ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ – БIЛIМДЕ
ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ – БIЛIМДЕ
Қазақстанның бiлiм беру жүйесi ең жаңашыл салаға айнала бастады. Оған дәлел – 2004 жылы Ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ), 2007 жылдан берi кредиттiк технологиямен оқыту, мектептердi 12 жылдық бiлiм беру үлгiсiне көшiру, "Болон" үдерiсi сынды шәкiртке бiлiм берудiң ең озық деген үлгiлерi келiп қосылды.
Жаңа жүйемен оқыту, жаңаша бiлiм алып жатқан шәкiрттер жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң оқу iсi жөнiндегi проректоры, профессор Мұрат Кәдесұлы Орынханов өз ойын ортаға салды.
– Мұрат Кәдесұлы, кредитiк жүйемен оқытудың ерекшелiгi неде? Бұл жүйе студенттерге қандай мүмкiншiлiк бердi?
– Бiздiң университеттiң кредиттiк технологиямен оқыту жүйесiне көшкенiне 3 жыл болды. Бұл жүйе студенттердi жұмыс жасауға, өздiктерiнен iзденiп, үйренуге жетелейтiн жаңаша, әлемдiк талапқа сай оқытудың соңғы үлгiсi. Бұрынғы жүйеде студенттер оқу маусымында ойнап-күлiп, емтиханға 2-3 күн қалғанда дайындалатын едi. Ал оқудың бұл түрi оған жол бермейдi. Бiз студенттерге түсiндiру жұмыстарын жүргiзген кезде, кредиттiк жүйенiң барлық талаптары мен ережелерiн жеткiзгенбiз. Онда сабаққа қатысу, күнделiктi үлгерiм, жазбаша жұмыстардың бәрi балдық көрсеткiш арқылы есептеледi. Бiрiншi аралық бақылау 30 балл, екiншiсi де солай. Осы аралық бақылаулардан студент кемiнде 15 балдан жоғары жинауы керек.
Әуел баста осы тәртiпке студенттер үйренiсе алмай қала ма, үлгерiм нәтижелерi төмен болып шыға ма деген қорқыныш болды. Жасыратыны жоқ, студенттердiң нәтижесi төмен болып шыққаны да рас. Алғашқы аралық бақылаудағы нәтижелерi 15 балға жетпей қалған бiлiмгерлер көп кездестi. Содан кейiнгi кезеңдерде студенттер бұл жүйенi тереңдеп игере бастады. 2008 жылмен салыстырғанда, 2009-2010 жылдардың көрсеткiшi өте жоғары. Бұл жүйенiң ең басты ерекшелiгi – студент өзiн-өзi қалыптастырады. Яғни әр студент өзi үшiн оқиды, өз бетiмен үйренедi, өзi дербес жұмыс iстейдi. Университеттiң мiндетi – студентке қажеттi мамандықты, оның оқығысы келетiн пәнiн ұсыну. Кредиттiк жүйеде бiлiм алатын студенттерге жеңiлдiктер де қарастырылған. Мысалға бұрын студент емтиханнан 2 алып қалса, оқудан шығарылатын. Ал мына жаңа жүйеде емтиханнан өте алмай қалса, келер жылғы оқу маусымында өте алмаған сабағын келесi курспен қайта оқиды. Студент өте алмаған пәнiн игерiп болғанша оқи бередi. Қайталап айта кетейiн, бұл жүйенiң талабы – тек оқу. Студенттiң оқытушыны алдап-сулап, емтиханда балл сұрап күн көруiне жол бермейдi.
– Бүгiнгi таңда студенттер арасында шпаргалка пайдалану үрдiске айналған сияқты. Бұның себебi неде деп ойлайсыз? Шпаргалкамен қалай күресiп жатырсыздар?
– Студенттердiң шпаргалка пайдалануы бұрыннан бар нәрсе. Бiрақ студент бұл әдiспен ұзаққа бара алмайды. Шпаргалка түбiнде жойылады. Емтиханға дайындалмай-ақ, көшiрiп жазуға әдеттену әр студенттiң өзiне зиян. Ондай студенттер көп болмаса да, бiздiң университетте де бар. Сондықтан бiз емтихан алу тәртiбiн күшейттiк. Шпаргалкамен ұсталған студент емтихан тапсыру құқынан айырылады. Сол сабақты қайта оқып, қайта тапсырады. Шетелдерде шпаргалка пайдалануға мүлде қарсы. Бүгiнгi заман бiлiмдi адамдарды қажет етедi. Кредиттiк жүйенiң ережесi бойынша, бiздiң студенттер емтиханды жазбаша тапсырады. Жазбаша емтиханға шпаргалканың ешқандай қажетi жоқ. Ондағы сұрақтар тек теориядан тұрмайды. Студенттiң еркiн ойланып жауап беруiне ыңғайлы, практикалық негiзде қойылған сұрақтар.
– Кейбiр пәндердi оқуға бiр семестр жетпей қалады дейдi бiлiмгерлер. Бұған не дейсiз?
– Кредиттiк жүйе бойынша бiр сабақ екi семестр оқытылмайды. Бұл жүйеде студенттерге оқытылатын сабақтар мiндеттi пәндер және таңдамалы сабақтар болып бөлiнедi. Студент өзiне аса қажеттi сабақты таңдап оқи алады. Бiр семестрде алған бiлiмiм жетпей жатыр деп санаса, келесi маусымда сол пәнге ұқсас, сондай бағытта оқытатын тағы бiр сабақты таңдап оқуға мүмкiндiк бар. Ешкiм студенттiң таңдауына кедергi жасамайды. Негiзiнде бiр пәндi оқытуға бiр семестр жетедi. Бұл жерде әрбiр кафедра маңызды рөл ойнайды. Студенттердiң сұранысына сай, оларға қажеттi деген сабақтарды қою керек. Содан студенттер өзiне керектi, оқығысы келген, болашағына пайдалы сабаққа таңдау жасайды. ҚазҰУ-дiң өзге оқу орындарынан өзгешелiгi де осында. Бiздегi оқу үдерiсi студенттерге қажеттi пәндердi берумен қатар, олардың өз ерiктерiмен пән таңдап оқуына мүмкiндiк жасап отыр. Мысалға экономика факультетiнде болашақ экономист мамандарға қажеттi сабақтар оқытылады. Онда сабақ беретiн оқытушылар "Болашақ" бағдарламасымен оқып келген мамандар болғандықтан, дәрiстi ағылшын тiлiнде жүргiзедi. Бүгiнде ағылшын тiлiне деген зор қажеттiлiк туындағандықтан аталған факультетке түсетiн талапкерлер саны жыл сайын артып келедi.
– Қазақстанның бiлiм беру жүйесiне бұдан бұрын да бiрнеше рет өзгерiстер енгiзiлдi. Кредиттiк жүйе соның жемiсi. Осы аталған жүйенiң тағы да өзгеруi мүмкiн бе?
– Өзгеруi мүмкiн. Бiрақ өзгерсе де осы кредиттiк жүйе негiзiнде өзгередi. Бұл жүйе бүгiнге дейiнгi бiлiм беру саласында қолданылып келген оқыту әдiсiнен өзгеше сипатқа ие. Олай дейтiнiмiз, бұл жүйе студенттерге мол мүмкiндiк бередi. Университет үшiн де пайдалы. Бұл арада бiлiм берудiң сапасы жоғарылайды. Яғни студентке қойылатын талап – өзi iзденедi, өзi үшiн жұмыс жасайды. Студент өзi iзденбесе, өзi үйренбесе сапалы бiлiм де, бiлiктi маман да болмайды.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Сауалнама
Ұлттың бәсекеге қабiлеттi болуы оның бiлiм беру жүйесiмен тiкелей қатысты. Сондықтан мемлекет өзiнiң болашағын жастардың бiлiмдi де бiлiктi болуымен бағамдап жатса, бiлiмгерлердiң де үйренуге, iзденуге, ұмтылыс жасауға құлшынысы арта түсетiнi сөзсiз.
Ал студенттер арасында шпаргалка пайдалану жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан "дертке" айналуда. Оны жоятын жол бар ма?
Осы тақырып негiзiнде бiрнеше студентке хабарласып, пiкiрлерiн бiлген едiк.
Айтолқын, ҚазҰУдың 4-курс студентi:
– Бұның бiрнеше себебi бар. Әуелi студенттер емтиханға немқұрайлы қарайды. Сондықтан шпаргалкаға сенiм артады. Бiр жағынан алып қарағанда, оны дайындаудың өзi iзденiстi, үлкен еңбектi талап етедi ғой. Бүгiнде шпаргалканы техникалық құралдардың көмегiне сүйенiп жасай салады. Ал қолмен жазсаң, есiңде көп нәрсе қалады. Екiншi бiр себеп, уақыттың қысқалығы. Мысалы бұрынғы бiлiм жүйесiнде сессия алдында бiр апта бос уақыт берiлетiн. Ал бүгiнгi (кредиттiк) жүйеде сабақ аяқталғаннан кейiн iле-шала қорытынды апта. Одан соң емтиханға бiрден кiремiз. Бiрақ қазiргi емтихан алудың ережесi де күшейген, тәртiп қатаң болғандықтан, көшiрiп жазу қиын.
Гүлжайна, 1 курс студентi:
– Мен сабақты жақсы оқимын. Бiрақ өз-өзiме сенiмсiзбiн. Емтиханға кiргенде қорқамын, содан ұмытып қалам ба деп шпаргалка дайындаймын. Көбiнде оны пайдаланбай-ақ жазып шығамын. Кейбiр пәндерден сұрақтар шынымен де қиын келедi. Содан қорқамыз, сондықтан жатақханада тұратын қыздар бiрлесiп, шпаргалка дайындап аламыз.
Сағира, 4-курс студентi
– Мен 2 курс оқып жүргенде, әлеуметтану сабағының емтиханында шпаргалка қолданамын деп мұғалiмнiң көзiне түсiп, тиiстi бағамды кемiтiп алғанмын. Содан берi қолданған емеспiн. Ебiм де, икемiм де жоқ. Ал кредиттiк жүйеде бiлiм алуға келер болсақ, "Қазақ әдебиетi" мен "Әлем әдебиетi" пәндерiн бiрнеше маусымға бөлiп оқуға тиiспiз. Ол – үлкен, әрi көлемдi ғылым. Бiр семестрдiң жетпей қалатыны рас. Шпаргалка пайдалану әр кезеңде болған. Бұған ешкiм де тосқауыл қоя алмайды. Әрбiр студенттiң санасына байланысты. Оқитындар қандай сұраққа да жауап бередi, әңгiме оқымаудан шығады…
Дайындаған Жәнiбек ҒАЛЫМ