ТӘЖ-МАХАЛДЫ ТҮСIНДЕ КӨРГЕН ЖИҺАНГЕЗ

ТӘЖ-МАХАЛДЫ ТҮСIНДЕ КӨРГЕН ЖИҺАНГЕЗ

ТӘЖ-МАХАЛДЫ ТҮСIНДЕ КӨРГЕН ЖИҺАНГЕЗ
ашық дереккөзі
245

«Шiркiн, жаһанды жаяу кезсем, әлемнiң түкпiр-түкпiрiне сапар шексем ғой» деген арман адам бiткеннiң қиялында ғана шығар деп ойлаушы едiм. Сөйтсем, ол қиялды орындауға да болады екен. Әрине, ұшақ арқылы дүниенiң төрт бұрышына сапар шегiп келiп жатқан қалталылар бар шығар. Бiрақ бұл күндерi әлемдi жаяу-жалпы немесе велосипедпен аралаған қазақ туралы естiп көргенiмiз жоқ-ау, сiрә. Ал қоңыр ауылдан шыққан қазақтың қарапайым ғана ақсақалы, жасы алпыс бестi еңсерген Түгелбек Қасымұлы әлемнiң бiрнеше мемлекетiн велосипедпен аралап шығыпты. Шаршамапты. Шаршау былай тұрсын, әлi де көрмеген көп жерлер бар деп ширығады ағамыз.

Жиһангез ата Азиада алауын алып жүгiрiптi. Тiптi тұтатқан алауын өз қорабына салып, редакцияға ала келiптi. Түгелбек атаға "отырыңыз" деп орындық ұсынып едiм, "Түрегеп тұра берем" деп бас тартты.

– Неге түрегелiп тұрсыз? Отырмайсыз ба? – деп сұрадым.

– Адамның ұзақ жасауының құпиясы – отырмауында, яғни оның үнемi қозғалыста болуында. Ешқандай кедергiсiз жұмыс iстеу керек, – деп әңгiмесiн бастады вело-жиһангез.

– Тамақ iшкен кезде не iстейсiз?

– Тамақ iшудiң өзiнде де есептелiнген дүниелер болу керек.

– Бұл қағидалардың бәрiн қалай қалыптастырдыңыз? Әлде кiтаптардан оқыдыңыз ба?

– Белгiлi ғалым Колгрет ашығу арқылы ұзақ жасаудың құпиясын ашыпты. Атақты қызметкерлер, атақты актрисалар көп отыратын болғандықтан, кездесулерде жиi болатындықтан, олардың денсаулығы тез сыр бередi екен. Сондықтан адам бiр орында ұзақ отыратын болса, қимыл-қозғалыссыз болса, онда қан айналымы дұрыс жұмыс iстемейдi. Адам – табиғатпен тiкелей байланысты. Негiзiнен күндi, айды неге сөнiп қалмайды десек, үнемi қозғалыста, бiрiне-бiрi тартылыста жүредi. Адамдар да сондай, бiр-бiрiне тартылады. Бiрақ олар бiрiн-бiрi ұқпайды. Содан кейiн ел мен елдiң арасында соғыстар болады, адамның психологиясы бұзыла бастайды. Жалпы, адамның өмiр сүру жасы 200-ге дейiн жету керек. Алғашқы адам пайда болған кезде, яғни Адам ата мың жыл ғұмыр кешкен екен.

– Сiздiң жасыңыз қаншаға келдi?

– Қазiр мен алпыс беске келдiм. Мұны жай баланың жасы деуге болады. Алдымызда әлi жүз жыл өмiрiмiз бар деуге болады. Бiрақ қазiргi өркениет, дамыған техника, табиғатпен бiздiң тiл табыса алмауымыз, табиғатқа зиян келтiрулердiң бәрi – адамдардың ұзақ жасауына кедергi келтiрiп жатыр. Адамды адам сыйламайтын шаққа жеттiк. Оның бәрi қызмет бабындағы адамдарда көбiрек болады. Қызметте адамдардың бәрi бiрдей болу керек. Қызметтiң үлкен-кiшiсi болмайды деп ойлаймын. Адамдар бiрiн-бiрi сыйласа, бiрiн-бiрi түсiнсе, бейбiт қоғам орнайды.

– Қанша жасыңыздан бастап жиһанды кезе бастадыңыз?

– "Адамның ұзақ жасауының негiзi – қозғалыста" деген қағиданы ұстанып, жиһангездiк жолға түстiм. Қозғалыс – қанды тазартады. Адам ауырса, ең алдымен қанын тексертпей ме? Сондықтан қанның таза болуы үшiн үнемi қозғалыста болу керек. "Қазақ атқа мiнедi" деймiз. Бiрақ аттың үстiнде адам қозғалмайды. Қозғалмағаннан кейiн, қан айналымы дұрыс жүрмейдi. Содан кейiн жүрекке көбiрек күш түседi. Адам дұрыс терлемейдi. Дұрыс тер шықпағаннан кейiн адамның клеткалары ашылмай, өледi. Өлген клетканы қалай тiрiлтуге болады?! Оны терлету арқылы тiрiлтедi. Тер арқылы адамның бойындағы тамақтан пайда болған арам улар шығады.

– Велосипедпен қанша мемлекеттi араладыңыз?

– Әлемнiң 35 мемлекетiнде болдым.

– Кедергiлер болмады ма?

– Жоқ. Визаны Сыртқы iстер министрлiгi алып бередi. Бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев беретiн, қазiр Қанат Саудабаевтан алам. Визаны мемлекеттiң қашықтығына қарай үш айға ашып бередi. Жол бойы елшiлiктерге хабарланады. Индияға барғанымда, елшiлiктердiң өздерi алып жүрдi. "Қасыңызда жүрмесек болмайды, әйтпесе сiздi көшеде қағып кетуi мүмкiн" деп, елшiлiктегiлер қасымда болды.

– Өз елiңiзде емес, өзге елдiң аймағында көп жүресiз. Сыртта жүргенiңiзде велосипедiңiзде ақау болып, бұзылып қалғандай жағдайлар болмады ма? Велосипедiңiз сынып, орта жолда қалып қоймадыңыз ба?

– Ондай жағдайлар бола бередi.

– Ондай кездерi қалай ауыстырасыз? Өзге мемлекетте жүрсiз ғой…

– Бiр рет Түркiменстанға барғанымда велосипедiм бұзылып қалды. Ашхабадтың орталық көшесiнде отырып, темiр-терсек әкеп, жөндеуiме тура келдi. Бiрдеңе қып жөндеп алғаныммен, Иранға баруға ол велосипедiм жарамай қалды. Ираннан ары қарай Меккеге өтуiм керек болатын. Бiрақ ол жақтағы қазақ елшiлiгiне өтiнiштi тапсырғаныммен, олар маған: "бiр ай тосасыз" дедi. Сосын ары қарай бара алмадым. Жалпы, мен екi рет Иранға сапар шеккенiммен, ары қарай Араб елдерiне бара алмадым. Ол жаққа велосипедпен саяхатшыларды кiргiзбейдi екен. Сосын мотоцикл мiнгендердi жiбермейдi екен. "Меккеге тек ұшақпен ұшып келiңiз, жаяу кiргiзбеймiз" дедi. Қазiр "экстремизм, терроризм" деген сөздер жиi айтылып кеттi ғой. Сол үшiн жалғыз-жарым адамдардан қорқады екен.

– Ал Еуропа мемлекеттерiне сапар шегiп көрдiңiз бе?

– Белоруссия мен Польша арқылы Германияға жеттiм. Одан кейiн Францияда болдым. Парижден ары қарай, француздардың бiрнеше қалаларын аралап, төрт күндей жүрiп өттiм.

– Жиһан кезiп, әлемдi аралаудағы мақсатыңыз не? Әлде мұны "хобби" деймiз бе?

– Басқа мемлекеттердiң адамдарының бiзден өзгешелiгi бар ма? Ерекшелiгi болса, қандай? Қазақ дейтiн халықты бiле ме екен? Үйренетiн бiрдеңе бар ма? Соның бәрiне жауап iздеуге тырыстым.

– Көрген-бiлген дүниелерiңiздiң бәрiн қойын дәптерiңiзге түртiп жүрсiз бе?

– Әрине. Түртiп жүрген дүниелерiмнiң бәрiн қағазға түсiрiп, бiр кiтап етiп шығардым. Ақпарат министрлiгi шығарып бердi. Ендi екiншi кiтабым шыққалы тұр.

– Өзге мемлекеттiң адамдары велосипед мiнген жат елдiктi көргенде таңданбады ма?

– Таң қалатын. Үндiге, Пәкiстанға барғанымда, мен туралы естiп, газет-телеарна журналистерi келiп сұхбат алды. Баспасөз беттерiне шығарды.

– Сiзден не туралы көбiрек сұрайтын едi?

– Өздерi туралы көбiрек бiлгiсi келетiн. "Бiзде не қызық бар екен? Таң қалдырған дүние көрдiңiз бе?" деп сұрады үндiлiк тiлшiлер менен. Ғажайыптар көп қой. Бiрақ соншалықты таңдай қақтыратын дүние көрдiм деп айта алмаймын. Ол мемлекеттiң кедейлiгiне таң қалуға болмайды. Үкiметтiң оларға жәрдем жасай алуы мүмкiн емес. Өйткенi халық өте көп. Үндiстан туралы оқып-бiлгенiмдi айтып бердiм. Үндi киноларын жас кезiмiзден көрiп өстiк қой. Радж Капурдан бастап, бар бiлетiнiмдi айттым.

– "Кубаға барам" деген екенсiз. Ол ойыңыз орындалды ма?

– Кубалықтар менiң өтiнiшiмдi дұрыс ұқпай қалды ғой деймiн. Олар маған: "Сiздi ертiп жүретiн адамдар бөлемiз, арнайы дәрiгерлер болады" деп, соған қаржының мөлшерiн көрсеттi. Оған менiң қаржым қайда? Мен велосипедпен жүрген адаммын.

– Сонда сiз "ер азығы мен бөрi азығы жолда" деп жүрсiз бе?

– Өзiңе сенесiң, сосын Алла Тағалаға сенесiң. Жүрегiңе сенесiң. Бiрақ жолда сенбейтiн адамдар да кездеседi. Ондай адамдар барлық жерлерде бар.

– Ондай да адамдар кездестi ме сiзге?

– Талай кездестi ғой.

– Қауiп-қатерден қалай құтылдыңыз?

– Шыныққан адаммын ғой. Ондай сенiмсiз адамдарды амандасқанының өзiнен-ақ қандай екенiн бiле қоясың.

– Тонаушылар ше? Ондай оқиғалар кездестi ме?

– Тонағанда, менде қайбiр басы артық зат болушы едi?! Тамақ та болмайды.

– Жиһан кезiп жүрiп, осы кезге дейiн қанша велосипед ауыстырдыңыз?

– 26 велосипед. Жылына екi рет ауыстырамын. Бiр сапардан кейiн ол велосипедпен қайта шығуға болмайды.

– Велосипедтi қайдан сатып аласыз?

– Жапония мен Қытайдың сапалы велосипедтерiн сатып аламын. Одан бөлек, елiмiзде қандай жақсы велосипед бар. Соны алуға тырысам.

– Қазiр қай елге баруды жоспарлап жүрсiз?

– Ендiгi мақсатым – Тәуелсiздiктiң 20-жылдығына орай, Шенген визасына кiрген елдердi аралап қайтсам ба деген арманым бар.

– Жолақыңызды кiм көтередi?

– Демеушiлерiм болады. Осы жолғы сапарыма демеушi iздеп, Астана қаласының әкiмi мен Алматы қаласының әкiмiне хат жiбердiм.

– Сонда жиһан кезуге қай уақыттарда шығасыз?

– Мен қазiр мұғалiммiн. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жамбыл ауылында Жамбыл атындағы орта мектепте математика пәнiнен сабақ берем. Зейнеткерлiкке шықсам да, екiншi жыл сабақ берiп жүрмiн. Өйткенi математика пәнiнен сабақ беретiн мамандар аз болып жатыр. Сондықтан менi шақырып алды.

– Үнемi ел кезiп, жер кезiп жүргендiктен, түсiңiзде де сол елдердi көретiн шығарсыз…

– Мiндеттi түрде менiң баратын елiм түсiме кiредi. "Үндiстанға барсам" деп тоғыз жасымда қиялдаған едiм. Тоғыз жасымдағы арманымды елу тоғыз жасымда жүзеге асырдым. Әуелi Таж-Махалды түсiмде көрдiм. Түсiмде көрген Тәж-Махалыма өңiмде қолым жеткенiне қуанам.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары