ӘКIМДЕР ЕНДI САПАЛЫ СУҒА АЛАҢДАЙДЫ

ӘКIМДЕР ЕНДI САПАЛЫ СУҒА АЛАҢДАЙДЫ

ӘКIМДЕР ЕНДI САПАЛЫ СУҒА АЛАҢДАЙДЫ
ашық дереккөзі
237

Күнгейде келесi жылды "Ауыз су жылы" деп жарияламақ

Халық тығыз қоныстанған Оңтүстiк Қазақстан облысындағы ең басты әлеуметтiк мәселенiң бiрi –ауызсу. 2002-2010 жылдар аралығын қамтыған "Таза су" бағдарламасы бойынша облысқа 23 миллиард теңге бөлiнген. Оның жемiсi жоқ емес. Облыстағы 900 елдi мекеннiң қазiр 512-сi ауызсуды құбыр арқылы тұтынып келедi. Әсiресе, соңғы бес жылда Оңтүстiк Қазақстан облысы "Таза су" бағдарламасын орындауда республикада алдыңғы қатардан көрiне бiлдi. Осы аралықта 127 елдi мекенге су құбыры тартылып, 214 елдi мекеннiң ауызсу жүйесi ағымдағы жөндеуден өткен. Сонымен бiрге 215 елдi мекеннiң ауызсу мәселесi су тазартқыш қондырғылар арқылы шешiлдi. "Таза су" бағдарламасы биыл аяқталады, бiрақ облыстағы елдi мекендердi толығымен сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары әлi тоқталған жоқ. Халық ендi 2011-2020 жылдар аралығын қамтитын "Ақбұлақ" бағдарламасынан зор үмiт күтiп отыр.

Айтқандай, 2011 жыл – Оңтүстiк Қазақстан облысында "Ауызсу жылы" деп жарияланбақ.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серiк Ибадуллаевтың берген мәлiметтерiне қарағанда, дәл қазiр халыққа ауыз суды сапалы, әрi тәулiк бойы үздiксiз беретiн Шымкент қаласы ғана. Сайрам, Төлеби, Түлкiбас аудандары мен Түркiстан қаласында да тындырымды тiрлiк бар. Келесi жылы Сайрам ауданы тұрғындарына толықтай сапалы әрi тәулiк бойы үздiксiз су беретiн тұңғыш аудан мәртебесiн иеленiп қалуы мүмкiн. Дегенмен бұл салада "әттеген-айлар" да жоқ емес.

– Iс тетiгiн кадр шешедi. Аудандарда ауыз су саласын жақсы бiлетiн кадрлар тапшы. Тығырыққа тiреле беруiмiздiң түп-төркiнi осы бiлiктi мамандардың жоқтығынан. Кейбiр аудандардағы коммуналдық шаруашылық бөлiмiнде мамандығы заңгер, экономист, тiптi мұғалiм қызметкерлер iстейдi. Осыдан кейiн кадр тұрақтамайды. Мамандығы сәйкес келмеген соң, қызметкерлер бiраз уақыттан кейiн басқа салаға ауысып кеткендi жөн санайды. Бұдан кейiн тiрлiк оңа ма? Биыл облыста су шаруашылығына жiтi көңiл бөлiне бастады. Бұрын құрылысы аяқталған су жүйелерiнiң сапасы мен оны пайдалану деңгейiнiң жауапкершiлiгi аудан, қала әкiмдерiнен сұралмайтын. Биылдан бастап әкiмдер бұл жұмыстарға тiкелей жауап беруде. Жауапкершiлiк болмай, жұмыс жүрмейдi. Көптеген аудандарда "Таза су" бағдарламасының орындалуы науқандық сипат алып, "әйтеуiр қаржыны игере берсек болды" деген түсiнiк басым болып келген. Қазiр бiз аудан, қала әкiмдерiнен халыққа тәулiгiне 24 сағат сапалы су берудi, басталған құрылысты соңына дейiн жеткiзудi талап етiп жатырмыз, – дейдi Серiкбай Ибадуллаев.

Облыста биыл ауыз су құрылысы көбiне "Жол картасы" бағдарламасы аясында жүргiзiлдi. Мәселен, Созақ ауданы Аққолтық елдi мекенiнiң тұрғындары бұған дейiн ауыз суды ашық су көздерiнен, бұлақтардан алып келген болатын. Өткен сәуiр айында "Жол картасы" бағдарламасы бойынша 127 110 мың теңге бөлiнiп, ауылға 9,1 шақырымдық құбыр тартылды. Құрылысты жүргiзген мердiгер компания ауылдағы 205 үйге ауыз суды ауласына дейiн кiргiзiп берген. Қазiр ауыз су тәулiгiне 24 сағат арқырап ағып тұр. Созақ аудандық әкiмдiгiнiң берген мәлiметтерiне қарағанда, биыл ауданда 3 елдiмекенге ауыз су құбыры тартылған. Соның арқасында ауыз суды құбыр арқылы тұтынатын халықтың саны 78 пайызға жеткен. Ал 5 жарым мыңға жуық тұрғыны бар Отырар ауданы Көксарай ауылында заманауи су тазартқыш қондырғысы орнатылды. Қондырғы суды үш мәрте тазалаудан өткiзiп, оның сапасын нормаға сәйкестендiредi. 59 миллион теңгеге сатып алынған қондырғы сағатына 12 текше метр су тазалап, халықтың қажеттiлiгiн толықтай қанағаттандыра алады.

– Биыл "Жол картасы" бағдарламасының арқасында облыста 59 нысанда құрылыс жұмыстары басталса, соның 34-i ауыз суға қатысты болатын. Бүгiнгi күнi солардың 31-i пайдалануға берiлдi. Оңтүстiктегi ауыз су мәселесiн түбегейлi шешу үшiн 388 елдiмекенге су құбырын тарту қажет. Ол шамамен 87 миллиард теңге шығынды қажет етедi. "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында бiз бұл жұмыстарды 2020жылға дейiн толықтай аяқтаймыз.

Үкiмет "Таза су" бағдарламасын орындауда кеткен қателiктердi бұл жолы қайталамау қажеттiгiн айтып жатыр. Ауыз суға қатысты жобаларға қойылатын талап күшейтiлдi. Мамандар алдымен судың геологиялық қорын анықтап алуы тиiс. Екiншiден, ауыз су барлық үйге кiрiп, барлық абоненттерге есептегiштер орнатылуы керек. Биыл аудан-қалалардағы ауыз суға қатысты жобалық-сметалық құжаттарды әзiрлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлiндi. 2011 жыл облысымызда "Ауыз су жылы" деп жарияланса, бұл бағыттағы атқараылатын жұмыстардың ауқымы бұдан да жоғары болады,– дейдi Серiкбай Ибадуллаев.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары