ТҮРКIТIЛДЕС ӘЛЕМНIҢ ЖАМБЫЛЫ

ТҮРКIТIЛДЕС ӘЛЕМНIҢ ЖАМБЫЛЫ

ТҮРКIТIЛДЕС ӘЛЕМНIҢ ЖАМБЫЛЫ
ашық дереккөзі

Биыл батыс әлемi әйгiлi Гомерге теңеген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 165 жыл. Осы айтулы мерейтойға байланысты "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымы мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы бiрлесiп, "Жамбыл және түркi халықтарының эпикалық мұрасы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiздi.

Жамбыл ақынның мол мұрасын кеңiнен зерттеуге жол ашқан бұл конференцияға елiмiздiң зиялы қауым өкiлдерiмен қатар сонау Түркиядан, алыс-жақын шетелдерден бiр топ ғалымдар мен зерттеушiлер келiптi. Олардың қай-қайсысы да қазақтан шыққан суырыпсалма ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың қаламынан туған өлеңдер мен жыр-дастандардан түбi бiр түркiтiлдес халыққа тән ұқсастық табылатынын ризашылықпен айтады. Бұл – Жамбыл мұрасының тек қазақ топырағында ғана емес, ежелден тамырлас бауыр елдерде де зерттеуге ден қойылғанын аңғартса керек.

Түркiтiлдес халық өкiлдерiнiң басын қосуға мұрындық жасаған "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов мырза: "Жамбыл – қазақтың ауыз әдебиетiндегi әдеби дәстүрлерiн жазба әдебиетi дәуiрiне жеткiзiп, кемел мұраны келешек ұрпаққа қалыбын бұзбай аманаттап кеткен руханиятымыздағы алып тұлғаның бiрi. Кеңес заманында идеологиялық тапсырыспен жазылған, не жаздырылған жырларын есепке алмағанның өзiнде, ақынның ұлттық эпикалық мұрамызға қосқан үлесi мол. Шығармашылық интеллигенцияның негiзгi мiндетi – эпикалық мұраларды қазiргi заманғы жанрларға лайықтап, жаңа дүние тудыру. Белгiлi мәдениет қайраткерi Полат Бұлбұлоғлы Қорқыт Ата сюжетi бойынша "Махаббат және өлiм" балетiн қойды. Бiз оның премьерасын Анкара опера театрында сахналадық. Өкiнiшке қарай, күнi бүгiнге дейiн эпостық мұрамыз не ертегiлерiмiз негiзiнде әлем танитындай жөнi дұрыс кино түсiре алмадық. Сондықтан да эпикалық дүниелердi күллi жұртқа паш ету үшiн жұмыс iстеуiмiз қажет" деген тың ой тастады.

"ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейiновтiң айтуынша, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын түрiк, әзiрбайжан, өзбек, т.б. тiлдерге аудару үшiн Түркияға бес мемлекеттен жас ақындар шақырылыпты. Олар арнайы курсқа қатысып, түрiк тiлiн меңгерген соң қазақ ақындарының мұрасын түрiкшеге, түрiк ақындарының шығармасын қазақшаға тәржiмалауға бел шеше кiрiседi.

Жамбыл – ауыз әдебиетiнiң оза шапқан тұлпары ғана емес, ол жазба әдебиетiнiң де хас шеберi. Ол ескiше де, жаңаша да хат танымағанмен, көкiрегi ояу, ойы телегей-теңiз жан болған. "Жамбыл Жабаевты той-томалақтың көркiн қыздыратын ақын ретiнде санайтындар көп" деген фольклортанушы, академик Сейiт Қасқабасов Жыр алыбының мемлекеттiк маңызы бар мәселеге үн қосқан жырау екендiгiнен де айқын мысал келтiрдi. "Бiз бәрiмiз ескi түсiнiктiң шырмауында қалғанбыз. Жырау – ақындықтан әлдеқайда жоғары. Соны бiле тұра, Жамбыл тек Кеңестiк кезеңдi, Сталиндi ғана жырға қосқан деп бұрмалаймыз. Олай емес. Сталиндi Кеңес кезiнде кiм мадақтамады? Дей тұрғанмен көре бiлген адамға Жамбылдың Сталинге арнаған өлеңiнде астарлы сын да бар. Сондықтан да Жамбылды өз заманының жаршысы деп қана емес, екi ғасырдың куәгерi деп қабылдауымыз керек" деген тұшымды пiкiр бiлдiрдi. Сондай-ақ академик әлi күнге Жамбыл Жабаевтың бүкiл шығармалары жинақталған академиялық еңбектiң жоқтығына назар аударды. "Жамбыл өлеңдерi мен жырлары – тұтас рухани мұра. Оның ойшылдығының, пәлсафалық танымының өзi – жеке бiр зерттеуге арқау боларлық ауқымды тақырып", – дейдi.

Өзiн Жамбылдың тiкелей ұрпақтарына жатқызатын профессор, академик Төлеген Қожамқұлов: "Жамбылдың мұрасы әлемнiң 30-дан аса тiлiне аударылды. Бұған қуану керек. Жамбылтану ғылымына бетбұрыс жасап жатқан елдерге алғысымыз шексiз" дегендi ерекше iлтипатпен жеткiздi. Тек әттеген-айы, мәдени мұраны өнердiң түрлi салаларында дәрiптеу iсi ақсап тұр. Әсiресе, кино және театрда эпос-жырларды арқау еткен шығармалар қатары тым жұтаң. Мәселенiң күрмеуi ортақ мәдени кеңiстiк аясында түркi халықтары жұмыла күш салса ғана шешiледi дестi ғалымдар. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры Арыстан Мұхамедиұлы: "Ақындық, лиро-эпостық жанр – бұл тек қазақ халқының емес, бүкiл түркi халықтарының ортақ қазынасы. Сол қазынаны осындай конференцияларда ортаға салып, талқылап, байлықты дәрiптеп, халықаралық деңгейге шығара бiлсек ұтылмайтынымыз анық" дегенге екпiн түсiрдi.

Жамбылдың "Ленинградтық өрендерiм" өлеңiн бала кезден жаттап, көкейге тоқып өстiк. Өлеңнiң майдан алаңындағы сарбаздардың патриоттық намысын жанып, ерекше рух берiп, шабыттандыра түскенi белгiлi. Осынау Ленинград қаласын жыр жолына қосқан Жамбыл Жабаевтың есiмi әлi күнге жергiлiктi халықтың жадынан өшкен емес. Тiптi, 2003 жылы Жамбыл Жабаев атындағы көшеден Санкт-Петербург және Ленинград облыстық "Ата-мекен" қазақ қоғамының төрағасы Сәрсенғали Құспановтың тiкелей бастамасымен ескерткiш ашылған. Халықаралық конференцияға арнайы шақырылған қандасымыз бұл ескерткiштi орнату оңайға соқпағанын айтады. "Әуелгiде депутаттардың заңнамалық жиыны Жамбыл Жабаевқа бюст қоямыз деген пiкiрге тоқталды. Алайда бұған келiспедiм. Ақша мәселесiн Қазақстан жағынан сұрап көремiз дедiм де, Елбасы Н.Назарбаевқа, ұлт жанашыры И.Тасмағамбетовке, Б.Оспановқа хат жаздым. Содан не керек, елiмiз тарапынан көмек жасалып, Жамбыл Жабаевтың тұла бойы сұлбаланған ескерткiшi өз тұғырына қонды. Талай жылғы жүгiрген еңбегiмiздiң ақталғанына қатты қуандық", – дейдi Санкт-Петербург және Ленинград облыстық "Ата-мекен" қазақ қоғамының төрағасы Сәрсенғали Аққұлұлы.

"Жамбыл және түркi халықтарының эпикалық мұрасы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ақынның ұрпақтары, iзбасарлары, туған-туыстары қатысты. Аталмыш басқосудан алған әсерiмен бөлiскен Жамбыл Жабаевтың немересi Әлiмқұл Жамбылов: "Жамбыл – бiздiң ғана атамыз емес, исi қазақтың атасы. Бүгiнгi конференциядан түйгенiм осы" деген жүрекжарды iлтипатын бiлдiрдi. Жамбылдың туа бiттi алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткiрлiгi, тiлге шеберлiгi мен әзiл-оспаққа бейiмдiлiгi, сондай-ақ бiр естiген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есiнде сақтағыш зерделiлiгi ел өмiрiнiң кез-келген тақырыбына еркiн баруына жол ашады. Елiне жыр сыйлаған ақын Жамбылдың ұлылығын халқы әрдайым ардақтап өтпек.

Осыдан кейiн "Жамбыл – менiң жәй атым, Халық – менiң шын атым…" деп туған халқын шын жүрегiмен сүйген абыз ақынды Ресейдiң жазушысы Дмитрий Быковтың сандырағымен айтқанда, қалайша "шопанға" теңеуге болады?! "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов осындай халықаралық конференцияның жиi өткiзiлiп тұруы да Дмитрий Быков сияқты арандатушылардың шектен шыққан пiкiрiне берiлген тойтарыс дегендi айтады.

Бүкiл әлемге қазақтың атын ғана емес, айбатты жырын әйгiлi еткен дүлдүл ақынға арналған жиында Жамбыл туралы деректi фильм көрсетiлiп, "Ғибрат" атты кiтаптың тұсаукесерi болды. Сондай-ақ, екi күнге ұласқан конференция ақынның туған ауылына сапар шегумен жалғасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ