СIРЕСКЕН СЕҢ БҰЗЫЛДЫ

СIРЕСКЕН СЕҢ БҰЗЫЛДЫ

СIРЕСКЕН СЕҢ БҰЗЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Кинотуындылар мемлекеттiк тiлге тәржiмалануда

Киносүйер қауым үшiн жағымды жаңалық жеттi. Маусым айында қазақстандық көрермен таза қазақ тiлiне тәржiмаланған шетелдiк өнiмдi тамашалай алады. Әйгiлi Disney/Pixar ұсынған "Тачки-2" анимациялық фильмi мемлекеттiк тiлге дубляждануда. Бұл жобаны Disney/Pixar дистрибьютерi "Меломан" компаниясы "Болашақ" ассоциациясы мен "Алтын Қыран" қорының қолдауымен жүзеге асырып отыр.

2010 жылы "Мәдениет туралы" Заңға енген киноөндiрiске қатысты өзгертулер мен толықтырулар қоғамның қызу талқысына түскен едi. Мәдениет министрi Мұхтар Құл Мұхаммед 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық кинотеатрларда көрсетiлетiн барлық шетелдiк өнiм қазақша дубляждануы тиiс деген талапты баса көрсеткен болатын. Содан соң министр бұл талап 2011 жылдан бастап жүзеге асу керектiгiн де атап өткен едi. Киноөндiрiске қатысты аталмыш өзгерiстер сарапшылар һәм қарапайым көрермендi бiраз абдыратқаны анық. Бiреулер бұл ой iске асса, отандық кинопрокат нарығы құрдымға кетедi десе, ендi бiреулер заңға енгiзiлген өзгерту оң нәтиже бередi деген пiкiрiн жасырған жоқ. Тiптi фильм атаулының қазақ тiлiне тәржiмалану құнын есептегендер де табылды. Голливудтың өнiмiне дубляж жасау шын мәнiнде миллиондаған теңге көлемiндегi қаржыны талап етедi. Оның үстiне тәржiмалау жұмыстары тiкелей дистрибьютерлер арқылы жүзеге асады екен. Мұндай жаңалық отандық кинотетрларды да аса қуанта қойған жоқ. Кинотеатрлар күйреуге ұшыраймыз, таза қазақ тiлiне дубляжданған фильмге ешкiм қызықпайды деп дабыл қаққан. "Астана" экшн фильмдер фестивалiнiң ұйымдастырушысы һәм танымал режиссер Тимур Бекмамбетов "Мәдениет туралы" Заңға енгiзiлген толықтыруға оң қабақ танытып: "Егер талап қойылса орындалу керек. Қазақ тiлiне тәржiмаланған фильм бөлек залда көрсетiледi екен. Оның үстiне қазақстандық кинотеатрлар көрсетiлген киноөнiмнен қомақты қаржы алады. Сондықтан бұл абыржитын жағдай емес" – дедi. Ал "Қазақфильм" киностудиясының директоры Ермек Аманшаевтың айтуынша, кинопрокат саласында отандық фильмнiң үлесi 3 пайыз ғана болса, америкалық – 70 пайыз, ресейлiк фильмнiң үлесi 25 пайыз екен.

Дәл осындай жағдай Украинада да орын алғаны белгiлi. 2006 жылдан бастап украиндықтар барлық фильм мiндеттi түрде украин тiлiне дубляждануы керек деген талап қойған болатын. Украинаның Мәдениет және туризм министрi Михаил Кулиняк:

"Барлық көшiрмелер және аудармалар Украинаның территориясында жасалады, ал қай тiлде аударма жасау керектiгiн бiздер мiндеттемеймiз" – деп мәлiмдеген болатын. Бұл – Украинадағы жағдай. Ал бiздiң елiмiзде…

Disney/Pixar кинокомпаниясы ұсынған "Тачки-2" қазақ тiлiне тәржiмалануда. Бұл фильм әлемнiң 39 тiлiне аударылған, ал түркiтiлдес халықтардың iшiнде түрiк тiлiнен кейiн екiншi рет қазақ тiлiне аударылуда. Кинотуынды маусым айында қазақ және орыс тiлдерiнде қалың көрерменге жол тартады. Жобаны ұйымдастырушы топтың мәлiмдеуiнше, бұл қазақ тiлiне жай ғана аударылған фильм емес, жаңа реңкке боялған туынды болмақшы. Фильм тiкелей ағылшын тiлiнен аударылуда. Бұл өз кезегiнде фильмнiң мән-мағынасын қазақстандық көрерменге толық әрi түсiнiктi етiп жеткiзедi. Дегенмен шетел фильмiн тұңғыш рет қазақ тiлiне дубляждау iсiнде аз-кем кемшiлiктер де орын алған. Қазақ тiлi орыс тiлiне қарағанда екi есе, ал ағылшын тiлiнен үш есе ұзақ көрiнедi. Сондықтан сөйлемдер кейiпкерлердiң аузынан шыққан сөзбен дәлме-дәл келе бермейдi.

Фильм кейiпкерлерiнiң кейiпiне енетiн әртiстер үшiн арнайы кастинг жарияланған. Тәржiмалау жұмысына ұзын-саны 40 жеке дауыс қатысады. Мамырдың алғашқы күндерiнде туынды толықтай дайын болады. Сонан соң қазақ тiлiндегi фильм Лондондағы Shepperton студиясына жол тартады. Сол жерде арнайы бақылаудан өтiп, тексерiледi.

Жобаның ұйымдастырушысы, "Меломан" компаниясының директоры Вадим Голенко "Кез келген дубляж жасаудың заңды құқығы Disney/Pixar студиясына тиесiлi. Сол себептi бiз екi жылдай келiссөздер жүргiздiк. Осы жылы "Тачки-2" туындысына дубляж жасау құқығын иемдендiк. Компания өкiлдерi Қазақстанға келiп, отандық студиялардың техникалық және шығармашылық мүмкiндiктерiн бажайлады. Бес негiзгi кейiпкерлер қатаң бақылаудан өттi. Бiз дауыс үлгiлерiн Лос Анджелеске жiберiп тұрдық. Фильм сөзбе-сөз аударылмайды. Бiз өзiмiзге жақындау етiп жасадық. Яғни туындыда күнделiктi құлағымыз үйренген мақал-мәтелдер, әзiл-қалжыңдар кеңiнен қолданылады. Егер фильм әдеби тiлге аударылса, көрермен түсiне алмаушы едi, сондықтан қолданыстағы тiлмен аудардық" – дейдi. Фильм кейiпкерлерiнiң өзге тiлде сөйлеп жатқаны дубляж барысында бiлiнбеуi керек. Жоба ұйымдастырушылары көрерменнiң қандай баға беретiнiн бiлмейдi және туындының көрермен көңiлiнен шығу, шықпауы да екiталай дейдi олар. Фильмдi толықтай қазақ тiлiне дубляждауға 15 млн. теңге сомасында қаржы жұмсалған. "Қаржының басым бөлiгi студияға, әртiстердiң еңбекақасына жұмсалды. Сондай-ақ қазақтiлдi көшiрменiң баспасы да тым қымбат. Жалпы, дубляж көп қаржыны талап етедi. Студиялар өнiмнiң арзан аудармасына қанағаттанбайды, себебi фильм сапасын төмендетедi деп есептейдi", – деп атап өттi Вадим Голенко. Ал қазақтiлдi фильмнiң табысы жөнiнде ұйымдастырушы: "Жобаны ұйымдастыруға кеткен шығын толығымен өтеледi деп ойламаймын. Бiз қоғамдық пiкiрдi бiлу мақсатында сауалнамалар жүргiздiк. Көптеген көрермендер қазақ тiлiне аударылған фильмге аса қызықпайды екен. Дегенмен Голливуд өнiмдерiн қазақ тiлiнде көруге ынтық жандар да бар. Сондықтан осындай адамдардың арқасында аз-кем қаржы жиналады деп ойлаймын. Не десек те, бұл коммерциялық жоба емес. Менiңше, бұл әлеуметтiк жоба. Фильмдердiң қазақтiлдi нұсқасы өз көрерменiн табатынына шүбәм жоқ. Менiңше, кино – мемлекеттiк тiлдi насихаттап, үйретудiң бiрден-бiр жолы. Егер жоба балалар мен жастардың арасында қызығушылық тудырса, онда олар қазақ тiлiне қызыға түседi. Диснейлiк мультфильмдер – тiрi эмоциялар, ал қазақ тiлi жаңа ойнақы формат. Бұл туынды ең алдымен балаларға қажет-ақ. Әлбетте, бүлдiршiндер балабақшада қазақ тiлiн үйренедi. Бiрақ олардың сүйiктi кейiпкерлерi орысша шүлдiрлейдi емес пе?! Сондықтан балаларымыз қазақ тiлiн бiлсiн десек, олардың кейiпкерлерiн қазақ тiлiнде сөйлетуiмiз керек. Әдемi және түсiнiктi қазақ тiлiнде" – дейдi ағынан жарылып. Шын мәнiнде, елiмiздiң болашағы – жас ұрпақтың бойына отансүйгiштiктi, туған тiлге деген құрметтi дарытқымыз келсе, онда олардың санасына мықтап орнығып алған голливудтық кейiпкерлердi мемлекеттiк тiлде сөйлетуiмiз керек. Ел үшiн, ұрпақ үшiн маңызды мұндай iске қаржы аяудың қажетi жоқ.

Айтпақшы "NUR.kz" ғаламтор порталы жуырда киноөнiмдерiн қазақ тiлiне дубляждауға қатысты сауалнама жүргiзген болатын. "Қазақ тiлiне тәржiмаланған фильм сұранысқа ие бола ма?" деген сұраққа тұтынушылардың 24,91% иә, мен тек қана қазақ тiлiндегi фильмдердi көремiн деп жауап берсе, мұндай жағдайда пираттық өнiмнiң саны өседi дегендер 52,55 пайызды құрады. Ғаламторды тұтынушылардың пiкiрi тұтастай халықтың пiкiрiн бiлдiрмейдi. Шетел фильмiнiң қазақша сөйлеуiне қарсылық танытып жүрген қауым "Тачки-2" нiң қазақша нұсқасынан соң, пiкiрiн өзгертедi деген сенiмдемiз.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ