ТЫҢ ӨНЕРДIҢ ТАРЛАНЫ

ТЫҢ ӨНЕРДIҢ ТАРЛАНЫ

ТЫҢ ӨНЕРДIҢ ТАРЛАНЫ
ашық дереккөзі

Қазақ үшiн телевизия өнер саласындағы кенже ұлдай көрiнетiнi рас. Ұлттық тележурналистиканың алғашқы қарлығашы болу мәртебесi Сұлтан Шәрiпұлы Оразалының маңдайына бұйырыпты. Оның негiзiн қаласқан, әуелгi қиыншылықтарын қара нардай белi қайыспай тартқан жандардың бiрегейi деп именбей айтуға болады. Теледидар үшiн жазылған 300-ден астам сценарий – әдеби хабарлардың, 20 шақты деректi фильмдердiң авторы Сұлтан Оразалының шығармашылығының басты ерекшелiгi – ол үшiншi жақтан жазбайды. Оны әдебиеттiң қағазға басылған нұсқасын емес, обьектив, камераға түсiрiлген нұсқасын таңдап алған жазушы деп атасақ артық емес. Телевизиядағы қадамына екi досының төрелiк айтатын тұсын "Жүректiң көзi ашылса" атты кiтабында суреттейтiн тұсы бар. Жазушы досы оған: "Өзiңнiң эфирге сағым болып таралып жатқаныңды сезесiң бе осы?" десе, ғалым досы: "Ал мына көз алдымызда туған теледидар дейтiн жаңа өнердi кiм жасайды? Дарынсыздар ма? Қайсымыз тарихта қалай қаларымызды бiр Құдай бiлсiн. Содан соң өнердiң жаманы жоқ", – дейдi. Көзi қарақты оқырман екi достың қазiргi қазақ руханиятының нар тұлғалары марқұм Рымғали Нұрғалиұлы мен Мұхтар Мағауин екенiн жазбай таниды. Ал 1960-1970 жылдардағы қазақ әдебиетi өкiлдерi үшiн экран беймағлұм, кенi ашылмаған, латынша таңбаласақ "тэрра инкогнита" ("жан баспаған жер") жұмбақ болғаны рас.

Автор тұлғалық портретiн сомдаған кейiпкерлерiмен тонның iшкi бауындай қоян-қолтық араласып жүрмесе, iсi өнбесi анық. Бұл – осы өнер үшiн ең мұқтаж қасиет. Сонымен қатар қазiргi қазақ өнерi мен қоғам қайраткерлерiнiң талайын Сұлтан Шәрiпұлы томағасын сыпырған қырандай көгiлдiр экранға шығарып, халқымызға кеңiнен танылуына ұйтқы болғаны ақиқат. Сол адамдардың ризашылығын сезiну һәм ел игiлiгiне жұмсалар жұмыстар қосарлы. Көзi ашылған бұлақтарға жер жүзiндегi ел атаулы сусап отырмақшы. Жас ұрпаққа қаһармандар шоғыры әрдайым керек бола бередi, заман жаңарған сайын буындасып отырады. Сонымен бiрге олардың ет пен сүйектен жаралған адамзат екенiн журналист қауымы әсте ұмытпауы керек. Кейiпкерiн сыңаржақ, әсiре сырлай беру жараспайды. Көгiлдiр экранда кейiннен шыққан авторлық хабарлар ыстық пен суықты тең қамтуға, адамның мықтылығымен қатар әлсiздiгiне де екпiн түсiруге тырысты. Көрермендi дүр сiлкiндiруге ден қойды.

Елiмiз тәуелсiздiк алған мезетте тiл саясатының негiзiн салып, ұлтжандылықтың биiк рухын патшадайын қастерлеген Сұлтан Оразалының қайраткерлiк болмысынан шығармашылық бейнесiн бөлiп алып, тек соны зерделеудi мақсат қылдым. Ол – кезiнде дүйiм ел-жұрттың жан қалауын дөп басып, тамсандырған ұлттық хабарлар шоғырын жасаған адам. Бiр ғана Жәнiбек Кәрменов пен Ақселеу Сейдiмбектiң сұхбат циклi, қазақтың айрылмас несiбелi қазынасы – төл өнердiң ән-жыр бұлағын ағызғаны неге тұрады?! Бүгiнде марқұм болып кеткен асыл ағалардың ұмытылмас бейнесi мен әуездi үндерiн ұрпақ жадына еншiлеп беруi көрегендiк! Ет пен сүйектен жаралған адам баласының бақиға озған соң фәнидегi құрметке лайықты бейнесiн өшiрмеу – бұл көгiлдiр экранның шынайы парызы.

Тележурналистиканың майын iшкен бiлгiр маманы ретiнде Сұлтан Оразалы оның теориялық жағын жете зерттеуi айқын. Өзiнiң шығармашылық жолын кiтабында суреттеуi студент қауымына дайын оқу құралы. Бұл орайда автор телевизияның жаратылысына ерекше тән ғаламдану сипатын ескерiп отырды. Телеэкранның көп сериялыққа құштарлығы, жаргон тiлiмен айтқанда "көбiктi опера" сипаты. Әлем халықтарының ес-ақылын тұтас жаулап үлгерген көпшiлiк мәдениетi құбылысы. Бiр мемлекеттiң iшiнде таралған телехабар ұлттың ерекшелiгiне ыңғайлай алса ғана басқа елдерге тез жұғысты әрi сiңiмдi болады. Жанр табиғаты осындай. Бiрақ жалаң көшiрме бұл өнердi өсiрмейдi. Журналистен интеллект байлығы барған сайын мол талап етiле бермек.

Деректi фильмнiң авторы болу үшiн әуелi "мен" болу керек. Мұнда фильм тек көгiлдiр экранға арналып түсiрiлетiнi ескерiледi. Жанрдың ерекшелiктерiн пайдалану содан туындайды. Өмiрде автор өзi араласқан, адам ретiнде жетiк бiлетiн һәм тұлғасына көңiлi марқаятын адамдарды сайдың тасындай iрiктеп алады. Жеке пiкiрдiң маңызы зор. Сол пiкiрiн нығайту үшiн автор адамдарды шақырады. Өз көзiмен көрген, ұзақ уақыт сырласқан Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов – әдебиет құдiретiн танытқан жазушылар. Ғұламалармен дидарласу оңай емес. Олардың рухани талғамына толған авторлық хабарды жүргiзушi интеллект иесi осал бола алмайды. Ал журналист көзi көрген, жақын тануға талпынған белгiлi адамның бағасы бөлек болатынын бәрiбiр ұғасыз. Мұнда абстракция жоқ. Жаңа сауылған сүт тәрiздi шабыттың ақ уызын көрерменге дер шағында жеткiзе бiлу бақыт.

Сұлтан ағаның жазушылардың портреттiк галереясын берген сыр-сұхбаттарында әдебиет үшiн маңызды түйiндер, тосын тұжырымдар алтын шыққан жердi белден қазғандай кездесе бермегi аңғарылады. Ол жазушылық таланттың көмбесi тәрiздi. Ғабдол Сланов туралы монографиясында қазiр өмiрден озған аға буын жазушылардың өкiлiнiң бұрын басқа зерттеушi айтпаған танымдық деректер мол. Оның романдарымен қоса очерктерiн қамтиды. Очерк жанры терең зерттелiнедi. Өмiрлiк шындықты беруде әрине, очерктiң айтары ерекше мәндi, онда көркем қиялдың қоспасы болмайды. Тұлғалық портреттердi оқу әсiресе жас әдебиетшiлерге берерi көп, себебi тың өлкеге карта сызылғандай жаңалықтар елең еткiзедi. Замандастардың жетiстiктерi мен кемiстiктерiн өз тұрғыластары тереңiнен бiлмекшi. Сондықтан Ғабдол Слановтың аузындағы сөзiн естелiк ретiнде бергенi маңызды: "Одан кейiнгi бiр арманым – Қасым Аманжолов сияқты бiр топ замандастарым туралы көлемдi естелiктер жазу. Дүниеден өткендердiң асыл қасиетiн ұрпаққа жеткiзу – тiрi замандастарының парызы емес пе? – деп үнсiз қалды" (136-бет). Негiзiнде Сұлтан ағаның өзi осы биiк парыздың жетегiнде iс қылып отыр. Ұлттық ұйысулар бiр-бiрiнiң iзгiлiгiн айқара, риясыз танытудан шығады. Тележурналистiң бiр артықшылығы, тұлғалық бейненi дер шағында тануы мен рухани суреттеулерi қабыса, үйлесе қатар жүретiндiгiнде болса керек. Ғабдол Сланов – қазақтың жұмысшы табын, еңбекшiлердiң қарапайым бейнесiн танытқан жазушы. Замана оқиғаларын әсiрелемей, өсiрмей таңбалап отырған. Заманы өткен соң қазақтың көп жазушылары санаттан шығып қалғандай әсерi бар. Шәкәрiм қажының өзiне "Мұтылған" – ұмытылған деп бүркеншiк ат ойлап табуы қалам иелерiнiң ұрпақ жадынан өшпесек екен деген мұратынан туындайды. Сұлтан Оразалының Ғабдол Сланов туралы монографиясы дәл осы ұмытуларды шектеуiмен құнды. Егер бiздiң әрбiр лайықты қаламгерiмiз иесiз, ескерусiз қалмаса, бiртiндеп дәуiр келбетiнiң бiртұтас панорамасына шығып, қазақ руханияты iргетасына кiрпiш болып қаланып, еңбектерi ұрпақ игiлiгiне айналары сөзсiз.

Ал Ғабит Мүсiрепов қазақ руханиятында дара тұратындардың қатарынан. Уақыт тұлғасын көмескiлендiрмейтiн адам. Қас-қағым сәтте Ғабеңнiң кiсiлiк келбетiнiң қос түрлi сыр-сымбатын аңдап үлгеретiн Сұлтан Шәрiпұлымен қосылып, оқырман жазушының харизмалық сүйкiмдiлiгiн көзбен көргендей күй кешедi. Қазақ мұны жұлдызды жан дейдi. "Үш түрлi тарақты кезегiмен жұмсап, сұйықтау көкбурыл шашын жөнге келтiрген соң үстiне иiс су септi де далаға бет алды" (31-бет). Қазақ сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi дегендi осындайдан айтқан, бұл ендi – жiгiт ағасы жасынан баяғыда өткен, 80 жасқа қараған Ғабеңнiң кескiнi. Студияда сұлу қызды көргендегi Ғабеңнiң көркi қалай құлпырып сала беретiнi ше! Жасампаздықтың жұмбақ жаратылысын осы тектес өмiрге құштарлықтың шынайы нышаны ұқтыратыны даусыз. Әйтпесе бойын кәрiлiк жеңгенде самарқаулық қоса жеңетiн баянсыз күй адамзатта аз ба? Бiрақ көркемдiкке ғашық ақын-жазушылардың жүрегi ерекше соғатын тәрiзденедi. Сұлтан Оразалының қазақ жазушыларына деген сүйiспеншiлiк iлтипаты көрермен мен оқырманға олжа салары анық. Камераны оң бағыттап, асылдарын тiрiсiнде таспаға түсiрiп қалғаны сүйiнiштi. Нелiктен? Олардан өзге адамзаттың бәсi төмен бе? Бұған жауап ежелден аян. Ендi соны жазушы, қоғам қайраткерi Сұлтан Оразалы Ғабит Мүсiреповтiң тасқа басылып қалған шынайы көзқарасымен ашуы заңды: "Бүгiнде күллi әлем назары ауған iргелi елге айналдық. Бiрақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт болып есептелмейтiнiн ұмытпайықшы. Жан сүйсiнтер бiрлiк жоқ жерде саналы тiрлiк те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телiнiп жататыны осының кесiрi. Үлкен өнердiң үлкен, таза мiнезi болуға керек. Өзiм iргетасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетiнiң атынан, өздерiң қадiр тұтқан алыптар тобының атынан өтiнемiн: менi соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тiлегiмдi еске алыңдаршы" (63-бет).

Бұл – шынында Ғабеңнiң ұлтына өсиетi. Өсиет – қазынаның алтын кiлтi. Қазiр әлемдi билеп отырған ұлттар сол бабаларының ұлы өсиеттерiн орындау арқылы мұратына жетiп отыр. Ал кейiннен Ғабең сынды алыптар тобының мұрасын қоқысқа лақтырғысы келгендердi де мына идеологиясы бұлыңғыр уақыт тудырды. Олар бiлiмсiздiктен аузына келгендi сөйлейдi. Уақыт жалғаншы, жалақорларды реттеп, өз орнына қояры даусыз.

Ғабиден Мұстафиннiң жастарға өсиетi: "Жазушылық – қасиеттi ұғым. Бойға бiткен талантты қастерлеумен бiрге, адамшылықты да ұмытпау керек. Жастар жүрегiн кiр-қоқыстан, бойын жаман әдеттерден таза ұстағаны жөн" (86-бет). Өздерiне жағылар күйенi бiлiп айтқандай.

Жақсыны тануда – тұлға мен халықтың алтын дәнекерi – сапары бiр қаламгерлердiң өзi. Абай айтқан "Адамның хикмет кеудесi" – рухани күштiң толысуын Сұлтан Шәрiпұлы талмай айта беруге бар. Ғабеңнiң Мұхтар Әуезовтi шынайы бағалауын ол сұхбат үстiнде бередi: "Өз ұлтының жазушысы болу – оның интернационалдық тұғырға көтерiлуiне бөгет болмайды. Мұхтар өз ұлтын бiлуге келгенде iшi сонша күйлi едi, жүрегi сонша үлкен едi, көзi сонша қырағы едi. Менiңше, бiздiң ешқайсымыз да өз халқының өткен өмiрiн Мұхтарша толық, энциклопедиялық дәрежеде суреттеп бере алғамыз жоқ" (84-бет) – деп сыр шертедi Ғабиден Мұстафин. Осы ұлық таным бiздiң бүгiнгi күнiмiзге күн нұрындай қажет болып тұрғаны тағы рас. Түптеп келгенде осы асыл пiкiрлердiң бәрi ұлт мүддесiне қызмет қылатынын анық ұғып iс жасайды. Сонымен қатар ол бұл кiсiлердiң бұрын сан мәрте жазылған, қалың жұртшылыққа танылған портреттерiн өз көкiрек сарайымен қайыра ашады. Кiрпияздығы керемет бұл жазушылардың екiнiң бiрiне айтыла бермейтiн, жан тартып, жүрек сырын шерткен соңғы өсиеттерiн естидi, елiне жеткiзедi. Негiзiнде Сұлтан Оразалының жеке мұрағаты осындай асыл қазынаға тұнып тұр. Талай деректi фильмдердiң мәйегi бар екенi дау тудырмайды.

Бiр повесiнiң өзi әлемнiң 100 тiлiне аударылған классик жазушы Шыңғыс Айтматов Сұлтан Оразалинге риза пейiлмен сұхбат беретiндiгiне қырғыз журналистерi таңданысқан. Түркiмен жазушысы Бердi Кербабаевтың бiр үзiк болсын сырбаз бейнесiн беруi қандай! Жазушылар – ел мен елдiң арасын, руханиятын жалғайтын алтын дәнекер, ата мен ананың ортасындағы баладай қажет. Кеңестер Одағының аумағындағы әдеби кеңiстiкте айрықша бақ құсы қонған қырғыз халқының ұлы Шыңғыс Айтматовтың сынына толып, сүйiнiшiн сезiну мәртебесiне лайық болуы Сұлтан Оразалының Ақтанбердi, Дулат жыраулар, Абай, Мұхтар, Шәкәрiм, Шәкiр ақын туған Шыңғыстау топырағында өсiп түлегенi тұғыр болса керек. Ата-бабамыз ескiше мұны "көгi жақсы" дейдi, түп-тұқиян, тегiн айтқаны. Бекер адамға бақ қонбайды дейдi ырымшыл қазақ. Еуразияның кiндiгiндегi ғарышқа тiк шырқар құпия қақпасы бар Абай елiнiң шежiрелi абызы, ел мен жер тарихын кейiнгiге аманаттап кеткен жазушы Кәмен Оразалының Сұлтан Шәрiпұлы немере iнiсi екенi бұған айғақ. Кәмен аға тiрiсiнде бағасын алмай кеткен жазушының бiрi, ұрпаққа айқын мұрасын қалдырған.

1983 жылдың күзiнде Ташкентте Шыңғыс Айтматов, Қайсын Құлиев, Мұстай Кәрiм және Сұлтан Оразалы әрқайсысы өз тiлiнде: қырғыз, балқар, башқұрт, қазақша сөйлеп, үлкен әдеби сұхбат даярлайды. Теледидарда бұрын болмаған дәстүрдiң негiзiнде тамыры бiр түркi тiлдерi мен еуразиялық идея айқын. Қазақтың орны ерекше екенiн танытып тұрған хабар. Осы жылы Ташкентте Азия және Африка жазушыларының VII-Ташкент конференциясындағы кездесуiнде шартараптан жиналғандардың iшiнде жұлдызы елден ерек жанған қазақ тележурналисi Сұлтан Оразалы болды.

Кейiннен Сұлтан Шәрiпұлы өзi Ғабиден ақсақал туралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыртып, фильм түсiрдi. Салық Зиманов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов, Сапар Байжанов, Қуаныш Сұлтанов және басқа елiне елеулi азаматтар туралы деректi фильмдер қазақ руханиятына қосылған алтын үлес. Уақыт өткен сайын деректi фильм атаулының құны аспандай бермек. Дер кезiнде, темiрдi қызған кезiнде соғу – философиясы көркем телевизия үшiн ең керемет олжа. Оның мән-мағынасының өзi осыған келiп тiреледi.

Тележурналист өз кейiпкерiмен кездескенде адам тұлғасы екi жағынан ашылады, сондықтан бiржақтылықтан ада. Сонда ғана көрермен тiрi тұлғаны таниды. Телевизия адамзат тiршiлiгiне ене сала, дереу ықпалын асырып жiберген шалт өнердiң түрi болған соң, оған ертегiдегi алып тәрiздi күн санап өсу жат емес.

Сұлтан Оразалының авторлық иелiгiндегi "Сұхбат" циклi қазақ телевизиясының классикасы болғанына ендi ешкiм таласпайды. 1970 жылдардың басында, ұлттық қолтаңба үшiн төл туындылар жасау айрықша мұқтаж болып тұрған шақта Сұлтан Оразалының бұл салада көш бастауы iздегенге сұраған iспеттi болды. "Қымызхана", "Айтыс", "Сахна", "Творчестволық портреттер" сынды қазақы болмысы күштi хабарлар игi нышанға айналды. Әсiресе "Қымызхана" әзiл-сықақ, сатира жанры қасқалдақтың қанындай қат кезде туғаны шындық. Ол кезде күлкi театрлары тарала қоймаған. "Айтыс" – бiздiң эпикалық жаратылысымызды жаңғыртып жiбердi. Урбандалуға көшкен қазақы санамызда ұлттық сипатқа, тамыр-тегiмiзге тарту жоғалмауы үшiн бұл хабар елшi тәрiздi тууы керек болатын. Әрi айтыс қазақтан өзге кiмдерде сақталып, мәпеленiп отыр? Жер бетiнде импровизацияға бейiмдiгiн сақтап қалған халықтар некен-саяқ. Шешендiк сөздер мен мәйектi тiл орта ғасырларда көптеген елдерде негiзгi қалып болғанын тарих растайды. Сұлтан ағаның негiзгi сом күшiн әдебиет пен өнерге салуы тiптен тегiн емесi содан болса керек. Теледидардың синтездiк қасиетiн ол бұл орайда өте сәттi қолданды. Мысалы ол поэзияда "Махамбеттiң Баймағамбет сұлтанға айтқаны" атты Махамбеттiң бiр өлеңiнен телепьеса жасап шығарды. Поэзия мен театр қосылысып, көгiлдiр экран үшiн төл туындыны құрайды. Ақпараттық технология дамыған сайын адамзат даяр тұрған дүниелерге зәрулiктен арыла алмай қиналады. Сондықтан иесiз аралдағы Робинзон Крузо сияқты тележурналиске бұрыннан бар дүниенi қайта жасап шығуға үкiм етiле беретiнi рас. Романдағы қаһарман күрiштi жан баспаған аралында қайта өсiрiп алғандай егiстiк алқап теледидар өнерi үшiн молайған үстiне молая бермек. Оның кейде көр-жердi қаузап кететiнi содан, әсiресе шоу-бизнестегi коммерциялық жобалар жоқты-барға термекке әсiре әуес.

Сұлтан Оразалының әлемге қуатты өнер болып таралған телевизия өрiсiнде өз тәжiрибесiн танытқан "Жүректiң көзi ашылса" атты кiтабында өзiнiң тұңғыш рет эфирге шығу михнатын бейнелейтiн жолдар бар. Камераның мысы басқанда ең шешен, ең бiлiктi һәм дiлмәр жанның аузына сөз түспей қалады екен. Экранға шығарған кейiпкерiмен журналистiң жаны кемедегiдей бiрiгiп кетер тұс осы телевизия табиғатына ерекше тән. Суретшi мен журналистiң өзара сұхбатын түсiрiп тұрғанда, екеуi бiр мезетте абыржып, дегбiрi қашып, бiр минут бойы тiлсiз қалғанда оператордың тасадан Сұлтан Шәрiпұлына қос жұдырығын түйетiн жерiн езу тартып оқығанмен, сол сәтiнде оның азаптың көкесi болғаны рас. Ол уақытта қазiргiдей алдын-ала түсiрiп алып, монтаждау жоқ, тiкелей эфирге шығады. Ал бiр минут көк экран үшiн қыруар қазына кiлтiндей, аса маңызды. Себебi жарнаманың күшi осы бiр минут! Ол деген қып-қызыл капитал! Оны үнсiздiкпен толтыруға еш рұқсат жоқ. Оператордың жаны шығып кете жаздамағанда қайтсiн. Ғабит Мүсiреповтiң Сұлтан iнiсiне айтатын сөзi көкейге қонымды: "Телеэкранда бос сөз бақыр". Екiншiсiнде осы көрiнiске кереғар бiр күлкiлi оқиға орын алады. Эпикалық кеңдiкке әбден үйренген жазушы қауымы, ал Сәбең, Сәбит Мұқанов қазақы аңғалдықпен көсiле сөйлегенде қызып алған тұлпардай тоқтамай қояды. Жүргiзшiнiң жан терi шығады, тiкелей эфир. Бұл ендi – кейiнгi ұрпақ үшiн керемет естелiк. Неткен қазақы дархандық һәм ұлттық менталитеттiң қайталанбас сәтi. Бiз расында кең пiшiлген қазақ емес пе едiк! Шеңберге сыймайтын, ноқтаға басы көнбейтiн ұлттық жаратылысты дөп танисыз.

Автордың көсемсөзiнде, телехабарларында өз жолы сайрап жатыр. Ол кейiнгiлер үшiн ашық кiтап. Сұлтан ағаның авторлық құқық туралы iзденiп, қазақ және орыс тiлдерiнде кiтап шығарғанын көбiмiз бiле бермеймiз. Өйткенi расымен авторлық құқықты бiлуге талпыну жоқ, кең арқа менталитетке құлмыз. Шығармашылық қилы жол ғана емес, ұлттық өнер оң дамуы үшiн мұны аса қажетсiнедi. Ал өркениет өскен сайын қазақ мәдениетi осы тектес жаңаруларға мұқтаж бола бермек.

Айгүл Кемелбаева, жазушы, Мемлекеттiк "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты