ШЕКТЕУСIЗ ЖҮРГЕН ШЕТЕЛДIК ТЕЛЕАРНАЛАР
ШЕКТЕУСIЗ ЖҮРГЕН ШЕТЕЛДIК ТЕЛЕАРНАЛАР
Қызу талқыға түсiп жатқан "Телерадиотарату туралы" заң жобасы елiмiзде шетелдiк телеарналар мен жергiлiктi телеарналардың құқы тең болуын көздейдi. Бұл туралы таяуда Ақпарат және байланыс министрiнiң орынбасары Нұрай Оразов мәлiмдедi.
Жаңа заң жобасына сәйкес шетелдiк телеарналар бiздiң елiмiзде мiндеттi түрде тiркеуден өтуi тиiс. "Заң жобасындағы шетелдiк телеарналарды тiркеу туралы норма ең алдымен телевизия нарығына қатысатын шетел телеарналары жергiлiктi телеарналармен қатар бiздiң елiмiздiң заңын қадағалау үшiн енгiзiлiп отыр", – дейдi Нұрай Оразов. Министр орынбасарының пайымдауынша бұл толықтыру өзiн-өзi толықтай ақтайды. "Қазақстандық телеарналардың эфирiнде зорлық-зомбылық көрсету көрiнiстерiне, порнографияға, алкогольды сусындар мен темекiнiң жарнамасына тыйым салынса, бұл ереженi кабельдi желi арқылы елiмiзге таратылатын шетелдiк телеарналар да қатаң қадағалауы тиiс", – деп қадап айтты вице-министр.
Сондай-ақ өз сөзiнде Оразов мырза: "Заң жобасына сәйкес шетелдiк телерадиокомпаниялар тиiстi органдарда есепке алынуы керек, бiрақ бұл олардың Қазақстанда өз бөлiмшелерi мен өкiлеттiлiктерiн ашуына мәжбүр болады деген сөз емес", – дейдi.
Жалпы, мұндай норма Ресейдiң заңында да бар екендiгiн тiлге тиек еткен вице министр бұл тұрғыда бiздiң елiмiзде шетелдiк телеарналарға жеңiлдiк берiлгенiн де атап өттi. "Көршiлес Ресейде шетелдiк телеарналар БАҚ ретiнде тiркелiп қана қоймай, заңды тұлға болуы керек және кабельдi желiде таралуына рұқсат алуы керек", – деп атап өттi Оразов мырза. Шетелдiк телерадиокомпаниялар бiздiң тарапымыздан қойылған бұл талапқа келiсе ме, жоқ па бұл жағы әлi беймәлiм.
Алайда жаңа заң жобасын талқыға салып, оңы мен солын ажырату жұмыстары әлi де қызу жүрiп жатыр. Мәселен қазақстандық телерадиотаратушылар жаңа заңды жан-жақты талқылап, кабельдiк желiлер өз пакеттерiнiң алғашқы орындарын отандық телеарналарға беру керек деген шешiмге келiп отыр. "Кабельдiк операторларды өздерiнiң хабар тарату пакеттерiнiң "бiрiншi түймелерiн" ұлттық және жергiлiктi эфирлiк телекомпанияларға беруге мiндеттеу керек. Ресейде мұндай норма бар", – дейдi Қазақстандық телерадиотаратушылар қауымдастығының (ҚТҚ) президентi Бейбiт Әлiбеков. Әлiбеков мырзаның пайымдауынша, мұндай жағдайда қазақстандық хабар таратушылар мен шетелдiк телеарналардың минималды паритетi сақталады. Бұған қоса қазақстандық телерадиотаратушылар қауымдастығы елiмiздегi ұлттық және аймақтық телеарналар сигналын кабельдiк желiлер пакеттерiне тегiн қосуға мiндеттеу қажет деген пiкiрде. Бұл пiкiрдi "7 арна" телекомпаниясы бас директорының орынбасары Илья Пустогачев те қолдап отыр. "Бұл туралы ешкiм айтпайды, бiрақ эфирлiк телекомпаниялардың бәрi өз сигналын пакетке қосқаны үшiн ақы төлейдi. "Қазақстан" телекомпаниясы да төлейдi", – дейдi ол. Сондай-ақ Илья Пустогачев: "Қазақстандық телеарналар басқа елдердiң телеарналарымен күштi бәсекелестiк жағдайында жұмыс iстеуге мәжбүр. Ал шетелдiк контенттi көрсететiн кабельдiк желiлер аудиторияның төлемге қабiлеттi ең тиiмдi бөлiгiн өзiне алады, бiрақ оларға қатысты қазақстандық телекомпаниялар сияқты "БАҚ туралы" заңның шектеулерi қолданылмайды. Бұл нарықта тең емес жағдайлар тудырады" – дегендi баса айтты. Шын мәнiнде отандық телеарналар шетелдiк телеарналармен бәсекеге түсуге мәжбүр. Көрерменнiң басым бөлiгi кабельдi желi арқылы таратылатын өзге телеарнаға телмiрiп отыр. Кабельдi желiлер пакетiнде отандық телеарналардың кейбiрi бар болса, кейбiрi пакет тiзiмiне мүлдем енбеген.
Ал "Алма ТВ" АҚ президентi Думан Сейiтов 4,4 млн. үй шаруашылығының 34% кабельдiк телевидениемен қамтылса, 17% эфирлiк теледидарға жүгiнетiнiн, 39% спутниктiк телеарналарға қосылғанын айтады. Думан Сейiтов 2014 жылы кабельдiк телевидениенiң нарықтағы үлесi 45%-ға дейiн артады деген болжамын да жасырмады.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ