Әлемге әйгiлi тұлғалар: ДЖОРДЖ ВАШИНГТОН

Әлемге әйгiлi тұлғалар: ДЖОРДЖ ВАШИНГТОН

Әлемге әйгiлi тұлғалар: ДЖОРДЖ ВАШИНГТОН
ашық дереккөзі
555

Джон Вашингтон 1657 жылы Вирджиния жерiне Англиядан қоныс аударады. Ол осы жерде жылжымайтын мүлiктер иесi болып, судья қызметiн атқарады. Бай плантатордың қызы Анна Попқа үйленедi. Джонның ұлы Лоуренс те әке жолын қуып, заң саласында лондондық саудагерлердiң жұмыстарын жүргiзедi. Ол да әкесiнiң iсiн жалғастырып, дүние-мүлiк жинауды ұстанған. Ол осы мақсатпен өзiнiң әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн Корольдiк кеңес мүшесiнiң қызына үйленедi.

Лоуренстiң баласы Августин туылған шақта Вашингтон әулетi iрi жер иеленушi бай отбасы ретiнде танылады. Августин 21 жасында Джейн Батлерге үйленiп, байлығын одан әрi еселей түседi. Джейн төрт құрсақ көтередi. Солардан тек екеуi, Лоуренс пен кiшi Августин ғана аман-есен өсiп жетiледi. Бiрiншi әйелi қайтыс болғаннан кейiн ол Мэри Болл атты әйелге үйленедi. Бұл – кедей отбасынан шыққан қыз болатын. Олардың алты баласы болды. Джордж – балаларының үлкенi. 1743 жылы Августин Вашингтон қайтыс болып, 11 жасар Джордж жетiм қалады. Ендi Лоуренстiң мойнында кiшкентай iнi-қарындастары қалады. Ол Джорджға көп көңiл бөлiп, оның математика, тригонометрия және топография сияқты пәндерден бiлiмiн толықтыруға өзi көмектеседi. Лоуренс Джордждың рухани дамуына үлкен әсер етедi.

Лоуренс әкесi қайтыс болғаннан кейiн үш ай өткенде тағы бiр бай жер иеленушi Уильям Фэрфакстың қызы Аннаға үйленедi. Бiраз өткеннен кейiн Лоуренс жергiлiктi кеңестiң мүшесi болады. Әдетте оның мүшелерi бай плантаторлар болатын. Мэри Вашингтон таныстардың айтуынша қатал ана болатын. Джордж дене бiтiмi мықты әрi ұзын бойлы болып өседi. Ағасы Лоуренс үйленгеннен кейiн ол Фэрфакстардың үйiне барып тұруға мүмкiндiк алған. Ол жерде өзiн-өзi ұстауды әрi лауазымды адамдардың әңгiмелерiне құлақ түрiп, сөйлей бiлу өнерiн дамытады. Сонымен қатар бильярд ойнау және билеудi де үйренедi. Ол кезде жас Джордждың арманы британдық корольдық флотта қызмет атқару болатын. Сол кездегi жастардың көбiсi соны армандайтын. Себебi әскери теңiз күштерiнде қызмет ету – байлық пен атаққа ие болудың ең қысқа жолы деп танылатын. Бiрақ жас Джордж әскери кемеге қызметке шақыру алған кезде шешесi Мэри қарсы болып, жiбермей қояды.

ХVIII ғасырда жағажайдағы жақсы жерлердiң барлығы бөлiнiп, жеке иелiкке өткен болатын. Жаңадан келгендерге елдiң iшкi жағынан ғана орын алуға тура келедi. Осындай жер телiмдерiн француздар осы жердiң байырғы мекендеушiлерi, үндiстерден сатып алса, ағылшындар баса көктеп жаулап алатын. Сол себептi үндiстер мен жаңа қоныстанушылар арасында үнемi қақтығыстар болып тұратын.

1749 жылы Вашингтон және оның туысқаны лорд Фэрфакс жаңа жерлердi иелену мақсатында жорыққа шығады. Бұл қауiптi жорық болатын. Себебi үндiстермен қақтығысып қалуы мүмкiн едi. Жорықта көп қиыншылық көрген Вашингтон алдағы өмiрiне қажет әрi қиыншылықтарға төтеп бере алатындай көп сабақ алды. Осы жорықта қатты жауыннан қорғанып, бiр шаруаның үйiнде отырғанда, сол жерге сауда жасауға келген үндiстердi көредi. Бұл оның үндiстермен алғаш кездесуi едi.

1751 жылы 19 жасар Джордж өз еркiмен әскерге қызметке кiредi. Ол әскери тәртiпке тез төселiп, үлгiлi солдат болып шынығады. Осы жылы ағасы Лоуренс ауырып, екеуi Барбадос аралына емделуге кетедi. Барбадоста ол бiр күнi "Лондондық көпес" немесе Джордж Барнуэллдiң оқиғасы" атты пьесаны тамашалап, театрды соншалықты ұнатып, өмiрiнiң соңғы күндерiне дейiн жақсы көрiп өттi. 1752 жылы аурудан Лоуренс қайтыс болады. Ағасының дүниесi Джорджға көшiп, плантация мен усадьба да өзiнiң атына жазылады. Жақын арада вице-губернатор Роберт Динуидди Джорджды Вирджиния Оңтүстiк округтiк әскерiнiң басшылығына тағайындап, майор атағын берiп, жылдық төлем ақысын 100 фунт стерлингке көтередi. Огойоға кiрмекшi болған француз әскерiнiң мақсаты туралы естiгенде Динуидди оларға: "Бұл – британдық территория" деген ескертумен француздарға капитан Уильям Тренттi жiбердi. Бiрақ ол хабарды жеткiзе алмайды. Алайда француз әскерiнiң үндiстер жерiн қантөгiспен басып алғанын жеткiзедi. Ол француздарға Джордж Вашингтонды жiбередi. Джордж өзiмен бiрнеше адамды алып, француздарға вице-губернатордың ескертуiн жеткiзiп, қайтып келген соң толық есеп бердi. Атқарған қызметi үшiн подполковник атағын алып, көп ұзамай полковник шенiне дейiн көтерiлдi.

Вашингтон 1755 жылы 24 жасқа толғанда Вирджиния қарулы күштерiнiң басшысы болып тағайындалады. Сол кезде Құрама штаттарға қарайтын солтүстiктегi жер көлемiне байланысты Англия мен Франция арасында қақтығыс шиеленiсе түскен. Сондай-ақ үндiстермен соғыс та өршiп тұрған. Бұл франко-үндiлiк соғыс сол жылдан бастап, 1763 жылға дейiн созылады. Осы соғыста Вашингтон өзiн талантты әскербасшы ретiнде танытты. Британ армиясын қорғай отырып, 650 шақырым жер көлемiн қару-жарақтары жетiмсiз жетi жүздей-ақ жауынгерiмен қорғап қалады.

Жауынгерлер арасында Вашингтон мықты әскери басшы болып танылғанымен Британия үшiн жәй колониялық әскери күштiң басшысы болып саналған. Джордж Вашингтон өзiнiң әскери қимылдарын Британия тұрғысынан жоғары бағалануын қалаған едi. Солай ұлы қолбасшы болуды армандаған. Бiрақ оның өмiр тағдыры мүлдем басқаша қалыптасты.

Ол 1758 жылы Вирджиния әскери күштер қызметiнен өз еркiмен кетедi. Мұның себебi осы кезге дейiн нақты белгiсiз. Бiрақ оның осы сәттен бастап Британияға деген сенiмi азайып, туған жерi Құрама Штаттарға деген сенiмi күшейе түседi. Вашингтон 1759 жылы 6 қаңтарда Марта Дендридж Кастиске үйленген. Марта да атақты бай отбасынан шыққан болатын. Содан бастап Вашингтонның байлығы еселене түстi.

1763 жылы екi жақты париждiк келiсiм-шарт жасалынып, франко-үндi соғысы аяқталды. Бiрақ соғыста көп шығынға ұшыраған Англия жаңа заңдар қабылдап, салықтың түр-түрiн көбейте бастаған. Англияның бұл қысымына қарсылық колонияда бұрынғыдан бетер өрши бастайды. 1774 жылы 5 қыркүйектен 26 қазанға дейiн Филадельфияда өткен бiрiншi континентальды конгрессте он екi колония депутаттары британдық өкiметке көңiлдерi толмайтындарын бiлдiре отырып, өздерiнiң тәуелсiздiк алуға деген көзқарастарын ашып айтады. Вашингтон сол конгресске Вирджиния делегаты ретiнде қатысып, сөз сөйлейдi. Англия үкiметi олардың тәуелсiздiк жөнiндегi ұсыныстарын құптай қоймайды да, 1775 жылы 19 сәуiрде ағылшын армиясы Лексингтондағы арсеналға шабуыл жасаған кезде, бұл оқиға көп ұзамай колонияның жаппай көтерiлiсiне айналып кетедi. Соған орай Вашингтон әскери киiмiн қайта киген. Сол жылдың маусым айында әскери штаб оны Америка қарулы күштерiнiң қолбасшысы етiп тағайындайды. Вашингтон Бостондағы штабында отырып, майдан шебiнiң жағдайларына байланысты, шұғыл бұйрықтар берумен болады. Алғашқыда Англиямен қақтығысқа түскiсi келмеген бiрнеше штат енжарлық танытқанымен Патрик Генридiң: "Маған тәуелсiздiк немесе өлiм берiңiз" деген халыққа арнау сөзiнен кейiн, сондай-ақ Томас Пейннiң "Өзгермейтiн мән" атты памфлетiнен кейiн халықтың тәуелсiздiкке деген құштарлығы оянған. 1776 жылы 4 шiлдеде Құрама Штаттардың екiншi континентальды конгрессi тәуелсiздiк Декларациясын қабылдады. Бұл құжатта колониялар алғаш рет ашық түрде Америка Құрама Штаттары деп жарияланды. Сол құжатқа 13 колония өкiлдерi қол қойды.

Англия қарулы күштерiмен соғыс барысында Вашингтон сәтсiздiкке ұшырап, Манхэттен мен Лонг-Айленд аралдарын жау қолына берiп қояды. Нью-Йорктан да шегiнедi. Алайда Вашингтон соғыстың қиын жағдайларының өзiнде де жеке адами қасиеттерiн өзгелерге үлгi ете бiлдi. Ол ұрыс кезiнде жау әскерiне шамадан тыс қатыгездiк танытпады, жергiлiктi тұрғындарды тонауға тыйым салып, олардың бар қимылын өзi қадағалап отырды. Дегенмен соғыстың аты соғыс. Жауынгерлер үшiн қиын жағдайлар көп кездесiп отырды. Өз ерiктерiмен соғысқа келген жауынгерлер саны 60 мыңға жеткен едi. Оларға қару-жарақ жетiспей жатты. Сонымен бiрге азық-түлiк тапшылығы да орын алып, жауынгерлердiң жартысы сол қиыншылықтарға шыдамай үйлерiне қайтып кетуге мәжбүр болды. Вашингтон соғыстағы осындай қиын жағдайларды өз iнiсiне хат арқылы жазып отырған. Соғыс ұзаққа созылған сайын жұрттың оған деген көңiл-күйi өзгерiп, тiптi оны ақымақ және қорқақ деп те балағаттап жатты. Алайда 1776 жылдан бастап американдықтардың майдандағы жағдайы оңала бастайды. Вашингтон әскери қызметтiң жарғысына өзгерiстер енгiзiп, жалақысын көбейтiп, мерзiмдерiн ұзартады. Әскер қару-жарақ тасымалдайтын жолдарды да ретке келтiредi. Оның жауынгерлерi бiрнеше дүркiн сәттi шайқастарды бастан кешiп, жеңiске жетумен болды. Британия әскерiнiң әлсiрегенiн көздеп отырған Франция, Испания, Голландия американдықтар жағында едi. Солардың қолдауымен американдықтардың соғыста жеңетiнi айқын бола бастаған. 1783 жылы Париждегi келiсiм шартта Америка Құрама Штаттарының тәуелсiздiгi толық мойындалып, Вашингтонның еңбегi армия мен халық арасында жоғары бағаланды. Дегенмен ол соғыста өзiнiң қатты қажығанын сезiп, 1783 жыл өткен Континентальды конгресс жиналысында қолбасшылық қызметтен босату жөнiнде өтiнiш жасаған. Оның өтiнiшi қанағаттандырылады. Бiрақ ол сол қызметтен кетсе де, саясаттан кетпейдi. Ол жиналыстарда және басшылыққа жазған хаттарында 13 штат болашағы үшiн бiр орталықтың көшбасшысы болуын ескертумен болды. Оның аса маңыздылығын түсiндiруден жалыққан емес.

1787 жылы АҚШ-тың Ата заңы (конституциясы) қабылданды. Вашингтонның көзқарасы негiзiнде 1789 жылы Құрама Штаттардың федералдық үкiметi құрылып, Президенттiк сайлау ұйымдастырған. Сол сайлауда Джордж Вашингтон жеңiске жетiп, АҚШ-тың тұңғыш президентi атанды. Ол сол кезде 57 жаста едi. Джордж Вашингтон алғашқы салтанатты жиналыста: "Менiң саясатқа оралуымның жалғыз-ақ себебi бар. Тәуелсiз әрi болашағы жарқын республиканың негiзi болып табылатын жаңа саяси үкiмет құру өзiмнiң тiкелей мiндетiм деп санаймын", – деген. Ол үкiмет билiгiне көп өзгерiстер енгiздi. Вашингтонның президенттiк кезеңiнде Америка экономикасы қарыштап дамыды. Джордж Вашингтон 1793 жылы екiншi рет президент болып сайланды. Бiрақ Америка халқы қанша қаласа да, ол 1796 жылы 19 қыркүйектегi президенттiк сайлауға түсуден бас тартты. Ол "Дейли Адвертайзер" газетiне берген сұхбатында: "Демократиялық мемлекетте президенттiк орында бiр адамның шамадан тыс ұзақ уақыт отыруына жол берiлмеуi керек", – деген. Америка халқы оны зор құрметпен шығарып салды.

АҚШ – қазiргi бiздiң түсiнiгiмiздегi конституцияны бiрiншi қабылдаған ел. Джордж Вашингтон штаттардың басын бiрiктiру кезiнде адамдардың тұрғылықты жерiне, дiнiне, салт-дәстүрiне байланысты iшкi кикiлжiңдердiң туындап отыратынын алдын ала жақсы бiлген. Ол осындай жағдайда әрбiр азаматтың құқын қорғайтын заң керектiгiн айқын сезiндi. Ол сол заңды жүзеге асырды.

Джордж Вашингтон 1799 жылы 14 желтоқсанда тамақ ауруының асқынған түрiнен дүниеден озған. Сол жылы ол 67 жасқа толған. Оның Америка Құрама Штаттарын бiр орталыққа бiрiктiрудегi жасаған жанкештi еңбегiн ұрпақтары ұмытқан емес.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары