ИНДУСТРИАЛДЫҚ ДАМУ ЖОЛЫНЫҢ ЖЕТIСТIКТЕРI

ИНДУСТРИАЛДЫҚ ДАМУ ЖОЛЫНЫҢ ЖЕТIСТIКТЕРI

ИНДУСТРИАЛДЫҚ ДАМУ ЖОЛЫНЫҢ ЖЕТIСТIКТЕРI
ашық дереккөзі
Тағы 80 кәсiпорын iске қосылды
 

Ел экономикасының дамуында жасалған үлкен қадамның бiрi – үдемелi индустриалды-инновациялық бағдарлама. Отандық экономика әлеуетiн көтерген шаралардың бiрi де осы. Олай дейтiнiмiз, дәп осы жоба бойынша бiрiншi жартыжылдықта 74 кәсiпорын, ал екiншi жартыжылдықта тағы да 80 өндiрiс орнының тұсауы кесiлдi.

– Өтiп бара жатқан жыл ел экономикасы үшiн елеулi бетбұрыстың бастауы болды. Биыл бiз дамудың жаңа дәуiрiне қадам бастық. Инновация арқылы индустриалдық даму жолын таңдап, тұңғыш бесжылдық жоспарды орындауға кiрiстiк. Барлық салада дерлiк заманауи жоғарғы технологияларға қол жеткiздiк. Қазақстандық даму стратегиясының басты ерекшелiгi – отандық бизнеске баса назар аударылуында болып отыр. Билiк пен бизнес арасында серiктестiктi дамытуға ерекше көңiл бөлiнуде, – дедi өткен аптада "телекөпiрде" Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Алдымен ауызға iлiгер бұл өндiрiс орындарының берерi мол. Индустрияландыру бағдарламасының нәтижесiнде iске қосылған iрiлi-ұсақты зауыттар алғашқы өнiмiн шығарып та үлгерген. Елiмiз үшiн жемiстi аяқталып отырған биылғы жылы 150-ден астам өндiрiс орны жұмысқа кiрiсiп кеттi. Бұл жобалардың жалпы құны 800 миллиард теңге болса, онда жұмыспен қамтылған халық саны 24 мыңға жетiп отыр. Осы орайда Үкiмет басы Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов ел тарихындағы индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша ашылған iрi кәсiпорындарға қатысты қуанышты хабарды жеткiздi: "Шығыс Қазақстан облысындағы "Қазмырыш" кәсiпорны өз тарихындағы ең iрi инвестициялық жобаны iске асырды. Жылына 70 мың тонна катодты мыс шығаратын кәсiпорын кен құрамындағы басқа да асыл металдарды бөлiп алып, әжетке жаратады", – дедi. Тұсауы кесiлген кәсiпорындардың бiрi – Алматы облысындағы сүт зауыты. Ол тәулiгiне 12 тонна өнiм шығаруға тиiс. Оған 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы құйылған. Қазақтың тағамтану академиясына қарасты кәсiпорын жаңа технологиямен құралған. "Мұнда шығарылатын өнiмнiң "құпия сыры" Тағамтану академиясының көп жылғы зерттеулерiнiң нәтижесi. Өнiм ана мен бала ағзасында дәрумендердiң тапшылығын ескерiп, жиi кездесетiн аллергия, анемия, диабет ауруларын емдеу мен алдын алуға мүмкiндiк туғызады", – деп түсiндiрдi Қазақтың тағамтану академиясының президентi Төрегелдi Шарманов. Осы бағдарлама негiзiнде Павлодар облысында химиялық зауыт бой көтерсе, Маңғыстау облысында бұрғылау ерiтiндiсiн шығаратын елiмiздегi тұңғыш зауыт пайдалануға берiлдi. Сондай-ақ, елiмiздiң оңтүстiгiнде агроөндiрiстiк кешен iске қосылды. Оңтүстiк облыстар жемiс-жидек пен көкөнiстердiң отаны десек, мұндай кәсiпорындардың көптеп ашылғаны ләзiм. Президент қатысқан телекөпiрде "Бейнеу-Шымкент" газ құбыры құрылысының басталғаны мәлiм болды. Бұл өте маңызды жоба болғандықтан, мойнына артылған жүгi де ауыр. Ол Орталық Азияны қуат тасымалы бойынша Қытаймен байланыстыратын торапқа айналмақшы. АЛДАҒЫ БЕСЖЫЛДЫҚТА – 294 КӘСIПОРЫН Аталмыш бағдарлама бойынша алдағы бесжылдықта жалпы құны 8 триллион теңге болатын 294 кәсiпорын ашу көзделген. Осы мақсатта Президент ел экономикасын реттеудегi басты 5 мiндеттi айқындап бердi. – Бүгiнгi таңда бiз әлемнiң 126 мемлекетiне 200-ден астам түрлi өнiм шығарамыз. Дегенмен, қазақ бизнесi әлi әлемдiк бәсеке деңгейiне жете қойған жоқ. Экономиканың жаһандануы – өзiңдi әлсiз сезiну әдетiнен арылуды қажет етедi. Екiншiден, бiзге әшейiн инвестиция емес, еңбек өнiмдiлiгi аса жоғары жұмыс орнын беретiн инвестиция керек. Бұдан кейiн қуатты үнемдеу – басты мәселе. Сондай-ақ, Дүниежүзiлiк банк биыл Қазақстан бизнестi жүргiзу бойынша үлкен iлгерiлеушiлiк жасағанын мәлiм еттi. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, – деп атап өттi. Жоғарыда аталған экспортқа шығарылатын 200 өнiмнiң басым көпшiлiгi шикiзат өнiмдерi. Ал, әлемдiк нарықта тамақ және жеңiл өнеркәсiптiң анағұрлым табысты және жеңiл екенi белгiлi. Сонымен қатар Президент өнiм алу – экономиканың тұрақты көзi екенiн атап кеттi. Осы бағытта "Өнiмдiлiк – 2020" бағдарламасы әзiрленiп жатыр, мұнда еңбек өнiмдiлiгiн арттыру шаралары қарастырылып жатса керек. P.S. Сонымен 2010 жылға жүктелген индустриалды-инновациялық бағдарлама өз мiндетiн орындады. Жыл басында және соңына жоспарланған iрiлi-ұсақты өндiрiс орындарының тұсауы кесiлiп, заманауи технологиямен жұмыс iстей бастады. Ендiгi мақсат – алынған өнiмдi шашау шығармай экспортқа шығарып, iшкi тұтыныста үнемдi пайдалану.

Ақниет ОСПАНБАЙ