ЖУРНАЛИСТ НЕГЕ ПАРОДИЯШЫ АТАНДЫ?

ЖУРНАЛИСТ НЕГЕ ПАРОДИЯШЫ АТАНДЫ?

ЖУРНАЛИСТ НЕГЕ ПАРОДИЯШЫ АТАНДЫ?
ашық дереккөзі
275

Жыл сайын Жаңа жылдың қарсаңында көк сандыққа үңiлетiн көптеген көрерменнiң үнемi зер сала тамашалайтыны – Ресейдiң телеарналары. Қазақстандық телеарналарды емес, ресейлiк арналарға үңiлудiң де өзiндiк сыры бар. Өйткенi ОРТ дейсiз бе, НТВ болсын, ресейлiк телеарналардың жаңа жылдық шоу бағдарламалары өзiндiк ерекшелiгiмен арбайды. Әрi көрерменiн еш жалықтырған емес. Концерттiк бағдарламалардан бөлек, әзiл-қалжыңға толы думандық кештерi, әзiлкештердiң күлкi думанының өзi неге тұрады?!

Расында да, көрерменiне үнемi күлкi сыйлайтын Петросян, Задорнов, Хазанов, Винокур, Галкин бастаған әзiлкештер тобын жаңа жылдық кештерде үздiксiз тамашалауға бармыз. Екi сағат бойы монолог оқыса да көрерменiн күлкiге көметiн әзiлкештердiң қасында қазақтың әзiл-сықақ театрларының жiп есе алмай қалатыны рас. Бұл қалай? Әлде қазақта әзiлкеш ағайындарымыз аз ба? Бiр сарынды, бiр бағыттағы қаптаған әзiл-сықақ отауларының әзiл кештерi де көрермендi қызықтыра алмай жүр. Түрлi әзiл-сықақ театрларының арзанқол интермедияларынан жалыққан жұртшылық амалсыздан ресейлiктердiң шоу бағдарламаларын көруге ұмтылады. Бiрде белгiлi сатирик Көпен Әмiрбек ағамыз "қазақта монолог оқитын пародистер неге жоқ?" деген сауалымызға: "Бiзде пародистер бар. Ендi шығып келедi. Олардың арасында Олжас Сыдықбековтың есiмiн ерекше атар едiм", – деп жауап берген болатын. Анда-санда телеарнадан, кейде әзiл-сықақ театрларының концерттiк бағдарламаларынан көрiнiп қалатын Олжас Сыдықбековтың қазақтың белгiлi тұлғаларына, саясаткерлерiне пародия жасап жүргенiнен бәрiмiз де хабардармыз. Ендеше, пародияның бүгiнгi халiн жас пародистiң өзiнен сұрап көрелiк. – Олжас, қазақта пародия жасайтын әзiлкештер неге аз? Әлде бұл қазаққа жат өнер ме? Қалай ойлайсың? – Пародия – комедияның iшiндегi ең ауыр жанр ғой. Ең қиыны да – осы. Жалпы, комедиялық өнердiң ең шарықтау шегi – пародияға апарады. Ал қазақта пародия жасайтын актерлер неге аз деген сауалға, мен жауап бере алмас ем. Өйткенi менiң арнайы актерлiк мамандығым жоқ. Өнер академиясынан арнайы бiлiм алған жоқпын. Мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетiн бiтiрiп, журналист мамандығын алып шыққан жанмын. Университетте ара-тұра пародия жасап жүрдiм де, ақырында сахнаға бiржола бет бұрдым. Ал пародияны бiздiң елiмiзде кенже қалған өнердiң бiр түрi деп айтуымызға болады. Бұл өнерге арнайы Өнер Академиясының дипломы да көмектесе алмайды. Бұл адамның табиғатында болса ғана әрi қарай өрiстеуi мүмкiн, жоқ болса, оны қолдан ешкiм жасап шығара алмайды. Бiзде бiрлi-екiлi пародистер болды. Ұлан Үсiпәлиев, Бекжан Тұрыс сияқты ағаларымыз, Айгүл Иманбаева, Шынар Жанысбекова сияқты актрисаларымыз бiрлi-жарым адамдардың бейнесiн пародиялап көрдi. Нұржан Тұтов ары қарай жалғастырды. Бұлар тек қана пародияны түбегейлi алып жүрген жоқ. Ара-арасында соғып кеткендерi болған. Өйткенi пародия жасау үшiн адамға уақыт керек. Өзiңнiң кейiпкерiңдi тану үшiн де бiраз уақыт кетедi. Сондықтан пародиядан бiрнәрсе шығарам десең, соған түбегейлi бет бұруың керек. Кейде бiр адамдарды пародиялап шығару үшiн бiраз уақытыңды сарп етуге тура келедi. Оның мiнезi қонбайды, оның характерiн аша алмайсың. Ал кейбiр адамдар болады, бiр көргеннен-ақ, ертесiне оның бейнесiн жасай аласың. Адамның табиғи мiнезiн айнытпай салу үшiн кейiпкерiңнiң өзiң ерекше бiлетiн жақын қасиеттерi болуға тиiс. Маған кейде мына бiр адамды пародиялау керек деп берген кезде, оның характерi маған келе ме, жоқ па, соны көбiрек ойлаймын. – Ондай тапсырысты кiм бередi? – Кейде тапсырыстар болады. Сахнаға, телеарналардың бағдарламаларына алып шықпасам да, кейбiр отырыстарда орындаймын. Ел аузында жүрген адамдардың жеке сөйлеген сөздерiн, көпшiлiктiң алдында айтқан әңгiмелерiн тыңдап, солардың арасынан үзiк-үзiк ойларынан оның бейнесiн жасап алуға тырысам. Оның үстiне, монолог айту да оңай шаруа емес. Өзiңiз айтқан ресейлiк әзiлкештердiң көрерменiн бiрнеше сағат бойы жалықтырмай ұстап тұруының сыры да сонда – монолог жазатын авторлардың көптiгiнде. Пародияларымның мәтiнiн көбiне өзiм жазам. Бiрақ мен кәсiби маман емеспiн ғой. Алғашқы кездерi Асқар Наймантай жазып берiп жүрдi. Сол кiсiнiң дайындаған монологтарымен шығып жүрдiм. Ал ресейлiк әзiлкештердiң артында жүздеген авторлар тұр. Солардың жазған дүниелерiнiң iшiнен жақсыларын таңдап, сахнаға алып шығады. Олардың аудиториясы да үлкен. Мүмкiн мәселе аудиторияның үлкен-кiшiлiгiнде емес шығар. Негiзiнен, кiнә өзiмiзден де бар. – "Пародия жасау оңай емес" дейсiң. Бiрақ сенiң таңдауың осыған түсiп отырған жоқ па? – Ешқашан үлкен сахнаға шығуды армандаған емеспiн. Сахнаға шығу маған қиын көрiнетiн. Бала кезiмнен шағын орталарда таныс адамдардың дауысын салып, пародиялағанды ұнататынмын. Кейiн университетке түскеннен кейiн ғана шындап пародияға бет бұра бастадым. Әуелi бiр үлкен концертке қатыстым. Ары қарай концертке шықпайтын шығармын деп ойлағам. Өйткенi ары қарай орындайтын ролiм де жоқ болды. Тек, басында Бекболат, Жүрсiн ағаларды пародиялап жүрдiм. Кейiн маған Асқар аға "Сүндет той" деген монолог жазып бердi. Онда Мейрамбек Беспаев, Ермек Серкебаев, Досымжан Таңатаров, Сәкен Майғазиев сияқты әншi ағаларыма пародия жасау керек болды. Олардың концерттерiн тыңдадым, бейнеклиптерiн көрдiм, сахнадағы жүрiс-тұрыстарын байқадым. Сөйтiп алғаш рет оларға пародия жасап, монолог айтып шықтым. Көрермен жақсы қабылдады. Бұдан кейiн " ендi пародия жасайтын ешкiм жоқ" деп ойлап жүрiп, кейiнiрек Амантай қажының бейнесiн жасадым, одан Мұхтар Шахановты пародияладым. Кейiн Иманғали Тасмағамбетов ағаға пародия жасадым. Осымен тоқтадым деп жүргенiмде, кейiпкерлерiмнiң қатарына Әбсаттар қажы қосылды. Ендi болған шығар деп жүргенiмде, Олжас Сүлейменов қосылды. Соған қарағанда, адам үнемi iзденiсте болса, әрi кiшкене қабiлетiң болса, жұмыс ары қарай жүре беретiн сияқты. Әлi де iздене берсем, талай кейiпкерлер шығып қалар деген ойдамын. – Кейiпкерлерiңнiң арасында саған қиындық тудырғаны қайсы? – Мұхтар Шаханов ағамызға пародия жасау кiшкене қиындау болды. Менiң дауысым – балаң дауыс, ол кiсiнiкi – iрiлеу. Менiң жасымда, Мұхтар ағаның дауысын салу оңай емес. Әрi ол кiсiнiң ақындық болмысын алуда да аздап қиналдым. Шикiлiктерiм байқалған сияқты көрiндi. Кейiпкерлерiмнiң iшiнде Иманғали аға өте жақын. Еш қиналмай, сол кiсiнiң болмысына кiрiп отырып, сөйлей алам. Кейде рахаттанып орындайтын сәттерiм де кездеседi, кейде қиналатын кездерiм де болады. – Өзiң айтқандай, көбi Бекболат Тiлеухан мен Жүрсiн Ерманды пародиялағанды ұнатады Ол кiсiлердiң дауысы пародия жасауға ыңғайлы ма? – Екеуiнде де ерекшелiк бар. Университетте оқып жүргенiмiзде студенттер арасында фестиваль өттi. Журналистика факультетi әлгi фестивальге журналистикаға қатысты дүниелердi алып шығуымыз керек болды. Ринат Кертаев Нұртiлеу Иманғалиұлына пародия жасайтын болды да, менiң студия қонақтарына пародия жасауым керек болды. Журналистика факультетiн бiтiрген Жүрсiн Ерманды, факультеттiң деканы Бауыржан Жақыпты, министрлiктiң өкiлi ретiнде Бекболат Тiлеухан келiп отыр деп, Бекболат ағаны пародияладым. Ойдағыдай шықты. Содан бастап, ол кiсiлер осылай менiң кейiпкерлерiм болып қалды. – Сахнаға шығарған кейiпкерлерiңнiң арасында өкпесiн айтып, ренжiгендерi болды ма? – Ондай сәттер болған жоқ. Жүрсiн аға да өз ризашылығын бiлдiрдi. Бекболат аға бiрнеше рет өзi көрiп, тамашалады. Ол кiсi маған: "Өзiмнiң дауысымды айнытпай таныдым. Дауысымды салыпсың, сен мықты болсаң, ендi менiң ән айтқандағы дауысымды салып көр" дедi. Болашақта ол да ойымда бар. Бiр жеке нөмiрде Бекболат ағаның әнiмен шықсам деймiн. Жүрсiн ағаның қол астына барып, "Қазақ радиосында" жұмыс iстеген кезiмде, сахнадағы болмысынан бөлек, жеке басындағы көп қасиеттерiн байқадым. Соның бәрiн көрiп-бiлгеннен кейiн, ол кiсiнi сахнаға шығару маған жеңiлiрек тидi. Өкпелегендерi әзiрге жоқ. Соңғы кездерi "менi де қоссаңшы" деген өтiнiштер де көбейiп жатыр. Алғашында телеарналарға барған кезiмде, "анаған жасауға болмайды, мынаған жасауға болмайды, мынауың дұрыс емес" дейтiн едi. Кейiн мұның бәрi түзелдi. Өйткенi ешқандай кейiпкерiмнiң ар-намысына нұқсан келтiрмеудi басты орынға қоямын. Екiнiң бiрiне пародия жасау мүмкiн емес. Ол ерекше адам болуы керек, әрi ел таныған жан болғаны абзал. Сонда ғана ұтасың. Танымайтын адамды қаз-қалпында жасап шығарғаныңызбен, ел танымаған соң, қызық емес. Сондықтан айналып келгенде, өнер адамдарына көбiрек ойысып кететiнiмiз содан. – Өзiң жасаған кейiпкердi қай жерде көрсетiп жүрсiң? Концерттерде ме, той-томалақтарда ма? – Көбiн сахнаға алып шықтым. Телеарналардағы кейбiр бағдарламаларға шақырған кездерде орындаған сәттерiм де болды. Әртүрлi жиын-тойларда көрсетем. Той-томалақтарда да орындауға тура келедi. Жалпы, үлкен аудитория қажет. Аудиторияға қарайсың да, солардың талғамына қарай әрекет жасайсың. Солар ненi қалайды, ненi көргiсi келедi, соны ұсынуға тырысар едiң. – Телеарналардың бiрiне арнайы бағдарлама жасау жөнiнде ұсыныс жасап көрмедiң бе? – Телеарналардың тарапынан маған ұсыныстар көп түстi. Ұлттық арнадан да, "Хабар" арнасынан да, өзге де телеарналардан ұсыныс бiлдiргендер болды. Бәрiне де алғыс айттым. Өзiмнiң батылым жетпедi. "Мен мұны алып жүре алмаймын, өйткенi маған қиын" дедiм. – Не себептi? – Өйткенi менiң қорымдағы кейiпкерлерiм әлi де аздық етедi. Сегiз-он бағдарламаға дейiн апаруым мүмкiн. Ары қарай тоқтап қалам. Оған менiң әлi дайындығым жетiспейдi. Бiр жағынан жалқаулық бар шығар, екiншi жағынан осы жүрiске үйренiп қалғам. – Пародия саған нан тауып берiп жүр екен, ал өзiң өнердiң бұл саласына қандай үлес қосып жүрмiн деп ойлайсың? – Ақша табу үшiн ғана пародияны жаныма серiк етiп жүрген жоқпын. Мақсат осылай болатын болса, онда пародия дұрыс жемiсiн бермес едi. Ел алдына шыққан кезде абыройды ойлау керек. Сенiң жасап отырған дүниеңе көрерменнiң көңiлi толмаса, жүздерiнде "мынау не көрсетiп жатыр" дегендей көзқарас байқалса, онда өзiңнiң де көңiлiң ортайып қалады. Өзiм жасаған кейiпкерлерiмнiң сапалы шығуына, дұрыс болуына көбiрек жұмыс жасаймын. – Тағы кiмдердi пародиялағың келедi? – Келешекте тағы бiраз адамға пародия жасағым келедi. Олардың арасында саясаткерлер де бар. Ойға алған кейiпкерлерiмдi таңдап қойдым. Ендi соларды жасауға дайындыққа кiрiсем. – Бiр концерттiң өн бойында бiрнеше адамның дауысын салуға тура келедi. Қателесiп кетпейсiң бе? – Салатын кейiпкерiм iшкi дайындығымда толық пiспесе, ауытқулар болып қалады. Сондықтан кейiпкерлерiмдi үнемi қадағалап, телеарналардан көрiп қоям. Иманғали ағаны салып жүрген кезiмде телеарнадан қарасам, ол кiсiнiң даусынан аздап алшақтап барады екем. Домбыраның құлақ күйi кетiп қалатыны сияқты, көрiп, байқап жүрмесең, қателесiп кетуiң мүмкiн. Пародиялаған сәтiңде дауыстарда ұқсастықтар болса да, шатасып кетесiң. Бекболат Тiлеухан мен Жүрсiн Ерманның арасында мiнездiк айырмашылықтар бар. Олардан қателесу мүмкiн емес. – Иманғали Тасмағамбетов сенiң орындауыңдағы өз дауысын естiдi ме? – Естiдi. Ол кiсiнiң "Рахмет, айналайын! Елдiң есiне менiң дауысымды салып жүрсiң ғой. Бiрақ ана тауып жүрген ақшаңмен бөлiс" деп қалжыңдағаны бар. Жалпы, оң бағасын бердi. Бiр жиында ол кiсiнi салуыма "рұқсат" етпеген сәт болған. "Менi неге орындамайсың? Мен пародияға салуға лайық болсам, оны неге орындамасқа? Орында" деп ол кiсiнiң өзi рұқсатын бердi. Шын өнердi бiлетiн, шын пародияны түсiнетiн адам – оның қажетiн де бiледi. Пародия дегенiмiз, айналып келгенде, тегiн жарнама емес пе? – "Терiсқақпай" театрынан бөлек, өзге әзiл-сықақ театрларынан шақыртулар болған жоқ па? – "Астана" көңiлдi тапқырлар театры бар. Сол театрда жұмыс iстеймiн. – Бала кезден пародияға құмарта тұрып, актерлiктi емес, журналистиканы таңдауыңа себеп бар ма? – Мектепте бiрiншi сыныптан бесiншi сыныпқа дейiн кiлең беске оқыдым. Жоғары сыныпқа көшкеннен кейiн оқудан көрi, ойын-сауық қызығырақ бола бастады. Сөйтiп жүрiп, математикадан нашарлап кеттiм. Тiл-әдебиетке де ерекше құмарлығым болды. Атам мен әжемнiң қолында өскеннен кейiн, дала әдебиетiмен көбiрек сусындадым. Шығарма жазу, еркiн тақырыптарға қалам тарту оң жамбасыма келетiн сияқты болды. Мектепаралық олимпиадаларға да қазақ тiлi мен әдебиетiнен барып жүрдiм. Ұстаздарым да, әке-шешем де журналист болғанымды қалады. Сол кiсiлердiң айтуымен журналист болып кеткен сияқтымын. Төрт жыл журналистика факультетiнде оқығанымның зияны болған жоқ. Көп нәрсеге көзiмдi ашты, бiр жағынан ризамын. Болашақтағы өмiрiм телевизия саласымен тiкелей қатысты болатын шығар деп ойлаймын. – Бiр сұхбатыңнан достарыңды қалай алдағаның туралы оқыған едiк. Достарыңның саған өкпелейтiн кездерi көп пе?. – Достарымды алдаған сәттерiм көп. Айтыс ақындарына қоңырау шалып, айтысқа шақырып, бастарын қатырып қоятын кездерiм болған. Бiраз досымды өкпелеткен сәттерiм де болды. – Пародиялаған кезде тек дауысты салуды ғана мақсат етесiң бе, әлде сол дауыс иелерiнiң атымен қоғамда болып жатқан келеңсiздiктер туралы айтуға ұмтыласың ба? – Құр дауысын салып тұру – көрерменге де қызық емес шығар. Дауысты салу, әрине, ол бiрiншi мiндет. Ал, бiрақ адамның мiнезiн көрсете отырып, сол кiсi айтады деген мәселелердi кейiпкерiмнiң аузына салуға тырысам. Әзiлдiң арасында проблемалардың айтылып кетуiн қалаймын.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары