КЕДЕНДIК ОДАҚ: ҮМIТ АҚТАЛДЫ МА?
КЕДЕНДIК ОДАҚ: ҮМIТ АҚТАЛДЫ МА?
2010 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан, Беларусь және Ресей Кедендiк одақ аясында жұмыс iстеп келедi. 2010 жылдың 1 шiлдесiнен бастап үш ел арасында бiртұтас Кедендiк кодекс жұмыс iстей бастады. Мiне, содан бергi бiр жылға таяу уақытта Кедендiк Одақтың жұмысы қалай сипат алуда? Кедендiк одақтың болашағы қалай болмақ? Ол Қазақстан экономикасына қалай ықпал етуде?
Елбасының биылғы Жолдауында Кедендiк одаққа айрықша мән берiледi. "Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерiстердiң белсендi қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серiппелiлiгi" делiнген онда. Кеден одағына енген бiр жылдай, бiртұтас Кедендiк кодекстiң жұмыс iстей бастауына бес айдай уақыт iшiнде оның тиiмдiлiгi және Қазақстанның экономикасына тигiзген ықпалы жайында сарапшылар әртүрлi пiкiрлер айтуда.
Кеден одағының Кодексi бойынша, үш елдегi кедендiк салымдар теңестiрiледi. Бұл Қазақстанға сырттан келетiн тауарларды қымбаттатып жiбергенi айқын. Өйткенi, кедендiк салымдар бұған дейiн Қазақстан мен Беларусьтiң кедендiк баж салығынан анағұрлым артық болып келген Ресейдiкiмен теңестiрiлдi. Сарапшылар бұл өз кезегiнде Қытайдан келетiн арзанқол дүниелердiң орнын ресейлiк қымбат тауарлар басады деген едi. Сондай-ақ, кеденнен түсетiн салымның басым көпшiлiгi Ресей қазынасына түседi. Айталық, Кедендiк одақ комиссиясының шешiмiмен кедендiк салымдардан түскен табыстың 4,7 пайызы – Беларусьтiң, 7,33 пайызы – Қазақстанның, қалған 87,97 пайызы – Ресейдiң үлесiне тиесiлi. Ресей сарапшылары бұл бөлiнiстi өте әдiлеттi деп есептейдi. "Gazeta.ru" cайтында Аджар Куртовтың "Таможенный союз России, Казахстана и Белоруссии: риски остаются" атты мақаласы жарық көрген. Онда автор: "Ресей – Кедендiк одақтың басты сауда әрiптесi және экономикалық тартылыс орталығы болып табылады. Мәселен, Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда айналымы – Кедендiк одақ елдерiнiң өзара сауда айналымының 1,05 пайызын құрайды. Ал, Ресей мен Қазақстанның өзара сауда айналымы – 35,72 пайызын, Ресей мен Беларусьтiң өзара сауда айналымы – 63,23 пайызын құрап отыр. Ресей, сондай-ақ, инвестиция тарту жағынан да басымдыққа ие. Ресей Белоруссияның басты шетелдiк инвесторы. Белоруссиядағы шетелдiк инвестицияның 40 пайызға жуығы Ресейге тиесiлi. Ал, Қазақстанның Белоруссиядағы тiкелей инвестициясы бар жоғы – 0,05 пайызға жетедi, Белоруссияның Ресейдегi тiкелей инвестициясы 0,09 пайызды, Қазақстандағы Ресейдiң тiкелей инвестициясы 13 пайызды, Белоруссияның Қазақстандағы инвестициясы – 0,01 пайызды құрайды" делiнген.
Кедендiк түсiмдердiң қомақты бөлiгi Ресейге кетiп жатқанына қарамастан, отандық сарапшылар да, беларусьтiк және Ресей сарапшылары да бұл қадамның өте оң болғандығын атап көрсетуде. Бiрiншiден, Қазақстан экономикасы шикiзатқа тәуелдiлiктен құтылады дейдi экономистер. Бұған алғашқы қадамдар да жасалып жатқан көрiнедi. Өйткенi, рыноктың ауқымының артуы экономиканың бәсекелестiгiн арттыра түседi. Бәсекелестiкке қабiлетсiз экономиканың нарық заманында өмiр сүруi екi талай. Сол себептi де қазақстандық экономика диверсификациялануға ұмтылады. Екiншiден, аталған елдер арасындағы сауда айналымы бiршама арта түседi. Биылғы 8 айда Қазақстан мен Ресей арасындағы сыртқы сауда айналымы 8,5 миллиард долларға, Белоруссиямен 0,3 миллион долларға жетiп, былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда, Ресеймен 11,8 пайызға, Белоруссиямен 5,6 пайызға артқан. Қазақстанның Экономика және даму министрлiгiнiң мәлiмдеуiне қарағанда, Қазақстан Ресейге 42,2 пайыз тауар экспорттаған. Демек, экономикалық интеграцияның бiзге берер тағы бiр артықшылығы – өзара сауда айналымының өсуi, өндiрiстi дамыту және модернизациялау арқылы IЖӨ (iшкi жалпы өнiм)-нiң артуы. Экономикалық даму министрлiгiнiң бағамдауынша, Ресей, Беларусь және Қазақстанның өзара Кеден одағын құруы таяу он жылдықта барлық қатысушы елдердiң IЖӨ-нiң жалпы өсiмi 16 пайызға жететiн болады.
Биылғы Елбасы Жолдауында "Үш ел интеграциясының келесi кезеңi 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң қалыптастырылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшiнiң еркiн қозғалысы қамтамасыз етiлетiн интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейi" делiнедi. Демек, үш мемлекет құрған Кедендiк одақ ойдағыдай жүзеге асатын болса, одан кейiнгi қадам бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру болмақ. 25-қазанда Санкт-Петербургте бас қосқан Кедендiк одаққа мүше мемлекеттердiң үкiмет басшылары бiртұтас экономикалық кеңiстiк (БЭК) құрудың алғашқы қадамдарын жасады. Gazeta.ru сайтына берген сұхбатында Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов 2015 жылы БЭК-тiң жасақталатындығын айтады. Сондай-ақ, Кәрiм Мәсiмов әзiрге бiртұтас валюта жайлы әңгiменiң күн тәртiбiне қойылмағандығын мәлiмдедi.
Сонымен қатар, Ресей бұл құрылымға Украинаны да тартқысы келедi. Брюссельде Украина президентiмен кездескен Ресей президентi Д. Медведев Януковичтен Кедендiк одаққа ену мүмкiндiктерi жайында сұраған. Янукович Украинаның Кедендiк одаққа ену мүмкiндiгiн жоққа шығармайды. Бiрақ, ол үшiн Конституцияға өзгерiстер енгiзiп, бүкiлхалықтық референдум өткiзу керек деген. Алайда, Украина президентiнiң бұл жауабы Украинаның өзiнде қатты сынға ұшырауда. "Украина Еуроодаққа енудiң алғышарттарын жасап жатқанда, Кедендiк одаққа мүше болам деуi ақылға сыйымсыз" дейдi украиналық саясаткерлер. Оның үстiне Украина Дүниежүзi сауда ұйымына (ДСҰ) мүше. Бұл да оның Кеден одағына мүше болуына кедергi келтiредi.
Елбасы Жолдауында Қазақстанныкң ДСҰ-ға енуiн жылдамдату мәселесi айтылады. "ТМД-дағы өңiрлiк экономикалық бiрлестiктерге қолдау бiлдiре отырып, Үкiмет Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына сай келетiн жағдайларда Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiру үдерiсiн жандандыруы тиiс" делiнедi онда. Дүниежүзi сауда ұйымына қандай да бiр одақ түрiнде ену мүмкiн еместiгiне қарамастан, соңғы жылдары осы бiр мәртебелi ұйымға мүшелiк жайында жиi айтылуда. Қазақстанның экономикалық даму және сауда вице-министрi Сүлейменов мырза 2012 жылы ДСҰ-ға мүше болуымыз мүмкiн деген мәлiмдеме жасаған:
– Бiз келiссөз процесстерiнiң өте жоғары сатысына жақындадық. Биылғы жылдың соңына дейiн негiзгi әрiптестерiмiзбен екi жақты келiссөздердi аяқтайтын боламыз. Көп жақты келiссөздер Женева хатшылығының деңгейiнде өткiзiледi. Демек, бiздiң елдi ДСҰ-ға мүше болуы 2012 жылы жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз, – дейдi ол.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,
Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси
коньюктура орталығының бас сарапшысы