КYМIС ТYСТЕС АҚ МЕТАЛЛ НЕМЕСЕ АЛЮМИНИЙ ҚАЛАЙ ӨНДIРIЛЕДI?

КYМIС ТYСТЕС АҚ МЕТАЛЛ НЕМЕСЕ АЛЮМИНИЙ ҚАЛАЙ ӨНДIРIЛЕДI?

КYМIС ТYСТЕС АҚ МЕТАЛЛ НЕМЕСЕ АЛЮМИНИЙ ҚАЛАЙ ӨНДIРIЛЕДI?
ашық дереккөзі
274

Жазира даланы қамтып жатқан кең байтақ елiмiз табиғи қазбаларға бай-ақ. Бiз бiр кездерi шикiзат өндiрушi ғана мемлекет болдық. Елiмiз тәуелсiздiк алып, еңсесiн тiктеген соң экономиканы өркендету басты мақсатқа айналған. Бүгiнде әлемнiң алпауыт мемлекеттерiмен иық тiрестiрiп отырған жайымыз бар. Лондон биржасына өзiмiздiң таза өнiмiмiздi шығарып, қазақ алюминийiн әлемге мәшһүр етiп отырмыз.

Павлодар өңiрi – Қазақстанның басты индустриалық аймағы. Ертiстiң бойын жағалаған өңiрде бiр емес бiрнеше зауыт бар. Қазақ алюминийiн өнiдiрiп отырған "Қазақстан алюминийi" акционерлiк қоғамы мен "Қазақстан электролиз зауыты" да Керекуден орын теуiптi. Аталмыш екi алпауыт зауыттың басын бiрiктiрген Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (ENRC) жуырда журналистер қауымын "Кәсiпорындағы бiр күн" атты пресс-турға шақырды. Мұндағы мақсат – елiмiздiң 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық стратегиясы негiзiнде жасалған жұмыстардың нәтижесiмен тiлшiлердi таныстыру. Бүгiнде халықаралық компания Қазхром ТҰК, Жәйрем КБК, Соколов-Сарыбай кен байыту өндiрiстiк бiрлестiгi және "Қазақстан алюминийi" АҚ мен "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ, Еуразиялық энергетика корпорациясы сияқты кәсiпорындарды бiрiктiрiп отыр. Арнайы сапармен келген журналистер тобы "Қазақстан электролиз зауыты" мен "Қазақстан алюминийi" акционерлiк қоғамында болып, қос кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен етене таныстық.

АҚҚУЛАР ЖҮЗГЕН ЖАСАНДЫ КӨЛ

Әлемдiк алюминий нарығындағы он негiзгi кәсiпорынның бiрi саналатын "Қазақстан алюминийi" АҚ құрамына Павлодар алюминий зауыты, 1-ЖЭО, Красноктябрь және Торғай кен басқармасы, сондай-ақ, "Керегетас" әктас кенiшi кiредi. "Қазақстан алюминийi" акционерлiк қоғамының басты бағыты – металлургиялық алюминий тотығын алу үшiн бокситтердi өндiру және кешендi өңдеу. 2010 жылдың үшiншi тоқсанында "Қазақстан алюминийi" АҚ 413 мың тонна алюминий тотығын және 1,355 млн. тонна боксит өндiрдi. Бокситтердi өндiру арнайы "Байер-жымдасу" әдiсiмен жүзеге асырылады. Бұл әдiстi "Павлодар алюминий зауытының" ғалымдары ойлап тапқан екен. Алюминий шығаруда алюминий тотығының алар орны зор. Жалпы алюминий тотығын алуда ең алдымен боксит, әктас, кальцийленген сода және каустиктiк сода мен қалпына келтiру көмiр сияқты шикiзаттар пайдаланылады. Бұған қоса металлдық галий алынады. Бiр айта кетерлiгi, "Қазақстан алюминийi" АҚ галий өндiрiтен бiрден-бiр кәсiпорын болып табылады. ТМД елдерi арасында тауарлы алюминий шығару iсiнде екiншi iрi орталық саналатын зауыт 6N және 7 N жоғары маркалы металды галий, Г-00 металлургиялық алюминий тотығын өндiредi. Алюминий тотығын өндiруде қауiптi өнiм ретiнде қызыл боксит шламы пайда болады. Шлам алюминий тотығын алу үшiн қажеттi бокситтiң қалдықтары.

Жалпы қызыл боксит шламының қауптiлiгi орасан зор. Кәсiпорында екi қызыл боксит шлам жинақтағыш жұмыс iстейдi. Журналистер тобы №1 карта, яғни бiрiншi шлам жинақтағышқа бет алдық. Үлкен дамбыға шығу да оңай емес екен. Дамбының биiктiгi 27 метрдей. Боксит қалдықтары жатқан алқапта Павлодар алюминий зауытының өндiрiстiк технологиялық бөлiмшесi бастығының орынбасары Шолохов Сергей Николайұлы зауыттың технологиясын егжей-тегжейлi түсiндiрдi. "Қызыл бокситтi өңдеу ерекше технологиямен жүргiзiледi және ол бiрнеше рет қайта өңделедi. Сол себептi, ұнтақ күйiнде шығарылады және оның шаң-тозаңы тiптен аз. Бiз алюминиый тотығын бiрiктiрiлген жүйелi әдiспен аламыз. Қазақстанда өндiрiлетiн боксит азмодульдi, яғни оның құрамында қоспасы көп, алюминий мөлшерi аз. Мұндай боксит әлемдегi басқа кен орындарында да бар. Бiрақ олар өндiрiлмейдi. Өйткенi, арнайы технология жоқ. Бiздiң технология сол себептi ерекшеленедi. №1 картада 51,9 млн. тонна шлам үйiндiлерi бар. Бұл шлам жинақтағыш 1964 жылдан бастап, 1998 жылға дейiн жұмыс iстеген. 1998 жылдан бастап аумағы 155,5 гектарды құрайтын №2 карта, яғни шлам жинақтағыш пайдаланылады. Мұнда 35 млн. тоннадай шлам жинақталған. 2012 жылы №3 шлам жинақтағыш iске қосылмақшы. Оның аумағы 250 гектарды алып жатыр. Шламдардың құрамында радиоктивтi элементтер жоқ. Бокситтiң қалдықтарының құрамында негiзiнен 18 пайыздай алюминий және бiраз мөлшерде темiр бар. Шлам жинақтағыштағы мына шламдарды басқалай кәсiпке де қолдануға болады," – дейдi Сергей Николайұлы. Венгрия мемлкетiндегi алюминий зауытында орын алған қайғылы оқиға бүкiл Еуропаны елең еткiзгенi мәлiм. Сұйыққойма қабырғаларының бұзылу салдарынан сыртқа 1 миллион текше метрдi қамтитын қызыл боксит төгiлген едi. Бұл төтенше оқиғаның салдарынан 9 адам қаза тауып, 120 адам ауыр жарақаттанған болатын. Ал улы боксит шламы ауылшаруашылық алқаптарын улап, ауыз суға да араласып, су тасқынымен Дунайға бiр-ақ тiрелдi. Осының салдарынан, Венгрия билiгi апаттан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеп, зауытты қайта қалпына келтiруге қыруар қаржы жұмсаған болатын. №1 карта, яғни шлам жинақтағыштың басында тұрған журналистердi "Павлодар алюминий зауытында да мұндай төтенше оқиға орын алмай ма?" деген қауiптi сұрақ мазалаған. Зауыт қызметкерлерi мұндағы бөгеттiң мықтылығын тiлге тиек етiп, ешбiр төтенше жағдайдың болмайтынын барынша дәлелдеп бердi. 2 миллион текше метр суды жинақтаған бөгет жасанды көлге айналған. Ол шын мәнiнде жан-жағынан қалың үйiндiлермен, шламдармен қорғалып тұр. Күрең түстес суы бар жасанды көл шламтасығыш қызметiн атқарады екен. Зауыт қызметкерлерiнiң сөзiне жүгiнсек, жасанды көлдiң суы тап-таза, тiптi мұнда жаз мезгiлiнде аққулар қалқып жүзетiн көрiнедi.

ТҰҢҒЫШ ЭЛЕКТРОЛИЗ ЗАУЫТЫ

"Қазақстан алюминийi" акционерлiк қоғамы мен "Қазақстан электролиз зауыты" акционерлiк қоғамының президентi Алмаз Ибрагимов мырза бiздi жылы шыраймен қарсы алды. Алмаз Ибрагимов зауыттың iргесi қаланған сәттен бастап, бүгiнгi күнге дейiнгi жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлiстi. Кез келген мемлекеттiң экономикасын iлгерiлететiн түстi металлургия кластерi екенi мәлiм. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетiмiздiң шикiзат көзi емес, дайын өнiм шығаратын мемлекетке айналуын ел алдына басты мақсат етiп қойды. Мақсатты жүзеге асыруда Президенттiң пәрменiмен 2005 жылдың 14 мамырында "Қазақстан электролиз зауытының" iргесi қаланыпты. Құрылыстың бiрiншi кезеңi небәрi 27 айдың iшiнде аяқталған. Құрылыс жұмыстарына әлемнiң 12 елiнен 20-ға жуық компания атсалысыпты. Ал 2007 жылдың 12 желтоқсанында тәуелсiз Қазақстанның алғашқы алюминийi өндiрiлдi. Бұл елiмiздiң түстi металлургия саласында ерекше орын алар елеулi оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың алғашқы өнiмiн қолына алып: "Бұл менiң көптен күткен арманым. Мен елiмiздiң алюминий тотығын тасымалдап қана қоймай, өзiмiздiң мамандарымыздың болғанын, дайын өнiмдi шығарып, мемлекетiмiздiң халықаралық аренаға шыққанын қаладым. Бұл шынымен мықты қанатты арман болды. Сiз бен менiң арманымыз орындалды" – дедi. 2008 жылы "Қазақстан электролиз зауыты" жылына 125 мың тонна алюминий өнiдiрген. 2010 жылдың 24 маусымында зауыттың екiншi құрылысы жоспардан бұрын аяқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Бүгiнде "Қазақстан эдектролиз зауыты" елiмiздегi алюминий өндiретiн жалғыз кәсiпорын болып отыр. Өндiрiстiң екiншi кезегi iске қосылған сәттен бастап зауыт 250 мың тонналық өнiмдiлiгiмен толық қуаттылығын арттырды. 2009 жылы зауыт өнiмi халықаралық лабораторияда сынақтан өтiп, ресми түрде Лондон биржасына тiркелдi. Зауыттың негiзгi өнiмi жоғары сапалы А85 және А8 маркалы алюминий. Өндiрiлетiн алюминийдiң салмағы 20 келiнi құрайды. Бiр айта кетерлiгi, жоғары сапалы А85 маркалы алюминий бiздiң елiмiзден өзге Бразилияда ғана өндiрiледi екен. Бiр тонна алюминийдiң құны Лондон биржасында 2400 АҚШ долларына тең. Елiмiздегi тұңғыш электролиз зауытында күнiне 700 тонна дайын алюминий құймалары шығарылады.

2010 жылдың үшiншi маусымында зауыт 62 мың тонна күмiс түстес ақ металлды, яғни алюминий өндiрiптi. Бұл көрсеткiш 2009 жылдың үшiншi маусымымен салыстырғанда 100%-ға жоғары болып отыр. "Қазақстан электролиз зауытының" өнiмдерi көбiне экспортқа бағытталады. Елiмiзде өндiрiлген алюминий Ресей, Қытай, Түркия, және Еуропалық одақ құрамына кiретiн мемлекеттерге жiберiледi. Сонымен қатар "Қазақстан электролиз зауытының" аясында қауаттылығы жылына 150 мың тонна өнiм шығаратын анод зауытының құрылысы жүргiзiлуде. 2012 жылда құрылысы аяқталуы тиiс анод зауыты алюминий өндiрiсiн жеткiлiктi анод мөлшерiмен қамтамасыз етуге септiгiн тигiзедi деп күтiлуде. Бұл жобаның сметалық құны 240 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Сондай-ақ, зауытта норвегиялық "Alstom" газ тазарту құрылғысы пайдаланылады. Құрылғы ауаға таратылатын қалдықтардың 99,7 пайызын ұстап қалу қабiлетiне ие. Сол себептi, "Қазақстан электролиз зауыты" қоршаған ортаға зиянын тигiзбей, әлемдiк экологиялық талаптарға сай жұмыс iстейдi деп нық сенiммен айтуға болады. Әрi аумағы 190 гектарды алып жатқан анадайдан менмұндалаған алып зауыттың айналасына да 336 мың түп жасыл-желек отырғызылыпты.

Зауыт негiзiнен екi өндiрiстiк цехтан және бiрнеше қосалқы цехтардан тұрады. Павлодар өңiрiнiң 2200 тұрғыны зауытта қызмет етедi.

ӘЛЕУМЕТТIК САЯСАТ

ENRC соңғы үш жыл iшiнде әлеуметтiк бағдарламаларға шамамен 110 млн. АҚШ доллары көлемiнде қаржы жұмсады. Корпорация жанынан мәдени, бiлiм беру және әлеуметтiк жобаларды басқаратын ENRC Komek қайырымдылық қоры тұрақты түрде қайырымдылық iс-шараларын жүргiзiп тұрады. Бұған қоса, ENRC мен Павлодар облысы әкiмдiгiнiң арасында аймақтағы әлеуметтiк жобаларды жүзеге асыру жөнiнде өзара бiрлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойылды. Корпорация құрамындағы "Қазақстан алюминийi" АҚ 2006 жылдан берi тұрғын үй бағдарламасын сәттi жүргiзiп келедi. Баспана ең алдымен жас мамандар мен жоғары бiлiктi мамандарға 10-15 жылға үстеме пайызсыз қарызға берiледi. 125 пәтерлi алғашқы тұрғын үй 2009 жылы берiлсе, биылғы жылдың маусымында тағы 125 қызметкер баспаналы болды. Ал балалар күнiне орай 240 орындық "Мерей" балабақшасы ашылған екен. Бiр айта кетерлiгi, балабақшада тек кәсiпорын қызметкерлерiнiң балалары ғана емес, сондай-ақ Павлодар қаласы тұрғындарының бөбектерi тәрбиеленедi екен. Сонымен қатар Павлодардағы №7лицей ENRC-мен 2013 жылға дейiн келiсiмге отырыпты. Лицей оқушылары "Павлодар алюминий" зауытында өндiрiстiк тәжiрибеден өтедi. Лицей түлектерiнiң 7 пайызы жұмыспен қамтылады. Ал Павлодар политехникалық колледжiнiң алты студентi тұңғыш электролиз зауыты есебiнен бiлiм алуда.

"Қазақстан электролиз зауытында" заман талаптарына сай жабдықталған медициналық орталық кәсiпорын қызметкерлерiне көмегiн ұсынады. Табиғаты көркем Баянауылда кәсiпорын жұмысшыларына арналған сауықтыру орталығы бар. Сауықтыру орталығында жыл сайын 2 мыңға жуық адам демалып, денсаулығын ретке келтiредi екен. Ал зауыт жұмысшыларының балалары жазғы демалыста "Восход" атты балалар лагерiне жолдама алады.

Әлеуметтiк саясат дегенде, ENRC-дiң Ұлы Отан соғысының 65-жылдығына орай ұйымдастырған "Батырлар жолымен" атты iс-шарасын ерекше атап өткен жөн. Қанды майданда қаза тапқан қазақ азаматтарының ерлiгiн асқақататуға арналған шара туралы "Қазақстан электролиз зауыты" акционерлiк қоғамы президентiнiң орынбасары Жұмабек Қамзин мырза кеңiнен баяндап бердi. "Батырлар жолымен" iс-шарасы Ұлы Отан соғысында Ресей Федерациясының Псков облысында қаза тапқан қазақ майдангерлерiнiң ерлiктерiн халыққа паш ету мақсатында жүзеге асырылды. Дәлiрек айтсақ, Ресейдiң Псков облысында қаза тапқан майдангерлер ескерткiшiн қайта жасадық. Мәселен, Новосокольниктегi Невельде Совет Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткiштерiн қайта жасап, жаңғырттық" дейдi Жұмабек Қамзин. Павлодар өңiрiнен шыққан майдангер азаматтар да мәңгi есте. Ұлы Отан соғысына қатысқан әр керекулiкке туған өлкесiнде ескерткiш қойылыпты. Бұл iстiң бас-қасында жүрiп, алюминий өндiрiсiнiң қарыштап дамуына атсалысып қанай қоймай, әлеуметтiк маңызы бар шараларды ұйымдастырып жүрген Жұмабек Қамзин зауыт алда да "Батырлар жолымен" iс шарасын одан әрi жалғастыратынын атап өттi.

АҚСУДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Керекуге сапарымыздың екiншi күнiнде Ақсу қаласына аттандық. 40 мың тұрғыны бар шағын қалада Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясына қарасты Ақсу ферроқорытпа зауыты мен "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы" акционерлiк қоғамы орналасқан. Ақсу ферроқорытпа зауыты дүниежүзi бойынша жылына бiр миллион тонна ферроқорытпалар өндiретiн хром, кремний және марганец қорыту жөнiнде жетекшi метталургиялық кәсiпорындардың бiрi болып саналады. Iргесi 1962 жылы қаланған зауыт ENRC-ға қарасты "Қазхром" Трансұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамының бөлiмшесi. Қазiргi таңда зауытта 7 мыңға жуық ақсулық жұмыс iстейдi. Зауытта 4 балқыту пешi бар. Кәсiпорынның коммерциялық байланыстары ТМД елдерiн ғана емес, басқа да елдердi қамтып отыр.

Мейiлiнше қалдықсыз өнiмге қол жеткiзу үшiн Ақсу ферроқорытпа зауытында агломерациялық цехтың құрылысы жүргiзiлуде. Бұл – зауытта табысты түрде жүзеге асырылып отырған инвестициялық жобалардың бiрi. Цехта жылына 350 мың тонна агломерат өндiрiледi. Оның 270 мың тоннасы хромды агломерат болса, қалған 80 мың тоннасы марганең кенiнiң агломераты. Бүгiнгi күнде аталған цехты iске қосу арқылы шикiзат қалдықтарын қайта өңдеуге әбден болады. Ақсу ферроқорытпа зауытындағы агломерациялық цех елiмiздегi хромды агломерат өндiретiн тұңғыш заманауи цех болып табылады.

Феррорқорытпа зауыты өз қызметкерлерiне тұрақты түрде қамқорлық көрсетiп отырады. Зауыт аймағында 3 спорттық кешен жұмыс iстейдi. Тiптi, зауыт қызметкерлерiнiң арасында талай спорттық жарыстарда үздiк атанып жүрген кәнiгi спортшылар да бар екен. Ал Баянауылдағы "Факел" демалыс базасында кей қызметкерлер тегiн емделедi.

ENRC құрамына кiретiн Еуразиялық энергетикалық корпорациясы Ақсу электр стансасын, "Шығыс" көмiр кенiшiн және өндiрiстiк жөндеу бөлiмшесi сынды үш құрылымдық бөлiмшелердi бiрiктiредi. Өндiрiс негiзiнен электр энергиясын өндiруге, көмiр өндiруге, энергетикалық және тау-кен жабдықтарын жөндеуге бағытталған. Еуразиялық энергетикалық корпорациясы елiмiздiң энергетикалық нарығындағы ең iрi энергия жабдықтаушысы. Ол Батыс-Сiбiр, Алтай өлкесi және Солтүстiк-Шығыс Қазақстанның энергия жүйелерiн бiрiктiредi. 2010 жылдың үшiншi тоқсанында корпорация 4,286 млн. тонна көмiр өндiрiп, 3,156 мың ГВт электр энергиясын өндiрдi.

Бiз Ақсу ферроқорытпа зауытынан шығып, Ақсу электр стансасына қарасты № 2 энергетикалық блогына ат басын бұрдық. ENRC алюминий тотығын шығару өндiрiсiн ұлғайту үшiн күрделi қаржы жұмсайды. Алюминий тотығын 1,7 миллион тоннаға жеткiзу мақсатында өндiрiстiк қуатты арттыру үшiн негiзгi капиталға 305 миллион доллар көлемiнде қаржы жұмсалған. Ал өндiрiстiк кәсiпорындарды электр энергиясымен қамтамасыздандыруды одан әрi дамыту мақсатында Ақсу электр стансасының №2 энергетикалық блогын қалпына келтiру және қуатын арттыру үшiн 230 млн. доллар қаржы құйылды. Бұл энергоблогтың қуаты 325 МВт электр энергиясын өндiруге лайықталған. 2011 жылы пайдалануға берiлетiн энергоблок қазiрдiң өзiнде тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыздандырып отыр. Ал 2013 жылы №6 энергоблок қайта жабдықталмақшы. Оның да қуатын 325 Мвт-ға жеткiзу үшiн 230 млн. доллар көлемiнде қаржы бөлiндi.

Сондай-ақ, Ақсу қаласында Еуразиялық энергетикалық корпорациясының тұқы шаруашылығын жүргiзуге арналған шарбақталған шабақтық балық шаруашылығы да бар. Жас балықтарды сақтап қалу үшiн өзен жағасы сорғыларында балықты қорғау iсi жүзеге асырылуда. Оның тиiмдiлiгi 72 пайызды құрайды.

Eуразиялық табиғи ресурстар корпорасының ұйымдастыруымен өткен Керекуге екi күндiк сапарымыз естен кетпестей. Елiмiздiң 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық стратегиясы негiзiнде бiршама игi жұмыстар жасалған екен. Күмiс түстес ақ алюминийiмiз елiмiздi дамудың жаңа биiгiне бастап отыр. Алтынға пара-пар металлды өндiру iсiне керекулiктер жұмылған жұдырықша атсалысуда.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ,

Алматы-Павлодар-Алматы

Серіктес жаңалықтары