Ресейдің Киров облысында белгілі авиамодельші және конструктор Владимир Трапезников өзі құрастырған тікұшақты сынау кезінде қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Telegram-дағы 112 арнасы жазды.
Трапезников бала күнінен ұшқыш болуды армандаған, бірақ өмірінде орман шаруашылығында жүргізуші болып жұмыс істеген. 1985 жылы оның өз қолымен құрастырған ұшағымен алғаш рет әуеге көтерілгені туралы «Панорама» киножурналы хабарлаған. Ол сондай-ақ «Ұшуға жаралғандар» атты деректі фильмнің кейіпкері болған.
Өмірінде ол бес ұшақ пен бір тікұшақ құрастырған. Соңғысы – өз өліміне себеп болған өнертабысы.
Кеше Трапезников отбасымен бірге Киров облысындағы Залазна ауылы маңындағы далаға барып, тікұшағын сынамақ болған. Қозғалтқышты іске қосып, айналу жылдамдығы артқанда, тікұшақтың қалақтары үзіліп кеткен. Соның бірі оның басына тиген.
«88 жастағы авиаконструктор ауруханаға жеткізілді, бірақ бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Алған жарақаты өте ауыр болған», – деп жазылған хабарламада.