ЖЫРДАН МАРЖАН ШАШЫЛДЫ

ЖЫРДАН МАРЖАН ШАШЫЛДЫ

ЖЫРДАН МАРЖАН ШАШЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Қазақ – өнерге бай халық. Қазақтың термешiлiк, жыршылық өнерi өз алдына бiр төбе. Жыршылық, термешiлiк өнерi талай қыспақты көрдi, тiптi халықтың жадынан ұмытылуға да шақ қалып едi. Бiрақ атадан қалған игi дәстүрдi өшiрмей, бүгiнгi қауымның жадына салып жүрген термешiлерiмiз аз емес. Қазақ даласында бес бiрдей дәстүрлi мектептi қалыптастырған жыршылық өнерi ешқашан өлмейдi. Жуырда өткен Ұлжан Байбосынованың шығармашылық кешiнен осындай ой түйдiк.

Сыр елi – талай сүлейлердi тудырған ел. Қасиеттi топырақтан Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Омар, Кете Жүсiп, Жиенбай мен Рүстембек, Ыбаш, Көшеней мен Бидас, Тасберген мен Сәрсенбай, Сары мен Шәмшат, Жұмабек пен Балқашбай жыраулар нәр алып, термешiлiк дәстүрдiң өзiндiк мектебiн қалыптастырған. Атақты жыраулардан қалған асыл мұраны әрi қарай дәрiптеп, ел жадынан жоғала бастаған жырларды жаңа реңкте орындап жүрген термешi қыздарымыздың бiрi – филология ғылымыдарының кандидаты, ұстаз Ұлжан Байбосынова. Көмейiнен бал тамызып, жырды өз нақышында жеткiзе бiлетiн Ұлжан Байбосынова жуырда жеке шығармашылық кешiн өткiздi. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның залында ине шаншар орын қалмады. Құдiреттi өнерден нәр алып, ата-бабалардан қалған жырларды халыққа паш етiп жүрген термешi қыз шығармашылық кешiнде өнер жолы мен термешiлiк өнердiң қыр-сырымен жиналған қауымды таныстыруды да ұмытпады.

"Өнер маған жайдан-жай қонды деп айтуға болмайды. Ұстазым Бидас Рүстембековтен тәлiм алмас бұрын, Бидас ағай маған: "Айналайын Ұлжан, мен саған бұл өнердi бiрден үйрете қоймаймын. Тәкең мен Рыстекеңнiң домбырасын басыңа қоям, домбырамен бiр түн түнеп шығасың", – дедi. Содан бiр түн домбыраны жастанып жаттым. Ертесiне Бидас ағай жайдары жүзбен "үйрене алады екенсiң, бабыңды табам, үйретем. Түнде жақсы түс көрдiм, Рыстекең алдымнан жүрiп өттi. Қолдап тұр екен сенi" деп батасын бердi". Ұлжан Байбосынованың термешiлiк, жыршылық өнерге алғашқы қадамы осылай басталған екен. Әсерлi әңгiмелермен қоса термешi Сыр елiнiң дүлдүлдерiнiң термелерi мен жырларын сұлу даусымен орындап шықты. Әрбiр терменiң "мiнезiн" дөп басып, нақышына келтiрiп орындап жүрген Ұлжан Байбосынова қазақтың төл өнерiн шетелге паш етiп жүргенiне де 15 жыл болыпты. "Еуропаның барлық мемлекеттерiн, АҚШ-ты араладым. Жуырда АҚШ-тың Бостон қаласында бiр спектакльге қатысқан болатынмын. Спектакль ежелгi гректiң аңызымен құрылған, "Гераклдың балалары" деп аталады. Жалпы қойылым босқыншылық, елден кету, безу туралы. Спектакльдегi менiң рөлiм халықты ауызбiршiлiкке шақыру, ел мен елдi байланыстыру, татуластыру болатын. "Жемейдi бiрiккендi бөрi деген, бұрынғы қариялардан қалған айту" деп жыраулардан қалған өсиетiмiздi айттым. Бiрде денсаулығым сыр берiп, спектакльге қатыса алмадым. Спектакль кейiнге ысырылды. Көрермендер сол күнi кiшiгiрiм ереуiл жасап, есiктiң алдына плакаттарын алып шықты. Спектакльдi қойған режиссер Питер Селлерске әлгiлер: "бiзге сенiң америкалық әртiстерiң керек емес, бiз оған әбден тойдық. Бiз әншi қызды көргiмiз келедi, соның айтқан сөздерiнен қанаттанып отырамыз" дептi. Осы жайға қатысты баспасөз-мәслихатын ұйымдастырдық. Беделдi газеттер мен телеарналардан келген журналистер: "Мұндай сөздердi өзiңiз шығарасыз ба?", – деп сұрады менен. Аталмыш сөздердi бұдан бiр ғасыр бұрын аталарымыз айтып кеткен, бұл – бiздiң дәстүрiмiз, бiздiң моральдық кодексiмiз деп жауап бердiм". Шетелдiктердiң қазақ өнерiне деген таңданысын баяндаған Ұлжан Байбосынова кеш барысында Жиенбай жыраудан қалған, бұл күнде көп айтыла бермейтiн "Көрұғлы" жырын өз нақышында орындап бердi. Бүгiнде шәкiрт тәрбиелеп, XXI ғасырдың жастарына жыр өнерiнiң қыр-сырын жан-жақты үйретiп жүрген ұстаз Ұлжан Байбосынованың шығармашылық кешi көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Жиналған қауым ата дәстүрдi, қайталанбас өнерiмiздi тамашалап, рухани тұрғыдан түледi десек, әсте қателеспеймiз.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ