АЛАТАУДЫҢ БАСЫНАН КӨШ КЕЛЕДI...

АЛАТАУДЫҢ БАСЫНАН КӨШ КЕЛЕДI...

АЛАТАУДЫҢ БАСЫНАН КӨШ КЕЛЕДI...
ашық дереккөзі

Қырғызстан үшiн бiрнеше жылдан берi сыртқы еңбек көшi-қоны ең көкейкестi мәселелердiң бiрiне айналды. 5 миллионнан сәл астам халықтың шамамен 500 мыңынан көбi шетелдерде айлап-жылдап жұмыс iстеп, кейбiреулерi сол мемлекеттердiң азаматтығын алса, тағы ондаған мыңы 4-5 күн шекара асып, ары-берi тауар тасып, сауда-саттықпен күндерiн көруде.

Өткен жылдың өзiнде-ақ шетелдерде жұмыс iстеп жүрген мигранттар Қырғызстандағы туған-туысқандарына банк мекемелерi арқылы 1,6 млрд. доллар көлемiнде ақша аударған. Әлбетте, бұл факт гастарбайтерлердiң Қырғызстанға қаншалықты пайдасын тигiзiп жатқандығын айқын көрсетiп тұр. Қолма-қол ақша алып келетiндерi қаншама? Оның есебiн бiлу мүмкiн емес. Дегенмен бұл қаражат жолы болып, iсi жүрiп кеткендерден келiп жатқаны белгiлi. Ал тағдырдың тәлкегiне ұшырағандары қанша?! Көзiқарақты оқырман жыл сайын жүздеген мигрант қырғыздардың шетелдерде (негiзiнен Ресейде, өйткенi мигранттардың 90 пайызы сонда) әртүрлi себептерден, оның iшiнде скинхедтердiң қолынан қаза тауып жатқанынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар.

Жақында Қырғыз Республикасының Еңбек, жұмыспен қамсыздау және көшi-қон министрлiгi "Қазақстан аумағында еңбектенiп жатқан қырғыз азаматтарының проблемалары" деген конференция өткiздi. Қазақстандағы қырғыз мигранттарының мәселесiн талқылады. Министр Алмаз Абытовтың мәлiметiне қарағанда, бүгiнгi таңда Қазақстанда 100 мыңға жуық қырғызстандықтар жұмыс iстеуде. Олар әсiресе екi мәселе бойынша қиындықтарға тап болған. Бiрiншiсi, бес күн iшiнде барған жерiнде тiркелуге тиiс. Өздерi жұмыс iздеп барып, туысқандары және тамыр-таныстары жоқ болғандықтан, бұл рәсiм оларға оңай тимейдi. Екiншiсi, тұрақты тiркелiмi болмаған мигранттар балаларын мектептерде оқыта алмай абыржуда. А.Абытов мигранттардың жұмыс iстеу тәртiбi бойынша Қазақстан тарапымен бiрнеше рет келiссөздер жүргiзiлген, бiрақ келiсiмдi Қазақстан Парламентiнiң Мәжiлiсi әлi бекiтпеген. Егер Қырғызстан Кедендiк одаққа кiрсе, мигранттардың көптеген мәселелерi шешiлетiнiн айтуда.

Конференция Қазақстандағы еңбек мигранттарының ұсынысымен өткендiктен, оған Қазақстандағы жетi қаладан қырғыз қоғамдарының өкiлдерi қатысып, өздерiнiң мұң-мұқтаждарын шақты.

"Кыргыз-Ата" қоғамдық қорының басшысының орынбасары Мұхтар Эргешов Қазақстанда шетелдiктердiң саудамен айналысуына тыйым салынғанына байланысты, мигранттар сауда-саттықпен амалсыздан заңсыз түрде шұғылдануға мәжбүр болып жатқанын жеткiздi. Сондықтан олар құқық қорғау органдарының және көшi-қон полициясының қызметкерлерiнен қуғын көруде.

Қазақстанда жұмыс iстеп жатқан мигранттардың көпшiлiгiнiң проблемасы – уақытша тiркеуге тұру мәселесi. Тiркеусiз жүргендерi полицияға ұсталса, әр жолы кем дегенде 100 доллар айыппұл төлейтiнге ұқсайды. Мигранттар министрлiктен бiрiншi кезекте осы проблеманы мемлекетаралық деңгейде шешiп берудi сұрады.

"Ақиқат жолы" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Бүбүайша Арстанбекова қырғыз мигранттарының 400-дей ұл-қыздары мектепке бара алмай жүргенiн хабарлады. "Алматы қаласында тұратын қырғыздар балаларын оқыту үшiн ақысы төленетiн мектеп ашуына тура келген", – дедi мәдени орталықтың төрағасы Тұратбек Аманбаев.

Сөз орайы келiп жатқан соң, қазақ-қырғыз мәмiлесi жайлы бiрер жәйттердi айта кетудi жөн көрдiк. Қырғызстанның оппозициялық бағыттағы "Фабула" атты қырғыз тiлiндегi газетте 8 сәуiрде қырғыз жұртына белгiлi журналист Дүйшөн Керiмовтiң "Қазақ бауырыма хат" деген мақаласы жарияланды.

Жас кезiнен-ақ әкесiнен "Қыз Жiбек" жыры, манасшылардан "Манас" дастанындағы қазақ батыры Ер Көкше баянымен, қазақтың ақиық ақындары мен жазушыларының шығармаларымен таныс Дүйшөн Керiмов Қазақстанның "Хабар" телеарнасынан қазақ ақындарының айтысын көрiп отырып, жанынан түңiлiптi.

"Қырғызды не деп қорламады, сыбамады… Бұл не жорық? Бұл парықсыз бопсалауды тыятын бiр естi, күйiмдi қазақ шықпады ғой! Құстың екi қанатындай, түйенiң екi өркешiндей қайран егiз елдiң елшi болар жыраулары осылайша көшенiң арсыз иттерiндей арсылдап үрiп қала ма?..", – деп ашына жазған журналист. Шынында, бұл айтысты мен де теледидардан көрген едiм. Ақындарымыздың қырғыздарды еш себепсiз мұқатқан орынсыз қыстырма сөздерi айтыстың жанкүйерi болған жүрекке қаяу түсiрдi.

"Күлме, мазақтама, қиынсынба… бауырым. Қырғызды да Құдай жаратқан, өзгеше қазаққа бiр бауыр етiп жаратқан. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының қиын кезеңiнде жерiнен босып, аштықтан иiлiп келген мыңдаған қазаққа Орта Азияда қырғыз ғана құшағын ашқан. Туысқанға көрсеткен жақсылық қолқа емес. Бiрақ бүгiнгi жасап жатқан мәмiлең айласыз айттырып жатыр, бауырым. Жалғыз ешкiсiнiң сүтiн, бiр қалта талқанының жарымын қазақ баласына бөлiп берген қырғыз-ананың ерлiгi, бұл – ұлы факт!", – дей келiп, ол мақаласын: "Қазақ-қырғыз – құстың қос қанатындай жұп елмiз! Бұл ұлы, киелi сөз байырғы бабаларымыздан берi келе жатыр. Бұл сөздi көреген Президент Н.Назарбаевтың өз аузынан да талай естiдiк ғой. Ойлашы, бауырым, құс жалқы қанатымен қайқып ұшып, әуеде қалқи ала ма? Сөз қадiрлеген, сөз құдыретiн аңдаған терең ойлы халықтың шын ұрпағы болсақ, онда ұлы сөз құдыретiне құлдық етейiк!" – деп түйiндейдi.

Соңғы кездерде қазақ-қырғыз қарым-қатынастары туралы сөз болғанда қырғыз туғандар сол отызыншы жылдарды жиi еске алатын болып жүр. Оның үстiне бұл бiр адамның өмiрбаяны емес, тұтастай екi халықтың тарихы болып жатқан жоқ па?! Ағайындарымыздың өкпесiнiң қисыны да бар шығар, өйткенi адам қиналған сәттерiнде өткен өмiрiн еске алады емес пе. Былтырғы жылдың жаз айларында қырғыз елiнiң көрген қиыншылықтарын ешкiмнiң басына бермей-ақ қойсын. Оның жарасы әлi жазылған жоқ.

Тарих бiзге не үшiн керек? Одан өнеге алып, болашағымызды бағдарлау үшiн шығар. Тарихтың ащы сабағы – өткен ғасырдың 16 жылы қырғыз халқы балаларымызды әскерге бермеймiз деп, Қытайға үдере қашып, жендеттердiң оғына ұшып, жолда арып-ашып миллионның ар жақ – бер жағындағы адамынан айрылған. Сол кезде қазақ зиялылары жабыла қаражат жинап, қолынан келгенiнше қырғызға жәрдем бергенi тарихтан жақсы мәлiм. 1917 жылы Ұлы Октябрь социалистiк революциясы болмаса, қырғыз халқы ұлт ретiнде жойылып кетер ме едi, кiм бiлсiн, мұны қырғыз тарихшыларының өздерi мойындап отыр.

Отызыншы жылдар қолдан жасалған ашаршылықта қазақ халқы да бiрнеше миллиондаған адамынан айрылды. Қырғызстанға, Өзбекстанға (оның iшiнде, жерi шұрайлы Әндiжан мен Қоқанға, Ферғана өренiне, бұл жерлердi сол уақытта негiзiнен қырғыздар мекендеген) үдере ауды. Басым көпшiлiгi бiрнеше жылдан кейiн қайтты, қалғандары жергiлiктi елге сiңiсiп кеттi. Екi мысал келтiре кетсем, қазақтың атақты ақыны Жамбыл Жабаев сол ашаршылық жылдарында бiр қыс қырғыз ағайындардан қолдау тапқан. Қырғыздың бiр ақсақалы маған айтып берген едi, Жамбыл ақын солардың үйiнде болып, қыс бойы көршiлерiн өлең-жырға, домбыраның сазды әуенiне қарық қылыпты. Сол кезде өзi кiшкентай бала екен, жерге көк шығып, мал өрiске жайыла бастаған кезде, әкесi Жамбылға жақсы ат мiнгiзiп, шығарып салыпты.

Қазiргi уақытта Қырғызстанда 32 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұдан он екi жыл бұрынғы халық санағында 42 мыңнан астам болатын. Осы аралықта он мыңы Қазақстанға оралды. Бiр-екi мыңын есептемегенде, сол қырық мың қазақтың ата-бабаларының жартысы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғындағы байларды тәркiлеу науқанында, жартысы ашаршылық жылдарында Қырғызстанға келген.

Сөйтiп қазақ-қырғыз басына түскен мұндай тауқыметтер соңғы жүз жылда төрт дүркiн екi реттен алма-кезек қайталаныпты. 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiнде қырғыз азаматтары бауырларымызға жәрдем беремiз деп жаппай көтерiлгенiн өз көзiммен көрдiм. Оларды Отар станциясында және Қордайда күшпен тосып, тоқтатқан болатын.

Өткен жылы қырғыздың басына нәубет түскенде, жоғарғы дәрежеде, мемлекеттiң атынан қолғабыс көрсеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекеттерi өз алдына бiр белес. Белгiлi тұлғалардан "бауырым" деп үн қосқан бiр-ақ адамды, тарихшы Мәмбет Қойгелдiнi ғана байқадым. Мүмкiн мен басқаларын бiлмей жаңылысып отырған шығармын.

Иә, "Ақтабан шұбырынды" емес, оның бетiн аулақ қылсын, Алатаудың ар жағынан көш келiп жатыр. Қысылып-қымтырылған қырғыз ағайындардың көшi. Қазақстанның азаматтығын алған қырғыздардың да саны жыл сайын өсiп барады. 1999 жылғы Қазақстандағы халық санағында олар 10 925 болса, 2009 жылғы санақ бойынша 23 274 адамға жетiптi. Отандастарымызға айналған қырғыздарға түсiнушiлiкпен, қырғыз еңбек мигранттарына, жалпы қырғыз халқына туысқандарға тән iлтипатпен қарасақ деймiн.

26 сәуiрде Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң төрағасы Ақматбек Келдiбеков бастаған депутаттық делегация үш күндiк iс-сапармен Астанаға келдi. Олар 27-28 сәуiрде Түркiтiлдес елдердiң парламенттiк ассамблеясының мәжiлiстерiне қатысумен қатар, Қазақстанның жетекшiлерiмен де жолықты. Сапар бағдарламасының күн тәртiбiнде қырғыз мигранттарының мәселелерi қаралды.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi