САЙЛАУАЛДЫ ҮГIТ ШАРАЛАРЫ
САЙЛАУАЛДЫ ҮГIТ ШАРАЛАРЫ
Президент сайлауына үмiткерлердi тiркеу жұмысы өз мәресiне жетiп, саяси додаға төрт үмiткер – қазiргi мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, коммунист Жамбыл Ахметбеков, "Қазақстан патриоттары" партиясының жетекшiсi Ғани Қасымов пен "Табиғат" одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов iрiктелiп алынды. Оларға президенттiкке үмiткер екендiгiн растайтын арнайы куәлiк берiлiп, сайлауалды үгiт-насихат шаралары басталып кеттi.
Үмiткерлердiң бiрi, "Қазақстан патриоттары" партиясы сайлауалды бағдарламасын жариялады. Партияның басшысы Ғани Қасымов ең алдымен саяси және мемлекеттiк құрылымды жетiлдiрудi көздейтiнiн мәлiмдеуде. Оның айтуынша, партия бағдарламасы саяси жүйе мен мемлекеттiк институттарға қатысты мәселелердi түгел қамтиды. Патриоттар төрағасы сайлауда жеңген жағдайда құқықтық және әкiмшiлiк реформаларды аяғына дейiн жеткiзбекшi. Сондай-ақ, Ғани Қасымов мемлекетке вице-президент лауазымы қажет деп санайды. "Бiздегi мемлекеттiк құрылым қандай болуы керек деген мәселе бойынша мен ұсыныстар енгiзiп, идеяларымды айтамын. Мұның бәрi саяси партияларға, парламентке және елдiң қоғамдық өмiрiне байланысты болады", – дедi ол өзiнiң бағдарламасын таныстыру барысында.
Ал "Қазақстанның Коммунистiк Халық Партиясы" атынан тiркелген үмiткер Жамбыл Ахметбеков те ресми түрде үгiт-насихат науқанын бастады. Астанадағы сайлауалды штабында бас қосқан партия жетекшiлерi бұқаралық ақпарат құралдарына өздерiнiң ұстанымдарын жария еттi. Үмiткер Жамбыл Ахметбеков халық даусының 40 пайызын алатындығына сенiмдi. Елiмiздiң әр өңiрiнде үгiт автобустары елдi мекендердi аралап, партия қатарына қосылуға ниет танытқандарды мүшелiкке алып, президенттiкке үмiткердiң сайлауалды тұғырнамасын түсiндiрумен айналыспақ. Жамбыл Ахметбеков өз бағдарламасында қарапайым еңбекшi халықтың мұң-мұқтажы мен әлеуметтiк мәселелерiн шешуге басымдық берген. Коммунистер саяси жарысқа бар күш-жiгерiн салып, барлық өңiрлерде өз кандидатына дауыс беруге шақыратын плакаттар iлiп, парақшалар таратады. Сондай-ақ, коммунистер өздерiнiң "Үгiт пойыздарын" да жолға шығарып, ел-елдi араламақ ниетте. Тiптi олар өз үгiт-насихаттарын ғаламтордағы әлеуметтiк желiлелер арқылы жүргiзбекшi. Үмiткер Жамбыл Ахметбеков үшiн аталмыш сайлау үлкен сын болмақ. Ол өзге кандидаттарға қарағанда президент сайлауына алғаш мәрте қатысып отыр. "Бiзге шындықты талап ететiн, өзi үшiн емес, халқы үшiн жанын пида қылатын азаматтар қажет. Бiзге өз елiнiң патриоттары қажет. Мiне, осы үндеудi бiз халыққа тастай отырып, сiздердiң алдарыңызда тұсаукесер өткiзiп, аймақтарға, облыстарға, қалалар мен ауылдарға жiбермекпiз", – деген үмiткер Жамбыл Ахметбеков мырза ел азаматтарын саяси науқанға қалыс қалмай қатысуға шақырып, жеңiске жеткен күнде өзiн-өзi жұмыспен қамтып отырған 2,5 миллионнан астам азаматтың жағдайын заңды түрде бекiтуге, коммуналдық қызметтi акционерлiк қоғам ретiнде құруға, жер телiмдерiнен айырылып қалғандарға қолдау көрсетуге уәде берiп отыр. "Ақиқат, ар-ождан, намыс. Шыншыл күрес пен таза жеңiс". Бұл – каратэден қара белбеуге ие болған Жамбыл Ахметбековтiң өмiрлiк ұстанымы.
"Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов экологиялық проблемаларды шешудiң қажеттiгiн қадап айтты. Ол алдағы күндерi өзiнiң сайлауалды бағдарламасын халыққа жария ететiнiн және онда экология мәселесiне ерекше мән беретiндiгiн жеткiздi. Үмiткердiң айтуынша, Қазақстан үшiн су ресурстары мен шөлейттену қаупi – ұлттық қауiпсiздiк деңгейiндегi проблемалар. Сол себептен де оларды шешу үшiн мемлекеттiк деңгейде бағдарламалар қабылдап, iске асыру қажет. "Қазiр үлкен мәселе – су мәселесi. Тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ауыз су жетпей жатыр. Қазiр 40 пайыз мұздарымыз ерiп кеттi. Құрғақшылық келе жатыр. Жетi жыл бұрын 66 пайыз жерiмiз шөл дала болған. Қазiр 70 пайызға жетiптi. Күннен күнге көбейiп барады", – дейдi президенттiкке үмiткер Мэлс Елеусiзов мырза.
Сондай-ақ, президенттiкке үмiткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау үшiн арнайы штаб ашылды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев интернет арқылы барлық өңiрдегi сенiмдi өкiлдерiмен байланысқа шықты. "Нұр Отан" ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары, штаб жетекшiсi Нұрлан Нығматуллин осындай қоғамдық штабтардың барлық облыста, қалалар мен аудандарда ұйымдастырылып, белсендi жұмыс атқарып жатқандығын айтты. Штабтар құрамына барлық аймақтың танымал азаматтары, белгiлi саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкiлдерi және демократиялық күштер коалициясының мүшелерi кiредi. Осы саяси науқанға Н.Назарбаевтың 29 мыңнан астам сенiмдi өкiлi толықтай қатысты.
Айта кету керек, сайлау парақтарын шығару тәртiбi мен мәтiнi де бекiтiлдi. Президенттiкке үмiткерлердiң тағдырын шешетiн қағаз өнiмдерi банкнот фабрикасында әзiрленедi. Электорат көлемiне сәйкес, 9 млн.-нан астам данасын шығару көзделген. Дайын парақтар 1 сәуiрден кешiкпей барлық учаскiлерге жеткiзiлуi тиiс. Ал "Сайлау туралы" Заң бойынша үгiт-насихат шараларына мемлекет қазынасынан әр кандидатқа тең дәрежеде қаржы бөлiнбек. Әрқайсысына шамамен 7 млн. теңгеден тиедi. Оның 4,5 млн. теңгесiн үмiткер өз бағдарламаларын теледидар, басылым арқылы таныстыруға жұмсайды. Ал қалған қаражат түрлi парақшалар дайындауға, сайлаушылармен кездесуге және кандидаттың жол пұлы үшiн қолданылуы керек.
Сайлауалды шаралардың iшiнде ең қызықты да, тартыстысы да үгiт-насихат кезеңi. Жеңiс көп жағдайда жасалған жарнамаға байланысты. Сондықтан да президенттiкке үмiткерлер үшiн әрбiр күн мен әрбiр сағат қымбат болмақ. Сайлау науқанын ЕҚЫҰ-дан 436, халықаралық ұйымдар мен ТМД елдерiнен 400-ден аса бақылаушы қадағалайды деп болжанып отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ