САЛҒЫРТТЫҚ ПА, САУАТСЫЗДЫҚ ПА?

САЛҒЫРТТЫҚ ПА, САУАТСЫЗДЫҚ ПА?

САЛҒЫРТТЫҚ ПА,  САУАТСЫЗДЫҚ ПА?
ашық дереккөзі
269

"Ислам. Энциклопедиялық анықтамалықты" оқығанда осындай ойда қалдық

2010 жылы "Аруана" баспасынан Б.Аяған, Ж.Ибрагим , Ж.Абдрамановтың бас сарапшылығы мен құрастыруы негiзiнде шыққан 1 томды "Ислам. Энциклопедиялық анықтамалықты" қолымызға алғанда қуанғанымыз рас. Себебi мұндай кiтап дiни мағлұматтық ақпаратқа деген сұранысы артып отырған бүгiнгi қоғамға аса зәрулiгi шәк келтiрмейдi, оның үстiне бұған дейiн осы сипатты кiтап болғанмен орыс тiлiнен аударылған, ал бұл энциклопедия ана тiлiмiзде тұңғыш жасалып отыр. Кiтапта керектi көп мәлiмет жинақталса да, шикiлiктерiн көрiп қынжылдық, шалағайлықтарын жасырып қалмай, көпшiлiкпен бөлiсудi жөн санадық.

Энциклопедия – eл ғылымының өскендiгiнiң, биiк мәдениетiнiң көрсеткiшi. Энциклопедиядағы мағлұматтар артық сөздi көтермейтiн жинақы, қысқа әрi анық, әбден тексерiлген, шынайы, бұлтартпас, айқын болғаны абзал. Сол себептi қандай да энциклопедия салаға қатысты ең бiлiктi кәсiби мамандар жұмылдырылып бiрлесуiмен, күш бiрiктiрiп, қолдағы бар мүмкiндiктi пайдалана отырып жасалады. Оның үстiне дiн өте нәзiк, термин ұғымдары өте ауқымды, қыр-сыры мол, кездейсоқ көлденең көк аттыға игерте қоймайтын күрделi, араб тiлiнен енген сөздер, адам аттарына бай сала болып есептеледi.

Дегенмен егер дұрыс пайдалана бiлсе, Ислам энциклопедиясын даярлауда басқа тiлде шыққан басылымдардың көмегi аз тимесi хақ. Араб тiлiнде ұшы-қиырсыз ислами мағлұматтарды жинақтап, жүйелеу мақсатында қазiрде жасалып жатқан iргелi жұмыстарды жоқ деп айту артық. Мәселен Египетте Жоғары дiн iстерi кеңесiнiң мұрындық болуымен, көп томды тақырыптық энциклопедия даярлану үстiнде. Қазiр бұл басылымның "Құрантану" (2002), "Хадистану" (2003), "Ислам мәдениетi" (2005), "Ислам шариғаты" (2006), "Ислам әлемiндегi бағыттар мен мазхабтар" (2007), "Жалпы ислам энциклопедиясы" (2005) тақырыптық энциклопедиялар жарыққа шығып үлгердi. Тунисте "Араб және исламның аса көрнектi ғалымдары мен қаламгерлерi" деген көп томды энциклопедия жасалып жатыр, оның 20 томы оқырмандардың қолына тидi. Ал осының алдында 1 томды, 2 томды, 6 томды, 12 томды ислам энциклопедиясын шығарып, тәжiрибе жинақтаған Түркияда ендiгi әзiрленiп жатқан аса ауқымды "Ислам энциклопедиясының" тек 40 томы ғана басылды. Өзбекстанда, Татарстанда 1 томды "Ислам энциклопедиялары" жарияланды. Орыс тiлiнде жарыққа шығып жатқан "Бұрынғы Ресей империясының территориясындағы ислам" деген энциклопедиялық сөздiк" әлi де жалғасын таппақ. Демек бағыт-бағдар болатындай, басшылыққа алатын үлгi де, тәжiрибе де баршылық.

Ал бiздiң елiмiзде тұңғыш рет қолға алынған мұндай салмақты басылым бұл саладан бейхабар адамдардың қолына ұстатыла салынған. Сондықтан болар сөз етiп отырған кiтапта ұсынылған түсiнiктерiнiң оқырманын жаңылтар, миын ашытар қате, сенiмсiз тұстарының көптiгiнен көз сүрiнедi.

Сөзiмiздi дәлелдеу үшiн нақты мысалдарға жүгiнелiк: "Ауызашар – ораза ұстаған адамдар тамақтануға рұқсат етiлген мезгiл/?/". /63-бет/ Ауыз ашар – мезгiл емес, дұрысы – ораза ұстап, ауыз бекiткен адамның күн батқан мезгiлде ниет етiп, дәм татуы.

Ал "Пайғамбар/парсы, "пайғам" – хабар және "бар" – алып барушы/ – қауымға Аллаһ ақиқатын жеткiзiп, Құдайдың барлығы мен бiрлiгiн мойындауға шақырушы адам/?/408-бет/ деген анықтаманың туралығы күман туғызады. Пайғамдарды адам дегеннен гөрi алланың елшiсi деген абзал, өйткенi пайғамбардың жәй адамдардан артықшылығы да, ерекшелiгi сонда, "қауымға Алла ақиқатын жеткiзiп, Құдайдың барлығы мен бiрлiгiн мойындауға шақырушысы" мiндетiн мешiттiң уағызшы имам-молдасы, басқа да адамдар орындай алады ғой.

Немесе "Хадис – Ислам пайғамбары Мұхаммедтiң /с.а.у/ сөздерi мен пиғылдарын/?/, қысқаша айтқанда сүннетiн зерттейтiн пән/?/"/510-бет/ деп хадистiң пән емес, Мұхаммед пайғамбардың /с.а.у/ сөздерi, iстерi, ал хадистi зерттейтiн исламтану саласы, дәрбес пән – хадистану немесе, хадис iлiмi деп аталатындығын шатыстырады. "Пиғылы" деген сөз де стильдiк тұрғыдан ақаулық.

Сондай-ақ "Факиһ /"бiлiмдi"/ дiншiл заңгер, Құран сөзiнiң бiлгiрлерi/?/"/498-бет/ дегенi де дәл емес. Дұрысы факиһ-фиһқтың, яғни мұсылман хұқық – заңының, шариғаттың жетiк меңгерген бiлгiр маманы, ал фиқһ – исламтанудың бiр саласы, дербес пән. Бұл жерде 1991 жылы орыс тiлiндегi жарық көрген, 1995 жылы "Қазақ энциклопедиясынан" марқұм академик Рымғали Нұрғалиевтiң бас редакторлығымен қазақшаланып басылған "Ислам энциклопедиясынан" көшiрген, көшiргенде олардың кемшiлiктерiн түзетпей, көз жұма қайталағандығын байқаймыз, өкiнерлiгi сол – мұндай тұстар кiтапта бiреу ғана емес.

Авторлардың сопылық ағымдағы басты ұғымдарды, сопы хаққа жету үшiн өтуi тиiс төрт саты асу: шариғат, тариқат, мағрипат, хақиқатты ажырата көрсетпегендiктен "Хақиқатқа" арналған бiрiншi сөйлемi:

"Хақиқат – сопылық iлiмде хақиқат /?/, ал фиқһ iлiмiнде шариғат дейдi/?/"/518-бет/" – деп мүлт кетедi.

"Дiни лауазымдар мен атақтар" деген тақырыптағы анықтамалардың шынайылығы дау туғызады: "Ахун/парсы/ мүфтиден кейiнгi атақ. ХVIII ғ-дың 2-жартысында Бұхар хандығындағы ең жоғары дiни лауазым болды. Мүфтидiң шариғат бойынша айтқан шешiмi ахунның келiсiмiнсiз жүзеге асырылмаған"/148-бет/; "Дамолла"/араб/-Ислам дiнiн насихаттаушылардың, мешiт пен медресе қызметкерлерiнiң лауазымы. Дамоллоны Ислам дiнiн насихаттауға сiңiрген еңбегiне, дiни бiлiм дәрежесiне қарай дiни қауым сайлайды"/149-бет/ Дұрысы ахун мен дамолла – дiни қызметiне емес, дiни оқу орындарының, мектеп пен медреселердiң ұстаз-оқытушыларына байланысты қолданылатын атау.

"Хазiрет, қазiрет – жоғары дiни дәреженi бiлдiретiн лауазым/?/515-бет/деген түсiнiгiнде де дәлдiк жетпейдi. Шындығында хазiрет ешқандай мансап, лауазым да емес, құдай, пайғамбарлар, әулиелерге, үлкен дiндегi қадiрлi, лауазымды адамдар аттарына құрметтеп қосылатын сөз. Кiтаптағы "Ишан" атты мақалада /231 бет/ жазылғандай бұл атақтың жәй "халық арасында сауат ашу, ғибадат айту /?/ қызметiн атқарып жүрген дiни сауатты адамға берiлетiн дiни атақ" емес, бұл ұғымның сопылықпен тiкелей қатысы бар екендiгi, бұл атақтың тариқаттың басшыларының қатарындағы, дiни сауаты да, деңгейi де жоғары, беделдi тұлғаларына ғана" телiнетiнi ескерiлмеген.

Жұмыстың 499-бетiнде "фард", 409-бетiнде "парыз" атауларын жеке-жеке алып, екi түрлi мазмұн-мағынадағы мақала етiп, бұл екi терминнiң түбiрлес екендiгiн, алғашқысы араб тiлiндегi нұсқасы, екiншiсi қазақ тiлiнiң фонетикалық өзгерiске түскен сол ұғымның баламасы екендiгiн шатастырған. Араб тiлiнен хабарсыз құрастырушы-сарапшылар "дамолланы" деген парсы сөзiн араб сөзi, "мүрид" деген араб сөзiн парсы сөзi деп /149-б./ қателiкке ұрынады.

Еңбекте қазiргi дiн санасы күн сайын күшейiп келе жатқан жамағаттың қасиеттi кiтабы Құранның Алланың сөзi деген сенiмiне күмәнмен қарайтын атеистiк көзқараспен "Араб тiлi … Құран осы тiлде жазылған" /55-б/ деген iспеттi жолдарды да немесе киелi кiтаптағы аталатын пайғамбарлар мен адамдарды "Құран кейiпкерi /155-б; 454-бет/ деп көрсететiн сөйлемдер ұшырасады.

Кiтаптағы мұсылмандардың ашуын шақыратын сөйлемдер мұнымен тоқталмайды. "Әзiрейiл – дiни ұғым бойынша қайтыс болар адамның жанын алушы, қаза перiштесi. Бұл өте көне түсiнiктердiң бiр көрiнiсi, мәжусилiк, бұтқа табынушылық замандарындағы наным қалдығы деуге болады. Ә.Исламға христиан дiнi арқылы келгендiгi байқалады. Христиан дiнiндегi ең басты 4 перiштенiң – Жабраил, Микаил/Құранда Жибрил, Микол/, Азраил және Исрафил есiмдерi Исламға көшкен" /89-бет/ деген жолдарды оқығанда жағамызды ұстадық, осылайша батыстың, орыс ғалымдарының материалистiк тұрғыдағы ой-тұжырымдарын көз жұма талғаусыз беру арқылы исламның қастерлi сенiм қағидаларын тәрiктеп, жоққа шығарып қана қоймай, елiмiздегi дiндар қауымның сенiмiн таптап, қорлайды.

Төмендегi олқылықтар орысша энциклопедиясын және оның қазақша аудармасындағы кемшiлiктерге сын көзiмен қарамай, түзетпей қайталаудан туындайды:

"Iбiлiс, Иблис /грекше /?/ "албасты /?/, шайтан/ – дiни ұғымда көктен қуылып, адамдарды Аллаһтың ақ жолынан тайдыратын, күнәға ұшыратын перiнiң есiмi. /568-б/". Не "Жақұт-яһудилер" /156-бет/ – деп алғыңларды қайталағанда, не арабтардың, не қазақтардың, не орыстардың яһудилердi "жақұт" демейтiндiгi ескерiлмеген.

"Мұхаммед пайғамбар … соңғы пайғамбар. Аллаһтың елшiсi, сүйiктi досы /?/, оған ең жақын тұлға/?/"/345-бет./ деген жолдар араб тiлiндегi сөздердiң көп мағыналы болатындығын, хадистердiң астарлы мағынасын түсiнбейтiн жанның қолымен жазылғандығы шәксiз. Ислам ақидасында Алла – жалғыз, оған теңесер ешкiм жоқ, "ал сүйектi дос, ең жақын тұлға" деп аралас-құраласып жүрген, өте жақындық қатынас болатын адамдарға айтылмайтын ба едi?! Алла пен пайғамбардың /с.а.у./ арасында тiкелей байланыс болмаған, оған тек уәһи ғана келген, қатынас тек перiштелер арқылы жүзеге асқан.

"Араб тiлi" деген мақалада "Сөздiк құрамы 12305400 сөзден асады" /55-б/ деген сынды ғылымнан алшақ, қайдан шыққаны мәлiм емес дерек бар. Әлемдегi ең бай тiлдер қатарына енетiн араб тiлiнiң сөздiк құрамы бұл саннан мыңдаған есе көп екендiгiне мен арабтанушы, филолог ретiнде куәлiк беремiн. Мұны санаған кiм бар дейсiң. Себебi тiлдiң сөздiк құрамын санау адам түгiлi, суперкомпьютердiң мүмкiндiгi жетпейтiн мәнсiз тiрлiк екендiгiн ұғыну үшiн ғалым болу да шарт емес.

Энциклопедияның 433-бетiндегi "Сәске намазы – бұл намаздың ең азы – екi рәкат. Төрт немесе сегiз рәкат оқиды. Уақыты – күннiң найза бойы көтерiлгеннен күн тас төбеге жетуiне жарты сағат қалғанға дейiн жалғасады" – деген сөйлемдi оқып, қай намазды айтып отырғанын түсiне алмай басым қатты. Сонан соң мақала астындағы "М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы" дегендi көрiп, осы екi жiгiттiң менiң алғысөзiмен шыққан "Ислам ғылымхалы" атты кiтабынан алынған болар деп шамалап, осы кiтапты парақтасам, солай екен. Сөйтсем, осы кiтаптағы "Нәпiл намаздар. Мәндүп намаздарды" тараушадан жоғарыдағы жолдардың алдыңғы беттерiмен сабақтастық ескерiлмей, үзiп алынғандықтан бұлдыр болып қалған.

М.Исаұлы мен Қ.Жолдабайұлының аталмыш кiтабынан "Үтiр намазы" деген тараушаны осындай тәсiлмен қайта бергендiктен, бұл намаздың уәжiптiгi, құтпан намазынан кейiн оқылатындығынан аса қажеттi де мәндi шарт-талаптары айтылмаған.

Әйтеке Байбекұлы туралы/89-бет/ мақаладағы "12 жасында Жалаңтөс атасы, 15 жасында Ақша атасы дүниеден озды" деген cөйлемдi оқыған жанның бидiң неше атасы бар, қайсысы атасы деп басы қатары күмәнсiз. Осы мақалада сiлтеме берiлген Халел Досмұммедовтың мәлiметiне сенсек, Ақша би – Әйтеке бидiң атасы, Жалаңтөс – Ақша бидiң iнiсi.

Кiтапта Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасына кейiн келген бөлiм меңгерушiлерi Оңғар Өмiрбек, Әбдiмүтәлiп Дәуренбеков, Қайрат Жолдыбай сынды қызметкерлерi туралы мақалалар бере отырып, осы мекеменiң 1990 жылы ашылған күнiнен бастап жұмыс жасап келе жатқан, бөлiм меңгерушiсi, наиб-мүфти, Республикалық имамдардың бiлiм жетiлдiру институтының ректоры, "Вайнах" мешiтiнiң бас имамы, философия ғылымдарының кандидаты, жақында қазақтың дiни әдебиетiн зерттеп, докторлық диссертация қорғаған шейх Мұхаммад Хусейн Алсабеков сынды лауазымды адамын елеусiз тастаған, керiсiнше дiни басқармада аз уақыт жұмыс атқарып, осы кiтап шықпай тұрып қызметтен шеттетiлген Балтабай Мекежанов пен Ершат Оңғаров туралы жеке мақала бар. Тарих ғылымдарының кандидаты Зiкiрия Жандарбековке жеке мақала арнаса да, исламтанудағы қызметi мен ғылыми дәрежесi одан жоғары, республикадағы осы саланың санаулы әрi бiлiктi мамандарының бiрi, ханифи ғұламалары жайлы еңбек жазған, тарих ғылымдарының докторы Әшiрбек Муминовтi ауызға да алмаған. Кiтапта қазақтың әдетiн, ғұрпын ислам шариғатымен байланыстыра зерттеген заң ғылымдарының докторы, профессор, Құранды қазақ тiлiнде сөйлетушiлердiн бiрi – Нұралы Өсеровтiң еңбектерi бұрмалап та, бұрмалай қолданса да, ғалымның өзi туралы мәлiмет берудi керек деп есептемеген. Ғылым докторлары Алау Әдiлбаев, Балғабек Мырзаев, Қалмақан Ержан хақында арнаулы мақалалар бере отырып, солар тәрiздi Түркияның Анкара университетiнен РҺd ғылыми докторлық дәрежесiн алған, дiни тақырыпта жазып-сызғандары, еңбектерi қатарластарынан асып түспесе, кем еместiгiн жарық көрген он кiтабы айғақтайтын, энциклопедияны құрастырушылардың өздерi сол кiтаптарды оңды-солды пайдаланған Мұхитдин Исаұлын алалап, қалдырып кетуiне не себеп? Әрине жоғарыда аттары аталған әрiптестерiмнiң анықтамалыққа кiргенiн қолдап-қуаттай отырып, құрастырушылардың мақалалар тiзбесiнде белгiлi ұстанымы, нақты өлшем, әдiлдiгi болмағандығын көрсетпекпiн, не бiр адамды бере отырып, сол бағытта сiңiрген еңбегi, мансабы, дәрежесi кем түспейтiн екiншi адамды қалдырып кету не салақтықтан, не бiлiксiздiктен, не жеке құрастырушылардың сол адамдарды жақтырмайтын пендешiлiгiнен туындауы мүмкiн. Энциклопедия iспеттi елдiк-халықтық мәнi бар, рухани әлемiмiздi байытар байыпты басылымдарда бұндай келеңсiздiктiң бiреуiне де жол берiлмегенi жөн.

Алайда құрастырушылар басылымның басты бағдарынан ауытқып, Асан Қайғы /59-61-беттер/, Абылай хан /20-24-беттер/, Ақтамбердi /33-бет/, Әбiлмәмбет хан /88-бет/, Болат хан /109-бет/, Қаз дауысты Қазыбек би /283-285-беттер/, Махамбет ақын /325-327-беттер./, Тәуке хан /468-бет/т.б. сынды тұлғалар туралы белгiлi фактiлердi басқа энциклопедиялардан тисе – терекке, тимесе бұтаққа деп ретсiз қайта көшiрiп көлемдi ұлғайтқанымен, аталған тұлғалардың ислам дiнiмен байланысты қызметi қаншалықты болды деген сұрақтарды жауапсыз қалдырған. Кiтапта қазақ тарихында елеулi iз қалдырғанымен, исламды дамытуға қосқан үлесi белгiсiз хан, билер басқа энциклопедиялардан таразыланып, екшелмей көшiрiлiп берiлсе де, саналы ғұмырларын тек ислам дiнiне қызмет етуге арнаған Марал ишан, Науан хазiрет, Ғылмани Садуақасов, Халифа Алтай сынды танымал жандар ұмыт қалған. Ыбырай Алтынсариннiң ағартушылық, педагогтiк, жазушылық, фольклортанушылық қызметiне байланысты жауыр болған деректер Кеңестiк дәуiрде анықтамалардан алынып, қайталанса да, ағартушының өмiрi мен шығармашылығының дiнмен қатысты тұстары, дәлiрек айтсақ, атақты өлеңiндегi "Кел, балалар оқылық, бiр Аллаға сиынып" деген жолдар, кейiн миссионер орыс достарынан бойын аулақ салып, исламды насихаттауға кiрiскендiгi, "Мұсылмандық тұтқасы" деген кiтап жазғаны, өзiн ақтық сапарға аттандыру рәсiмiне 99 молданы шақыруға өсиет еткендiгi сынды тұстары ашылмайды. Дiн мен қаламгерлiктi қатар ұстаған Ғұмар Қараштың өлеңдерi, кiтаптары тiзбектелгенiмен, оның дiни мазмұнды кiтаптары мен еңбектерi, дiни қазылық, мүфтилiк қызметтерi айтылмайды.

Энциклопедияда "Ал медреселерде /Мерке/?/, Құлан/?/, Тараз, Шымкент, Алматы т.б/мұсылманша орта бiлiм алуға болады. Шымкент қ-ларындағы Ислам ун-терi жоғары бiлiмдi дiни қызметкерлер даярлайды"/152-бет/ деген жаңсақ мәлiмет ұсынылады. Шындығында Меркеде өткен ғасырдың аяғында дiни медресе болғанымен жабылып қалғалы ондаған жыл өттi, ортағасырлық Құланда медресе болуы мүмкiн, ал кейiнгi кеңестiк дәуiрде тәуелсiздiк кезеңде де медресе болған емес, ал Қазақстанда жоғары бiлiмдi дiни қызметкер даярлайтын жалғыз оқу орны Алматыда орналасқан. Ол – Нұр-Мүбарак университетi.

"Кейiнгi 7-8 жыл iшiнде Алматы мешiттерiнiң саны– 18-ге /?/ жеттi. Бұл мешiттердiң ең көрiктiлерi әл-Фараби даңғылы бойында салынған Хосни Мүбарак атындағы кешендiк Ислам мәдени қалашығы мен Алматы қ-ның Орталық мұсылмандар мешiтiнiң жаңа ғимараты/45-бет/. Дұрысы – Алматы қаласындағы мешiттердiң саны – 33, Хосни Мүбарак атындағы/?/ кешендiк Ислам мәдени Орталығы/?/ дегенi қате, дұрысы – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетiнiң мешiтi, Алматы қаласының орталық мұсылмандар /?/мешiтi емес, дұрысы – Алматы Орталық бас мешiтi".

Жадидтiк бағыттағы қозғалыстың белдi өкiлi – "Мұхаммед Абдуһу" – "Абд Мұхаммед" деп жаңсақ берiлген/17-бет./

Кiтапта бұрынғы нанымдардан өрбiген, исламмен үйлеспейтiн, оған кереғар арбау, бақсылықты, перiнi жеке-жеке мақала етудiң қаншалықты қажеттiгi бар едi деп ойладық? Қазақтың байырғы дiни сенiмдерi де жай берiлмеген, бұрмаланған. Сөзiмiзге кiтаптағы "Аспан ата/?/, Жер ана" деген арнаулы ұғым енгiзiп, "Жалбарынғанда көкке қарап, "Аспан ата /?/, Жер ана" деп жалбарынып, тiлек тiлеген /61-бет/ жолдар айғақ. Көне түрiктерде, қазақтарда ертеден "Аспан ата" деген Құдай ұғымы болмаған. Рас, бабаларымыз Көкке, Тәңiрге сыйынған. Шамасы осы ұғымдардың орыс тiлiндегi аудармасын керi қазақшалағанда ана тiлiмiздегi баламаларын бiлмегендiктен "Аспан ата" деп тәржiмалаған ғой деп болжадық. Ислам дiнiне қатысы болмаса да "Әз" сөзiн түсiндiруден /88-бет/ не ұтты?

Әрине бiз жоғарыда санамалап өткен кемшiлiктер бiр қарағанда көзге iлiнгенi, кiтапты парақтаған сайын әр бетiнен осы тәрiздi шалағайлықты табасыз.

Энциклопедиялық басылым ең алдымен сөз тiзбеден басталады, оның өзi мамандардың күшiмен әбден талқыланып, анықталған соң әрбiр тақырыпты жазуға соны ең жақсы бiлетiн маманға жүктелуi тиiс. Амал қанша, "Ислам энциклопедиясын" бұл саладан алыс топ жүрексiнбей қолға алғанымен қоймай, жауапкершiлiктi сезiнбей, салғырттықпен жүрдiм-бардым қарап, әрi мамандарды тартуды, талқылап, сараптаудан өткiзудi артық көрген, сөйтiп мемлекеттiң "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында игiлiктi шаруаға бағыттаған қаражатын рәсуә еткен.

Шамшәдин КЕРIМ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары