ТӨРАҒАЛЫҚТЫ ТАРАЗЫЛАУ – ТАРИХ ЕНШIСIНДЕ

ТӨРАҒАЛЫҚТЫ ТАРАЗЫЛАУ – ТАРИХ ЕНШIСIНДЕ

ТӨРАҒАЛЫҚТЫ ТАРАЗЫЛАУ – ТАРИХ ЕНШIСIНДЕ
ашық дереккөзі
249

Сонымен, барыс жылындағы елiмiздегi басты саяси оқиғалардың бiрi – Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төрағалық мерзiмi де аяқталып қалды. Бұған дейiн жазғанымыздай, Қазақстанның төрағалығы Астана Саммитiнiң сәттi-сәтсiз өтуiмен байланыстырылатыны анық едi. Ендеше, Жетiншi саммиттiң қорытындысы ретiнде Астана декларациясының қабылдануы – ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттiң жұмыла жұмыс iстеуге деген ынтасымен қоса, Қазақстан командасының кәсiби бiлiктiлiгiн де айқындап бердi.

Қазiргi таңда түрлi әлеуметтiк зерттеу орталықтары, ғылыми институттар мен сарапшы ғалымдар, саясаттанушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындысын шығаруға атсалысып жатыр. Пiкiр көп, тұжырым – ортақ. Қалай дегенмен де, Астана Саммиттi Қазақстан бастамашылдығын әйгiлеп, мәртебесiн биiктетiп бердi.

Сарапшылардың айтуынша, бұл Саммит Орталық Азияда тұңғыш рет өткiзiлуiмен құнды. Осы аймақта өткiзiлiп отырғандықтан да, терроризм, есiрткi тасымалы, адам саудасы, сондай-ақ Қырғызстан мен Ауғанстандағы кикiлжiңдер жөнiнде ашық ой бөлiсудiң мүмкiндiгi туды. Ең бастысы, Еуропадағы iрi аймақтық ұйымның белдi мүшелерi Еуразиядағы қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi бағамдап, оны сақтаудың жолдары жөнiнде ұсыныстар жасалды.

Ал, бұл дегенiңiз – Қазақстан ұсынған "Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауiпсiздiк кеңiстiгiн" құру жолындағы алғашқы қадам.

Төрағалықты қорытындылаудың бiр талпынысы кешегi аптада Алматыда өткен халықаралық ғылыми конференцияда жасалды. "Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығының қорытындысы" деп аталған жиынды ұйымдастыруға ҚР Президентiнiң жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атсалысқан екен. Жиынға мемлекеттiк органдардың, Астана ЕҚЫҰ Орталығының, шетел елшiлiктерiнiң өкiлдерi және ғылыми-зерттеу институттарының белгiлi сарапшылары қатысты.

Конференцияда сөз алған ғалымдар, саясаттанушылар мен елшiлiк өкiлдiктерiнiң ой-пiкiрi бiр арнаға – осы төрағалықтың айтулы жетiстiгi – Астана Саммитi екенiн мойындауға ұласты.

Сарапшылардың айтуынша, "Еуразиялық қауiпсiздiк кеңiстiгi" ұғымын ЕҚЫҰ аясында енгiзуi де – Қазақстаның iрi жеңiсi. Еуропалық елдер ендiгi жерде Азиядағы қауiпсiздiкке алаңдап отырмақ. Батыс мемлекеттерi ендi Шығыстағы әрiптестерiнiң пiкiрiмен санасуға, олардың ұстанымын ескеруге мәжбүр болмақ.

Ауғанстан мәселесiн шешуге әлемдегi 43 мемлекет мүдделi екен. Бұл елден бастау алған есiрткi тасымалы, ұйымдасқан қылмыс көршiлес елдердi былай қойғанда, Еуропа мемлекеттерiнiң де мазасын қашыруда. Сондықтан да, Қазақстанның төрағалық тұсында Ауғанстанды бөлек тақырып аясында Саммит күн тәртiбiне енгiзгенi, осы мәселе жайында пiкiр алмасуға әрi бiрлесiп әрекет етуге шақыруы – ұтымды әрi көреген саяси қадам болды дейдi сарапшылар.

ҚР Сыртқы iстер министрлiгi ЕҚЫҰ Департаментiнiң директоры, Ерекше мәселелер бойнша елшi Сержан Әбдiкәрiмовтың айтуынша, Астана Саммитiнiң декларация жобасы 4 ай бойы дайындалған. ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерiне ортақ "agree language" деген тiл бар. Елшiнiң айтуынша, құжатты осы ортақ тiлмен тiгiсiн жатқызып, iс-әрекет жоспарын қабылдауға кейбiр мемлекет басшыларының жеке амбициялары кедергi болған.

Ақыраяғы, Қазақстан тарапы өзiнiң басты саяси ресурсын пайдалануға мәжбүр болды. Әрине, әңгiменiң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы екендiгiнде дау жоқ.

Шындығында, осы Саммиттiң өткiзiлуi мен декларацияның қабылдануында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер ретiндегi жеке абырой-беделi көп ықпал еткенiн жергiлiктi саясаттанушылар да, шетелдiк сарапшылар да айтып жүр.

Ал ҚазҰУ халықаралық қатыныстар факультетiнiң деканы Кәрiмжан Шәкiров өз сөзiнде: "Бұл ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммитi болуы да ғажап емес едi" деп айтып өттi. Ғалымның бұлай деуiнiң себебi бар. Он жылдан астам уақыт бас қоспаған ұйым мүшелерi осы жолы да қорытынды құжатқа қол қоймаса, онда "Осы ұйымның өзi қажет пе?" деген сұрақтың туындауы заңдылық едi. Абырой болғанда, Астана Саммитi тарих оқулықтарына Астана декларациясын қабылдануымен ғана емес, ЕҚЫҰ-ның өзiне "жан бiтiрген" жиын болып жазылғалы тұр.

Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бiрiншi орынбасары Ләйлә Мұзапарова: “Қазақстан төрағалық тiзгiнiн алғанда ЕҚЫҰ Еуропадағы қауiпсiздiктi сақтауға қажеттi қауқардан айрыла бастаған едi, – деп атап көрсеттi. – Осындай қиын жағдайда бiздiң мемлекет өз төрағалығының нақты бағдарламасын жасап, ұсынды. ЕҚЫҰ үш себетi бойынша да Қазақстан жыл бойы табанды жұмыс атқарды. ЕҚЫҰ аясында пiкiрталастар қайта жанданып, ұйымды нығайту бағытында жаңа идеялар пайда болды. Оның iшiнде, жыл бойы еуроатлантикалық және еуразиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Ұйым аясында жаңа көзқарас, соны сүрлеу салу үшiн көптеген жұмыстар атқарылды" дедi сарапшы.

Осы жыл iшiнде Қазақстан төраға ретiнде 160-тан астам шара өткiзген екен. Оның iшiнде, әскери-саяси кикiлжiңдер мен экономикалық мәселелердiң шешiмiн табуға, адами құндылықтар саласында iзденiстерге үндейтiн iс-шаралар да бар. Терроризммен, есiрткi тасымалымен, адам саудасымен, сондай-ақ экономикалық-экологиялық мәселелерге орай арнайы жиындар, түрлi конференциядар өткiзiлдi. Тiптi, Қазақстан адами құндылықтар саласында Копенгаген құжатының 20-жылдығына орай арнайы конференция да ұйымдастырды.

Маусым айында Астанада өткен ЕҚЫҚ кемсiтушiлiкке қарсы және төзiмдiлiк туралы конференциясы да жақсы лебiздерге ие болды.

Саммиттiң 11 жылдан соң өткiзiлуiнiң өзi және 8 жылдан берi ұйым жиналысының қорытынды құжатының ендi ғана қабылдануы да – ЕҚЫҰ жұмысына жаңаша серпiн бердi. Ұйым басшылығындағы Қазақстан тарапының белсендiлiгi ендi төрағалық тiзгiндi ұстаған Литваны да, одан кейiн 2013 жылғы төрағалыққа дайындалған Украинаны да бұл мiндеттi асқан ыждаһатпен және зор жауапкершiлiкпен қарауға үндейтiнi анық.

Ең бастысы, осындай жоғары деңгейдегi Саммиттi өткiзген соң, Қазақстан халықаралық деңгейдегi саяси маңызды шараларды атқаруға лайық екенiн танытты.

Ендi ЕҚЫҰ болашақ жиындарында Астана декларациясының аты бұған дейiнгi Хельсинкi, Копенгаген құжаттарымен бiрге аталып, оған жұмыс барысында сiлтеме жасалатын болады.

Ендеше, Қазақстанның төрағалығына берер баға әлi де уақыт еншiсiнде.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары