ҚЫРҒЫЗСТАН ҚҰРЫЛТАЙҒА ҮМIТ АРТАДЫ
ҚЫРҒЫЗСТАН ҚҰРЫЛТАЙҒА ҮМIТ АРТАДЫ
Осыдан бiраз бұрын америкалық "Уолл-стрит джорнал" газетi әлемдегi ереуiлшiл мемлекеттердiң тiзiмiн жасаған рейтингiн жариялады. Рейтинг өлкелердегi әлеуметтiк әдiлетсiздiк, көтерiлiске бейiмдiлiк және азық-түлiк алуға кететiн шығындар бойынша белгiлердi негiзге алған. 100 пайыз көрсеткiшпен бiрiншi орынды Кения, екiншi орынды Камерун (94,5%), үшiншi орынды Пәкiстан (90,8%) иеленiптi. Тiзiмде ТМД мемлекеттерiнен Әзiрбайжан, Өзбекстан, Грузия, Түркiменстан, Украина, Беларусь, Қазақстан және Ресей бар. Ең қызығы, аты аталған 85 мемлекеттiң iшiнде Қырғызстан жоқ екен.
Рас, Қырғызстан өз дамуында парламенттiк жолды таңдап алып, алғашқы түренiн салды. Бiрақ дәнiн еккенмен, жемiсi қандай болады, оны мезгiл көрсетпекшi. Дәл осы күндерi билiктiң үш бұтағы: президент, парламент және үкiмет бойларын түзеп, республиканың тiк тұрып кетуi үшiн әрекеттер жасауда. Сiрә, рейтинг түзгендер осы көрiнiске көңiл аударған болар. Бiрақ ендi ғана жапырағын жайған ағашты құрт жеп жатқан жоқ па…
Бұлай деп айтуға себептер жоқ емес. Еске сала кетсек, билiктiң негiзгi ұйытқысы Парламент бес партиядан жасақталған. "Атажұрт" партиясы, Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) және "Республика" партиясы көпшiлiктiң коалициясын құрып, Жоғарғы кеңестi де, Үкiметтi де, негiзiнен осылардың өкiлдерi басқарып отыр.
Оппозициялық "Атамекен" партиясының белдi мүшелерiнiң бiрi, депутат Равшан Жээнбеков Парламенттiң қазiргi iс-әрекетiне наразы. "Билiктiң халық алдында ашық-айқын болуын сөз етпегеннiң өзiнде, кадрларды жұмысқа қою Бакиевтiң уақытындағыдай әдiстермен жүруде. Коалицияның iсiн нашар деп бағалаймын. Үш партия бiр-бiрiне коалиция емес, оппозиция болып шықты. Бiреуi бiр заңды ұстанса, екiншiсi қарсы шығады", – деп жетекшi партияларды сынға алды.
Ал ендi, Парламенттегi екiншi бiр оппозицияшыл "Ар-Намыс" фракциясының басшысы, депутат Феликс Кулов Жоғарғы кеңес екi палатадан тұрсын деген бастаманы көтерiп шықты. Куловтың ұсынысы бойынша, Қазiргi Жоғарғы кеңес төменгi Заң шығару палатасы болып қала бередi. Екiншi – "Елдiк Құрылтай" деп аталған жоғарғы палатаға депутаттарды можаритарлық жүйемен 2,5 жыл мерзiмге елдiң iшiнен, аумақтардан сайлау керек. Өйткенi партиялық таласпен келген қазiргi Жоғарғы Кеңеш жалпы елдiң мүддесiн қорғай алмай отыр. Сондай-ақ "Ар-Намыстың" лидерi президенттiң құзыретiн күшейту керек деп есептейдi. Оның пiкiрiнше, президент өлкенiң iшкi және сыртқы саясатын айқындап, ТIМ-нiң жетекшiсiн және жергiлiктi мемлекеттiк әкiмшiлiктердiң басшысын өзi дербес тағайындауы қажет (Қолданыстағы Конституцияда бұл айтылғандар Жоғарғы кеңес пен Үкiметтiң еншiсiнде). Ф. Кулов бұл Конституциялық өзгерiстердi биылғы күздiң аяғында өтетiн Президенттiк сайлаудың жобаларына кiргiзу мәселесiн депутаттардың талқысына қоймақшы.
Құрылтай елесi Карл Маркс айтқан "Коммунизм елесiндей" Қырғызстан тәуелсiздiктi алған жылдан берi кезiп жүр. 1992 жылы 31 тамызда елдiң егемендiгiнiң бiр жылдығына орай Дүниежүзi қырғыздарының I Құрылтайы ұйымдастырылған. 1994 жылы 21-22 қаңтарда Қырғызстан халқының I Құрылтайы өтiп, оның шешiмiмен Қырғызстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Үкiмет 2010 жылдың 24 наурызында Ынтымақ Құрылтайын ұйымдастыруға қамдана бастағанда, оппозициялық күштер оның алдын алып, 17 наурызда Елдiк Құрылтайын шақырып, өздерiнiң лидерлiгiне ҚСДП партиясынан Роза Отунбаеваны сайлаған.
"Құрылтайлар" сәуiр төңкерiсiне алғышарттарды жасап бердi десек болады. Оппозицияның 6 сәуiрде Талас қаласында өткiзбекшi болған Құрылтайына Үкiметтiң қарсылығы, қару қолданып күшпен басу әрекетi, оппозиция басшыларын қатыстырмау үшiн оларды жаппай қамауға алуы – Бiшкекте халықтың наразылығын тудырып, билiктiң құлауына алып келдi.
Қырғызстанда Құрылтай өткiзу науқаны биыл жерге көк шықпай жатып, қақаған қыста басталып кеттi. Республиканың оңтүстiгiндегi Ош және батысындағы Талас облыстарында өткен Құрылтайлар 25 ақпанда шығыстағы Нарын облысында жалғасты. Оған халқы ең аз осы облыстың өзiнен – 410 делегат, басқа алты облыстан 80 делегат қатысқан. Басқарудың күн тәртiбiнде негiзiнен екi мәселе – елдегi саяси-экономикалық дағдарыстан шығудың жолдары және Құрылтай институтын өлкенiң дамуына бағыт берушi, кадрларға бақылау жасаушы билiктiң бiр бұтағы ретiнде Конституцияға кiргiзу ұсынысы қаралуда. "Құрылтай нағыз елдiк болу үшiн, оны ұйымдастыру iсiне бiр де бiр саяси партияның жетекшiсiн тартқан жоқпыз, – дейдi Құрылтайды өткiзу тобының басшысы, республиканың белгiлi мәдениет қызметкерi Түгөлбай Қазақов, – Бiрақ олардың қатысуына тосқауыл болмаймыз".
Конституцияға Құрылтай институтын кiргiзу бастамасын қолдап жүрген саяси және қоғамдық қайраткерлер аз емес. Олардың бел ортасында өзiндiк жеке ұстанымы бар бұрынғы мемлекеттiк хатшылар Дастан Сарығұлов және Адахан Мадумаров бар.
Жақында ғана ашықтан-ашық Баламалы (Көлеңкедегi) Үкiметтi жасақтаған премьер-министр, "Ақиқат" партиясының көшбасшысы, бұрынғы Сыртқы iстер министрi Аликбек Жекшенқұлов және Елдiк өкiлдер жиыны деп аталған баламалы Парламенттiң төрағасы "Замандаш" партиясының лидерi Мұхтар Өмүракунов та Құрылтай институтын белсендiлiкпен қолдап отыр. Екi лидер де: "Бiз заңды Үкiмет пен Парламенттiң толыққанды iстеуiне қолғабыс жасаймыз, кемшiлiк болса, өз ұсынысымызды бiлдiремiз", – деп мәлiмдедi.
Осы көктемде оңтүстiк облыстар мен солтүстiктiң ортасындағы Сусамыр жайлауында халықтың әртүрлi топтарының, жаңа барлық саяси күштерiнiң қатысуымен Құрылтай өткiзу мәселесiн мемлекет басшысымен мақұлданғанын Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ақматбек Келдiбеков жария еттi.
Бұрынғы шақырылымдағы Жоғарғы кеңестiң бiрнеше дүркiн депутаты, "Бүтiн Қырғызстан" партиясының лидерi Адахан Мадумаровтың Құрылтай институты туралы пiкiрi өзгеше: "Құрылтайда Қырғыз Үкiметiнiң, Жоғарғы Кеңешiнiң және Президентiнiң бiр жылдық атқарған iсiн тыңдап, кемшiлiк тұстарын айтатын шынайы өкiлдер қатысуы керек. Әрбiр ауылдық Кеңестен бiр өкiлдi Құрылтайға сайлау қажет. 20 жылдың iшiнде, не Президент, не Үкiмет, не Жоғарғы Кеңеш халыққа есеп берген емес. Бұл есеп алатын конституциялық орган болуы керек. Елдiк Құрылтай тарапынан сенiмге ие бола алмаған Үкiмет де, Жоғарғы Кеңеш де сол заматта кетуi керек. Президентке сенiм көрсетiлмесе, мезгiлiнен ерте президенттiк сайлауға қамданған дұрыс".
Өлкедегi бұл үрдiске қарсы шыққандар да аз емес. Солардың бiрi "Идеялар орталығы" қоғамдық ұйымының жетекшiсi Асқарбек Асаналиевтiң пiкiрiнше, Құрылтай мемлекеттi басқару жүйесiн анархияға алып келуi мүмкiн.
Ал ендi кейбiреулер бұл дүрмектi биылғы президенттiк сайлауға әзiрлiктiң басталуы, ұпай жинау ретiнде бағалауда. Сайлаудың қай күнi өтетiндiгi жаз айларында Президенттiң жарлығымен мәлiм болады. Белгiлi саясатшылардың iшiнен мемлекет басшысы Роза Отынбаева ғана "Конституцияда көрсетiлгендей, мен президенттiк сайлауға үмiткер болмаймын", – деп сайлауға барудан үзiлдi-кесiлдi бас тартып отыр.
Ендi бiреулер Елдiк Құрылтай институтын көтерiлiс пен төңкерiстердi болдырмаудың бiрден-бiр жолы, созылмалы ауруға айналып бара жатқан ереуiлдердiң әмбебап дауасы деп қарауда.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi