ҚАЗАҚ СӨЗIНIҢ ҚАДIРI...

ҚАЗАҚ СӨЗIНIҢ ҚАДIРI...

ҚАЗАҚ СӨЗIНIҢ ҚАДIРI...
ашық дереккөзі

"Қазаққа жау бөтен емес, қазақтың өзi" деген кертартпа сөз бар. Оны қайталай-қайталай санасына сiңдiрiп, қазақты бiр-бiрiне жатбауыр етiп бара жатқанымызда ешкiмнiң шаруасы жоқ болып тұр. Дәлiрек айтсам, "қазаққа қазақтың өзi емес, ниетi жау" дер едiм. Бұл мақалада бiз ниеттi жау пиғылға айналдыратын немқұрайдылықтың халықты тәрбиелеушi бұқаралық ақпарат құралдарындағы, соның iшiнде газеттер мен журналдардағы жауапсыздықтар түрiнде көрiнiс табуын тiлге тиек етпекпiз.

Ондай жауапсыздықтар даталарға, мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тiркестерiн көрсетiп пайдаланғанда, техникалық қателердi түзетуде (корректура) және басқа да жағдайларда кездесiп жатады. Ертеректе бiр әрiптес ағаммен "Темiрден түйiн түйген" деген сөз тiркесiне байланысты айтысып, жеңе алмай қойғаным бар. Оның Жазушылар одағының мүшесi болғандығынан ғана. Ол айтады: "Түймеден түйiн түйген" деп, ал мен: "Темiрден…" деп қоймаймын. Ақыры, әрқайсымыз өз пiкiрiмiздi арқалап тарқасқан едiк. "Дүмше молда дiн бұзар" деген мәтел бар, мен оған "Дүмше журналист сөз бұзар" деп қосар едiм. Тағы бiр мысал. Таяуда "Қазақ" газетiнiң 2010 жылғы қарашаның 12-сi күнгi № 46 (507) нөмiрiн сатып ала қалдым. Сөз етiп отырған немқұрайдылықтың салдарынан кеткен бiрқатар қателiктi осы басылымнан көрiп, ерiксiз күрсiнiп салдым. Газеттiң 6-бетiндегi "Алаштың ардағы" айдарымен берiлген академик Серiк Қирабаевтың "Жұбан – нағыз қазақ болып өткен қазақ" атты естелiк материалына берiлген алғысөзiнде өрескел қате кеткен. 1920 жылы туған Жұбан ағамыз аталған материал жарық көрген жылы (2010 жыл) 90 жасқа толды. Ал алғысөзiнде былай дейдi: "Жұбан Молдағалиевтiң туылғанына 80 жыл толуына орай төменде оқушылар назарына академик Серiк Қирабаевтың қазақтың ақиық ақыны туралы материалын ұсынып отырмыз". Қалай, не айтасыз?

Ендiгi бiр қате соңғы беттегi "Сiз бiлесiз бе?" айдарымен берiлген жануарлардың салмақтары мен жүрек соғыстарының пропорциясына қатысты ақпаратта кеткен. Былай деп тұр: "… ал ең iрi саналатын кит (?) минутына 9 рет соғады екен". Кит шiркiн ненi соғады? Анықтауыш қайда, жалғау қайда? Сөзбұзарлық па? Сөзбұзарлық.

Қазiргi таңда ақпараттық технологиялардың жедел қарқынмен дамып жатқан тұсы. Технологиялық салалардағы үрдiстер күнбе-күн жаңартылып, жетiлдiрiлiп жатыр. Сондай жаңалықтың бiрi – inDesign деген бағдарлама. Бұл газет-журналдарды, кiтаптарды макеттеу, беттеу iсiнде бүгiнгi таңда кеңiнен қолданысқа енiп үлгердi. Алайда мұның да бiр "бiрағы" бар. Сол баяғы "қазақша шрифт" дегенге келiп тiреледi. Десек те, ықтият болып, баспа өнiмi сапалы, грамматикалық, техникалық жағынан дұрыс шығуы үшiн, ең бастысы ерiнбеудi талап етедi. Яғни қолдан (вручную) түзету салып отыруға тура келедi. Өкiнiшке қарай, қазiр газет-журналдағы, кiтаптағы сөз-сөйлемдер бiрiне-бiрi мiнгесiп-ұшқасып кеттi ме, жоқ әлде арасы бiр шақырымнан боп ашылып кеттi ме, онда ешкiмнiң шаруасы жоқ. Өз басым газетте iстеген кезiмде осыны көрсетiп, айтудан шаршадым. "Сiз де жалықпайды екенсiз. Ондай болса, өзiңiз отырыңыз да шұқшия шұқылаңыз!" дегендi жиi еститiнмiн. Соңғы уақыттары баспадан шыққан кiтаптарды қарасаңыз да осы "инДизайннан" кеткен қателердi әр парақ сайын көруiңiзге болады.

"Қазаққа ниетi жау" деуiмiзге тағы да бiрқатар мысал келтiрсек, "Қазақстан" ұлттық телеарнасынан балаларға арналған "Айгөлек" атты ән байқауы өткенi белгiлi. Жүргiзушiлерi ойнақы, әзiлдерi де қазақы. Сүйсiнесiң. Ал қазылар-алқасын құрап отырғандар шетiнен елiмiзге танымал өнер салаларының майталмандары. Iшiнде ерекше көзге басылғаны Абдулхамит Райымбергенов ағамыз. Және Қайрат деген бiр кiсi, фамилиясын оқып үлгермедiм. Қазақша сөйлеп, баға берiп отырған осы екеуi ғана. Қалғаны орысша ойқастағанда, аузыңды ашып, көзiңдi жұмасың. "Әншi-балапандардың" көркемдiк жетекшiлерiн сөйлетiп, пiкiрлер сұрап жатты, шiркiн қаракөздерiмiз, орысша сайрап, сезiмдерiн сарқығанда шарасыз тамсанасың. Мұнда да қазақша сөйлегенде сөзбұзушылық кездесiп жатты. "Қазылар алқасы тыс (неден және ненi?) қалдырмады. Сендерге сәттiлiк (?)". "Тiлеймiз!" деп жалғай салса, ауыздары қисайып қала ма екен, ә? Сосын қазақ "отырды" деушi едi. Оны келiп "отты" дейдi. Оңтүстiк өңiрдiң диалектiсiнде кездесетiн "жатырқ, тұрық" деген сияқты сөздер.

Қазақтың қайсысына болсын "Намысың жоқ" десең алқымыңнан ала түсерi хақ. Ол жақсы-ақ. Алайда ата-тегiн жаздыруға келгенде, он алтыға толған баласына төлқұжат жасатарда немқұрайдылықтың, намыссыздықтың "нағызын" көрсетедi. Сенбесеңiз, қарап көрiңiз. Тектерiн жаздырарда құжатты толтырушы қазақтың қара домалақ қыздарына қадағалап тұрып жаздырмайды, жаздырайын десе, әлгi қаракөз қарындастарымыздың десiнен дәсi қайтып қалады. Сөйтiп, күлдiбадам болса да, аты-жөнi барлардың санатына iлiктiк-ау деген оймен өздерiн жұбатып, кете-е барады. Соттасып жүруге тағы да уақыты жоқ. Оның сыртында азаматтық iс қозғауда сот шығынын шағымданушы тараптың өзi көтеруге тиiс екендiгiн қосыңыз. Мысал дегенiңiз толып жатыр. Оны өздерiңiз де күн сайын газеттерден оқып, теледидардан көрiп жүрсiздер.

Түйiндей келгенде, "тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi", бiздiң қазаққа бiр-бiрiмен қазақша сөйлесiп қана қою аз. Әлгi анау Варшавада тiсi ауырып жатқан қандасына бола Америкада жатып жүрегi ауыратын еврей ағайындардiкiндей бауырмашылдық, елгезектiк керек. Барлық iсте, барлық бастамада. Ал бiздегi бауырмашылдық тар өрiстен аса алмай жүр. Ағайынгершiлдiк, жершiлдiк, руластық, құда-жегжаттық деген сияқты.

Бейбiт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, Журналистер одағының мүшесi