ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҢ ҰЛАҒАТЫ

ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҢ ҰЛАҒАТЫ

ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҢ ҰЛАҒАТЫ
ашық дереккөзі
266

Өз өмiрiңе өзiң жылдап барып есеп бергенде жүрегiңде жан жылуының табы сақталған жандарды, қимас ағалар мен iнiлердi есiңе алып, сол адамдардың өз өмiрiңнен алатын орнын сараптап, бағалайтын сәттерiң болды. Сол баға арқылы өткен өмiрiңдi көзiңе елестетесiң, есiңе аласың. Есiңе ала отырып, өзiңе де, тұстастарыңа да, аға-iнiлерiңе де, өмiр сүрген туған жерiңе де, ортаңа да, қоғамыңа да баға бересiң. Жүз ақын-жыраудың мекенi болған, Сыр сүлейлерiн өмiрге келтiрген қасиеттi Қармақшы өңiрiндегi Түйетай, Ақтайлақ, Күйеуасар, Көктөбе, Томарбөгет, Ақсай атанған бұрынғы елдi мекендердi бiрiктiрген, атақты Тұрмағамбет шайырдың атымен аталатын ауылда дүниеге келген Көшербай Дәулетбаев iнiмiздiң жүрiп өткен жолдары өнегелi өрiсiмен жанымызға шуақ құйып, пенделiк ұсақ тiрлiктен бойын аулақ ұстайтындығымен сүйсiндiретiн.

Кiшiпейiл, адалдығы, бiртоға мiнезiмен адамдарды айналасына үйiретiн адал азамат туралы осы пiкiрге оны бiлетiн жүздеген республика көлемiндегi әрiптестерi, өзi тәрбиелеген шәкiрттерi, бiрге қызметтес болған жолдастары мен достары қосылатынына күмән жоқ. Өйткенi ол үнсiз ғана аласаңды биiктетiп, кемдiгiңдi толтырып, жоғыңды жасырып, қиюы қашқан iсiңдi қиыстырып, шалдықсаң демеп жiбередi. Кейде оның осындай iзгi қамқорлығын жылдар өткеннен кейiн ғана бiлiп, iштей сүйсiнген азаматтарды көрiп, ризашылықтарының куәсi болып жүргенiмiздi несiне жасырамыз. Ол ешуақытта жасаған жақсылығын пұлдамайды. Кәдуiлгi күнделiктi iстей көредi. Бұл – үлкен тектiлiк. Ал осындай жақсы мiнездi ұйытқан мәйек – бiр дүйiм елдiң ақсақалы атанған әкесi Дәулетбай дегдар мен анасы Ағисал әже едi. Тұнып тұрған шежiре, көне сөздiң зергерi, айтатын әңгiмесiн зерделеп айтатын Запа, Райханның да әсерi көп болғанын айтуға тиiстiмiз. Жалғастан бастап, Дариха, Рашита, Уасила, Бағбан сияқты iнi-қарындастарын осы бай мiнезге баулып келе жатқан да Көшербай. Ал балалары сол мiнездiң бесiгiнде тәрбиеленген, инабатты жаратылыс иелерi.

Көшербай – бақытты отбасының иесi. Тегiнде тектi жiгiтке жазмыш жақсы жар сыйлайтын көрiнедi. Өмiрде айы оңынан туған азаматтардың Құдай қосқан қосақтары да егiздiң сыңарындай сыйлас, жүрекпен сырлас, үндес болып келедi. Бұл да тегiн емес, тағдырдың қалауы. Отағасын баласындай баптап, сағын сындырмай сақтап, елге еңбек етуiне жағдай жасау – адал жардың үлесi. Қызбикеш келiн де жолы болған жiгiтке жолыққан байсалды, ақылды, парасаты мол жан болып, шаңыраққа құт болып қонды.

Өмiр болған соң, оның үстiне басшы қызметте жүрген кезде өмiрдiң тартыстары болмай тұрмайды. Бұл орайда Көшербай – нағыз сыр сандық. Сол сыр сандықтың iшiнде қаншама адамдардың құпиялары мен жан сырлары, мiнездерi мен жағымсыз кейiптерi, шындығы мен өтiрiгi, алдауы мен арбауы жатыр десеңiзшi. Бұрынғы ата-бабаларымыздың сөздi ұғып, бойына сiңiрiп, оны басқаға жеткiзiп, қаз қалпында сақтай бiлген адамдарды жақсылардың қатарына қосуы тегiн емес. Айтылған сөздiң нақтылығын, айтылған уәденiң берiктiгiн ұнататын Көшербай үнемi ұлағат көрсетiп келедi.

Көшербай Дәулетбаев туған ауылындағы №29 мектептiң 8-сыныбын бiтiргеннен кейiн Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсiп, оны ойдағыдай бiтiрiп, аудандық мал емдеу бөлiмiнде сол саланың бiлгiр маманы Кеңес Айекенов пен Абат Кенжалиевтiң қарамағында жемiстi жұмыс жасады. Онан кейiн Алматы зоотехникалық малдәрiгерлiк институтына түсiп, оны 1975 жылы ойдағыдай тәмамдады. Оқу бiтiргеннен кейiн әуелi Алматы қаласының Калинин ауданында, кейiн Алматы Қалалық атқару комитетiнде басшы қызметтерде болды. 1992-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы шекарадағы және көлiктегi ветеринария бақылау Бас басқармасының бастығы, 1999-2010 жылдары ауылшаруашылығы министрлiгiнiң ветеринария бақылау комитетiнiң төрағасының орынбасары, бас мал дәрiгерi, жауапкершiлiгi шектеулi "Хозу" корпорациясында жауапты қызметтер атқарды, елiмiздiң егемендiгi жолындағы жаңа жұмыстардың жаршысы бола бiлдi.

Қазақ тарихында ерекше орын алатын Сыр өңiрiнде дүниеге келген Көшербай Дәулетбаев – бала күнiнен ұлтжанды болып қалыптасқан жан. Сондықтан да студент кезiнiң өзiнде Алматыда өзiнен кейiнгi жастардың бiлiм алуына игi ықпал еттi. Қандай қызмет атқарса да ол өзiнiң кiндiк қаны тамған туған жерiн ұмытқан жоқ. Үнемi хабарласып, қолынан келген көмегiн аяған емес.

Ауылдан шалғай, бұрынғы ата-бабалар қонысы болған "Түйебай" жерiндегi ата-бабалар сүйегi жерленген қорымды қоршатуы да Көшербайдың үлкен адамгершiлiгi дер едiк. Көшербайдың тағы бiр үлкен адами қасиетi жасынан жыраулардың, ғасырда бiр рет өмiрге келетiн Тұрмағамбет шығармаларымен сусындап өскендiгi оны елжанды етiп тәрбиеледi. Ақынжандылығы, өнердi сүюi, құрметтеуi өзiнше үлкен әңгiме. Оның көп араласатын достары – көбiне қазақтың маңдай алды ақын-жазушылары. Сыр бойында Тұрмағамбет жылы аталып, ақынның 125 жылдық мерейтойы республикалық дәрежеде өткiзiлгенi белгiлi. Ол тойға 125 үй тiгiлдi. Мiне осы тойдың салтанатпен өтуiне де Көшербайдың демеушiлiк жасағанын елдiң бiрi бiлсе, бiрi бiлмейдi. Кете Жүсiптiң баласы Мұзарап Жүсiповтың өлеңдер жинағын шығаруға да демеушiлiк жасағанын да айта кету керек.

Қазақтың марқасқа азаматына айналған Көшербайдың биiк беделi мен ел арасындағы абыройының басты бiр сыры – қазақтiлдi басылымдардың көбiн мұқият оқып, оларды қолдап отыратындығында болар. Елбасының 1998 жылдың 17 наурызындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасына Еңбек сiңiрген қайраткер атанған, мал дәрiгерлiк кеден қызметiнiң генералы, Әлеуметтiк ғалымдар академиясының құрметтi академигi Көшербай Дәулетбаев – егемендi елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң баянды болуына зор үлес қосып жүрген тұғыры биiк азамат.

Нұртiлеу САЛЫҚОВ

Серіктес жаңалықтары