Жолдау-2011: "БIЗ ӘЛI ЖОЛ БАСЫНДА ТҰРМЫЗ"
Жолдау-2011: "БIЗ ӘЛI ЖОЛ БАСЫНДА ТҰРМЫЗ"
Қазақстан Президентiнiң халыққа дәстүрлi Жолдауы биыл әдеттегiден бiр-бiр жарым ай ерте жолданды. Мұның себебi iшкi саясаттың көрiгiн қыздырған саяси науқанда болуы әбден мүмкiн.
Жылдағы дәстүр бойынша бiз де Елбасы Жолдауының негiзгi ұғымдарын сұрыптап, мәтiндiк талдау жасағанды жөн көрдiк.
Биылғы Жолдаудың жөнi бөлек.
2011 жыл – Қазақстан Республикасының тәуелсiз мемлекет болғанының 20 жылдығы тойланатын айшықты жыл, оның үстiне бұл жыл саяси оқиғаларға толы болғалы тұр. Әуелгiсi, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн созуға байланысты референдум мәселесi. VII Қысқы Азиа ойындарының бiздiң мемлекеттiң төрiнде өтуi де Жолдаудың маңызын арттыра түскенi сөзсiз. Мұның бәрiн былай қойғанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тiзгiнiн Литваға абыроймен тапсырып бола сала, Қазақстан тағы бiр төрағалықты – Ислам конференциясы ұйымы басшылығын қолына алды. Бұл оқиғалардың барлығы Қазақстанның iшкi-сыртқы саясатындағы өзгерiстердiң маңызын қоюлата түскенi анық.
Ендеше, биылғы Жолдау – тарихи Жолдау екенi даусыз.
Елбасының он бесiншi жолдауы "Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз!" деп аталған екен. Бұл құжатта барлығы 3860 сөз пайдаланылған. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында Елбасы "тәуелсiздiк" категориясын 10 шақты рет қайталады. "Менiң Жарлығыммен 2011 жыл Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы деп жарияланды. Мемлекеттiк комиссия құрылып, шараның Жалпыұлттық жоспары бекiтiлдi. Бұл – жалпыхалықтық iс. Үкiметке оны жүзеге асыруда инвесторлардың, бизнес-қауымдастықтарының, қазақстандықтардың күшiн бiрiктiрудi тапсырамын. "Бейбiтшiлiк пен жасампаздықтың 20 жылы" – бiздiң мерейтойымыздың ұраны осы. Тәуелсiздiк жылдарында Қазақстан жолының – бостандық, бiрлiк, тұрақтылық, өркендеу секiлдi арқаулық құндылықтары қалыптастырылды", – дедi Елбасы.
"Қазақстан" ұғымы жолдауда 19 рет кездеседi. Қазақстан мемлекетi туралы айтқанда: "Бiз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегi үш елдiң бiрi болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келiп, халық саны бiр жарым миллионға артты. Бiз Сарыарқаның сайын даласына сәулетi мен дәулетi келiскен Астана салдық. Есiлдiң жағасына серпiндi дамуымыздың символы болған еңселi Елорда қондырдық", – дейдi Президент толғана.
Елбасы бұл жолы "Қазақстандықтар" деген ұғымды 20 рет, бұдан бөлек қаратпа сөз ретiнде 6 рет қолданған. Салыстыру үшiн айта кетелiк, "Отандастар!" деген қаратпа сөзi бұл жолы бiр-ақ рет қолданылған.
Елбасы бұған дейiнгi жолдауларында қазақстандықтардың өмiр сүру сапасын жақсарту мәселесiне ұдайы көңiл бөлiп келгенi белгiлi. Бүгiнгi саясат өзiнiң өмiршеңдiгiмен, келешекпен сабақтастығымен маңызды.
Дегенмен әлi де атқарар шаруа шаш-етектен.
"Бiз әлi жол басында тұрмыз" деген Президент жаңа әлеуметтiк саясатқа егжей-тегжейлi тоқталып өттi. "Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтiк жаңғырту мәселелерiне ерекше назар аударып тұрмын. Мен үш аса маңызды мемлекеттiк бағдарламаларды – бiлiм беру, денсаулық сақтау және тiлдердi дамыту бағдарламаларын бекiттiм. Үкiметке әкiмдермен бiрлесе отырып биылғы 1 мамырға дейiн мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту; халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын. Бұл бағдарламалар елдiң миллиондаған қарапайым адамдарының күнбе-күнгi мәселелерiн шешуге бағытталған. Олар қазақстандықтардың өмiр сапасын жақсартады".
"Ұлт" деген ұғымды Елбасы жалпы мағынасында қолданады. Мысалы "Бiз осылайша аз жылда абыройы артқан айдынды елге, қуатты ұлтқа айналдық" дейдi. Тағы бiр жерiнде "Мен ауызбiршiлiктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәмiл сенемiн" делiнген.
Бұл мәтiнде қазақ ұлты, қазақ халқы ұғымдары жоқтың қасы, есесiне қазақ тiлi туралы Елбасы қадап-қадап былай дейдi: "Қазақстандықтардың өзiмiз өмiр сүрiп, елiмiздi жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттiк қазақ тiлiн құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудiң өзi қуанышты".
Сондай-ақ Президенттiң мемлекеттiк тiлдi дамытуға айрықша мән бергенi қуантады: "Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi басым көпшiлiктi құрайды. Бұл – Тәуелсiздiктiң орасан зор жетiстiгi. Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 80 пайызға дейiн жеткiзу. Ал 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс. Ендi он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Ол үшiн бiз бәрiн де жасап жатырмыз", – дедi Президент.
Әрине Елбасы орыс тiлi мен өзге де қазақстандық этностар тiлдерiн дамыту қажеттiгiн де айтып өттi. Оған қоса Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 2020 жылға қарай ағылшын тiлiн бiлетiн тұрғындар саны кемiнде 20 пайызды құрауы тиiс. "Мен қазiргi заманғы қазақстандық үшiн үш тiлдi бiлу – әркiмнiң дербес табыстылығының мiндеттi шарты екендiгiн әрдайым айтып келемiн", – деп түйдi сөзiн Президент.
Қазақ тiлiн бiлетiндер санын 95 пайызға, ал ағылшын тiлiнде сөйлейтiндер қатарын 20 пайызға жеткiзуге қатысты тапсырма – Үкiметтiң нақты бағдарламалар аясында жұмыс iстеудi талап ететiн меже. Ендеше Президент бұл сандарды бекер айтып отырған жоқ.
Нақты сөз айтылды – нақты iске көшетiн сәт туды.
Соңғы жылдары Президент Жолдауларына мәтiндiк талдау жасау барысында бiз байқаған бiр жайт – Президенттiң "менi", яғни өзiне деген сенiмi беки түскен. Елдiң жетiстiктерi туралы айта келiп, Елбасы "Бiз бұған уәде бердiк, бiз мұны орындадық" дейдi нық сенiммен. "Бiз" категориясы бұл жолы 72 рет, ал "мен" есiмдiгi 23 мәрте қолданылған. "Отанды қалтқысыз сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күюдi талап етедi. Менiң ғұмырым – ел тағдырымен еншiлес. Маған Сират көпiрiндей қылпылдаған кезеңде тәуелсiздiк алып, мемлекет құру iсi сенiп тапсырылды. Сондықтан мен сенiмге серт берiп, бар жауапкершiлiктi мойныма алдым. Күрмеуi қиын түрлi тағдырлы шешiмдердi жүрегiмнен өткiзiп қабылдадым. Мен 20 жылдан берi бар күш-жiгерiм мен бiлiк, тәжiрибемдi аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етiп келемiн. Осы жылдары мәртебемiздi көтерiп, мерейiмiздi асырған барша жетiстiктерiмiз – бiздiң ортақ табысымыз. Сондықтан бастамашы азаматтар мен тiлекшi болған барша қазақстандықтарға ризашылық бiлдiремiн! Мен үшiн қашанда мемлекет мүддесi мен ел игiлiгi жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес", – дейдi Елбасы ағынан жарылғандай.
Дегенмен Президент "Қалай болғанда да, халықтың еркi – бәрiнен жоғары" екенiн қадап айтты.
Елбасы елдiң дамуын бiрлiк пен ынтымақсыз елестете алмайды. "Бұл жолда бiздiң ең басты байлығымыз – берекелi бiрлiгiмiз. Мен ауызбiршiлiктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәмiл сенемiн. Халқымызда "Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады" деген даналық сөз бар", – дедi Президент. Тағы бiр жерiнде қазақтың "Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бiрлiкпен толығады" деген мәтелiн де қолданды.
"Алдымызда атқарылар қыруар iстер бар" деген Президент алдағы он жылда елге қызмет ету жолында бар ерiк-жiгерiн жұмсауға дайын екенiн аңғартты.
Гүлбиғаш Омарова