ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚҰРБАНДАР КҮНI АТАЛЫП ӨТТI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚҰРБАНДАР КҮНI АТАЛЫП ӨТТI

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚҰРБАНДАР КҮНI АТАЛЫП ӨТТI
ашық дереккөзі

Өткен аптада қырғыз жұртшылығы сәуiр революциясының бiр жылдығын белгiледi. 6 сәуiрде Бiшкекте бұл оқиғаға байланысты салтанатты жиналыс өтiп, ертеңiне қалаға iргелес Чоңташтағы "Ата Бейiт" атты мемлекеттiк зират-кешенiнде 7 сәуiрдегi көтерiлiсте оққа ұшқан азаматтарға арналып құран оқылды. 1937 жылы "халық жауы" деп атылған ел арыстарының бiр жерге көмiлгенi осыдан жиырма жыл бұрын анықталып, солардың құрметiне ескерткiш-мемориал тұрғызылған. Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың сүйегi де осында қойылды. Былтырғы көтерiлiсте қайтыс болған 87 адамның 27-сi осы бейiтке жерленген болатын.

Сәуiр шейiттерiн еске алу рәсiмi ереуiл басталған жер – "Форум" кәсiпорнында жалғасты. Еске алу рәсiмiне бес мыңдай адам жиналды. Содан кейiн қатысушылар былтырғы шерудiң iзiмен 2-3 шақырым жаяу жүрiп, Бiшкектiң орталық "Алатау" алаңында, Жоғарғы Кеңештiң ғимаратының жанында аза тұту митингiсiн өткiздi.

Бұл iс-шараларға республика жетекшiлерi – президент Роза Отынбаева, Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбеков, премьер-министр Алмазбек Атамбаев қатысты.

"Форум" кәсiпорнының алдындағы митингте премьер-министр Алмазбек Атамбаев қырғыз елi қазiргi кезде басынан кешiрiп отырған ащы шындықтың бiразының бетiн ашып салды. "Мегаком" жанжалына байланысты қызметiнен шеттетiлген экс-бас прокурор Қубатбек Байболов, Жоғарғы Кеңештiң депутаттары Ақылбек Жапаровтың және Нариман Төлеевтiң қылықтарын қатты сынға алды.

Тым ащы айтылғандықтан болар, Алмазбек Атамбаевтың сөзi теледидардан көрсетiлгенi ғана болмаса, газеттерде толық жарияланған жоқ. Бейнетаспаға және үнжазғышқа жазылып алынған премьер-министр сөзiнiң кейбiр тұстарын оқырмандарға ұсынамыз.

"Балаларымыздан айырылғанымызға бiр жыл толды, оның үстiне бес жүзден астам жiгiт-қыздарымыз денсаулығынан айрылды. Не үшiн? Алаңға барған жiгiттерiмiз "Қырғыз, Манас" деп ұран шақырып, өлiмге қарсы тұрды. Неге? Ақ үйде де қырғыздың билiгi отырған, бiрақ шындығында, қара басының қамын күйттеген адамдар, дұшпандар едi олар. Ақ үйдiң жетiншi қабатындағы билiктегiлер Надель, Каганер, Гурьевич сияқтылармен қосылып, Қырғызстанды талап, тонап, оппозицияшылдарды, журналистердi қамап, өлтiрiп жатқан. Бiздiң кейбiр саясаткерлердiң қазiргi кезде Бакиев заманынан да жаман болды дегендерiне – "Құдай ұрсын" деймiн. Кешегi күн болса, ондай бақылдағандарды Павлюкке (кiсi қолынан қаза тапқан оппозицияшыл журналист Геннадий Павлюк – Н.Б.) ұқсатып өлтiрiп тастар едi. Әлбетте, бүгiн қайғырып, жылап тұрмыз. Ашық-ақ айтайын, бүгiн таң атқаннан бастап көз жасымды тоқтату қиын болып тұр, өкiнiшке қарай, үмiтiмiз, тiлегiмiз орындалған жоқ. Бiрге жүрген бiр топ саясаткерлер билiкке келгенде сол өлген балаларды ұмытып кеттi. Билiктi, ақшаны көргенде Құдайды да ұмытты. Қазiр де саяси ойындар жүруде. Парламентте отырғандар бiздi аямай сынап жүр. Кейбiр саясаткерлер "елiмiз үшiн жаным құрбан" деп жар салуда. 7 сәуiрге дейiн олар қайда болған? Олар Максим Бакиевтiң (Максим Бакиев – бұрынғы президенттiң ұлы) қабылдауынан шықпайтын. Елiмiздi малға теңеп, қойға төлқұжат беремiз деп жүрген. (Бұл жерде Жоғарғы Кеңештiң депутаты Ақылбек Жапаров жөнiнде сөз болып отыр, ол қаржы министрi қызметiнде тұрғанда қойға төлқұжат ашу қажет деген бастаманы көтерген – Н.Б.). Мiне, бiз көрiп отырғанымыздай парламенттiк республика кейбiреулерге саяси ойындар үшiн керек екен. Бiзге халықтың тұрмысын оңалтып, мемлекетiмiздi нығайту үшiн қажет.

Мен үшiн 7 сәуiр – 9 мамыр сияқты көз жасына шыланған мейрам. Келешекте бұл мейрам бола ма, болмай ма?.. Қырғызстанда 7 сәуiр Францияның әу баста жылап-сықтаумен мерекеленген "Бастилияны алу күнi" сияқты тойлануы керек. Жеңiстi, билiктi сақтап қала алмасақ, билiктi "максимдерге", ұрыларға, сайқымазақтарға берсек, ит боламыз қайран елiм, алданбаңдар!..

Мен не үшiн бұл мейрамның келешекте болар-болмасын айта алмай тұрмын?! Өйткенi бiз бұл жеңiсiмiздi сақтап қала аламыз ба, жоқ әлде 2005 жылғы 24 наурыздағыдай ұрлатып аламыз ба? Ұрлатып жатырмыз. Кеше бiрге болған "атамекеншiлер" партиясы бүгiн бiзге қарсы оппозицияға бет бұрды дейдi. Неге тұрасың ол жақта? Онда балаларымыз не үшiн өлдi? Жаныма келiп, тiрек болмайсыңдар ма? Мемлекетiмiздi бiрге көтерейiк! Мiне, маған "бакиевшiлер" ашық айтуда: "Мейрамдарыңды өткерiңдер, 10 сәуiрден кейiн билiктi бiз аламыз", – дейдi. Саясаттың да шегi бар. Құдайдан қорқу керек…

Өлген балалардың әруағынан қорқу керек… Егер бүгiнгi өмiрiмiзде бiр жақсылықтар болса, бұл – үкiметтiң емес, сол дүниеден өткен балалардың еңбегiнiң қайтарымы. Сол балаларымыз бүгiнгi күндi көре алмай қалды. Өткен жылы осы уақытта…"

Осы сөздi айтып жатып, көзiне жас шыланған премьер-министр булығып, көкейiндегiсiн одан әрi жалғастыра алмай, "ұмытпайық, ағайын-туғандар" деп бұрылып, мiнберден түсiп кеттi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi