АРАБ ӘЛЕМI: АРАНДАТУ МА, ӘЛДЕ ХАЛЫҚТЫҢ АШЫНУЫ МА?

АРАБ ӘЛЕМI: АРАНДАТУ МА, ӘЛДЕ ХАЛЫҚТЫҢ АШЫНУЫ МА?

АРАБ ӘЛЕМI: АРАНДАТУ МА, ӘЛДЕ ХАЛЫҚТЫҢ АШЫНУЫ МА?
ашық дереккөзі
209

Соңғы кездерi араб елдерiнде орын алған бүлiк дүниежүзiн бей-жай қалдырмады. Әлемдiк сарапшылар көтерiлiстiң себебiн сан-саққа жүгiртiп, түрлi байлам мен пайымдар айтуда. Мысыр, Тунис, Ливия елдерiндегi жергiлiктi билiкке қарсы баскөтерулердiң бiзге беймәлiм тұстарын, әлеуметтiк астарын осы елге бiртабан болса да жақын шығыстанушы мамандар әр тұста айтып жүр. Осы ретте соңғы жылдары Ливияда бiлiм алған дiнтанушы Қайрат Құрманбаев араб елдерiнiң мәдени-әлеуметтiк жағдайына тоқталып өттi.

– Осыған дейiн қаржылық, аймақтық басқару жағынан да ислам мемлекеттерi үлгiге алынатын. Көтерiлiстiң бiрден бiрнеше мемлекетте орын алуына қандай факторлар әсер еттi деп ойлайсыз?

– Басқару жағынан ислам араб мемлекеттерiн кiм үлгiге алып жүргенiн бiлмеймiн. Мен саясаттанушы не саяси сарапшы емеспiн. Дегенмен жазылып, айтылып жүрген деректерге cүйене отырып және араб елдерiнде бiлiм алған дiнтанушы ретiнде өз ойымды бiлдiре кетейiн.

Араб әлемiнде төңкерiске әкеп соғып жатқан көтерiлiстердi бiр ғана себеппен шектей алмаймыз. Кейбiр сарапшылар болып жатқан толқуларды әлемдiк экономикалық дағдарыспен байланыстырады. Менiң ойымша, бұл дағдарыс араб елдерiне айтарлықтай әсерiн тигiзе қойған жоқ. Араб елдерiндегi дүмпулерге себепкер болған негiзгi факторлардың бiрi – билiктiң әлеуметтiк, экономикалық және саяси мәселелердi өз уақытында шешпеуi. Оның iшiнде авторитарлық режимдердiң заң талаптарын аттап өтiп, бұқараның мұқтаждығын аяқасты етуi әлеуметтiк наразылыққа түрткi болды. Яғни билiктiң өктемдiгi, халықтың тұрмыс-тiршiлiгi мен өмiр сүру деңгейiнiң төмендiгi, жұмыссыздық пен жемқорлықтың жайлап кетуi осындай нәтижелерге алып келдi. Бiзде араб елдерi мұнай мен газға бай мемлекеттер ретiнде танылғандықтан, халқының тұрмыс-тiршiлiгi де өте жақсы деңгейде деп бейнеленедi. Бiрақ бұны кейбiр парсы шығанағы елдерiне қатысты ғана айтуға болар, ал Йемен, Солтүстiк Африкадағы араб елдерiндегi жағдай ондай емес. Халықтың әлеуметтiк жағдайы төмен. Қарны тоқ, жұмысбасты халық мұндай қантөгiстерге бармайтындығы белгiлi.

Демек араб елдерiндегi халық толқуын туғызған негiзгi себептердi мына екi себеппен шектер едiм, олар: авторитарлық билiк және әлеуметтiк жағдайдың өте төмен болуы. Бұл жайттарға тасадан тас лақтырып отырғандар мен сыртқы факторлардың айтарлықтай әсерi жоқ. Олар тек кейiннен болып жатқан жағдайды оңтайлы пайдаланып қалуды ғана көздеуi мүмкiн деп ойлаймын. Сол секiлдi дiни топтардың да белсендiлiгiн айту қиын.

– Ислам мемлекеттерiндегi баскөтерушiлердiң денi жастар. Жастардың көтерiлуiне не себеп болды?

– Дұрыс. Болған, болып жатқан наразылық шерулерiнiң негiзгi қозғаушылары – араб жастары. Өйткенi жастар халықтың басым бөлiгiн құраса, елдiң ертеңi де солардың қолында. Араб жастарының тәрбие мен бiлiм алуы өзгелерден ерекше деп айта алмаймын. Себебi араб жастарында да батыстың жасанды мәдениетiне елiктеушiлiк өте басым. Әрi дiндарлық, тәрбиелi болу – құқықтар шектелiп, кедейшiлiкте өмiр сүрiп, елдiң болашағын ойламау деген емес. Экономикалық дағдарыс өршiп, әлеуметтiк тұрмыс тұралап тұрған кезде жұмыссыз қалғандардың көпшiлiгi тепсе темiр үзетiн жастар болатыны аян. Сонымен қатар, баскөтеруге шақырып, халықты қозғауда интернет желiсiнiң рөлi үлкен, ал араб әлемiнде интернет жүйесi өте жақсы дамығандығын әрi оның пайдаланушылары жастар екендiгiн естен шығармауымыз керек.

– Негiзiнен араб мемлекеттерiнде қандай саясат жүргiзiлiп едi? Ел басқаруда қандай артықшылықтар болды?

– Өз басым араб мемлекеттерiнiң ел басқару жүйесiнде артықшылықтар болды және бар деп айта алмаймын. Егер қандай да бiр артықшылықтар болып жатса, саясаттанушылар айта жатар. Бiрақ Араб елдерiнiң мемлекеттiк құрылымы әртүрлi жүйелерге бағынған. Сауд Арабиясы, Оман, Йордания секiлдi бiрқатар елдерде абсолюттiк және конституциялық монархиялық жүйе, Мысыр, Тунис секiлдi бiрқатар елдерде президенттiк-парламенттiк жүйе болса, жалғыз Ливияда халықтық билiк жүйесi орныққан.

– Сiз Ливияда бiлiм алдыңыз. Бұл елдiң билiк органдары, әлеуметтiк, қоғамдық, мәдени, саяси жағдайлары сол кезде қандай едi? Каддафиге халықтың сенiмi жоғары сияқты едi, әлде Тунис пен Египет әсер еттi ме?

– Иә, мен Ливияның астанасы Триполи қаласында 2001-2006 жылдар аралығында оқып, университет бiтiрдiм. Бiз дiни оқу орнында оқығандықтан жалпы саясатқа араласқанымыз жоқ. Бiрақ әрбiр көзi ашық адам жүрген жерiнiң әлеуметтiк, мәдени, саяси жағдайларынан белгiлi бiр деңгейде хабардар болуы керек деп ойлаймын. Бұл елдiң билiк жүйесi сонау 1969 жылы мемлекет басына келген Муаммар Каддафидiң "Жасыл кiтабынан" бастау алатын үшiншi әлемдiк теория ретiнде ұсынылған халықтық билiкке негiзделедi. "Жамахирия" деп танылған бұл жүйеде халық өзiн-өзi басқарады. Каддафи жасыл кiтабында әлемдегi саяси билiк жүйелерiн демократияның киiмiн киген диктаторлыққа теңеп, қатты сынға ала отырып, орнына өзiнiң халықтық билiкке негiзделген билiк жүйесiн ұсынады. Жай ғана ұсынып қоймай, осы идеологиясын экспорттау үшiн жылдар бойы қыруар қаржы бөлiп, осы жолда көп күш жұмсап келе жатқан болатын. Өйткенi ол бұл теориясын ғасырлар бойы саясаттанушылардың қол жеткiзе алмаған бiрден-бiр мiнсiз жүйе ретiнде жариялап, халқын соған сендiре бiлдi. Дегенмен Каддафидiң негiзгi идеологиялық доктринасы теория жүзiнде ғана қалып, халық авторитарлық режимнiң бұғауынан шыға алмады. Қазiргi таңда дұрыс жүргiзiлмеген билiктен ұзақ жылдар тұралаған халық билiктi ауыстыру жөнiндегi саяси реформаларды талап етiп отыр. Әрине, бұған көршiлес Тунис пен Мысырда орын алған көтерiлiстер бастама болғандығы белгiлi.

Ливияда оқыған жылдары Каддафиге қарсы көтерiлiстiң әсерi мүлдем болған емес. Керiсiнше бiрнеше мәрте оны қолдаған шерулер мен халықтық iс-шаралардың куәсi болдым.

Әлеуметтiк жағдайына келетiн болсақ, халықтың тұрмыс-тiршiлiгi кейбiр араб елдерiмен салыстырған кезде жақсырақ. Бұл ел жағдайы Кеңес үкiметi кезiндегi елдердiң жағдайына ұқсайтын. Кеңес үкiметiнде қызыл алаң, қызыл ту секiлдi барлығы қызыл болатын болса, онда барлығы жасыл. Азық-түлiктiң, жанар-жағар майдың бағасы өте төмен болатын. Ерекше атап өтетiн нәрсе, Сахарадағы жерасты суларын елдi мекендерге жеткiзу мақсатында аса үлкен жобалар жүзеге асырылып, халық ауыз сумен толықтай қамтамасыз етiлген.

Ливия – бiлуiмше, жүз пайыз мұсылман елi. Жалпы халықты арабтар мен берберлер құрайды. Мемлекет ұзақ жылдар өзге елдермен қарым-қатынасын үзiп, жабық мемлекет болды. Бұл елдiң материалдық дамуын тежегенiмен, рухани-мәдени жағынан өздерiнiң салт-дәстүрi мен ислам құндылықтарын сақтап қалуға септiгiн тигiзсе керек. Өйткенi өзге араб елдерiмен салыстырған кезде Ливия халқында батысқа елiктеушiлiк, исламға жат түрлi ғұрыптар кең таралмаған едi. Сонымен қатар араб елдерiнiң iшiнде Ливияда Құран Кәрiмдi толық жаттағандардың саны көп-тұғын.

– 2011 жылы Қазақстан 57 мүшесi бар Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. Саяси жағдайлары тұрақсыз болып бара жатқан мемлекеттерге Қазақстан қандай да бiр әсер ете ала ма?

– Қазақстанның бұл ұйымға төрағалығы елiмiздiң әлем елдерiнiң, оның iшiнде мұсылман мемлекеттерiнiң алдында беделiн арттырары сөзсiз. ИКҰ-ның негiзгi мақсаттары – әлемдегi қауiпсiздiк пен халықтар арасындағы ынтымақтастық, экономикалық мәселелердi шешу, адам құқығын сақтау секiлдi бiрқатар мәселелердi қамтитындығы белгiлi. Саяси сарапшылар Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымындағы негiзгi басымдықтар арасында ұйымға мүше елдердiң экономикасын дамыту болуы тиiс дегендi алға тартады. Бұл – орынды. Өйткенi осы ұйымға мүше елдердiң жартысына жуығы дамымаған елдер. Ал экономикасы өркендеген елдерде көбiне келеңсiздiктерге түрткi болатын әлеуметтiк мәселелердiң оңтайлы шешiлетiндiгi хақ.

Қазақстан Араб елдерiнде орын алып отырған саяси тұрақсыздықтарға, ол елдердiң iшкi саясатына тiкелей араласа алмайтын шығар. Дегенмен өз ақыл-кеңесiн бере алады деп ойлаймын.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары