ҚАЗАҚ ҚҰЛАР ҚҰЗЫН ӨЛШЕСЕ ЕКЕН

ҚАЗАҚ ҚҰЛАР ҚҰЗЫН ӨЛШЕСЕ ЕКЕН

ҚАЗАҚ ҚҰЛАР ҚҰЗЫН ӨЛШЕСЕ ЕКЕН
ашық дереккөзі
455

Қазақ тағы да қашанғысындай жолайрықта тұр. Тағы да болашаққа барар дұрыс жолды iздестiруде. Тәуелсiздiк алғанымызға жиырма жыл ғана болды. Бұл былай алып қарағанда, әжептәуiр уақыт, ал уақыт безбенiне салсаңыз – секундтың бiрнеше жүздеген үлесi ғана. Десек те, елiмiздiң интеллектуалдық күш иелерi: ғалымдар, тарихшылар, әдебиет пен мәдениет зерттеушiлерi күш жұмылдырып, "Қазақ қандай ел, әлем халықтары арасындағы алар орны, оның өмiр жолының тарихи мақсаты, мәнi қандай, бүкiләлемдiк тарихқа қаншалықты ене алады және т.б." сұрақтарға жауап iздеп, пiкiрталастар жүргiзiп жатыр, түрлi еңбектер де жазылуда.

Егер осының бәрiне алдын-ала жалпылама жауап берер болсақ: қазақтардың өзiндiк ерекшелiктерi, салт-дәстүрлерi, өзiнiң тарихы бар, өз жолымен жүрiп келген және жүре бермек екендiгi де сөзсiз. Бұларды жоққа шығару – өзiңнiң түбiрiңдi, тегiңдi, тiптi өз атыңды ұмыту, ал оларды абсолюттендiру (аталғандарды жоққа шығаруды) ұлтты барлық жағынан алғанда тоқырауға ұшыратып, дамуын тежеу деген сөз.

Адамзат әмбебап жолмен дамып келе жатыр. Бiзге де сол жалпыадамзаттық өркениет жүлгесiмен дами отырып және өзiмiздiң бiрегей (!) дәстүр-салт, тарихымызды сақтай отырып алға ұмтылу керек. Әлемдiк өркениет пен мәдениеттiң жетiстiктерiн меңгере жүрiп қана Қазақстан өз өркениетi мен мәдениетiнiң дамуын, әлем халықтары арасында лайықты орын алуын қамтамасыз ете алады.

Мен тарихшы емеспiн. Бiрақ мақсатым – көкейiмде жүрген кейбiр ойларым мен сұрақтарымды осы мақалада тiзiп шығу. Қажет деп тапқандар болып жатса, үн қосыңыздар, бiрлесе жауап iздейiк. Әр кездерi халқымыздың азамат ұлдары ұлттық, қазақ ұлтының идеясы жөнiнде айтып қалып жүр. Айтылып та келген. Қазақы идея… Бұл не? Осы сөздiң астарында не жатыр? Ұлт мүддесi ме? Әлде қазақ халқы өмiрiнiң мәнi ме? Халық өмiрi дегенiмiздiң бүтiндей алғандағы мәнi не, ондай бола ма өзi? Жоқ болмаса, халықты құрайтын әрбiр адамға тән өмiрдiң мәнi ме бұл? Немесе керiсiнше, өзiнiң жекелеген өкiлдерiнiң өмiрлерiнiң мәнiн тұтас халықтың өмiрiнiң мәнi айқындай ма?

Осындай сұрақтарға жауап iздеу кезiнде мынадай қауiптi "көпiр" бар: халық өмiрiнiң мәнiн iздеу барысында белгiлi бiр халыққа жоғары өмiр мәнi деңгейiн берiп, екнiшi бiреулерiн тым төменге түсiрiп жiберiп, нәтижесiнде "таңдаулы халық" басымдығын тұжырымдаймыз деп шовинистiк позицияға лып етiп "тайып" түсуiңiз де оп-оңай. Тарихта мұндай жағдайлар да болғанын ұмытпағанымыз жөн.

Айтары жоқ, халықта, ұлтта халықтың, оның әрбiр өкiлiнiң өмiр мәнiн айқындаушы ұлттық идея болуға тиiс. Ф. Достоевский: "Жоғары идеясыз адам да, ұлт та тiршiлiк ете алмайды. Ал жер бетiнде жоғары идея бiреу-ақ және ол – адам жанының ажалсыздығы, яки мәңгiлiгi жайлы идея, өйткенi адам өмiр сүруi мүмкiн болатын өмiрдiң қалған барлық "жоғары" идеялары тек жалғыз содан ғана "ағып" шығады", – деп жазды.

Әрине, бұл идеяның ақыр соңында "шынайы өмiр топырағына табан тiреп қалу үшiн ондағы мификалық, утопиялық және нақтылы өмiрлiк белгiлерiн ажыратып алу керек" дейдi. Менiң мақсатым – Достоевскийдi талдау емес. Бiрақ қалай болған күнде де ұлттық, халықтық идея керек. Мейлi, тiптi утопиялық элементтерiмен болсын, кез келген халыққа өмiрiнiң мәнi, мақсаты, бағдары болуы үшiн, алға басу үшiн, тiптi қажет болғанда өз өмiрiңдi, өзiңдi қатаң сынға салу үшiн қажет.

Бұл жолда жөн сiлтеп, жол айтқандарды алыстан ат сабылтпай-ақ, кешегi Абайды алсақ та, бiраз тауды қопарарымыз хақ. Одан кейiнгi сол кiсiнiң iзiн басқан iнiлерi де талай еңбек сiңiрiп, жол салып кеттi. (Сол жолдармен қаншалықты дұрыс келемiз, оны тарих өзi екшеп шығарар). Бiрақ бiр нәрсе анық – ел, халық әркез дамудың дағдарысты белдеуiне енген кезде, таңдаулы шешiмiн айтар кезде, бұл идея қашанда көкейтестiлендiрiледi.

Бiздiң ел дәл бүгiнгi күнi тап осындай әлеуметтiк-саяси тұрмыс жағдайында тұр.

Ал осы қазақ ұлттық идеясының қалыптасуы үшiн қандай жағдайлар, не әсер етуi мүмкiн? Қазiргi уақытта бәрiнен бұрын мынадай жайттар – Қазақстан мемлекетi тарихының ерекшелiктерi, дәстүрлерi, оның жерiндегi халықтар мен ондағы мемлекеттiң қалыптасуының өзiндiк ерекшелiгi ескерiлуi тиiс.

Бұл мәселелер төңiрегiнде көптеген дау-дамайлар болуы ғажап емес. Алайда қазақ өркениетi мен мәдениетiнiң әлемдiк деңгейден көп қалып қоюына түрлi кезеңдерде жан-жағынан төнген қауiп, Батыс пен Шығыстың қысымы көп ықпал еткенi тағы да рас. Соның барлығын халық күш бiрiктiрiп күресумен жеңiп, шешiп отырған. Тарихшыларымыз анықтаған бiр ғана мысал, бiр ғана цифр – үш жүз жылдан астам уақыт орыс бодауында болғанда қазақтар жан-жақтан анталап, "етектен тартып, басқа ұрғандарға" қарсы 700-ге жуық бас көтерiп, күреске шыққан екен. Мұның барлығы бостандық үшiн күрес қой.

Ал қазiргi қазақ "қоғамының" көптеген өкiлдерiнiң Батысқа көзсiз елiктеуге тырысатыны жасырын емес. Дәл осындай ағым Ресей дворяндарының да басынан өткен. Орыстар француз болып кете жаздаған.

Әрине, олардың да есi дұрыстары сол кезде қарсы болып, батысшылдықты сынға ұшыратып едi. Әсiресе орыстар сол кездерi П.Чаадаевтың "Философиялық хаттар" деген тапаншасының "тарс" еткенiнен естерiн жиған болатын. Ал бiздегiлерге арсеналымыздағы "бар қарудың" қайсысы дұрыс келер екен? Оны айтасыз, сол уақыттарда орыстарда "западник, славянофил" сияқтылар шығып, кәдiмгiдей шеп құрысқандар болған. Ал бiзде ше? Солженицынды қоя тұрып, Масанов (қара жер хабар бермесiн!) сияқтылардың тiлiн теткiтiп ұстататындай, аузына "цивильно" құм құятындай халық мүддесi жолында бiрiккен бiр де бiр "филдер" яки "никтер" шықпады ғой. Есесiне, бiздiң қоғамды қазiргi таңда эгоизм мен индивидуализм жаулауда. Өмiрден өтiп кеткен ұлылар айтып қалдырған екен: "Адам неғұрлым өз халқына жақын болса, бүкiл адамзат үшiн де соғұрлым жақынырақ, әрi қымбатырақ бола түседi", "Өз халқын өгейсiнген жанда жалпы адамзатқа деген махаббат болмайды".

Бәлкiм бiздiң халықтың қасiретi бiздiң баршамыздағы қазақы тарихи сананың, тарихи сезiмнiң өлiп қалғандығынан шығар, а? Бiз халықтың кемшiлiгiн көрсетуiмiз керек, ол – қылмыс емес, еңбек. Құрмет, керек десеңiз халыққа көрсетiлген.

Халықты мұндай хаостан құтқарып қалатын мистицизм де, аскетизм де, басқа да емес, оны құтқаратын – өркениеттiң табыстары, ағартушылық, гумандылық. Әдiлеттiлiк пен iзгi ойға негiзделген заңдар мен құқықтарда көрсетiлген жеке басының ары, меншiгi, тұлғалылығы сезiмiн ояту керек. Космополитизм, Отаны жоқтық, белгiлi бiр ұлтқа жататындығы сезiмiнiң жойылуы сияқтыларды болдырмауға күш салу керек. Ұлтсыз, адамзаттың өзi өлi логикалық абстракт, басқаша айтқанда, жәй сөз, мазмұнсыз, мағынасыз дыбыс қана болып қалады.

"Адамзат – "кiнәратсыз тұлға": тұлға – өйткенi оның бiр емес, көптеген адамдар аузымен айтылатын болса да, өзiндiк "Менi", адамдағы сияқты өзiне тән жасы, дамуы, алға жылжуы бар; кiнәратсыз болатын себебi – оның өмiр сүрiп жатқанын эмпирикалық түрде дәлелдеуге болмайды. Әрбiр халық өзiнен анағұрлым жоғары тарихи тұтастықтың – адамзаттың бiр бөлiгi" деген Белинскийдiң сөздерi ешқашан өлмейтiн шығар, сiрә?!

Жылдар бойы, оның iшiнде "сталиндiк реакция" жылдарында шайлығып қалған жүрегi бар, үндемей келiп, әлi де үндемей тұрған Қазақ халқы, өз тарихың мен болашағың туралы мәселелерге келгенде бiрiнiң үнiне бiрi үн қосқан зiлдi дауысың қашан естiлер екен?!

Бейбiт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ҚР Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары