САҒАТБЕК МЕДЕУБЕКҰЛЫ: ҚОҒАМНЫҢ ШЫНДЫҒЫН КӨРЕ БIЛСЕК...
САҒАТБЕК МЕДЕУБЕКҰЛЫ: ҚОҒАМНЫҢ ШЫНДЫҒЫН КӨРЕ БIЛСЕК...
Құй сенiңiз, құй сенбеңiз, қолыңызда ұстап отырған газет редакциясында, бұл газетте ғана емес, елдегi республикалық басылымдарда, телерадио құралдарында жұмыс iстеп жүрген азаматтардың бәрi – кезiнде "журналистиканың қара шаңырағында", әл-Фараби атындағы (бiр кездегi Киров атындағы) Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнен шыңдалып шыққандар. Алматының ғана емес, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi журналистер "армиясының" талай "дивизиясын" дайындаған оқу орны бұл.
Сондықтан да журналистердiң "қара шаңырақта" не болып жатқанына қашан да құлағы түрiк.
Жақында осы факультеттiң Баспа iсi және БАҚ дизайны кафедрасының меңгерушiсi, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлымен ғылым, бiлiм мәселелерi жөнiнде пiкiр алысудың сәтi түстi.
– Сағатбек аға, Сiз университеттен кейiнгi еңбек жолыңызды баспада редакторлық қызметтен бастағансыз ғой…
– Оған дейiн Алматы облыстық "Жетiсу" газетiнде қатетүзер болып iстегенмiн.
– "Қатетүзер" деп отырғаныңыз корректор ғой…
– Иә, қазiр аузыма түсiп отырған балама ғой… Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың аузынан мұның "түзеткер" деген нұсқасын да естiгем..
– Қатетүзер, яғни түзеткер болып iстегенiңiз студент кезiңiзде ме?
– Иә… Отбасымды асырау керек, оның үстiне болашақта сауатты журналист болу үшiн еңбектi кәсiби әлiппеден бастаған дұрыс деп бiлдiм.
– Жаңылмасам, "Өнер" баспасында редактор болдыңыз, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кiшi лаборанттықтан аға ғылыми қызметкер деңгейiне дейiн көтерiлдiңiз. Кандидаттық қорғадыңыз. Кезiнде "Ана тiлi" ұлт апталығының дүркiреп тұрған шағында Елтану бөлiмiнiң редакторы болдыңыз. Одан кейiн журналистика факультетiне шақырылдыңыз.
– Менiң факультетке келуiме мұрындық болған сонда дәрiс берiп жүрген курстастарым – Айткен Есдәулетов пен Әсия Игенсартова едi. Солар ұстазымыз декан Намазалы Омашевқа айтқан. Ол кiсi келiскен. Сөйтiп бастығым – "Ана тiлiнiң" Бас редакторы Жарылқап Бейсенбаевқа барып айтсам, "бiзден кетпей-ақ қосымша сабақ бере бер" деп жiбермедi. Бiр айдай ақысыз еңбек еттiм. Өйтiп жүре беруге болмайды екен. Еңбек кiтапшамды әкелмесем, толық жүктемемен жұмысқа қабылдау жөнiнде бұйрық шықпайды екен. Жақаңа солай деп ем, "жарайды ендеше" деп, бұған дейiнгi беттерi орысша толтырылған еңбек кiтапшамның айқара бетiне өз қолымен қазақша толтырып, "мынау саған деген алғысым да, рахметiм де. Бұл мәңгiлiк өшпейтiн құжат" деп қолыма бердi. "Жазып тұр, келiп тұр, есiк ашық", – дедi.Рахметiмдi айтып, газетпен қимай-қимай қоштасып, 1997 жылы журналистика факультетiне ұстаздыққа келдiм.
– Келе сала Сiз бiзге куратор болғансыз. Үш жыл. Сiздiң ұйымдастыруыңызбен Сызғанов атындағы Кардиология институтының дәрiгерлерiмен таныстық, дүйсенбiлiк конференцияларына қатыстық; тағы бiрде Орталық мешiтке бардық; келесi кезекте Көкбазарды аралап, қазақы сауданы зерттемек болдық; сәтiн салған күнi М. О. Әуезов атындағы қазақ драма театрына барып, "Турандот ханшайым" спектаклiнiң репетициясын, содан кейiн премьерасын тамашаладық, орайын тауып Жамбыл атамыздың ескерткiшiнiң жанында курстасымыз Ернұр Ақанбайдың темекiнiң зияны туралы он беттiк зерттеуiн тiкемiзден тiк тұрып тыңдағанбыз; есiңiзде болса, Ораза айт кезiнде Сiзбен бiрге жатаханада бiр-бiрiмiзге айттағанбыз. Сондай қызықты сәттерден алған әсерлерiмiздi әртүрлi жанрда жазғызып, өзiңiз басқарған "Қазақ университетi" газетiнiң айқара бетiне "Оқу мен тәжiрибе тәрбиемен ұштасса…" деген тақырыппен жарқырата жарияладыңыз… Сол кураторлық дәстүр қазiр жалғасқан ба?..
– Ол дәстүр Т. Қожамқұловтың кезiнде үзiлгендей болып едi. Одан кейiнгi ректор – Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың тұсында "эдвайзер" деген ұғым ендi. Бұл – "оқуға бағыттаушы", "бiлiмге жөн сiлтеушi", "түсiндiрушi" деген мағыналардың жиынтығын беретiн атау. Кредиттiк технологиямен бiрге Батыстан келген термин. Эдвайзердiң құзыретiне студенттiң жеке басының тәрбиесi кiрмейтiн секiлдi. Сондықтан да "бiз ең алдымен адами құндылықтарды бағалай алатын маман тәрбиелеуiмiз қажет" деген ұранды тастаған ректорымыз аз уақыт iшiнде он-он бес жылда iстелмеген жұмыстарды атқарып, университетiмiздi жаңғыртып, жаңа жолға қойып бердi де жоғарылап кеттi. Қазiр ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiн басқарып отыр. Университетiмiзге жаңа ректор келдi.
– Жаңа ректорды ақпарат құралдары арқылы бiлемiз. Ғалымқайыр Мұтанов. Ғылым докторы. Профессор. Академик. Ең бастысы, ұлттық рухы сөзiнен де, iсiнен де айбарланып тұратын дарынды қайраткер деп мақтайды.
– "Халық айтса, қалп айтпайды" дейдi қырғыз ағайындар. Яғни, "халық өтiрiк айтпайды" дегенi ғой. Шындығында, жасы елудi еңсерген жаңа ректорымыз сөзден гөрi iстiң нәтижесiн жақсы көретiнiн, кешегi iстелген iстiң еселенген есебiн тыңдағаннан гөрi ертеңгi атқарылар жұмыстың нақты жоспарын, нәтижеге жетуге қатысты ұсыныстарды көбiрек тыңдағанды ұнататынын, қандай iстi болса да көппен ақылдаса отырып шешуге дағдыланғанын, ұлы Абайдың "адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп" дегенiн есiнде сақтай отырып, ұлтының ертеңi үшiн бүгiн аянбай күресуге дайын екендiгiн университет ұжымының алдында iсiмен дәлелдей бастады. Осы ел мақтаған ректорымыз келдi де сол кураторлықты қайта енгiздi. Қазiр оларға белгiлi бiр мөлшерде ақы төленедi. Сабақ кестесiне "куратор сағаты" қойылды. Яғни әл-Фараби бабамыздың "тәрбиесiз берiлген бiлiм – қауiптi" деген қағидасы әр студенттiң, әр магистранттың, әр оқытушы -профессордың, әр куратор-эдвайзердiң санасында қайта жаңғырды. Ал ендi тәрбие жұмысын қалай жүргiзедi, ол тәлiм берушiнiң ары мен ұятына және ұлт ұрпағының алдындағы жауапкершiлiгiне байланысты. Сонымен бiрге университетiмiздiң барлық жүйесiнде адами құндылықтарды сақтау, бағалау, дәрiптеуге негiзделген жаңа концепция жобасын дайындап жатырмыз. Жақында ар-ұят кодексiнiң жаңа жобасын талқылай бастадық. Келешекте студенттiң де, оқытушының да, қызметкердiң де үнемi жадында сақтап, әрбiр iсте басшылыққа алып әрекет ететiн адамгершiлiк әлiппесi болады. Бұл да жаңа ректорымыз қолға алған жаңа iстiң бiрi… Сол сендерге куратор болғаннан қалған әдет бойынша жақында 2-курс және 3-курс студенттерiн бастап Ықылас атындағы Ұлттық музыка аспаптары мұражайына бардым.
– Жақында журналистика факультетiнде болған оқиғадан кейiн жаңа декан келдi…
– Қазiргi ақпараттар тасқыны сәт сайын жаңғырып отырған зымыран заман өлшемiмен алсақ, сен айтып отырған оқиға ескiрiп кеттi. Журналист үшiн де, құлағы түрiк бұқара үшiн де ол оқиға қазiр қызық емес.
– Дегенмен жаңа деканның келуiне сол оқиға себеп болды ғой. Ал бұқараның көңiлiнде күдiк қалмас үшiн, миллиондардың ақылында ақиқи ақпарат жүруi үшiн сол ортада жүрген Сiз секiлдi ағалар шындықты ашып беруi қажет деп бiлем…
– Шындық демекшi, жақында 128-бағыттағы автобустың iшiнде мынадай сәтке куә болдым. Жандосов көшесiмен келе жатыр едiк. Алтынсарин көшесiне жақындағанда жас кондуктор жiгiт кенет:
– Шындық бар ма?! – деп айғай салды. Естiсе де ешкiм жауап қатпады.
Анау тағы да:
– Шындық бар ма, шындық?! – дедi. Автобус iшi тым-тырыс.
Ешкiм үн қатпаған соң анау:
– Шындық жоқ! – дедi. Жұрттың бәрi шындықтың жоқ екенiн мойындағандай жұмған аузын ашпады. Сәлден соң автобус Алтынсариннен солға бұрылуға жақындап едi, бiр жолаушы орнынан тұрып есiкке тақады. Кондуктор жiгiт жерден жетi қоян тапқандай:
– Шындық бар екен! Шындық бар!– деп тiзгiншi жаққа айғайлап жiбердi.
Манадан берi өмiрдегi шындықтың бар я жоғын сұрап тұр ма десем, ол жас жiгiт "Правда" дегендi қазақшалап айғайлап тұр екен.
Бұл көрiнiстен мен не түйдiм? Бiрiншiден, анау кондуктор жас қазақ қала тарихы тұрмақ, өзi күнде ертеден кешке дейiн шарлайтын көше тарихынан бейхабар. Бейхабар болатыны бiлуге талпынбағандығынан. Талпынса, Алматыда "Правда" көшесiнiң осыдан оншақты жыл бұрын "Ы.Алтынсарин даңғылы" болып өзгертiлгенiн бiлер едi. Екiншiден, көше тарихы туралы бiлмегенмен, оның бойында ұлттық рух ұшқыны бар, пейiлiнен ана тiлiне деген сүйiспеншiлiк алаулайды. Үшiншiден, жас жiгiттi, қоршаған ортаны немкеттiлiк, немқұрайдылық, елеңсiздiк пен еренсiздiк билеп алған. Сол автобуста сығылысып тұрған жолаушының бiр де бiрi жас кондуктордың айғайына елең етпедi. Оларға "Шындық" па, "Правда" ма, "Алтынсарин" бе, бәрiбiр секiлдi. Менiңше автобуста болған осы көрiнiсте қазақ қоғамының да белгiлi бiр мөлшерде өз шындығы жатыр.
– Ал факультеттiң шындығы…
– Факультеттiң шындығы автобустағы шындықтан бөлек. Мұнда сергектiк бар, ұлт болашағына бей-жай қарамау бар. Маңызды шындықты Елбасымыз өз Жолдауында айтты. Ендi он жылдан кейiн "Қазақстандағы барлық мектеп түлектерi мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн болады" дедi нық сенiммен. Ол сенiмге негiз болып отырған нақты шындық мынау: Қазақстанда мемлекеттiк тiлде оқытатын мектептердiң саны көбейген. Бұған дейiнгi "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша бой көтерген мектептерге қосымша болашақта тағы да 200 мектеп салынбақ. Университетке оқуға келiп түсiп жатқан жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң саны өзге ұлт өкiлдерiне қарағанда әлдеқайда көп. Оны алысқа бармай-ақ өзiм басқарып отырған кафедрада оқитын студенттер құрамымен-ақ айғақтауға болады. Мысалы бiрiншi курста оқитын бакалаврлардың 27-сi қазақ тобында болса, 6-ы орыс тобында. Осы орыс тобында оқитындардың бесеуi мемлекеттiк тiлде еркiн сөйлейдi. Бiреуi – қытай қызы. Ол да қазақ тiлiн бiлiп қалды. Бұл құбылыс тек бiр кафедрада ғана ма? Бiр университетте ғана ма? Бұл құбылыс бүкiл Қазақстан бойынша етек алғаннан кейiн де Елбасымыз мемлекеттiк тiлдiң болашағы туралы батыл айта бастады. Демократиялық қоғам құрып жатқан бiз демократиялық ұстанымдардың бiрi – "азшылық көпшiлiкке бағынады" деген қағиданы басшылыққа алсақ, онда жоғарыдағы сандық көрсеткiштi ескерiп, сол көптiң талап-тiлегiн алдымен бұрынырақ ескеруге тиiс едiк. Ол көптiң тiлегi – мемлекеттiк саясатпен үндес. Елбасымыз биылғы Жолдауында былай деп шегелеп айтты: "Мемлекеттiк қызметте, басқару жүйесiнде, басқа жерлерде де, барлық орындарда үлкен қарқынмен ана тiлiмiзге көшуiмiз қажет". Бұл дегенiңiз – Мемлекеттiк тiлдi ұлықтау, сол тiлде iс жүргiзу, түсiнiсу, арыз-арманға сол тiлде жауап беру. Өкiнiшке қарай факультет және кафедралар басшылығы бұл шындыққа көз жұма қарадық. Көз жұма қарауға мәжбүр болатынымыз – өзiмiз мемлекеттiк тiлдi бiлмеймiз, бiлмеген соң сөйлей алмаймыз. Бiлмеген соң, түсiнбеген соң көпке қалай сөз айтамыз? Қайтiп ата-анасынан алыста жүрген, әлi оң-солын танымаған балаға соның тiлiнде ақыл айтамыз, жол көрсетемiз? Тiптi бiлмесек, бiлетiндердiң көмегiне жүгiнгенiмiз шамалы. Яғни басты шындық – көптiң наразылық жасауына себеп болған мемлекеттiк тiл емес, мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер мен бiлуге тырыспайтындар немесе бiле тұра сөлемейтiндер мен сөйлескiсi келмейтiндер едi. Солардың кесiрiнен де оқиға орынсыз боп көрiндi. Оны орынсыз сипатқа айналдырғандар да сол ат төбелiндей мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер болатын. Мемлекеттiк тiлдi жақтаушылар мәселе көтергенде, баррикаданың екiншi жағына шыға келiп, мемлекеттiк тiлдiлерге қарсы шағым ұйымдастырғандар да солар. Сөйтiп факультеттi аяқ астынан, болмайтын жерден "қазақтiлдi" және "орыстiлдi" деп екiге бөле жаздады. Бұрынғы декан азаматтық танытып, өзi өтiнiш айтып қызметiнен кеттi. Яғни, бұл ненi дәлелдейтiн айғақ? Бұл – ендiгi жерде мемлекеттiк тiлдi жетiк бiлмесеңiз мемлекеттiк мекеме басқара алмайсыз деген сөз. Ертеңiне түсте ректор бұрынғы декан мен жаңа деканды бiрге алып келiп, бiреуiне алғысын айтып, екiншiсiне сәттiлiк тiледi ұжымның көзiнше. Ұжым арасында алалық болдырмас үшiн жаңа деканның сырттан келуi де заңдылық әрi университет басшылығы тарапынан дұрыс қабылданған шешiм едi. Қазақ тарихында мәмiлеге келе алмаған екi ағайынның ортасына билiктi дәстүрлi заңдар мен ресми заңдарды жетiк бiлетiн, әдiл де адал билер ғана айта алған. Менiңше, сол дәстүр бiздiң факультетте қайта жаңғырғандай. Оның үстiне жаңа декан Есберген Оразұлы Алаухановтың заңгер болғаны да, көптi көрген бiлiктi маман екендiгi де, жазушылармен, журналистермен қоян-қолтық араластығы жарасқан алғыр да бiлгiр болғандығы да, докторлығы да, халықаралық ғылыми журналға редакторлығы да, сонымен қоса бiрнеше прозалық көркем шығарманың авторы (өз басым Сәкен Серi Жүнiсовтың алғысөзiмен шыққан "Ажалдың түсi" деген детективтi әңгiмелер жинағын кезiнде бiр деммен оқып шыққанмын) екендiгi де ол шешiмнiң дұрыстығын одан сайын негiздей түседi.
– Бiздiң естуiмiзше, оқиғаның болуына басты себеп – "журналистика факультетi жабылады-мыс" деген қауесеттiң тарауы…
– Оқиға болардан бiр апта бұрын осындай сыбыстардың алдын алып, ректор факультет басшыларына ешбiр факультеттiң жабылмайтындығын айтқан және ғылыми-зерттеу университетi болып қайта құрылудың жобаларын, ұсыныстарын жасауды тапсырған. Бiрақ бұл ақпарат журналистика факультетiнiң студенттерiне толық жетпеген, дұрыс түсiндiрiлмеген. Онсыз да естiгенiн ақылмен саралауға уақыт таппай, айтуға асығатын алыпұшпа, аңғал да ақедiл, арынды бозбалалар ортадағы арандатушылардың желөкпе, желбуаз сөздерiнiң ықпалында кеткен. Арандатушылардың арамдығы отқа бейкүнә студенттердi итере салып, өздерiнiң тасада қалғандығында.
– Сонда арандатушылардың көздегенi не?
– Университеттiң және оның iшiнде журналистика факультетiнiң беделiне көлеңке түсiру.
– Өз басым қазақ бiлiмi мен ғылымының қарашаңырағы, қазақ мемлекетiнiң бiлiктi мамандарын даярлаудың негiзгi ұстаханасы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң беделiне ондай арандатулар нұқсан келтiредi дегенге еш сенбеймiн. Егер арандатушылар сондай әрекетке барса, бұл солардың өздерiнiң әлсiздiгi.
– Менiңше, ондай арам пиғылды әрекетке баруына себепкер нәрсе – олардың мемлекеттiк саясатты терең түсiнбегендiгi.Түсiне тұра жасаса, бұл – олардың бәсекелестiк мәдениетiнiң төмендiгi. Елбасымыз "Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай екi ұлттық ғылыми зерттеу университетi болу керек" дегеннен берi елiмiздегi ең беделдi бiздiң ордамызға беделсiздердiң көз аларта бастағаны жасырын емес. Оның үстiне жер-жерде жапатармағай ашылып, не материалдық-техникалық базасы жоқ, не оқу-әдiстемелiк әлеуетi қалыптаспаған, не оқыту-бiлiм беру жүйесi орнықпаған, не оқытушы-профессорлар құрамы жасақталмаған, не оқитын студенттер саны жинақталмаған журналистика бөлiмшелерiн жабу мәселесi күн тәртiбiне көтерiле бастағалы да бiздiң шаңыраққа қарай тасада тұрып тас атқылаушылар шыға бастағаны жасырын емес. Менiңше, "журналистика факультетi жабылады екен" деген сөз бiздiң факультетке қатысты емес, жаңағыдай бөлiм, бөлiмшелерге қатысты шыққан.
– Ал Сiз дәрiс оқитын журналистика факультетi несiмен артық деп ойлайсыз?..
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетi құрылғалы 77 жылдан асты. Осы жылдар iшiнде адами құндылықтарға негiзделген маман даярлау тәжiрибесi мен дәстүрi бүгiнгi күнге жалғасты; бiлiм беру-оқыту саласына қатысты оқу-әдiстемелiк негiз қаланды; ғылыми-зерттеу әлеуетi орнықты; оқу бағдарламалары, әдiстемелiк құралдар, оқу құралдары мен оқулықтар, монографиялар тоғысқан кiтапхана қоры жинақталды; материалдық-техникалық базасы нығайды; бiр ұрпақтан екiншi ұрпаққа ауысқан психологиялық-педагогикалық ахуалы мен дәстүрi үзiлмеген, ұлт ұрпағын тәрбиелеудiң әдептерi мен тәрбие-тағылымдары сабақтасқан оқытушы-профессорлар құрамы қалыптасты; заманның талабы, уақыттың сұранысына қарай әлемдiк кеңiстiкте өзiндiк орны бар факультеттiң халықаралық байланысы күшейдi. Республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына маман даярлайтын әрi бiлiм берудiң және ғылыми-зерттеудiң әдiстемелiк орталығына айналған жалғыз факультет – осы саланың қасиеттi қара шаңырағының "жабылып қалуы" деген – санаға симайтын, ақылға қонбайтын бос сөз екенi әркiмге түсiнiктi болса керек. Ешкiм де еш жерде жабу туралы әңгiме жасаған жоқ. Әңгiме:
– қазiргi халықаралық талаптарға сай және бәсекелестiкке бәс тiге алатын интелектуалды маман даярлау iсiн ғылыми негiзде өндiрiспен тiкелей байланыста жүргiзудi жолға қою төңiрегiнде;
– оқыту мен зерттеудi тәжiрибемен ұштастыра отырып, пайда әкелетiн ордаға айналдыру жөнiнде;
– оқу мен бiлiм беру және зерттеу кезiнде туған әр жаңа жобаны бiрден өндiрiске енгiзу арқылы жаңарымдық (инновациялық) нәтижеге қол жеткiзу туралы;
– осындай бағытта пәрмендi де ықпалды әрi нәтижелi жұмыс iстейтiн ғылыми-зерттеу, оқу-бiлiм беру университетiн де, оның iшiнде факультеттердi де, оның iшiнде кафедраларды да қайта құрылымдау, жаңаша жүйелеу, басқаша ұйымдастыру хақында.
– Осыған байланысты гу-гу сөздiң арасынан "факультет болмайды екен, жоғары мектеп болады екен", "мектеп болмайды екен, департамент болады екен", "департамент емес кластер болады екен", ендi бiреулерi "орталық болады", тағы бiреулерден "институт болады екен" деген де дабыраны естiп жатырмыз.
– Осының бәрi бiзде барлық атаулар мен аталымдарға, терминдерге ғылыми тұрғыда дұрыс айқындама жасалып, жұрттың бәрiне түгел түсiнiктi тiлмен насихатталмауынан. "Факультет" деген не мағына бередi? "Жоғары мектеп" деп ненi түсiнемiз? Оның мәртебесi факультеттен жоғары ма, төмен бе? Орта мектептен айырмашылығы неде? "Департамент" деген бiлiм-ғылым ордасының атына келе ме, жоқ басқарушы билiк құрылымының атауы ма? "Орталық" дегеннiң мағынасы ненi бiлдiредi? Ал "кластер" деп қандай құрылымды атайды? Мұның бәрi сол атауды иемденген мекеме адамдарына түсiнiктi секiлдi болғанымен, олардың өздерi де мән берiп жатқаны шамалы. Сондықтан да жаңағы сен айтқан атаулардың айналасында алаөкпе болып жатқанымыз баяғы. Кейбiр жеке тұлғалар бүгiнгi күнге дейiн қалыптасқан мекеменiң жұрт санасына сiңiстi болған атауларын өзгертуден қашады. Олардың ойынша сол атаумен бiрге бұқара санасына орнығып болған тарихи бедел де өшедi. Атақ, абырой, даңқы да тасада қалады. Оларды жылдар бойы ұлт ұрпағының неше буыны шым-шымдап жинағандықтан, атаумен бiрге келген мағына жойылып кете ме деп қауiптенедi. Мұның да өз шындығы бар. Әйтсе де мекеменiң аты өзгергенмен ондағы оқытылатын және зерттеу жүргiзiлетiн мамандықтардың, мамандандыру бағыттарының атаулары қалады. Мысалы "Журналистка" , "Баспа iсi", "Қоғаммен байланыс" секiлдi мемлекеттiк стандартта бекiген мамандықтар сол атауымен қалады. Мәселе сол мамандықтарды қалай оқытуда, қалай зерттеуде және қандай нәтижеге жетуде ғой. Заттың атын өзгерткенмен, оның болмысы атауға байланысты өзгере салмайды. Керiсiнше болмысына қарай атауы берiледi. Әлемдiк қолданыста бар атаулар бiзге бұрын да келген, қазiр де келiп жатыр. Мысалы күнi кеше ғана келген "департамент" деген сөздi қазақшаласақ, жәй ғана "бөлiмше" дегендi бiлдiредi. Бiзге өз тiлiмiзде "бөлiмше" десек, мекеменiң мағынасы ортайып, маңызы кемiп қалатындай көрiнедi. "Департамент" десек мәртебесi жоғары сезiледi. Бұл атау көбiнесе әкiмшiлiк-басқару жүйесiне байланысты айтылады. Соңғы кезде өнеркәсiпте, ауыл шаруашылығында, өндiрiс саласында "кластер", "кластерлiк әдiс", "кластерлiк бағыт" деген атаулар жиi естiле бастады. "Кластер" дегендi қазақшаласақ – шоғыр, шоғырлану, топталу деген мағыналарды бередi. Бұл атау ғылымның барлық саласында бар. Ғылымда кластер деп типтес, бағыттас, мәндес, мағыналас, тектес бөлiктердi, бөлшектердi, элементтердi, салаларды бiр жерге шоғырландыру арқылы пайда болған бiртұтас нысанды айтады. Мысалы бiздiң журналистика факультетiнде бағыттас, типтес бiрнеше кафедра бар: 1)Мерзiмдi баспасөз кафедрасы, 2)Журналистика тарихы кафедрасы, 3)Халықаралық журналистика кафедрасы, 4)Теле-радиожурналистика кафедрасы, 5) Қоғаммен байланыс және БАҚ жарнамасы кафедрасы. Менiңше, осылардың басын бiрiктiрiп бiр кластер жасауға болады. Ол кластер "Журналистика, публицистика және қоғаммен байланыс кластерлiк ғылыми-зерттеу факультетi (департаментi)" немесе "Халықаралық коммуникация және отандық публицистика ғылыми-зерттеу кластерi" әйтпесе "Журналистиканың кластерлiк жоғары мектебi" деп аталуы мүмкiн. Онда жоғарыда аталған бес кафедраның орнына үш кафедра қалар: а)Журналистика тарихы, теориясы және тәжiрибесi кафедрасы; ә)Электронды ақпарат құралдары және мерзiмдi баспасөз кафедрасы; б) Бұқарамен байланыс және БАҚ жарнамасы кафедрасы. Бұлардың тәжiрибелiк сынақ орталықтарында фотостудия және теле-радио студиялары бар.
Бiз қазiргi заманауи талаптар бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде алған дипломның халықаралық мәртебесi үшiн күресiп жатырмыз. Ол журналист бола ма, математик бола ма, жоқ психолог бола ма, олардың бәрiнiң халықаралық мәнi болуға тиiс. Сондықтан да "халықаралық журналист" деп арнайы бөле-жара маман дайындайтын болсақ, басқа да мамандықтарды меңгерiп шыққан түлектерге, мысалы "халықаралық психолог" немесе "халықаралық математик" деген диплом беруге тура келедi. Ағылшын тiлiн бiлетiндердi бөлiп алып жеке оқытып, оларға "халықаралық журналист" деген диплом бергенмен, журналистика пәнiнiң негiзi қай тiлде оқытса да бiр ғой. Журналистикаға қатысты мамандықтардың атқаратын тұғыры, қызметi барлық халыққа бiрдей. Сондықтан бiз кез келген түлегiмiздiң жұмыр жердiң қай нүктесiне барса да сұранысқа ие бола алатындай етiп дайындап шығаруымыз керек. Демек факультеттер жабылады деген дабыраға елiктеп, солықтағанша "факультетiмiздi қайтсек жаңа заманға қарай жандандырамыз" деп бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарғанымыз абзал.
– Әңгiмеңiзге рахмет.
Әңгiмелескен Гүлбиғаш Омарова