Рашад ХУСЕЙН: КЕЙБIРЕУЛЕР КIРШIКСIЗ ИСЛАМ ДIНIНЕ КҮЙЕ ЖАҚПАҚ

Рашад ХУСЕЙН: КЕЙБIРЕУЛЕР КIРШIКСIЗ ИСЛАМ ДIНIНЕ КҮЙЕ ЖАҚПАҚ

Рашад ХУСЕЙН: КЕЙБIРЕУЛЕР КIРШIКСIЗ ИСЛАМ ДIНIНЕ КҮЙЕ ЖАҚПАҚ
ашық дереккөзі
228

Бүкiл әлемдi шарпыған "исламофобия" дертiне дауа қандай? "Исламдық экстремизм", "исламдық терроризм" сияқты жаңсақ ұғымдардың кеңiнен таралуына не себеп? Халықаралық беделдi ұйым саналатын Ислам конференциясы ұйымына 2011 жылы төрағалық ететiн Қазақстан қандай мәселелерге баса назар аударуы тиiс? Осы секiлдi сауалдарға қатысты пiкiр бiлдiрген АҚШ-тың ИКҰ-дағы өкiлi Рашад Хусейн мырза мұсылман мемлекеттерге тiкелей қатысы бар түйткiлдермен ой бөлiстi.

Былтыр Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының тiзгiнiн ұстаған Қазақстан биыл Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етедi. Ауқымы жағынан Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан кейiнгi екiншi орынды иемденетiн Ислам конференциясы ұйымы – 57 елдiң басын қосқан беделдi халықаралық бiрлестiк. Штаб-пәтерi Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. 1969 жылы құрылған ұйым жанында Ислам даму банкi, Ислам жаңалықтары агенттiгi, Экономика және мәдени мәселелер жөнiнде ислам комиссиясы, Иерусалим қоры, Ислам ғылыми-техникалық даму қоры сияқты органдар жұмыс iстейдi. Сөз жоқ, уақыт өткен сайын жауапкершiлiк жүгi мен мiндеттерi ауырлай түсетiн ИКҰ ауқымы кеңеюге мүдделi. Өйткенi SalamNews агенттiгiнiң хабарлауынша, алдағы 20 жылда, яғни 2030 жылға қарай бүкiл әлемдегi мұсылмандар саны 35 пайызға артып, Жер шары халқының елеулi бөлiгiн құрайтын көрiнедi. Бұл көрсеткiштi санға шаққанда – 2,2 млрд. Ислам дiнiн ұстанатындардың алғашқы үштiгi – Индонезия, Пәкiстан, Үндiстан. 2030 жылы Еуропада өмiр сүретiн мұсылмандар 58 млн. 209 мыңға, ал АҚШ-тағы 10 млн. 927 мыңға (2,5 есеге) жетедi екен. Сандық көрсеткiштердiң сүбелi бөлiгi Азия мен Еуропаның алтын көпiрi – Түркияға да тән. Былтыр түрiктер елiндегi мұсылмандардың жалпы саны 74 млн. 660 мың болса, 2030 жылға қарай 82 млн. 715 мыңға көбеймек. Қазiргi таңда ислам әлемiнiң саяси, әлеуметтiк ахуалы да әртүрлi. Мысалы табиғи ресурстарға бай кейбiр ел мұнай мен газдың арқасында пайдаға шаш-етектен кенелiп жатса, кейбiр ел аштық пен сiңiрi шыққан кедейшiлiктiң шарықтау шегiнде тұр. Оның үстiне, ислам дiнiн ұстанғандар саны неғұрлым артқан сайын, жер шарындағы мұсылман қауымына деген қарсылық пен наразылық та соғұрлым күшейiп келедi. Бұл кейiнгi кездерi әсiресе ғасырлар бойы өркениет ошағы саналған әрi дәстүрлi христиан дiнiндегi кәрi құрлықта айқын байқалуда. Өкiнiштiсi сол, "ислам экстремизмi", "ислам терроризмi" деген жаңсақ ұғымдарды желеу еткендер жақсылық пен iзгiлiктi ғана ту еткен, адами құндылықтарға ғана ұйыған кiршiксiз ислам дiнiне күйе жағуға тырысады.

Жуырда USAID-тың Алматыдағы ғимаратында отандық журналистермен кездескен АҚШ-тың Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкiлi және АҚШ президентi Барак Обаманың ұлттық қауiпсiздiк, жаңа медиа, ғылым және технология салаларына жауапты кеңесшiсiнiң орынбасары Рашад Хусейн мырза бүгiнде бүкiл әлемдi шарпыған "исламофобия" дертi, кейбiр радикалдық бағыттағы мұсылман ұйымдарының шалыс әрекеттерi, дүниежүзiндегi дәстүрлi дiндер мен ислам дiнi арасындағы толеранттық байланыс т.б. мәселелер туралы ой бөлiстi. 2011 жылы Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы туралы пiкiрiн бiлдiрген Р.Хусейн: "Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен Қазақстанның ИКҰ-ға төраға болуы Шығыс пен Батыс арасындағы көпiрге айналуына зор мүмкiндiк бередi. Бiр ғажабы, ЕҚЫҰ-да еуропалық елдер басымдыққа ие болса, ИКҰ ислам мемлекеттерiн бiрiктiредi. Ең маңыздысы, Қазақстан толеранттықты дамыту тұрғысынан алғанда, алдыңғы лекте келедi", – дедi. Оның айтуынша, соңғы бiр жылдың iшiнде АҚШ ИКҰ-ға қатысты бiрнеше игi iстi атқарған. Мысалы "АҚШ әскери күшiн Ирактан шығарды, мұсылман мемлекеттерге қатысты қарулы және саяси қақтығыстардың алдын алу шаралары жүзеге асырылды, таяушығыстық түйiндi шешуде белсендi түрде жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Ал жаңа төраға – Қазақстанмен бiрiгiп, ИКҰ шеңберiнде бiлiм беру, денсаулық сақтау, дiнаралық, iскерлiк салаларда ынтымақтастық орнатылған. Қазақстанда 2011 жылы ауғандық мың студенттiң бiлiм алуы – осындай шаралардың бiрi.

2001 жылы 11 қыркүйекте бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрген Америкадағы лаңкестiк әрекет, 2005 жылы Англиядағы қантөгiс, күнi кешегi Домодедовода орын алған қанды қырғын секiлдi басқа да жекелеген тұлғалардың заңсыз әрекеттерi бүкiл мұсылман қауымының әлем алдындағы беделiне зор нұқсан келтiргенi анық. Еуропадағы, сонымен қатар дүниежүзiндегi мұсылмандарға деген өшпендiлiктiң өршуiне кейбiр радикалдық топтардың да кiнәлi екендiгiн көлденең тартқан ағылшын депутаты Саида Уарси жуырда қантөгiске жол бергендердi мемлекет заңымен бiрге шариғат заңына сәйкес жазалауға ұсыныс бiлдiрген. Уарсидiң бұл ұсынысына қатысты пiкiр айтуды жөн санамаған Рашад Хусейн: "Менiңше, кейбiр жекелеген адамдар исламда айтылған жайттарды өздерiнiң ұғымына сай бұрмалап алған. Осындай түсiнбеушiлiктер қаншама бейкүнә жанның өлiмiне әкеп соғуда. Оның үстiне, лаңкестiк әрекеттер салдарынан ажал құшқандардың көпшiлiгi – мұсылмандар".

АҚШ өкiлiнiң пiкiрiнше, соңғы кездерде әлемдiк саяси сахнаға шыққан кейбiр мұсылман елдердегi толқулар әлеуметтiк қақтығыстардың өз елiнде қайталануын қаламайтын өзге елдерге сабақ болған: "Тунис пен Мысырдағы, өзге өлкелердегi бас көтерулер – жылдар бойы қордаланған қиындықтардың салдары. Сырттан бақылау барысында бiз болашағына алаңдаған халықтың наразылығын байқадық. Сондықтан кез келген үкiмет барлық салаға қатысты проблемаларды дер кезiнде шешiп отыруға мүдделi болуы шарт. Соңғы кездерi толқулар мен қақтығыстардан сабақ алған кейбiр елдер оң өзгерiстердi орындауға бiлек сыбана кiрiстi".

Кездесу барысында қазақстандық журналистерге АҚШ-тағы мұсылмандардың бүгiнгi ахуалы туралы әңгiмелеп берген Рашад Хусейн заң шеңберiне сыймайтын кез келген қадам қоғам тарапынан бағасын алып отыратынын айтты. Мысалы былтыр флоридалық пастор Терри Джонстың 11 қыркүйек күнгi қанды оқиғаға 10 жыл толуына байланысты қасиеттi Құран кәрiмдi өртеуге әрекеттенуiн Америкадағы мұсылмандар мен өзге дiн өкiлдерi де қатты сынға алып, қатты наразылық танытқан: "Бұл – мәселенiң басқа бiр қыры, өзге дiн өкiлдерiнен құрылған елдерге мұсылман елдерiнiң көзқарасы қандай?" деген сауал туындайды. Яғни мұсылман мемлекеттердiң үкiметтерi исламның негiзгi қағидаларына қиянат жасауға мүлде жол берiлмейтiндiгiн айқын бiлдiруi керек. Бұл үшiн дiн жайында мол мағлұмат беретiн еңбектер шығару және арнайы сауат ашу шараларын ұйымдастыру т.б. әрекет ету қажет. Аталған iргелi iстер жеке-дара емес, өзге дiн өкiлдерiнiң ұйымдарымен бiрлесiп, коалиция құру арқылы жүзеге асырылуы тиiс. Мұндайда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлi зор. Жуырда америкалық БАҚ-тың бiрiне берген сұхбатында президент Барак Обама АҚШ-тағы мұсылмандардың америкалық отбасының мүшесi болып саналатынын, олардың барлық құқықтары (әйелдердiң хиджаб киюiне рұқсат беру, бiлiм алуы т.б.) сақталатынын мәлiмдей келе, барлық елдердiң үкiметтерiн өзге дiн өкiлдерiмен бiрге мұсылмандар құқығын қорғауға шақырды".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары