Ресей: ҚАРТТАРДЫ ДА ҰМЫТПАУ КЕРЕК
Ресей: ҚАРТТАРДЫ ДА ҰМЫТПАУ КЕРЕК
Ресей Премьер-министрi Владимир Путин табалдырықты аттаған жылы зейнетақыны көтеретiндiгi туралы жалпақ жұртқа уәде берген-дi. Ол биыл зейнетақы мөлшерiн былтырғы жылға қарағанда 9 пайызға арттыруды қамтамасыз ететiндiгiн бұдан бұрын да тiлге тиек еткен. Жағымды жаңалықты күтiп жүрген жергiлiктi зейнеткерлер бұл күнге де жететiн сияқты.
2011 жылдың бюджетiн талқылаған ресейлiк билiк шығынның басымдық бөлiгi әлеуметтiк төлемдерге жұмсалатынын айтып отыр. Яғни мұның iшiнде зейнеткерлерден басқа әскери қызметкерлер мен құқық қорғау мекеме мамандары, бюджеттiк салада жұмыс iстейтiндер және студенттер бар.
Биыл Ресей бюджетi – 8,6 трлн. рубльдi, ал шығысы – 10,4 трлн. рубльдi құрамақ. Бұған қарағанда ЖIӨ 5 пайызға төмендеуi мүмкiн. Премьер-министр жағдай осылай болса да, салық төлемдерiн жөн-жосықсыз көтермеймiз дегендi айтады.
2010 жылдың 1 шiлдесiндегi мәлiмет бойынша, зейнетақы 8 мың рубль шамасында болған. Ал биылғы жылдың ақпан айынан бастап ресейлiк зейнеткерлер үшiн орташа зейнетақы мөлшерi 8 мың 800 рубльге көбеймекшi. Оған бюджеттен 4,7 трлн. рубль көзделген. Ресей президентi Д.Медведев бұл үстеменiң ауыз толтырып айтуға тұрмайтындығын мойындаса да, 2012 жылға қарай зейнетақының айтарлықтай өсетiндiгiне екпiн түсiрдi. "Биылғы бюджеттiң қоржыны қампаймай тұр. Оған елге осыдан екi жыл бұрын келген экономикалық дағдарыс әжептәуiр салқынын тигiздi. Қаржының көп мөлшерi дағдарыстың алдын алу шараларына, зейнетақыны арттыруға жұмсалды. Сәтiн салса, қазына қалтасының тесiгi 2014 жылы түбегейлi бүтiнделетiн шығар деген үмiттемiз", – дедi Ресей президентi Дмитрий Медведев.
Украина президентi Виктор Янукович мемлекетте әкiмшiлiк реформаның басталғандығы туралы бұйрыққа қол қойды. Ол бұл жоспарындағы алғашқы әрекеттi үкiмет құрылымын түбегейлi қайта жасақтаудан бастады. Мәселен қазiргi күнi 28 министрлiктен бар-жоғы16-сы ғана қалды. Виктор Януковичтiң үкiметтегi жаңа бетбұрысы ненi көздейдi? Бұл сауал қызметтен босап қалған кейбiр экс-министрлер үшiн жұмбақ болуда.
Януковичтiң айтуынша, бұл қысқарту мемлекетттiң қаржысын тиiмдi пайдалануға мүмкiндiк бередi әрi әлеуметтiк топтың зейнетақысы мен жалақысын арттыруға жол ашады. Украиндық басылымдар Iшкi iстер министрлiгi мен Төтенше жағдайлар министрлiгiн бiрiктiру мәселесi туралы жазып жатса, Экономика мен Қаржы министрлiгiн де қосу жоспарда бар екендiгiн жарыса айтуда. "Сегодня" газетiнiң жазуынша, Украина үкiметiнде түптеп келгенде, 12 министрлiк қалуы мүмкiн. Сол арқылы украиндық билiк атқаратын қызметi бiр-бiрiне жақын әрi ұқсас министрлiктердi қысқартудан мемлекет бюджетiн үнемдеуге болатынын айтып отыр. Бiр қарағанда, басы артық әрi саны бар сапасыз мемлекет құрылымдарын қысқартудың жөнi бар сияқты. Сонымен, бұған дейiн қызмет етiп келген 112 ведомствоның 63-i қалса, оның 16-сы министрлiк, 28-i қызмет, 12-сi агенттiктер және 7-i инспекция.
Әзiрге Украинада қолға алынған жаңа жүйе тұрғысында пәлендей пiкiр айтуға ерте. Жасақталған үкiметтiң тiзгiнiн ұстағандар билiктегi жұмыс сапасы мен мазмұнын өзгертедi деуге халықтың сенiмсiздiгi басым. Себебi "жаңа" министрлердiң бәрi тың идеямен келген жас мамандар емес, бұрыннан үкiметтiң лауазымды қызметiн атқарып жүрген шенеунiктер көрiнедi.
Әр мемлекет шамасына қарай көсiледi. Жасыратыны жоқ, қазiр кейбiр ел дағдарыстан шығу баспалдағында тұрса, ендiгi бiрi әлi күнге сол тығырықтан шығатын жолды iздеу үстiнде. 28 миллион 400 мың халқы бар Өзбекстан мемлекетi де бас-көзсiз шығындарды азайтуға кiрiсу iсiн мемлекеттiк аппараттағы қызметкерлердi 10 пайызға қысқартудан бастады. Бұл – 6730 маман қызметiмен қош айтысады деген сөз.
Өзбекстан президентi Ислам Каримов қол қойған Қаулыға сәйкес, қысқартуға мемлекеттiк мекеме жетекшiлерiнiң орынбасарлары мен шаруашылық басқармасының мамандары iлiгедi. Дәл қазiргi күнi осы мекеме iшiнде жұмысшылар санын қысқартуға байланысты арнайы комиссия құрылған. Бұл шараның қорытындысы бойынша есеп ақпан айының соңына таман Қаржы министрлiгiне тапсырылатын болады.
Айта кету керек, бүгiнгi таңда Өзбекстанның мемлекеттiк және шаруашылық басқару жүйесiнде 14 министрлiк, 9 мемлекеттiк комитет, 7 агенттiк, 3 комитет, 10 қауымдастық пен концерн, 7 бiрлестiк, 21 компания жұмыс iстейдi.
Бұдан соң Ислам Каримов республиканың 2011 жылға арналған инвестициялық бағдарламасын мақұлдады. Атап айтқанда, мемлекеттiк бюджет есебiнен 2011 жылға арналған орталықтандырылған капитал салымдарының, суармалы жерлердi жақсарту жөнiндегi жер өңдеу қорының, бюджеттен тыс республикалық жол қорының мөлшерлерiн, сондай-ақ қайта жаңғырту қорының есебiнен бiлiм беру мекемелерiн жаңарту, күрделi жөндеуден өткiзу мен жабдықтау бағдарламасын бекiттi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ