. Қаламгер жайлы айтылған толғаныстар мен естелiктерден соң, "Әбдiрайымов оқуларына" қатысушылар марапатталды.

Жалпы байқауға 30 шақты жұмыс қатысқан екен. Журналистика факультетiнiң студенттерi Серiк Әбдiрайымұлы жөнiнде ғылыми жұмыстар, көркем шығармалар, поэтикалық туындылар жазған екен. Тiптi қаламгер жайында жазылған ән де жарық көрген. Сонымен байқауға қатысқан 30 жұмыстың iшiнен 10 жұмыс iрiктелiп, үздiктiң үздiктерi 3 негiзгi номинация бойынша жүлде алды. Бас жүлде – ноутбук және I дәрежелi диплом үздiк ғылыми жұмысы үшiн – Индира Бөлдекбаеваға табыс етiлдi. II дәрежелi диплом мен фотоаппарат үздiк бейнесюжет ұсынғаны үшiн Әсел Алшынбаева мен үздiк ғылыми жұмысы үшiн Гүлназ Сембиеваға табысталды.

III дәрежелi диплом және диктофон үздiк публицистикалық туынды үшiн Торғын Әбушахманға, музыкалық жаңа туынды үшiн Әйгерiм Жүзбаева, поэтикалық туынды номинациясы бойынша Амангелдi Сейiтханға берiлдi.

Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтарымен Әйгерiм Нәлiбекова, Жансая Үмбетова, Мәдина Керiмқұлова, Салтанат Жұмабекова марапатталды. Байқауды ұйымдастырушылар "Әбдiрайымов оқуларын" дәстүрлi түрде жылда өткiзудi қолға алмақшы. Марапаттау рәсiмi студенттердiң шағын концертiне ұласты.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары