ТҮРIК ӘУЕНДЕРI – АЛМАТЫ АСПАНЫНДА

ТҮРIК ӘУЕНДЕРI – АЛМАТЫ АСПАНЫНДА

ТҮРIК ӘУЕНДЕРI – АЛМАТЫ АСПАНЫНДА
ашық дереккөзі

Түрiк пен қазақ – ежелден бауырлас халық. Елiмiз егемендiгiн алып, тәуелсiз ел атанғанда, азаттығымызды ең бiрiншi болып мойындаған да түрiк халқы. Таяуда Түркияның Гази университетiнiң "Түрiк әуендерi" хоры оңтүстiк астанамызда түбi бiр түркi халықтарына ортақ тұлға Қ.А.Ясауиды еске алу кешiн өткiздi.

Қожа Ахмет Ясауи – түрiк әлемiнiң рухани өмiрiнде ерекше маңызға ие ғұлама, Әзiрет Түркiстан деген атпен мәшһүр болған түркi әлемiнiң ұлы данасы. Ол туралы аңыз-әңгiмелер Қашқардан Балқанға дейiнгi бүкiл түрiк елiне кеңiнен жайылған. Елiмiздiң рухани астанасы Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесi күллi түркi халықтарына ортақ. Ясауи – суфизмнiң мәнiн терең зерттеп, ислам әлемiнiң сырлы iлiмдерiн зерделеген ғалым. Аңызға жүгiнсек, Қожа Ахмет Ясауи 63 жасында Ясы қаласындағы жерасты мешiтi – "хужраны" салдырып, мұнда өмiрiнiң соңына дейiн Аллаға құлшылық еткен. Ғұлама жиған iлiмiн, хикметтерiн жалпақ жұртқа түсiнiктi болу үшiн қарапайым тiлде өлеңмен жазған. Оның айналасына исламға берiлген түрiктер жиналған. Ясауидiң хикметтерi ауыздан ауызға тарап, "Диуани Хикмет" деген атпен қолжазба ретiнде халыққа танылады. Жалпы, түрiк әлемiнде "Диуани Хикметтiң" алар орны ерекше. Түрiк елiнiң Гази университетiнiң "Түрiк әуендерi" хоры ғұламаның хикметтерiн тамылжыта орындап, әнсүйер қауымға кеңiнен таныстырды.

Хордың жетекшiсi әрi дирижерi Музаффер Шендуран 1995-1997 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнде қызмет атқарыпты. Араға 15 жыл салып қазақ елiне үлкен концертпен келiп отырған музыкант: "Диуани Хикметтiң" түпнұсқа сөздерiнен құралған "Ясауиға" атты шығармасы түрiк жастары тарапынан Алматы және Түркiстан қалаларында хор мүшелерiнiң жатқа айтуымен алғаш рет орындалғанына қуаныштымын", – дедi. Қ.А.Ясауидi еске алу кешi Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлген 3-шi Халықаралық Түркология конгресiнде және Алматының Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында өткiзiлдi. Кеш екi бөлiмдi қамтыды. Алғашқы бөлiмде "Диуани Хикметтен" үзiндiлер түрiктiң халық аспаптарының сүймелдеуiмен орындалды. Кешке жиналған қонақтар "Түрiк әуендерi" хорының түрiк тiлiнде орындаған әрбiр хикметiнен рухани ләззат алды.

Ал кештiң екiншi бөлiмiнде халық әндерi, басқа да шығармалар орындалды. Жалпы хордың жетекшiсi һәм дирижерi Музаффер Шендуран түрiк дүниесi әуендерiнiң көне мұраларын зерттейдi. Ол – Орта Азияның қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен тiлдерiн меңгерген ғалым. Сонымен қатар Музаффер Шендуран Түркияда және шетелде көптеген концерттер ұйымдастырып, түрлi халықтарға теле және радио бағдарламаларын дайындаған. Сондықтан болар түрiк композиторы өзбек, қазақ, қырғыз, түркмен ұлттарының әндерiн түрiкше мақамға салып, жалпақ жұртқа таратып жүр. Мәселен кеште Т.Молдағалиевтiң сөзiне жазылған Н.Тiлендиевтiң "Куә бол" әнi мен түрiктiң Хаммамызаде Исмаил Деде Ефендiнiң сөзi мен әнiне жазылған "Раст" әнi бiрге орындалды. Қос шығарманың шығу тарихының арасы 100 жылды қамтыса да ғалым түркi әлемi музыкасының түп төркiнi бiр арнадан шығатынын дәлелдеу үшiн қос әндi байланыстырған. Сонымен қатар кеште Өзбекстанның Хорезм қаласында туған әншi, композитор Камилжан Атаниязұлының "Махим Хан" дастанының сөздерiнен алынған әнi орындалды. Бұл әндi 1994 жылы Музаффер Шендуран түрiк әуенiне сәйкестендiрiп өңдеген екен.

Екi сағатқа созылған түрiк әуенiнiң кешi музыка ұлт пен ұлысқа бөлiнбейтiн ортақ құндылық екенiн тағы бiр рет дәлелдедi. Әрi түрiк пен қазақтың кейбiр музыкалық аспаптары бiр-бiрiне өте ұқсас екен. Мәселен түрiктiң канун аспабы өзiмiздiң жетiгенiмiзге ұқсас, ал ней аспабы сырнайға бейiм.

Кеш соңында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының бiр топ ұстаздары "Түрiк әуендерi" хорының жетекшiсi әрi дирижерi Музаффер Шендуранға алғысын бiлдiрiп, қазақтың оюлы шапанын ғалымның иығына жапты. Сондай-ақ көпшiлiкке рухани ләззат сыйлаған кештiң бас координаторы Гази университетiнiң ректор кеңесшiсi, профессор Орхан Арсланға да алғыс бiлдiрдi. Айтпақшы, Музаффер Шендуран қазаққа күйеубала болып келедi екен. Оның жұбайы Эльмира Шендуран Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнiң Өкiлеттi кеңес басқармасының әлеуметтiк және мәдени iс-шаралар бөлiмiнiң меңгерушiсi, Ясауи өнер тобының жетекшiсi. Музаффер Шендуран қайынжұртын ерекше қастерлейтiнiн және қазақ елiне алғысы шексiз екенiн атап өттi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ