1642
САКУРА СЫРЫ
САКУРА СЫРЫ
АЛМА АҒАШТЫҢ ГҮЛIНДЕЙ
Мектепке барғанша ауылда апамның (әжемнiң) қолында болдым. Той-томалаққа ылғи ертiп апаратын. Қазiргi әжелер бұрынғы әжелерден басқа ма, әйтеуiр сол кездегi кемпiрлердiң келбетi менiң жадымда бала күнге деген сағыныштың бiр елесiндей қалып қойыпты. Олардың айтатын әндерi де бөлек едi-ау. Алма ағаштың гүлiндей-ай, Текеметтiң түрiндей-ай. Өтiп дәурен бара жатыр, Сiз бен бiзге бiлiнбей-ай. Ауылдағы тойларда естiген осы бiр халық әнiнде өткiншi дәурендi алма ағаштың гүлiмен нелiктен астастыра шырқайтынын есейе келе, қолға қалам ұстаған шақта түсiнгендеймiз. Айналаны хош иiске бөлейтiн жемiс ағашының гүлi аз уақыттың iшiнде әлi шөп шығып үлгермеген жер бетiн ал-қызыл күлтелерiмен көмкерiп тастайды. Ағаштың сәнi болған әдемi гүлдер – адам өмiрiнiң әдемi сәттерi iспеттi. Жапондар жалған дүниенi сакураның гүлiне теңейдi. НАУРЫЗДЫҢ АҚША ҚАРЫНДАЙ Киотодағы Сакура бағында манъчжуриялық жапон, жасы тоқсанға таяған Мйон Джйон санмен әңгiмелесiп отырмыз: – Қыз Жiбектiң ақтығы – Наурыздың ақша қарындай, – дейсiз бе? Сұлу жүзiн үшiншi айда жауатын қарға теңеу – ежелгi жапон әдебиетiнде бар теңеу. Екi елдiң әдеби тiлiнен осындай ғажап сөз тiркестерiнiң табылғанына таңданып отырмын. – "Хэйкэ моногатари" эпопеясында "Қыз деген қызыл түлкi" деген жол бар ғой, дәп осыны бұрынғы қазақ ақындарының жырларынан жиi кездестiруге болады. "Қыз Жiбек" дастанындағы "Наурыздың ақша қарындай" деген теңеу "Ер Тарғын" жырында да бар. – Қызық екен. Сакурадзуки – Шығыстың Ай күнтiзбесi бойынша Наурыз осылай аталады. Елдiң оңтүстiгiндегi Окинава аралдарынан бастап солтүстiктегi Хоккайдоға дейiнгi аралықта сакураның гүлдейтiн мерзiмi наурыздың 25-не келедi. Сакураны әр аймақтың табиғаты мен ауа-райына байланысты мамырдың ортасына дейiн тамашалауға болады. Осака, Токио, Киото қалаларында сәуiрдiң 10-на дейiн гүлiн ашса, солтүстiктегi аралдарда сакура гүлiн тек мамыр айында көруге болады. Бұл ағаштың гүлдерi бiрнеше күн, кейбiр өңiрлерiнде бiрнеше сағаттың iшiнде түсiп қалады екен. Хаканаса – өткiншi өмiр ұғымын сакурамен байланыстыратын жапондар көктемнiң өткiншi жаңбырын сакураамэ дейдi. ӘУЛИЕ АҒАШ "Сакура – Ұлы даланың Пiрi Көктен түскенде гүлдейтiн ағаш". Жапон тiлiнiң этимологиялық сөздiгiнде осындай түсiнiктеме берiлген. (Гогэнджитэн. "Коуданшя" баспасы. Токио, 2004. 293 б.). Бұл анықтаманың мәнiне үңiлсек, сакура гүлiн толық ашқанда (манкай) Жапониядағы әрбiр мекеме, ұжым ағаш саясында отырып, арнайы әзiрленген тағамдардан дәм татып, сакэ iшедi. Сакура, сакэ, самурай, сакана сияқты жапонның ұлттық символы болып табылатын атаулар мен қазақтың саумал, саба, сауу сөздерiнiң түбiрi бiр. Көне жапон тiлiнде Са – Құдай деген мағына беретiнi қазiргi жапон лингвистерiне де мәлiм. Жапон лингвистикасында "сакура -ұлы даланың пiрi түсетiн ағаш", ал "сакэ – ұлы даланың пiрi жiберген сусын" деген анықтама өте дәл берiлген. Ұлы дала дегенiмiз – Сақ даласы. "Кодзики", "Нихоншйоки" сияқты көне кiтаптарда жазылған Сагамисамаға бүгiнгi Фукушима, Ямагата, Шинджуку префектураларының аңшылары Таудың пiрi ретiнде сиынады. Ал кура қазақша қора және ер-тұрман ұғымдарымен мәндес. Көшпендiлердiң космологиялық танымында қымыз, шұбат, т.б. ақты Көктiң суы деп төкпеген. Тiптi қымыз iшкен ыдысты жуған судың өзiн адам аяғы басатын жерге төкпейтiнi белгiлi. Бұның барлығы зороастризм, шаманизм, синтоизм түрiнде сақталған Көк Тәңiрi заңдарынан шығып отыр. Күншығыс елiнiң дiнi болып табылатын синтозим – шинто, яғни Құдай жолы деген мағынадағы қос иероглиф те шин деп оқылады. Бұл иероглифтер көне Сақ тiлiндегi шындық ұғымын таңбалайды. Құдай – шын екенiн дәлелдейтiн ұғымдар. Зороастризмге қатысты айтар болсақ, Фудзияманың Пiрi Коноханасакуяхимэ (жемiс ағаштарын гүлдендiретiн Пiр). Оның тағы бiр есiмi Асама – От тауы деген сөз. Кацушика Хокусай, Масаюки, Хирошигэ сияқты ұлы суретшiлердiң Фудзисанды қып-қызыл От тауы түрiнде бейнелеуi де мифологиялық танымнан туған шығармашылық жемiсi. Ежелгi дәуiр суретшiсi салған аппақ сакураның саясындағы қолаң шашты, ақ көйлектi Коноханасакуяхимэнiң көркем бейнесi Киото мұражайында сақтаулы. Сакуяхимэ есiмiне назар аударсақ, саку – гүлдеу, химэ – ханшайым деген мағына бередi. Сауу, саумал, саба сияқты саку етiстiгiнiң негiзi де Са философиясынан туындайды. Мыңжылдық тарихы бар қасиеттi ағаштың бiрi Фукушима префектурасындағы Такидзакура. Ерекше күтiмге алынған бұл кәрi ағаш Жапониядағы ең көне, ең алып үш сакураның бiрi ретiнде белгiлi. Жапондар Сакураны ұлттың гүлi, мемлекеттiк символ ретiнде ерекше әспеттейдi. Бұтағын сындыру, гүлiн жұлу, т.б. табиғат заңына қайшы әрекеттердi көрмейсiз. САКУРА ШЫРАҚШЫСЫ Жапон тiлiнде "Гүлдiң ұлысы – Сакура, жiгiт төресi – Самурай" деген мақал бар. "Сакураның тарихы – самурайдың тарихы" деген нақылдың да мәнi ерекше. Себебi, ежелгi ел көсемi Сайго Такаморидiң (1827-1877) кезiндегi Киомидзудэра сияқты ғибадатхана маңындағы сакура бағын самурайлар өз қолдарымен отырғызған деседi. Батыр қолбасшы, реформатор Сайго Такамори бұл ағаштың Ямадзакура (тау сакурасы) деген түрiн жақсы көрген екен. Сайго Такамори мен Киомидзудэра бағындағы сакураға қатысты ел аузында көптеген әңгiмелер сақталған. Қайраткер күрделi саяси оқиғалар кезiнде немесе қолына қалам алып жыр жазған кезiнде сакура саясында ойға шомып отыратын көрiнедi. Одан да ертерек тарихқа келсек, ежелгi Хэйан дәуiрi мен Камакура дәуiрi аралығында Тоудайдзи сияқты iрi ғибадатханаларда, сакура гүлдеген шақта Оукай (сакура кеңесiн) өткiзу дәстүрi болған. Елдiң бетке ұстар азаматтары мәжiлiстiң бұл түрiн Киотакиэ деп те атаған. ХVII-ХIХ ғасырдағы Эдо дәуiрiнде Сакурамачи деген император болғаны аян. Шын есiмi Тэрухито аталған ел басшысын халық "Сакурамачиинбоучюгокайвака", "Сакурамачиингошю", т.б. өлең кiтаптары үшiн Сакурамачи деп атап кеткен деседi. Қасиеттi ағашқа вака, хайку арнаған даңқты тұлғалардың бiрi – Сакурамачиночюнагон. Фудзивара руынан шыққан Шигэноридi ел осылай атапты. Оның сакураны сүйгенi соншалық, көктемде алқызыл сакура гүлдерiнен сарайы көрiнбейдi екен. Өмiр бойы сакураны жырлап өткен самурайдың бiрi – Хиджиката Тошидзоу (1835-1869). Оның "Тойотама хайкушю" деген жыр жинағындағы 41 хайкудың 30-ы көктем гүлiне арналған. Хишиката жырлаған атақты Маруяма тауындағы сакура бағы ХIХ ғасырдың соңындағы соғыстан кейiн қурап қалған екен. Сакураноишя (сакура дәрiгерi) деген атқа ие болған Сайноу Тоуэмон жаңадан көшеттер отырғызып, бақтың қайта гүлдеуi үшiн барын аямапты. "№15-шi сакура шырақшысы" ретiнде ел бiлген Сайноу Тоуэмонның сакурасын бүгiнде ұрпақтары саялауда. Қасиеттi ағаш атауын негiз еткен Сакураи, Сакураучи сияқты ру аттары бар. 1981-1982 жылдары Сыртқы iстер министрi болған Сакураучи Йошионың да атқарған еңбектерi ел жадында. АСУ ДА, АСУ БЕЛ ЕКЕН Дүниежүзiндегi ең үлкен жанартаудың бiрi Коношима қаласындағы Сакурадзима. Нара префектурасындағы қала мен Осаканың Солтүстiк Шығысындағы елдi мекен Сакураи (сакура құдығы) деп аталады. Жапониядағы Сакурадаймон – Ұлы сакура қақпасы, Сакура университетi, аралдар, ауылдар, тау мен бұғаз, Сакурагава өзенi, Сакурашинмачи қаласы мен Сакурадзака деп аталатын бiрнеше асу мен Сакураока деп таңбаланатын төбелердi, жоталарды, белдердi қосқанда 90-ға жуық топонимдi тiзуге болады. Олардың арасында көп бөлiгiн тау, төбе, асу, жоталар алып жатыр. Байырғы заманнан сақталған жер-су атауларын жапондар өзгертпек емес. Бұл да болса, ұлттың ұлылығын сақтаудың бiр принципi ғой. ЖАЛ-ЖАЯНЫ САКУРАНИКУ ДЕЙДI Башюнроу, сакураскияки, сакуранаттоу, сакуранабэ, сакурастэки… Құрамында сакура иероглифi бар елуге жуық тағам атауларының бiр парасы осы. Бұлар тек жылқы етiнен әзiрленетiн тағамдар. Жапондар жылқы етiн сакуранику (сакураның етi) деуiнде үлкен мән бар. Қабанның етiн ботаннику (пион гүлiнiң етi) дегенi болмаса, басқа ешбiр ет өнiмiне қатысты өсiмдiк атауы қолданылмайды. Барлық малдың етi қызыл түске қатысты ғой. Бiрақ неге жылқының етiн ғана сакуранику дейдi? Бұл да Күншығыстағы өркениеттiң Сақ өркениетiмен үндес екендiгiн көрсететiн дәлелдiң бiрi. Ет тағамдары қазiргi жапонның ас мәзiрiнiң азғантай бөлiгiн құраса да, бұл елдiң ғалымдары адам өмiрiн ұзартатын экологиялық таза тағамның бiрi жал-жая деген пiкiр айтады. Токиодағы "Денсаулыққа пайдалы тағамдар орталығы" атауында сакурасы бар өнiмдердi насихаттаумен айналысуда. Өсiмдiктiң өзiне келсек, сакура гүлдегенде жапондар жақын адамдарын сакурачя (сакура шайына) шақырады. Бiрақ бұл да кейiнгi кезде ұмытылып бара жатқан дәстүрдiң бiрi. Жапон ботқасының бiр түрi сакурагаю деп аталса, ағаштың гүлдерi әбден түсiп болған кезде сакураю деген емдiк сусын қайнатады. САКУРАНЫҢ ТАРИХЫ – САМУРАЙДЫҢ ТАРИХЫ "Кокинвакашю", "Манъйосю", "Хэйкэмоногатари" тәрiздi көне әдеби жинақтарда көркем ойларға өзек болған сакура қолөнер туындыларында да өрнектелген. Әсiресе Тоу, Хэйан, Камакура династиялары тұсындағы самурай саймандарынан сакура оюын жиi кездестiремiз. Алтын жiппен бедерленген сауыт пен ер-тұрман Жапония Мемлекеттiк мұражайына келушiлердi өзiне анадайдан тартады. Яматоэ – Ежелгi Ямато (Жапонияның көне атауы) бейнелеу өнерiнен Сакура һәм Самурай тақырыбындағы туындыларды табамыз. Назар Камакура дәуiрiнен жеткен Амидабосацудың мифологиялық бейнесiне түскенде, "Хаярайгоу" деп аталатын бұл суреттегi сакураның Көк пен Жердiң арасын байланыстырып тұрған тылсым бiр ғажап дүние екенiн ұққандай болдық. Әсiресе мұражайдағы сакура өрнектелген өмiлдiрiк пен ер-тұрманнан Орта Азиялық шебердiң қолтаңбасы анық байқалады. Одан соң жол тартқан Хиросимадағы Ицукушима ғибадатханасынан салмағы 30 келi болатын "Кодзакурагаваодошийорой" деп аталатын самурайдың сауыт-сайманындағы сықасқан кестелi гүлдер затының денiн алтыннан жасалған Сақтың саф өнерiн көз алдыға әкелдi. Ежелгi Шығыс пен Батыстың бейнелеу өнерiнiң басты айырмашылығы неде десек, Шығыс суретшiлерi ренессанстық Еуропадағы қылқалам иелерi тәрiздi кiсi бейнесiн кескiндеуге әсте әуес болмаған. Батыс бейнелеу өнерiнде Христосты емiзiп отырған Мария тәрiздi кiсi бейнесiндегi туындылар көп болса, Шығысқа символикалық өнер тән. Әртүрлi хайуанаттар, өсiмдiктердiң сан-алуан стильдегi бейнелерiн сарай қабырғаларынан, үңгiрлерден, жартастардан табамыз. Жапонияда алтын фольгамен қапталып, майлы бояумен салынған "Сурет галереясы" деп танылған үңгiрлер ұзақ уақыт кiсi көзiнен жасырын сақталды. Күншығыс аңызында Тойотама Хидэйоши жалғыз ұлына арнап жасатты делiнетiн Киотодағы "Чишякуиннiң" тұтас қабырғасында алып сакура бейнеленген. Ал ертедегi Момояма кезеңiнде салынған "Сакурадзу" ше? Бүкiл қабырға алтын фольгамен қапталған, ал сакураның аппақ гүлдерi таза күмiспен бедерленген. Ежелгi суретшiлердiң шеберлiгiне қалайша тағзым етпессiң? Алтынмен апталып, күмiспен күптелген "Сакурадзудың" атворы Кюдзоу – Шығыс тарихындағы ұлы шеберлердiң бiрi. Момояма дәуiрiндегi ұлы қылқалам иесi Каноуми Цунобу (1565-1608) есiмi де тарихта сакурамен сақталған. Оның туындыларын Токиодағы Санторий мұражайынан тамашалауға болады. Ежелгi жапон суретшiлерi өз туындылары арқылы сакура – гүлденген өмiр, сакура – өркендеген тiршiлiк, сакура – жұмақ деген идеяны айтып тұрғандай. Башйоу, Рйоукон сияқты ақындар жырлаған сакура укийоэ (жалған дүние көрiнiстерi жанры) туындыларында, қыш ыдыстарда, шйодоу (каллиграфия), макиэ (алтынмен, күмiспен өрнектелген жазу), т.б. өнердiң сан саласында айшықталып, өрнектелiп, сұлулықтың тылсым сырын таңбалап тұрғандай. Әйгiлi "Гэндзи моногатаридiң" көне суреттi картасында жапон гүлiнiң ямадзакура және яэдзакура деген қос түрi "Гүл мейрамы" деген тақырыппен бейнеленген. Аталған туындылардың барлығы мәдени қазына ретiнде мемлекеттiң ерекше қорғауына алынған. ЖАТҚА КЕТКЕН ЖАПОН ҚЫЗЫНЫҢ АРМАНЫ Токиодан шығатын "Сарай" (жапон тiлiнде керуен деген мағына бередi) журналының 2008 жылғы бiр санында американ жiгiтiне тұрмысқа шыққан жапон қызымен сұхбат жарияланыпты. 1966 жылы Калифорнияға барған Дзэйко суретшiмен отбасын құрып, фамилиясын Прайс деп жаздыртады. Бүгiнде Калифорнияның Сурет галереясында қызмет iстейтiн Дзэйко Прайс "Сарайдың" журналисiне жан-дүниесiн жайып салыпты. "Мен сакураның иiсiн сағынамын. Осыдан 130 жыл бұрын Жапониядан арнайы апарылған сакура ағашы Америкада әлi күнге өсiп тұр. Бiрақ американдықтар көктем шуағымен айналаға әсемдiк сыйлайтын сакура ғана емес, жалпы гүл деген сұлулыққа селт етпейтiнiне көзiм жеттi. Сакураны жапонның жан-дүниесiнен бөлiп қарауға болмайды. Мен осыны жат жұртқа кеткенде түсiндiм. Менiң жанымның бiр бөлшегi сакурамен бiрге туған жерiмде қалып қойғандай. Америкадағы сакураны талай көргенмiн. Неге екенi белгiсiз, туған жерiңдегi сакурадай әсер бермейдi. Зейнет жасындағы менiң бiр ғана арманым бар – туған ауылыма барып, көктем гүлiн бiр иiскеу", – дейдi алыстағы жапон қызы. САКУРА ГҮЛДЕГЕНДЕ… Жапонияда жаңа оқу жылы басталады. 1 сәуiрден балалар мектепке барады (бұл елде 1 қыркүйек Төтенше жағдайлардың алдын алу күнi). Академиялық оқу жылымен қатар жапондардың жұмысқа кiрiсетiн шағы да осы кез. Сакура гүлдегенде Киотода бүкiл сәуiр бойында Ұлттық Би мерекесi тойланады. Сакура гүлдегенде Өнертапқыштар мерекесi (18 сәуiр) аталып өтiледi. Сакура гүлдегенде Шйоува императордың туған күнi саналатын 29 сәуiрде жапондар Табиғатқа табыну рәсiмдерiн жасайды. Адам табиғаттың бiр бөлшегi ретiнде өсiмдiктер әлемiн аялауға тиiс деген үндеу әр жапонның жүрегiнде. Сакура гүлдегенде…
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы