ЖАҢА ҮЙ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕКТIҢ КЕПIЛI

ЖАҢА ҮЙ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕКТIҢ КЕПIЛI

ЖАҢА ҮЙ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕКТIҢ КЕПIЛI
ашық дереккөзі
210

Қазақстанда тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келедi

Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылында мемлекетiмiз iргесi биiк, бағыт-бағдары айқындалған еңселi елге айналды. Кешегi мен бүгiнгiнi салыстырсақ, ХХI ғасырда өркениеттi жұрт – қазақ елiн кемелiне келiп, қанатын кеңге жайған, экономикасы берiк мемлекет ретiнде көре аламыз. Бұған әлем көшбасшыларының да көзi жеттi, тарихтың бұлтартпас фактiлерi де куә.

Заманға сай әсем де қолайлы баспана мәселесi әрбiр адам үшiн ең өзектi жайт екенi даусыз. Жайлы баспанасы бар адам ғана өзiн еркiн сезiне алады, қоғам үшiн белсене әрекет етедi. Қазақстанның бүгiнгi таңдағы әрбiр қадамы тәуелсiздiктi баянды етуге бағытталғаны белгiлi. Дамудың сара жолын таңдаған елiмiз әлеуметтiк аса маңызды салаларды назардан тыс қалдырып көрген емес. Мемлекеттiгiмiздiң тынысы – экспорттық әлеует, жеңiл және ауыр өнеркәсiп, экономиканың түрлi салалары қарқын ала бастады. Әлемдiк деңгейдегi мегаполистер қалыптасып, қаржы орталықтарына бiлiм, ғылым iздеу барысында халық жаппай қоныстана бастады. 90 жылдардың соңында қалыптасқан жаңа жағдайды мұқият қадағалап отырған Үкiмет тұрғындарды баспанамен қамтудың бағдарламасын қолға алды. Өзектi бағдарламада әрбiр ұсақ-түйек толықтай есептелiп, адамдардың тұрмысына неғұрлым қолайлы жағдай туғызу мейлiнше ескерiлген едi.

Тәуелсiздiк алған жылдардан берi елiмiздiң тұрғын үй саласы тоқырау кезеңдi де, серпiле дамыған кездi де бастан өткердi. Қазақстан Үкiметi халықты баспанамен қамтуды ешқашан назардан тыс қалдырды деуге келмейдi. Тұрғын үй құрылысы саласы соңғы жылдары елiмiздегi күрт дамыған стратегиялық саланың бiрiне айналды. Мәселен 1999 жылы тұрғын үй саласын қаржыландыруға қомақты қаражат бөлiнiп, бюджет есебiнен 1 миллион 105 мың шаршы метр құрылыс қаржыландырылды. Ал 2000 жылдарда бағдарлама жаңа бағыт алып, қолданысқа берген үйлердiң саны арта түстi. Осы жылдарда халықты тұрғын үймен қамтудың өсуi 10-нан 36 пайызға дейiн көтерiлгенi есте.

Елiмiзде тұрғын үй секторы нарықтық жағдайға толықтай бейiмделдi. Осы тұста халыққа несие беру арқылы құрылысты жүргiзу және қоныстандыру қарқын алды. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жүйесiнде уақытқа сай өзгерiстер орын алып, негiзгi басымдық жекеменшiк құрылысшылардың үлесiне тидi. Мұның өзi ежелден аса күрделi болып саналатын тұрғын үй құрылысына серпiн берудi қамтамасыз еткен.

Қазақстан экономикасының даму үрдiсi, халықаралық нарықта өз орнын айқындауы тұрғын үй секторындағы жаңа бетбұрыстардың стратегиясын айқындауды қажет еткен болатын. "Қазақстанның даму стратегиясы – 2030" бағдарламасы бұл өңiрлiк салаға зор екпiн берiп қана қоймай, Қазақстанның экспорттық бәсекеге қабiлеттiлiгi тұрғын үй бағдарламасына өз әсерiн тигiзгенiне күмән жоқ. Сөйтiп 2005-2007 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, басты назар әлеуметтiк нысандарға, халықтың әлеуметтiк аз қамтылған бөлiгiн баспанамен қамтамасыз етуге арналды. Құрылыс саласын дамыту, құрылыс өнеркәсiбi өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi мен сапасын арттыру бүгiнгi өркениет заманындағы дамыған мемлекеттердiң экономикалық және саяси мiндеттерiнiң басты бағыттары. Заманауи құрылыс кешенi ел экономикасына, оның iшiнде тұрғындардың әлеуметтiк әлеуетiнiң артуына шешушi ықпал ететiнi ешқандай дәлелдеудi қажетсiнбейтiн ақиқат.

Зор әлеуметтiк мiндет атқарған аталмыш жоба көп ұзамай 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламада жалғасын тапты. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша елiмiзде 1 шаршы метр 56515 теңгеден қарастырылды және жекеменшiк құрылыс компанияларының нысандарын мемлекеттiк бюджет есебiнен сатып алу басталды. Жалпы алғанда 2008-2010 жылғы бағдарламаның нәтижесiнде 19,6 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берiлгенi рас. Яғни дер кезiнде әрi ұтымды жасалған дағдарысқа қарсы бағдарламалардың арқасында Үкiмет Қазақстанда тұрғын үймен қамтудың көлемiн қысқартуға жол бермедi.

ҮЛЕСКЕРЛЕРДIҢ ҮЛЕСI

Әлемдiк экономикалық, қаржы дағдарысы көп жағдайда көптеген салалар да қалыптасқан жаңа өзгерiстерге шұғыл үн қосуды талап ететiн. Осы тұрғыдан соңғы уақытта үлескерлердiң көбi сарғая күткен үйлерiне бiртiндеп ие бола бастағанын айналып өтуге болмайды.

Үкiметтiң белсендi түрде араласуымен тұрғын үй саласына құйылған қаржының арқасында отандастарымыздың баспанамен қамтылуы қарқындап өскенiн де айту керек.

2000 жылдары Қазақстанда жаппай салынған құрылыс саласының, әсiресе тұрғын үй салудың қарқын алғаны баршаға мәлiм. Бiрақ әлемдiк дағдарыс толқыны шарпығанда көптеген маңызды құрылыстар аяқсыз қалды. Құрылыс компанияларының басшылығының жауапкершiлiгiн күшейту басты мәселеге айналды. "Қандай да бiр проблема туындаса, ешкiмдi де таба алмай қаласың. Содан кейiн ауыр әңгiме жергiлiктi атқарушы органдар мен Үкiметке тиедi. Жалпы алғанда, бұл дұрыс та. Өйткенi мемлекет осы мәселенiң барлығын реттеп отыру керек", – дедi Кәрiм Мәсiмов. Қазақстан Үкiметiнiң шұғыл араласуының нәтижесiнде адамдарды алаңдатқан өзектi мәселе соңғы уақытта оң шешiмiн тауып, азаматтардың алдағы күнге сенiмдерi нығая түскенiн аңдау қиын емес.

Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiнiң басшысы Серiк Нокинның айтуынша, өткен жылдың жоспары ойдағыдай орындалған. Iшкi жалпы өнiмнiң көлемiндегi тұрғын үй саласының үлесi 7,6% болса, салада жұмыс iстейтiн жұмысшылардың үлес салмағы республикада жұмыс iстейтiндердiң жалпы санының 7%-ын құрайды. "2010 жылы құрылыс жұмыстарының көлемi 1,9 триллион теңгеден астам болды. Үкiметтiң тапсырмасына сәйкес құрылыс жұмыстарының нақты көлемiнiң индексi 2009 жылмен салыстырғанда 101 пайыз қамтамасыз етiлдi. Өткен жылы Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының мемлекеттiк бағдарламасы аяқталды. 2008-2010 жылдары Мемлекеттiк бағдарлама бойынша 19,6 млн. шаршы метр, оның iшiнде өткен жылы 6,4 миллион шаршы метр тұрғын үй iске қосылды. Дағдарыстан бұрын 2006 жылы қолданысқа аумағы 6,2 миллион шаршы метр тұрғын үй берiлсе, 2007 жылы – 6,7 миллион шаршы метр, 2008 жылы – 6,9 миллион шаршы метр, 2009 жылы – 6,4 миллион шаршы метрлiк баспана халыққа берiлдi", – дейдi агенттiк басшысы. Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi бағдарлама шеңберiнде мемлекеттiк тұрғын үй және инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым салуды бюджеттен қаржыландыру жалғасады. Осы мақсат үшiн тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесi пайдаланылады.

Әлемдiк қаржы және экономикалық дағдарыс шарпыған үлескерлер мәселесiн басты назарда ұстау қолға алынды. Үлестiк құрылысты қолдау үшiн 2007 жылғы қыркүйектен бастап 2010 жылғы желтоқсанға дейiн 433,4 млрд. теңге бөлдi. 2007 жылы елiмiзде дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша iс-шараларды бес бағытта iске асыру мiндетi қойылған едi. Басты ауқымды бағыт – тұрғын үй саласындағы қалыптасқан жағдайды түзету болды. Оған Ұлттық қордан 400 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiнген едi. Бұл қаржы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына жүктелiп, екiншi деңгейлi банктер мен құрылыс компаниялары арқылы пайдаланылды. Сол кезде елiмiзде 60 мыңнан астам үлескер қиын жағдайға тап келдi.

2007 жылы елiмiзде барлығы 450 проблемалық нысан болғаны белгiлi. Қабылданған шаралардың нәтижесiнде 63 мыңнан астам үлескерi бар 389 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл 53 мың үлескердiң құқығын қорғауға, жылжымайтын мүлiк қорын қолдауға және бiрқатар құрылыс компанияларының жұмысын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Ал қалған 58 нысанның құрылысы биыл аяқталады, осының нәтижесiнде 13,6 мың үлескердiң құқығы қорғалады. Қазақстанда 2009 жылғы "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңғырту" бағыты бойынша Жол картасы жалғасуда.

"ТҰРҒЫНҮЙҚҰРЫЛЫСЖИНАҚ БАНКIНЕ" АРТЫЛҒАН СЕНIМ

Өркениеттi елдердiң қатарына қосылудың негiзгi көрсеткiштерiнiң бiрi – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткiшi екенi дау тғызбаса керек. Азаматтары сапалы, заманға сай тұрғын үймен толықтай қамтамасыз етiлген ел ғана өзiн әлеуеттi мемлекет, экономикасы қарыштап дамыған, адамдар әлеуметтiк тұрғыдан мейлiнше қорғалған iргелi елдердiң қатарына жатқыза алады. Жаңа, жайлы үй – жаңаша өмiрдiң кепiлi де. Сондықтан бұл саланы жыл сайын жетiлдiрiп отыру өмiрлiк қажеттiлiк. Ал 2003 жылдан бастап Қазақстан нарығында белсендi әреке ете бастаған "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкiнiң" еншiсiнде баспаналы болғысы келетiндердiң саны жыл сайын артып келедi. Банктiң сараптамасы бойынша, алдағы 3 жылда 17 мыңға жуық адам салымшы бола алады. Бұл дегенiңiз – баспанаға мұқтаж қарапайым азаматтар тиiмдi әрi жеңiлдiк жолмен баспанамен қамтылады деген сөз. Соңғы жылдары Қазақстанда баспана алғысы келетiн қоғам өкiлдерi үшiн 3,5-5 пайыздық түрлi бағдарламалар бойынша үй алу мүмкiндiгi де туды. Наурыздың 1-де "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкi" өткiзген брифингте мәлiм болғандай, тұрғын үй агенттiктерiмен жалпы құны 375 миллиард теңгенi құрайтын 218 мың келiсiмге қол қойылыпты. Ал жалпы 2003 жылдан берi 84,7 миллиард теңгенi құрайтын 28 033 несие берiлген.

"Тұрғынүйқұрылысжинақ банкiмен" келiсiм жасаған адамдардың 53 пайызы мемлекеттiк орындарда жұмыс iстейтiндер. Бағдарламаның негiзi мақсаты да баспанаға мұқтаж, табысы аз қоғамның өкiлдерiне жәрдем беру. Банктен несие алушылардың 57 пайызының жасы 26 мен 45 жас аралығында. Қазiргi таңдағы баспанаға мұқтаж жандардың көпшiлiгi осылар. Қазiр бiр шаршы метр Астана мен Ақтауда 112,5 мың және Алматыда 142,5 мың теңгеге, елiмiздiң басқа орталықтарында 90 мың теңгеге тұрақтаған. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттiгi жүргiзген талдау нәтижесiнде осы сомаға 3 деңгейлi үй тұрғызуға болатындығы айқындалды. Мәселен аталмыш банктiң "Өркен" тарифтiк бағдарламасы бойынша 60 шаршы метрлiк 2 бөлмелi пәтердi 90 мың теңге бағасымен 5 миллион 400 мың теңгеге келiсiм жасады делiк. Онда оның айлық төлемақысы – 40 мың теңге болады, яғни ол осы соманы 5,5 жыл iшiнде ай сайын салып отыруы керек. 5,5 жыл өткен соң салымшы 2 миллион 700 мың теңге жинайды, қалған сомасын аталмыш банктен несиеге алып, 10 жыл iшiнде 27 мың теңгеден төлеп тұрады. Яғни кемiнде 54 мың теңге айлық жалақы алатын азамат үшiн аса тиiмдi болмақ.

ЖАҢА НЫСАНДАР ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТIМДI БАҒА

2011 жылы қолданысқа 6 миллион шаршы метрдi құрайтын тұрғын үйлер беру жоспарланып отыр. Олардың басым бөлiгi республикалық бюджеттен, үлескерлердiң қатысуымен, коммерциялық жолмен және жекеше қаржыландырумен жүзеге аспақшы. Осы орайда құрылыс саласына мақсатты инвестиция салудың ролi арта түсетiнi белгiлi. Дағдарысқа дейiн Қазақстанда тұрғын үйлердiң 87 пайызы инвестициялар есебiнен бой көтергенi анық. Ендi 2012 жылы да баспанамен қамту деңгейiн төмендетпеу үшiн Үкiмет елiмiздегi тұрғын үй құрылысын одан әрi дамыту бағдарламасына басымдық берiп отыр. Бұл бағдарлама бүкiл қазақстандықтарға қолжетiмдi баға бойынша жаңа тұрғын үйдi бөлiп-бөлiп және бастапқы капиталсыз сатып алуға мүмкiндiк бередi.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынатын баспананың бiр шаршы метрi 170 мың теңгеден аспайтын болады. Бағдарлама негiзгi үш бағыт бойынша iске асады: Бiрiншiден, тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы арзан баспаналарды тұрғызу көзделуде. Оған 2011-2013 жылдарға деп бюджеттен 40,8 миллиард теңге бөлiнген. Негiзiнен жергiлiктi әкiмшiлiктер арқылы жүзеге асырылады. Жергiлiктi атқарушы билiк республикалық бюджеттен алынған несиеге тұрғын үйлер сала бастайды.

Екiншi бағыт – ипотека мен құрылысты қаржыландыру үшiн екiншi деңгейлi банктердi қолдау болып табылады. Мемлекет құрылыс барысы мен пәтердi алғанға дейiн екiншi деңгейлi банктерге депозит салады. Бiрақ ол мiндеттi түрде эконом-класқа арналуы тиiс. Құрылысты салушылар үшiн заемдардың шектi банктiк жылдық ставкасы 12 пайыз мөлшерде, ал заем мерзiмi 5 жылға дейiн. Осы жобаны жүзеге асыру үшiн қосымша 70 миллиард теңге бөлiнген.

Ал үшiншi бағыт – инженерлiк-коммуникациялық желiлердi тартуға 40 миллиард теңге тартылып отыр.

Үкiмет "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры арқылы банктерде депозит ашуды көздейдi. Құрылысқа қажеттi қаржы осы депозитке салынады. Ал банктердiң несиенi қанша пайызбен беретiнi әзiрге белгiсiз. Бұл мәселе қаржыгерлер қауымдастығы мен Үкiмет мүшелерi арасында қызу талқыда. "Атамекен" ұлттық-экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев: "170 мың теңге – бұл ұсынылған бағаның ең шегi болмақ. Тұрғын үйлердiң нақты бағасы әр нысанға қарай нақтыланатын болады", – дедi.

2011 жылғы қаңтарда республиканың көптеген өңiрлерiнде қаржыландырудың барлық көздерi бойынша пайдалануға берiлген тұрғын үй көлемi артқаны байқалды. Бұл көрсеткiш Шығыс Қазақстан облысында (2 есе) және Маңғыстау облысында (1,6 есе) елеулi өскен. Республикада iске қосылған тұрғын үйдiң ең көп үлес салмағы Алматы қаласында (31,6%) және Алматы облысында (15%).

Жаңа бағдарламаның бiр ерекшелiгi – үлескерлердiң қаржысының желге ұшуына жол берiлмейдi. Сондықтан "Үлескерлiк құрылыс" заңына қатаң талаптар енгiзiлген. Бүгiнде тұрғын үй құрылыс нарығына нақты мүмкiндiктерге кепiлдiк берiлген. Ендi құрылыспен iрi әрi тәжiрибесi мен ресурсы жеткiлiктi компаниялар тобы айналысады. Екiншiден, жаңа бағдарламаға сәйкес үлескерлердiң қаржысын құрылыс компаниялары емес, екiншi деңгейдегi банктер жинқтайтын болады. Осы жолмен үлескердiң қаржысына банк жауапты болмақшы. Бұл өз кезегiнде үлескерлердiң сенiмiн арттырып, қаржысын құрылыс саласына салуына жәрдемдеседi.

Елiмiздегi бiлiктi мамандардың қатысуымен жан-жақты сарапталып, талдаудан өткен бағдарламаның келешегi қалың жұрттың игiлiгiне қызмет етедi деп сенген жөн. Әйтсе де елiмiзде әлi де болса баспанадан үмiткер үлескерлермен қатар, жалдамалы пәтерде күн көрiп жүргендер саны айтарлықтай.

Тұрғындарды қолжетiмдi баспанамен қамтуда негiзгi басымдық мына топтарға берiледi:

1) Баласы бар жас отбасыларға;

2) Мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк органдар мен мекеме қызметкерлерiне;

3) Әлеуметтiк саладағы мемлекеттiк кәсiпорын қызметкерлерiне.

МЕМЛЕКЕТТIК ҮЙЛЕРДI ЖЕКЕШЕЛЕНДIРУ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Наурыздың басында Мәжiлiс тұрғын үй қатынастарына арналған заң жобасын бiрiншi оқылымда-ақ мақұлдаған едi. "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын үй қатынастары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасының кемшiн тұстары қаралып, кейбiр мәселелер бойынша өзгертулер енгiзiлдi.

Тұрғын үй заңнамасын жетiлдiруге бағытталған жобада мемлекеттiк баспанаға иелiк ету мәселесi басты назарға қойылды. Негiзiнен мемлекеттiк тұрғын үй қорын коммуналдық тұрғын үй қоры, мемлекеттiк кәсiпорындардың тұрғын үй қоры және мемлекеттiк мекемелердiң тұрғын үй қоры деп, олардың аражiгiн ажырату арқылы тұрғын үй қатынастары заңнамасын жетiлдiру көзделедi.

– Заң жобасына келетiн болсақ, қолданыстағы заңнамада мемлекеттiк коммуналдық тұрғын үй қоры мен мемлекеттiк кәсiпорындардың қарамағындағы тұрғын үйлер ғана мемлекеттiк тұрғын үй қорының құрамында болуы көзделедi. Сонымен бiр мезгiлде, орталық атқарушы органдар мен басқа мемлекеттiк мекемелердiң балансында мемлекетке тиесiлi тұрғын үйлер баршылық. Алайда меншiктiң осы түрi заңнамада көзделмеген, – дедi Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Николай Тихонюк.

Жергiлiктi атқарушы органдар беретiн тұрғын үйлер қызметтiк тұрғын үй немесе қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй деп бөлiнедi. Құқықтық мәртебесi бойынша әрқайсысының айырмашылығы бар.

Осынау заң жобасы бойынша мемлекеттiк мекемелердiң тұрғын үй қорынан қызметтiк тұрғын үй беру тәртiбi мен шарттарын нақтылау, мемлекеттiк үйдi жекешелендiру тәртiбiн анықтау, апатты үйлерден азаматтарды көшiру проблемасын шешу шаралары қарастырылады. Өз қызметкерлерiн баспанамен қамтамасыз ету мүмкiндiгi әрбiр әкiмшiлiк орындарда бар. Н.Тихонюк мырзаның айтуынша, әрбiр министрлiкте өзiнiң тұрғын үй қорын құру ұсынылады. Еске түсiре кетсек, бұрынырақта әрбiр министрлiктерде тұрғын үй қорын иеленетiн мемлекеттiк кәсiпорын болған. Бұл кәсiпорындардың барлығы акционерлiк қоғам болып құрылды да, тұрғын үй қоры әкiмдiктерге берiлген едi. Ендi осынау жүйе қалпына келтiрiлмекшi.

Баспананы өтеусiз жекешелендiруге құқы бар азаматтар санаты нақтыланады. Мұндай құқықтық мәртебе 1992 жылғы Министрлер кабинетiнiң қаулысымен бекiтiлген едi. Десе де тұрғын үйдi жекешелендiруде де белгiлi бiр шектеулер де бар. Мәселен санитарлық, техникалық талаптарға жауап бермесе, әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және жабық нысандар аумағында, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан тұрғын үйлер жекешелендiруге жатпайды.

ИНЖЕНЕРЛIК-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Өткен жылы агенттiк басшысы Серiк Нокин елiмiздiң коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымындағы нысандардың 70 пайызының тозығы жеткенiн айтқан болатын. Инженерлiк желiнiң тозғандығы ресурс қорын жоғалтуға себеп болып отырған көрiнедi. Сондықтан 2011-2014 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасында коммуналдық шаруашылық негiзгi үш бағыттың бiрi бойынша даму көзделiп отыр.

Алдағы жылдары тұрғын үй шаруашылығын қалпына келтiру көлемi ұлғаяды. Инженерлiк желi құрылысы аудандық тұрғын үй құрылыстарына қатысты жүзеге асырылады. 2011-2012 жылдары осы мақсат-мүдденi орындау үшiн қосымша 40 миллард теңге бөлiнiп отыр, соның iшiнде биылғы жылға 10 миллиард теңге қарастырылды. Осынау қомақты қаражаттың арқасында жыл сайын 1,2 миллион шаршы метр инженерлiк құрылыс салынып, мемлекеттiк және коммерциялық тұрғын үйлердiң уақтылы қолданысқа берiлуiн қамтамасыз етедi.

Осылайша 2011-2012 жылдары 150 миллиард теңге бюджет қаражаты керек екен, ал 2011 жылдың еншiсiне 75 миллиард теңгеден келiп отыр. Жалпы, 2014 жылға дейiн жүзеге асырылуы тиiс жаңа тұрғын үй бағдарламасының 368,7 миллиард теңге қарастырылды. Нәтижесiнде инвестиция тарту мен қолжетiмдi баспана алуға жеңiлдiктер жасалып отыр.

Сондай-ақ елiмiздегi құрылыс саласындағы еурокодтардың енгiзiлуi үлкен жетiстiк. Өткен жылдың қыркүйек айында тiлге тиек етiлген еурокодтар ендi жаппай жүзеге аспақшы. 2011 жылдың бiрiншi жартысында елiмiздiң құрылыс саласында еурокодтарды енгiзу және практикалық қолдану басталады. Еурокодтарға ауысу жүйесi бiрнеше жылға созылады. Бұл ретте Австралия, Ұлыбритания, Еуропа Одағы, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония секiлдi елдердiң тәжiрибелерiне зерттеулер жасалынды. 2011-2012 жылдары еурокодтардың барлық 58 бөлiмiне ұлттық нормалар толықтырылған ұлттық қосымшалар, сондай-ақ жобалаушылардың анықтамалары, басқару құжаттары дайындалады. Сөйтiп ескi нормативтер алынады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары