ТҮРЕН ТАРТҚАН НҰРТӨРЕ

ТҮРЕН ТАРТҚАН НҰРТӨРЕ

ТҮРЕН ТАРТҚАН НҰРТӨРЕ
ашық дереккөзі

Алла Тағаладан шебер ешкiм жоқ. Пендесiн келiстiрiп жаратамын десе, жаратады. Тәңiрi Нұртөренiң бойына позитивтiк қасиеттердi үйiп-төгiп берген. Қарағанға iлкi сәтте жылы ұшырайтындай болып бiткен бас сүйегiнен бастап. Бiреудi таң қалдыруға асықпайтын оның ең алдымен өзгелерге таңдана бiлетiн ақжүректiгiне дейiн Құдайдың жомарттығы көзге ұрып тұр. Азан шақырып қойған аты да әдемi. Жеңгелерi де еркелететiн есiм iздеп әуреленбейдi. "Төре" мен "Ақтөре" дайын. Нұртөренiң тоқсан тоғыз тамаша қасиетi бiрiншi рет кездескен адамын да өзiне иiрiп ала жөнелетiнi жұмбақ құбылыстай көрiнедi.

Бойына бiткен барлық асыл қасиеттердiң басы бiр арнаға тоғысқанда тiптен керемет. Жердiң тартылыс заңындай құдiреттi күшпен айналасына табантiрек үйлесiм орнатып барып бiр-ақ байыз табады. Өзi. Басқаларды ләззатқа бөлейдi. Кiсiнi де, кiшiнi де жатырқамайтын iрiлiгi менмендiк пен мiндетсiнуден ада мәрттiгiмен астасып жататыны да жүрегiңе жылы ұясын салып кетедi. Ендi осының бәрiне қосып оған дарын да берген Жаратқанды Кең Құдай демей көр!

Дей тұра, Абайдың "ақын болма, адам бол" қағидатына адалдығымызды сақтап қалсақ, қаламгердiң талантынан бұрын оның адами келбетiн ең алдымен сыйлайтынымыз рас. Өйткенi талант қашан да қарапайымдылығымен құнды. Оның себебi шын талант қарапайым ядролардан түзiледi. Астамшылық пен өркөкiректiкке апарып ұрындыратын амбициялық ядро сол түзiлiмнiң жасампаздыққа жетуiнен бұрын күйреуге ұшырауын қамтамасыз етуге бейiм келедi. Ол да осының бәрiн жыға ұққан. Олай дейтiнiмiз, Нұртөренiң астамшылық ауылында жүргенiн көзiмiз шалмапты.

Талант астамшылығының ең сорақысы – дарынға малданып, бiлiмге ұмтылмау. Талант не бар, не жоқ. Ол қолдан жасап ала қоятын ойыншық емес. Бiлiм де солай. Бiрақ бiлiмдi болуға болады. Өмiр бойы оқысаң. Нұртөре осыны да жете түсiнген. "Мен бiлетiнiмдi ғана бiлемiн, бiлмейтiнiм – ұшан-теңiз" деген сөздi азғантай оқығанын азық етiп жүрген адам айтуға мүлдем қабiлетсiз. Ондай ақиқатты оқыған сайын сол дүниенi осы уақытқа дейiн қалай бiлмей келгенiне көңiлi құлазып, Құдайын күнде аузынан тастамайтын иманды кiсi ғана мойындай алса керек. Нұртөре Жүсiп соңғысына жататын аз адамдардың қатарынан екенi қапысыз.

Бiлiммен бекiмеген талант – тұл. Байсалды басылымды академиялық бiлiм болмаса, бiлiктi басқара алмайсың. Нұртөренiң редакторлық шеберлiгi дәл осы мол бiлiммен шиыршық атып тұрғанын шамалау қиын емес. Нұртөре Жүсiптiң ең басты қарапайымдылығы сол, Қазақстандағы ол басқарған төрт газеттi басқа бiр адам басқарса, ол кiсiңiз баяғыда-ақ қара жердi ыңыранып басатынына бәс тiгер едiм. Оны тек сан мәрте редакторлығы үшiн Гиннестiң рекордтар кiтабына кiргiзетiн кезi келген сияқты. Алайда бұл мақсат болмау керек. Ол үшiн де, бiз үшiн де!

Кейде сөз арасына маңызы жоқ әңгiме де қыстырылып тұратыны бар. Соның сүрлеуiне түссек, Нұртөре менiң курстасым да емес, мен онымен қызметтес те болған жоқпын. Бiр облыстан екенiмiз рас. Бiрақ Қазақстанның көне Вавилоны болып көрiнетiн Қызылорда облысында жершiлдiктiң етек алғаны шамалы қай уақытта да. Бiздi жақындастырған жерлестiк те, басқасы да емес, "бәрiмiздiң илеп жүргенiмiз бiр терiнiң пұшпағы" болды. Бiздi журналистика жақындастырды.

Былайғы жұртқа журналистика романтикалық кәсiп көрiнгенiмен, бiлген адамға майданмен тең. Азанмен басталатын "аттанның" аяғы түн ортасына барып жығылады. Әсiресе, бас редактор үшiн бас ауыртатын нәрсе көп. Ертесiне кешегi картина қайта басталады. Осылай шүйкең жерге тигенше.

Кез келген адамның пайдалы iс-қимыл коэффициентi оның орынтағымен өлшенбейдi. Атқарған iсiмен есептеледi. Редакторлық креслода әдемi, ұқыпты, тәртiптi болып он жыл отыруға болады. Ширек ғасыр да отыруы әбден мүмкiн-ау! Дегенмен, көп жағдайда тиiмдiлiк нөлге тең. Нұртөренi де әке-шешесi өмiрбақи редактор болсын деп дүниеге әкелген жоқ шығар. Бiрақ оның да басылым басшысы болып қалыптасқанына он бес жыл болыпты. Бұл не сонда? Нұртөре де әлгiндей редактор болғаны ма? Жоқ. Орыстарда екi сөз бар. Амалсыз соны келтiруге тура келiп тұр. Нұртөре – исключение. Нұртөре – востребованный. Ол қай кезде, ненi, қалай iстеу керек екендiгiн бiлетiндiгiмен басқалардан ерекшеленiп тұрады. Бұл оның заманауилығын бiлдiрсе керек. Газет құрылтайшылары да басылымын күн талабына сай шығарғылары келедi. Таңдау тағы да Нұртөреге түседi. Оның редакторлық жасының ұзақтығын тек осымен ғана түсiндiре аласың.

Оқуын бiтiре сала Керекуге жолдама алған жас журналист ол жерде не жазу керектiгiн де жақсы бiлiп барғанға ұқсайды. Өнеркәсiбi өркендеген өңiрде экономика тақырыбынан қызық тақырып жоқ екенi салған бетте көрiнiп тұрады. Нәпақасын өндiрiс орындарынан тауып отырған жергiлiктi халыққа да компартияның дүбәра саясатынан гөрi экономиканың мәселелерi әлдеқайда қызықтырақ екенi айтпаса да түсiнiктi. Нұртөренiң жас кезiнен ненi жазу керектiгiн бiледi деп отырғанымыз да сол.

Кереку оқырмандарының көңiлiн дөп басқан ол өз болашағын ойлауда да қателеспегенiн кейiн уақыт бiзге дәлелдеп бердi. Жоспарлы экономиканың сайтан аяғын сындыратын цифрларын жетi жыл бойы талдап үйренген Нұртөреге тоқсаныншы жылдары есiгiмiзден сығалап енген нарықтық экономиканың канондарын игеру қиынға соға қойған жоқ. Қапелiмде капитализм заңдарына халықтың көзiн ашатын кәнiгi журналист табу қажеттiлiгi туған кезде Нұртөре Жүсiп "Егемен Қазақстан" газетi бас редакторының экономика тақырыбы жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды. Қай кезде де, бұрында да, қазiрде де елiмiздегi ең сауатты шығатын бiрден-бiр газетiмiздiң сол сәттегi осал тұсын Нұртөре жаба бiлгенiн ешкiм жоққа шығармайды.

Тың жерге түрен салуды кiм болса соған жүктемейтiнiн көзi қарақты жұрт бiледi. Ең сенiмдi адамға тапсырады. Журналистикада да солай. Жаңа формацияға өткен алмағайып кезеңде сол қоғамның негiзгi рычагы болып табылатын нарықтық қатынастарды бүге-шiгесiне дейiн қарапайым халыққа түсiндiру бақытына ие болған Нұртөренi түрен тартқан төреге теңегенiмiзге көп адам ренжи қоймас.

Журналист позициясы жүз мыңдаған оқырман жүрегiндегi тығылып жатқан немесе тұншығып жатқан әлемнiң сырын ашумен шектелмей, қам көңiлдi жұбататындай дәрумен қалыппен қайта оралатындығымен қымбат. Қорған болар қаламгер әркiмнiң жан дүниесiндегi сiлкiнiстердi асқан ептiлiкпен көкiрегiне үюмен тоқтап қалмайды. Ол әлгi жиған-тергенiн әр жүректiң өз жазуындай жаңғыртып қайтара бiлу құдiретiмен бағаланады. Айқын азаматтық позиция ұстайтын журналист оқырмандарын қоғамдағы проблемаларды шешуге жетелейтiндiгiмен төрге озады. Нұртөре осы принциптi журналистiк қызметiнiң қайнар бастауында тұрып көкiрегiне мықтап түйгенiн байқау қиынға соқпайды.

Жетпiс жыл бойы комсомолдың сойылын соғып келген "Лениншiл жас" ("Жас Алаш") газетi елiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiнгi бес жылда да заман талабына сай салиқалы да сындарлы сөз айтуға жарамағаны жамиғаттың есiнде. Ақыры, 1996 жылы тың жер болмаса да, тыныш жатқан "Жас Алашқа" түрен тарту тағы да Нұртөреге бұйырды. Кешiрiңiздер, бұйырды деген әдiлетсiздiк болар. Сенiп тапсырылды. Бұл сенiм қалай ақталғаны оқырман қауымның әлi күнге дейiн көз алдында. Белгiлi нәрсенi тәптiштеп жатқымыз келмейдi.

Кесек турайтын басылым бiр күнде туа қалмайды. Газеттiң басқаларға ұқсамайтын өзiндiк бет-бейнесi мен айқын позициясын қалыптастыру бас редактордан креативтiк талғаммен қатар үлкен қажырлылық пен қайраткерлiктi талап етедi. Тек ақиқат жолындағы талдау мен сараптауға құрылатын бұқаралық ақпарат құралы ғана елдi бiржолата марғаулықтан құтқара алады. Нұртөре мен ол басқарған "Жас Алаш" осы айтылғандарды дәлелдеудей-ақ дәлелдедi.

Сыни журналистиканың сиқыры сол, ол қоғамдағы барлық оқиғаларға бей-жай қараудан сақтандырады. Селқостықтан арылған адам ғана қайтадан ой қорыту мүмкiндiгiне ие. Бұл механизмсiз қоғам құрдымға кеттi дей берiңiз. Мемлекетте ақыл-ой салтанат құруы үшiн бостандықтың маңызды алғышарттары болуы тиiс. Мұнсыз ел берекесiздiктi бетке алды дей бер. Азаматтық мәдениет алаңында апатқа жол бермей қалатын бiрден бiр күш – сындарлы да салиқалы публицистика. Осы орайда журналистiң орнықты iшкi позициясы көп нәрсенi шешетiнi ел аман, жұрт тынышта байқала қоймайды. Бар болғанның өзiнде де. Алайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында болған алмағайып кезде аталмыш критерий алдыңғы планға шықпай қоймады.

Жiгерi мен рухы күштiлер "дағдарыс" сөзiнiң қытайдың "қауiп" және "мүмкiндiк" деген екi иероглифiнен тұратынын жақсы бiлгендiктен де болар, олар кризистi мол мүмкiндiк ретiнде қарастырды. Қиын ситуацияның өзiн халық мүддесiне пайдалы арнаға бұра алды. Көрдiңiз бе, мәселенiң бәрi айналып келгенде журналистiң оптимистiк позициясына байланып тұр. Бiз бұл жерде "бәрi жақсы, бәрi керемет" деп атойлайтын емес, "қазiргi күнiмiздi қалай жақсартамыз?" деп шырылдайтын, қолға алған iсiнен нәтиже шығармай тоқтамайтын, сол жолда жанын арының садақасы деп бiлетiн журналистiң тұғырын меңзеп отырмыз.

Айтпағымыз, Нұртөре де тек өзiне арқа сүйедi. Болаттай берiк позициясына сатқындық жасамады. Инемен құдық қазғандай шығармашылығынан алдағы күнi қайыр болатынына сендi. Оптимизм мен интуиция алдамады. "Жас Алаш" нағыз керек кезiнде оқырмандарына жол тартты. Сөйтiп, шын асылдың асығы тағы да алшысынан түстi. Бiрақ осының бәрi оған оп-оңай келiп жатқандай көрiнедi. Айқын да табанды позиция ұстай алмайтындарға, дағдарыстың жанында жасырынып тұратын мүмкiндiктi көре алмайтындарға.

Бiр анық, Нұртөре сын үшiн сын айтатын журналистер қатарынан емес. Құндылықтар девальвацияға ұшыраған тоқсаныншы жылдары шындық нәрсенi әркiм өз мүддесiне ыңғайлап жеткiзу әдетке айналған тұста Нұртөре сияқты аз ғана журналист нағыз ақиқатты ұлттық позиция тұрғысынан айта бiлдi. Ол қазiрде де осыны нық ұстанып келедi. Нұртөренiң қазiргi заманғы қазақ журналистикасының қайнар бастауында тұрған бiрлi-жарым журналистiң қатарынан өз орнын ойып алуының басты себебi ешкiм бармаған тың тақырыпты, қоғамдағы өзектi құбылысты терең әрi объективтi зерттей бiлетiндiгiнде жатыр. Соның рационалды дәнiн оқырманға соқырға таяқ ұстатқандай көрсете алғандығында жатыр.

Бас редактордың басты мiндетi – халықтың мүддесiн қорғау. Ол мақсатты жүзеге асыру ең алдымен өз арыңның кiрлемеуiн ойлаудан басталады. Басқалардан ар-ожданы биiк адам ғана батыл ойларға бара алады. "Жас Алашты" басқарған кезеңде Нұртөренi Нұртөре еткен осы қасиетi екенi күмән туғызбайды. Тыңнан түрен тарту қашанда тапқырлықты тiлеп тұрады. Ал Нұртөренiң тұла бойы тұнған тапқырлық.

"Нұр Астана" газетiнде жүрген кезiмде Қытай экспанциясы туралы мақала жазғаным бар. Қашан да әрiптестерiнiң жазғандарына да жылы сөзiн аямайтын Нұртөре ризашылығын бiлдiрдi. Мен аяқ астынан айтылған жағымды пiкiрге таңданыстан болар, "Нұреке, қара қытай қаптап жатса да қорықпай жазғаныма өзiм мәз болып отырмын" деп сөздi әзiлге бұруым мұң екен, Нұртөре телефонның арғы жағынан саңқ ете қалды: "Шәке, қытайдан қорықпа, Құдайдан қорық!". Иә, мұндай аталы сөздi ар-ожданын аялай бiлетiн адам ғана айта алады. Мұндай тапқырлық пен шеберлiк тек мемлекетшiл журналистiң қолынан ғана келедi.

"Адам тағдыры оның өзiне ғана байланысты" деген тұжырым дүдәмалдау дүние екенiн өмiр өткен сайын екшелей түсесiң. Сол тағдыры бар болғыр сенiң жалғыз өзiңе ғана байланысты болатыны жалған нәрсе екенiне көзiң жететiн кез туады. Жекелеген адам тағдыры Алла Тағала жаратқан алғашқы материямен тығыз байланыста өрбiп отыратын процесс екенiн бара-бара мойындай бастайсың.

Адам тағдыры – Адам дамуы. Ол негiзiнен үш факторға байланысты өрбитiнiн бажайлайсың. Алғашқысы сол адамның тегi екенi даусыз. Кез келген кiсi тегiне тартпай тұрмайды. Нұртөренiң тектiлiгiне шүбә келтiре алмайсыз. Дәлелдейiн. Оның туған iнiсi бар. Жас та болса жалы биiк жiгiт. Нұртөреден артық көрмесем, кем көрмеймiн. Баяғы атышулы "Жас Алашта" Нұртөренiң оң жағына шығып, орамды ойымен ойып жұмыс iстеген, қазiргi көсемсөз кораблiнiң капитанындай көрiнетiн Қали Сарсенбай айтпақшы, Нұртөре жылқының жалынан сипап отырып жазса, ал әлгi Ержан Байтiлес менiң ойымша жолбарыстың жалынан сипап көсiлетiнiн көрсетiп жүр. "Кiсi ақысын жiберсең де, сөз ақысын жiберме" деп жамбастап отырып алатын қазақ емеспiз бе, тектi жерден ғана қос-қостап сөз түгендейтiн адам шықса керек.

Екiншiсi оның ортасы болар. Былтыр Нұртөренiң бiр курстасы әрi досының елуге толған тойында айтып едiм: "Журфакты 1984 жылы бiтiрген курста оқымасам да, ең болмаса осы курсқа күйеу бала да болмаған екенмiн". Осы әзiл-шыны аралас сөйлем арқылы Нұртөренiң қалыптасу кезеңiн өткiзген ортасына деген көп адамдардың шексiз қызығушылығын бiлдiруге тырысқанмын. Кiл сайдың тасындай жiгiттер бiрге оқыды. Шетiнен "сен тұр, мен атайындар". Алтынбек Сарсенбаев, Дархан Мыңбай, Шамшидин Паттеев, Еркiн Қыдыр, Жүсiпбек Қорғасбек, Бейбiт Құсанбек, Бейбiт Сапарәлi, Серғазы Мұхтарбеков…. сағыздай созылған тiзiм ғылым докторы Сағатбек Медеубекпен бiтедi, қысқасы. Ордалы ортада қалыптасқан Нұртөренiң де осы қатардан қалып қоюға қақысы жоқ.

Ал үшiншi фактор – адамның өзiн-өзi тәрбиелеуi. Бiр деталь. Осыдан төрт жыл бұрын Нұртөре екеумiз "Алматы" санаторийiнде бiрге демалдық. Сол жолы маған Нұртөре су асты жаттығуларын жасауды үйреттi. Кейiн одан машықтанғанымды бiр орыс әрiптесiме көрсеттiм. Ол мұндай өркениеттi қалай меңгергенiмдi сұрады. Мен шындықты баяндап бердiм. Ол ризашылығын жасыра алмады: "Не находите?! Казахи сильно развиваются!". Басқа халыққа да қазақтың мықтылығын мойындата бiлген Нұртөреге деген шынайы сүйiспеншiлiгiм сол сағаттан басталған едi.

Аман бол, Нұреке! Сенiң мол ресурсың толық пайдаланылуы керек.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

НҰРТӨРЕГЕ!

Жаныңда не керектiң бәрi бардай,

Қайрат-күшi кәтептi қара нардай.

Қазақ десе қашанда бұл жiгiттiң,

Бойынан бар асылы табылардай.

Шартарапқа сүйкiмдi Нұртөре атың,

Жүйрiксiң күнде шапса жүлде алатын.

Сен болуды көксейдi осы күнi

Жас перiлер қаламды түрте алатын.

"Бас редактор елдегi бар газетке

Болсақ, шiркiн" деп олар тұр кезекте.

Жасындай болсақ дейдi дәл өзiңдей,

Жарқ етiп көрiнетiн бiр мезетте

Ақ қағаздан басқалай жоқ тiрегi,

Қаламы отты осып, көк тiледi.

Айтатыны – қашанда елдiң мұңы

Жазатыны – әманда көп тiлегi.

Жоғарғыны кейде сап әбiгерге,

Төменгiнi ойлантар тағы бiрде.

Дәл өзiңдей азамат қайда қазiр,

Қаны бiрге қазақпен жаны бiрге!

Курстастары