ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНI

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНI

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНI
ашық дереккөзі

Балаларға арналған "Болашақ" орталығы

Өткен сенбiде Алматыдағы Оқушылар сарайында Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамына арналған мерекелiк шара өттi.

Наурыз – жаңару айы. Наурыз – татулық мейрамы. Наурыз – жыл басы. Күн мен түн теңелiп, тiршiлiк оянатын бұл мейрамды қазақ жұрты ерекше дәрiптей бiлген. Қазақ даласы ән-күйге бөленiп, алтыбақан аясында қыз бен жiгiт айтысын тамашалап, көтерiңкi көңiл-күй орнатқан. Ауыл жастары жиын-той жасап, шын ғашықтар өз сезiмдерiн де бiлдiрген бұл мейрамда. Бозбалалар бойжеткендерге "Селтеткiзерiн" сыйласа, қыздар жауап ретiнде "Ұйқыашарын" дайындаған. Яғни адам да, оған тән сезiм де бәрi-бәрi жаңарады. Осындай Жаңа Жыл мейрамы қарсаңында Оқушылар сарайының жас өнерпаздарының қатысуымен өткен "Құтты болсын, әз Наурыз" атты мерекелiк кеште театрландырылған көрiнiстер қойылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Игi шараның шымылдығы қазақтың "Шашу биiмен" ашылды. Мерекелiк бағдарламада Медеу ауданының әкiмi Сұлтанбек Мәкежанов мырза, Жапонияның Қазақстандағы елшiсi Катамото Масахиро құттықтау сөз сөйлеп, қазақ эстрадасының жас жұлдыздары – "Телқоңыр", "Jado" топтары өнер көрсеттi. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сiңiруге бағытталған бұл мерекенiң ұйымдастырылуы жайында Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрысбеков мырза: "Балалар орталығы – "болашақ" орталығы. Ұрпақты дұрыс жолға қою – бiздiң мiндет. Жаңа Жыл – Наурыз мейрамына арнап жасалып жатқан игi шарамыздың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қазақтың тарихы мен мәдениетiн жастарға дарыту. Арнайы балалар үшiн ұлттық тағамдардан дастархан жайып, 300 литр наурыз көже дайындадық. Наурыз көже арқылы балалар қазақы дәмдi сезiнiп, бойы шымырлап, қазағына деген мақтанышы оянар ма, бәлкiм?! Қазақ үйлерiн тiгiп, ауыл көрiнiсiн жасадық. Қазақтың кеңдiгiн, кемелдiгiн сезiнсе екен деймiз. Балаларға жұмсалған уақыт та, еңбек те, қаржы да ертеңiмiзге бағытталады", – деп тебiренiсiн жеткiздi.

Оюмен әрленген киiз үйлер тiгiлiп, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Қазақы иiс аңқыған ауыл тынысы, қазақы болмысты танытатын әдет-ғұрыптар көрiнiс тапқан. Қонақтар ақ үйлердi аралап, наурызкөжеден дәм татты. Қазақтықты танытатын осындай ұлттық нақыштағы мейрамдар республика көлемiнде әрбiр ұжымда тойланып жатса құба-құп.

Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, студент