Әли ӘЛМҰХАМЕТ: ҚАЗАҚ ТА — ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ БIР БӨЛШЕГI

Әли ӘЛМҰХАМЕТ: ҚАЗАҚ ТА — ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ БIР БӨЛШЕГI

Әли ӘЛМҰХАМЕТ: ҚАЗАҚ ТА — ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ БIР БӨЛШЕГI
ашық дереккөзі
256

Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда кәсiби исламтанушылар мен имамдарды дайындайтын бiрден-бiр оқу орны – Нұр-Мүбарак ислам мәдениетi университетi. Осы оқу орнының оқу iсi меңгерушiсi, исламтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Әли Әлмұхаметке жолығып, ислам дiнiнiң дамуы жайлы, осы салада маман дайындаудың ерекшелiктерi жайлы пiкiрiн бiлген едiк.

– Мысырдағы жағдайларға байланысты "Нұр-Мүбарак ислам мәдениетi университетiнiң атауындағы Мүбарак есiмiн алып тастау керек" деген пiкiр айтылуда. Осындай бастаманың көтерiлуi мүмкiн бе?

– Университетiмiз исламтанушы-имамдардан бөлек, заман талабына сай дiнтану, араб тiлi мен әдебиетi, аудармашы және аймақтанушы мамандықтарын меңгерген кадрлар даярлайды. Оқу орнын салу 1993 жылы Президент Н.Назарбаевтың Египетке сапары кезiнде, екi мемлекет басшыларының кездесуiнде келiсiлген. Ол үшiн Алматыдан алты гектар жер бөлiндi. Әйтсе де белгiлi бiр себептермен оқу ордасының есiгiне құлып салынып, бiраз жыл тұрып қалды. Тек 2001 жылы Елбасының қолдауының, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң табандылығы мен ерiк-жiгерiнiң арқасында iске қосылды.

Нұр-Мүбарак тiркесiнiң негiзгi мағынасы iзгi ниеттi бiлдiредi. Мәселен "Нұр" сөзi бiрiншiден, Алла Тағаланың құрметтi есiмдерiнiң бiрi, екiншiден, Нұр – жарық, шұғыла, сәуле деген мағыналарды да қамтиды. "Мүбарак" – араб сөзi, түбiрi – барака, яғни береке, құтты, сәттi, бақытты деген мағынада қолданылады. Сондықтан бүгiнгi таңда жан-жақты: әрi ислами, әрi тарихи, әрi мәдени атауды өзгерту ойымызда жоқ.

Қиын кезең адамзат тарихында болады, бiрақ жақсылық жасампаз күйiнде қалу керек.

– Әли мырза, өзiңiз қызмет етiп отырған Нұр-Мүбарак ислам мәдениетi университетi – исламтанушылар мен имамдар дайындайтын Орта Азиядағы жалғыз оқу орны. Бiлiм ордасы туралы кеңiрек айтып өтсеңiз.

– Оқу орнының қалыптасуына университет проректоры Шамшәдин Керiмнiң сiңiрген еңбегi зор.

Шәкiрт тәрбиелеу барысында мүфтиятпен тығыз қарым-қатынастамыз, ынтымақтаса жұмыс жасаймыз.

Университет ректоры Махмұд Фаһми Хижази – тек өз елiнде ғана емес, күллi араб әлемiне аты мәшһүр ғалым, академик. Ағылшын, француз, немiс, иврит тiлдерiнiң бiлгiрi. Жиырмаға жуық зерттеу кiтаптарының авторы. Малайзияда, Германияда, БАӘ-де қызмет жасаған тәжiрибелi ұстаз. Қазақстандағы оқу жүйесiмен, кредиттiк технологиямен жақсы таныс. Осыған байланысты өзiнiң көптеген әдiстемелiк ұсыныстарын жазған. Бұл кiсiнiң қызметi қазiр жоғары бағаланып отыр.

Оқу орнында "Исламтану", "Араб филологиясы", "Гуманитарлық және жаратылыстану" кафедралары жұмыс iстейдi. Шәкiрттерiмiзге ғылым докторлары, фиһқ маманы Ата ас-Сынбати, араб әдебиетiнiң мамандары Абд ар-Рахман Саад, Мұхаммад Шама, Абдул Хаким Ради, Ридда ад-Дақиқи, Мұхаммад Рызқи сынды ғалымдар дәрiс оқиды. Бұл ұстаздар Египеттiң әл-Әзһар, Каир, Александрия, айн-Шамс университеттерiнен шақыртылған.

Қазақстан тарапынан бiлiктi мамандар, ғылым докторлары мен кандидаттары Ш.Байнеш, Н.Рсалиева, М.Паттеев, А.Әдiлбаев, Қ.Құрманбаев, Е.Ақатаев, Р.Әкiмбеков, т.б. қызмет етедi.

Ал бiздiң университет жыл сайын үздiк студенттерiн Каирдегi араб тiлi орталығына қысқа мерзiмдi тiл ұстартуға жiберiп тұрады. Себебi болашақ мамандар Құран, тәпсiр, хадис, ақида iлiмдерiн түпнұсқадан оқуға әрi бес саусағындай бiлуге мiндеттi. Кезiнде жаппай экономист болуға, заңгер атануға ынтыққан жастардың бұл күнде дiндi үйренуге деген талпынысы қуантады.

– Университеттiң ғылыми-зерттеу орталығы да бар екен. Қазiр ол нақты немен айналысып жатыр?

– Орталық "Араб дерек көздерiндегi Қазақстан" тақырыбында үлкен ғылыми жобамен айналысып, елiмiздiң өткен тарихын зерделеуге таптырмайтын құнды деректердi ғылыми айналымға қосуда. Таяуда проректор, филология ғылымдарының докторы Шамшәдин Керiм бастаған топ Сауд Арабиясы, Сирия, Түркия, Египет елдерiне барып, осында небiр бағалы қолжазбаларды әкелдi. Жыл сайын "Исламтану және араб филологиясы мәселелерi" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiзiп, "Ислам өркениетi, араб тiлiн оқытудың әдiстемесi" iспеттi тақырыптарды талқылау тұрақты сипат алған. "Мәдени мұра" бағдарламалары аясында бұдан да басқа iстер атқарылып жатыр. О баста университет жарғысында айтылғандай, ғылыми жұмыс – бiздiң басты мақсатымыз.

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлi халыққа Жолдауы биыл елдi несiмен елең еткiздi?

– Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз" деп аталатын биылғы Жолдауы ел экономикасы мен бiлiм-ғылымын түбегейлi жаңартуға бағытталған. Мәселен электронды оқыту 90 пайызға артып, елiмiзде бұдан былай магистрлар мен РһD докторлар дайындалады. Бұл – бiлiм берудi жаңа сапа, әлемдiк стандарттарға сәйкестендiрудiң алғы шаралары деген сөз.

Әлеуметтiк сала арнайы инвестиция бөлу арқылы жүзеге асып, халықтың әл-ауқаты жақсара түспек. Инновациялық қызметке көшу туралы ойлары да көпшiлiктi қуантып отыр. Жұмыссыздықты жою мақсатында 161000 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы iлгерi басып, сапалы ауыз су мәселесi шешiледi.

– Ендi елiмiздегi дiни ахуал төңiрегiнде сөз қозғасақ. Тәуелсiздiк алғалы Қазақстан дiни ағымдар мен дiни-идеологиялық топтардың сынақ алаңына айналғандай. Сырттан келген секталарды былай қойғанда, ислам дiнiндегi қазақтардың өзi жiк-жiкке бөлiнiп кеттi. Неге?

– 1992 жылы қабылданған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңның (бұл заң әлi де қолданыста) солқылдақтығы мысықтiлеу миссионерлердiң оң жамбасына келдi. Соның салдарынан атам қазақ атын естiмеген сан түрлi ағым ел iргесiнен тесiк тауып кiрiп кеттi. Көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтар сектанттар мәселесiн айта-айта ауыздары талған. Сондықтан бәрiмiзге белгiлi жайтты терең түсiндiргiм келмейдi. Ал ислам бөлiндi дегенге келiспеймiн. Ислам бiреу ғана. Ислам – бiрлiк дiнi. Ислам алауыздыққа, бөлiнушiлiкке үзiлдi-кесiлдi қарсы. Бұл жайында қасиеттi Құран Кәрiмде айтылған: "Бәрiң түгелдей Аллаһтың желiсiнен мықтап ұстаңдар және ешқашан да жiктерге бөлiнбеңдер!" (Әли Имран сүресi, 3/103) Мұсылманбыз деп жүрген кейбiр ағымдардың исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ислам атын жамылған терiс идеялардың көбiн 90 жылдары шетелдерде оқып, жат ағым ықпалына түсiп кеткен өз жастарымыз әкелген. Бұларға қарсы балама ретiнде iштен шыққан терiс ағымдар да бар. Бiз қазiр оларға мұқтаж емеспiз. Дiни бiлiмдi алыстан арбаламай-ақ, ата-бабамыздан қалған Әбу Ханифа мазһабына сәйкес өзiмiз даярлаймыз. Университеттегi египеттiк ұстаздар да осы бағытты ұстанады. Жалпы, елiмiздегi ең iрi екi дәстүрлi дiн – ислам мен православиеден өзге ағым-секталарға тосқауыл қоюға тиiспiз. Ол үшiн алдымен "Дiн туралы" Заңға өзгерiс енгiзуiмiз қажет.

– Жат ағымдардың үгiт-насихаты да мықты. Мысалы "Иегова куәгерлерi", "Жаңа жол" сектанттары көшеде, қоғамдық көлiктерде кiтаптарын тегiн таратады. Ата дiнге ендi бет бұра бастаған халыққа ислам насихаты тұрғысынан неге осындай жеңiлдiктер жасалмайды?

– Жақында ҚМДБ бастамасымен мешiттерде тегiн кiтап тарату қолға алынды. Өткенде маған Таугүл мешiтiнiң имамы келiп, Халифа Алтай ақсақалдың аудармасындағы Құран кiтаптарын тегiн тарата бастағанын айтты. Кейiнгi кездерi дiни кiтаптар сыртына "Алла разылығы үшiн сатуға болмайды!" деп жазылатын болған. Әрине, кемшiлiк жоқ емес. Қаржы тапшылығы кесiрiнен ондай-ондай келеңсiздiктер бары рас. Ал сiз айтқан секталардың артында үлкен қаржылық топтар тұрғанын ұмытпайық.

– Кiтап дегеннен шығады, қазiр түрлi мазмұндағы дiни әдебиеттерден көз сүрiнедi. Ислам атын жамылған бөгде ағымдар да кiтаптан құралақан емес. Қарапайым халықта солардың бiрiне ұрынып қаламыз ба деген күдiк басым. Дiнтанушы ретiнде жұртшылыққа қандай кiтаптарды таңдауға кеңес бересiз?

– Дұрыс сұрақ қойдыңыз. Дiни кiтаптарға келгенде азаматтарымыз өте сақ болуы керек. ҚМДБ жанында Ғылыми-сараптамалық кеңес бар. Сол кеңес кiтаптарды арнайы сараптамадан өткiзiп, терiс идеялардың өтiп кетпеуiн қадағалап отырады. Мазмұны Әбу Ханифа мазһабына сайкес келсе ғана басуға рұқсат етiледi және кiтаптың iшкi мұқабасына "Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Сараптау комиссиясы мақұлдаған" деп қолмен қойғандай анық жазылады. Мiне, осы Сараптамалық кеңестiң сүзгiсiнен өткен кiтаптар қауiпсiз. Негiзiнде дiни сауаты бар адамдар кiтаптың ақ-қарасын өздерi ажырата алады.

– Кейiнгi кездерi қабiр қирату фактiлерi жиiлеп кеттi. Бұл не өзi? Бұрын-соңды болмаған сұмдық әрекетке бару кiмдерге тиiмдi?

– Ислам дiнi бойынша көзге қораш көрiнiп, құлаққа ерсi естiлетiн зиянкестiк жасау дұрыс емес. Қабiрлердi кiм қиратып жүргенiн ашық айта алмаймыз, ол бiздiң мақсат емес. Қабiр – басқа әлем. Өлген адамның басына кiрпiштен қалап зәулiм зират орнатуға, мүсiн-сурет қоюға болмайды. Ол дiнiмiзге жат нәрсе. Ер адамның қабiрi шынтақ бойынан аспауы керек, ал әйел адамның қабiрi жермен-жексен жатуы тиiс. Қабiр басына тал егуге, мал-жан таптамасын деп қоршап қоюға болады. Iздеушiлер адаспас үшiн марқұмның аты-жөнiн жазуға да тыйым жоқ, дегенмен жазбаған абзал. Марқұмның басына алтын қойсаң да, о дүниеде оған еш пайда әкелмейдi.

– Нұр-Мүбарак университетiнiң оқу-әдiстемелiк жұмысы туралы не айтасыз?

– Ақпараттық ағынның жаңару жылдамдығы, интеллектуалдық әлеуеттiң артуы, әлемдiк бiлiм кеңiстiгiнде бiлiм жүйесiн интеграциялау, қатаң бәсекелестiк, оқытудың кредиттiк жүйесi – университеттегi оқу-әдiстемелiк ағымды ұйымдастыруды талап еттi.

Әрине, оқытудың классикалық әдiсiн жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен бiлiмпаздың өз бетiнше бiлiм алуы, iзденуi, өзiндiк оқыту әдiсiн таңдау мүмкiндiгi, оқытушылардың рөлiнiң өзгеруi, бiлiмпаздың басымдығы оқытудың жаңа инновациялық әдiстерiн талап еттi. Оқытудың көптеген инновациялық әдiстерi интерактивтiк әдiстемелермен (кейс-стади, iскерлiк ойын, презентация, т.б) байланысты.

Университетте студенттердiң бiлiмiн бағалау баллдық-рейтингтiк жүйемен жүргiзiледi.

Студенттердiң үлгерiмi сабақтардағы жауап беру, үй тапсырмасы, студенттердiң өзiндiк жұмысы, аралық бақылау, т.б. оның жылдық үлгерiмiн анықтайды. Осы орайда апта сайын бағалау жүйесi енгiзiлуде.

Бiлiмгерлердiң машықтану сабақтарын, өндiрiстiк iс-тәжiрибеден өтуiн қамтамасыз ету мақсатында университет оқу орындарымен келiсiм шарт жасасқан.

– "Қазақ исламы" терминiне қалай қарайсыз?

– Алла тарапынан жер бетiне түсiрiлген ең соңғы кiтап – Құран Кәрiм. Бұдан кейiн ешқандай кiтап түспейдi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) – ең соңғы пайғамбар. Араб исламы да, қазақ исламы да, өзбек исламы да жоқ. Алла Тағала бүкiл адамзат баласына жiберген бiр ғана ислам бар. Бiз болсақ ислам әлемiнiң бiр бөлшегiмiз. Сондықтан хақ дiнiмiздi ұлттарға бөлу надандық әрi күпiрлiк.

– Ғылыми халықаралық байланыс жұмысы туралы тоқталсаңыз?

– Университет бiлiм алушылардың болашақта ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына, ғылыми потенциалын арттыруына, ой-өрiсiнiң жан-жақты дамуына, сонымен қатар көпсалалы үздiксiз бiлiм беру "бакалавриат-магистратура-докторантура" жүйесiн қалыптастыруда. Университет 2 мамандық бойынша iзденушiлер дайындайды. Жаңа оқу жылынан бастап Шетел филологиясы және дiнтану мамандықтары бойынша докторантура ашылады.

Нұр-Мүбарак университетi өз тәжiрибесiнде 10-нан аса алыс және жақын шетелдермен, онын iшiнде Египет, Малайзия, Турция, Ресей жоғары оқу орындарымен халықаралық қатынас жасауды дәстүрге айналдырған. Мұндай байланыс шартты түрде қойылған мiндеттердi орындауға мүмкiндiк бередi.

Соңғы 4 жылда Каир, Әл-Әзһар, Айн-Шамс университеттерiмен (Египет) жасалынған келiсiм шарт негiзiнде жетекшi мамандарды шақыру, оқытушылардың, магистранттардың және студенттердiң стажировкаларын және тәжiрибе алмасу iс-сапарларын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жандандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

– Ислами оқу орындарында көп жылдан берi қызметтесiз. Дiнге келуiңiзге кiмдердiң ықпалы болды?

– Әулетiмiз ислам дiнiн ұстанып, сол жолда еңбек етiп, керек десеңiз, сол жолда қуғын-сүргiн көрдi.

Атамыз Оспан қари (лақап есiмi-Бұлбұл қари) – қазақ тарихында белгiлi дiни тұлға.1894 жылы Семей губерниясында дүниеге келген. 1906-1908 жылдары Лепсi уезiндегi медреседе кейiн Уфадағы "Ғалия" медресесiнде дәрiс алып, ұзақ жыл мешiт-медреселерде бала оқытқан.

1937 жылы саяси қуғынға ұшырап Қытай елiне ауып, Шауешек қаласындағы мешiтте бас имам, дiни қазиаттық соттың төрағасы болған.

Жазушы Қ.Жұмадiлов "Соңғы көш" еңбегiнде дiни қайраткерлердiң iшiнен Оспан қариды атап көрсеткен.

Туған әкем Ғабд-Рауф – Үржар, Аякөз қаласындағы мешiттерде бас имам қызметiн атқарған.

Әкемнiң ағасы Ғабд-Уадуд( Баду) – Таскескен ауданындағы мешiтте бас имам болған. Әкелерiме өте ризамын, өйткенi менi кiшкентайдан медреселерге берiп, арабша оқытып, дұрыс бағыт-бағдар берiп тәрбиеледi. Алла Тағала ол кiсiлердi рахметiне бөлесiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескендер Күлпара ЖҰМАҒАЛИ, Еркебұлан НҰРЕКЕШ

Серіктес жаңалықтары