Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.
Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:
Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.
IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды: Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу. Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.
Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізген болатын.