ҚАТЕЛIК КIМНЕН КЕТТI?

ҚАТЕЛIК КIМНЕН КЕТТI?

ҚАТЕЛIК КIМНЕН КЕТТI?
ашық дереккөзі
389

"Балапан қаз" әнi сөзiнiң авторын шатастырмайық

Жақында "Қазақ радиосының" "Шалқар" бағдарламасынан халық әндерi мен халық композиторлары әнiнен концерт берiлдi. Әуелi әншi Айгүл Иманбаева мен "Серiлер" тобы Ақан серiнiң "Шырмауық" әнiн әуелеттi. Одан кейiн әншi Ұлту Қабаева халық әнi "Балапан қазды" орындайды деген жүргiзушi "сөзiн жазған Жұмаш Арғынбеков" деп салды.

"Балапан қаз" әнi атышулы "Көшпендiлер" фильмiнiң негiзгi әнi болып таңдалып алынған едi. Әннiң мәтiнiн Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келiп, Қазақстанның Қарағанды облысында қайтыс болған ақын Арғынбай Жұмажанұлы жазған болатын. Әннiң мәтiнi және нотасы Моңғолияның еңбек сiңiрген қайраткерi, күйшi, композитор, өнер зерттеушi Қабыкей Ахмерұлы жинастырған "Моңғолия қазақтарының халық әндерi" кiтабында жарық көрген.

2006 жылы "Көшпендiлер" фильмiнiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болған жазушы, профессор Ақселеу Сейдiмбек бұл туралы: "Қазақ халқы ХХ ғасырда әлемнiң қырық шақты елiне тарыдай шашылды. Осылардың iшiндегi мәдени-рухани өнiм берiп, өнер туындата алғандары – төрт-ақ елдегi қазақ диаспоралары. Олар: Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы және Түркиядағы қазақтар. Ресейдегi бiр миллионға жуық қазақ соңғы бiр ғасыр аясында мәдени-рухани "бедеулiкке" ұшырағанын көз көрiп отыр. Бұл қазақ диаспораларының тағдыр-талайына барометр болатын мысал" дей отырып, "Көшпендiлер" фильмiнiң ажарын ашатын ән iздеу барысында көңiлге қонымдысын таппай қиналғанын айтады "Қазақ әдебиетi" газетiнiң 2006 жылғы №3 санындағы "Бiр өлеңнiң жай-жапсары" атты мақаласында.

Сөйтiп таңдау осы "Балапан қаз" әнiне түскен екен. Ақселеу Сейдiмбек ән мәтiнiнiң авторы Арғынбай Жұмажанұлы жайында айта отырып, оның қазақ мәдениетiне қосқан теңдессiз үлесi ескерiлмей, елеусiз ғана дүниеден өткендiгiн өкiнiшпен еске алады. Әрине, шетте жүрiп қазақтың рухани байлығын еселеу мақсатында тынбай еңбек еткен тұлғалар аз ба? Өкiнiштiсi сол, олардың еңбегiнiң еленбей жатуы. Еленгенi былай тұрсын, осы әндi орындағаны үшiн Арғынбай Жұмажанұлының отбасына қаламақы төлеудiң орнына, ендi авторын бұрмалауға жол беретiн болыппыз.

Белгiлi әншi Ұлту Қабаева бұл ән мәтiнiн жазған адамның кiм екенiн шынымен бiлмей ме, жоқ әндi эфирге шығарып отырған журналист қателiкке бой алдырды ма, ол жағын айту қиын. Ең бастысы интеллектуалдық шығарма қорғалуы тиiс. Алтынбек Қоразбаев пен Марат Iлиясовтың ән үшiн таласы көз алдымызда өрбуде. Ал Арғынбай Жұмажанұлының соңында қалған жәдiгерiн әншiлерiмiз бен журналистерiмiз мың құбылтып, ойларына келгенiн iстеп жүр. Дәл осындай жағдай моңғолиялық қазақ ақыны Кәкей Жаңжұңұлының "Барам, апа, көктемде" әнiнiң басынан өткенi мәлiм. Әннiң авторы маған белгiсiз, ал сөзi Кәкей Жаңжұңұлына тиесiлi. Кiм екенiн бiлмеймiн бiр әншi қыз осы әннiң қайырмасын:

Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Ағаш алқа таққанда

Бұлақ сыңғыр қаққанда, – деп айтып жүр. Шын мәнiсiнде:

Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Алтай алқа таққанда

Бұлғын сыңғыр қаққанда, – "Бұлғын" – ақынның туып-өскен өлкесiндегi өзен атауы.

Ал қазақы тiрлiктiң қаймағын кiлкiп өскен Арғынбай Жұмажанұлы "Балапан қаз" әнiнiң мәтiнiн былай өрбiтедi:

Бұл өлке бiздiң ауыл жайлаған жер,

Желiде асау құлын байлаған жер.

Көзiме от жалындай көрiнесiң,

Құрбыммен тай құлындай ойнаған жер.

Бұл өлке бiздiң ауыл күзеген жер,

Қарагөз уәдесiн үзбеген жер.

Көзiме от жалындай көрiнесiң,

Қолаң шаш бойын сылап түзеген жер.

Бұл өлке бiздiң ауыл қыстаған жер,

Желi де құлын, тайын ұстаған жер.

Көзiме от жалындай көрiнесiң,

Құрбымның қолын алғаш ұстаған жер.

Бұл өлке бiздiң ауыл көктеген жер,

Қалқатай уәдемен кетпеген жер.

Көзiме от жалындай көрiнесiң,

Алдымнан келiн кесiп өтпеген жер.

Адамзат тiрлiгiнiң төрт маусымы жыл мезгiлдерi арқылы суреттеледi. Және қазақ өмiрiндегi бейнелiлiк, кез келген сезiм мен мұңды өзгеше астарлап жеткiзушiлiк өлеңнiң өн бойында байқалады. Ақын қазiргiлердей өтiрiк күйiп жанбайды, сүйдiм деп бетке айтпайды. Сезiмнiң нәзiк иiрiмдерiн астарлы сурет арқылы жеткiзедi. Ендеше өнер иелерiне қиянат жасалмаса екен. Еңбегi еленбей-ақ қойсын, Қазақ елi шетте жүрiп руханиятының туын көкке самғатқан перзенттерi бары жайында бiр сәт ойланбай-ақ қойсын. Бiрақ олардың туындыларын өзгенiң атына таңбаса екен.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары