ТҰМАН ТАСАСЫНДАҒЫ ҒАРЫШ БАҒДАРЛАМАСЫ

ТҰМАН ТАСАСЫНДАҒЫ ҒАРЫШ БАҒДАРЛАМАСЫ

ТҰМАН ТАСАСЫНДАҒЫ ҒАРЫШ БАҒДАРЛАМАСЫ
ашық дереккөзі
281

Талғат МҰСАБАЕВ: «Ұлттық ғарыш агенттiгi "ҚазСат 1" жасауға тапсырыс берген жоқ»

Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен берi мемлекет ғарыш саласын дамытуда аянып қалған жоқ. "Байқоңыр" ұшыру айлағы өз еншiмiзге мұра боп өтiп, дербес мемлекеттiң ғарыштық жетiстiктерi мен өзiнiң спутниктiк-коммуникациялық жасанды жер серiгiн қолданысқа беру басты мақсатқа айналды. Сөйтiп "ҚазСат" телехабар тарату мен байланысты қамтамасыз ететiн аппарат ұшырылды. Бұл аса маңызды байланыс аппаратының құрастыру, әрине, Ресейдiң ғарыштық өндiрiсiне бұйырды. Техникалық ақаулықтар алдын ала ескерiлмедi де, әйтеуiр, ашық кеңiстiкте "КазСаттан" көз жазып қала бердiк.

Ал Астана маңынан аппаратты бақылап отырған стансаның ешбiр кiнәсi жоқ боп шықты. Бiрақ ғарышта ғайып болған байланыс аппаратының нелiктен жоғалып кеткенiн түсiндiрiп әлек болған "ҚазҒарыш" агенттiгiнiң басшылары жаңадан екiншi аппаратты құрастыратынын айтып жұбатқан болды. Мұның бәрi көзiқарақты оқырманға ежелден белгiлi ескi жыр. Сонымен, әйтеуiр агенттiк әупiрiмдеп жүрiп Үкiметтен 2006 жылы 115 миллион АҚШ долларын сұрап алды. Бұл қомақты қаржы алғашқы "ҚазСаттың" құрылысына бөлiнген қаржыдан екi есе көп. Өйткенi, алғашқы спутникке бар-жоғы 65 миллион доллар қарастырылған едi.

Хош, "аузы күйген үрлеп iшедi" – деушi едi халқымыз. Агенттiк екiншi аппаратты жасауда да ғарышта хабарсыз кеткен "Қазсатты" жасаған Ресей федерациясындағы М.В.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталығына тапсырды. Бұл орталық негiзiнен ғарыштық аппараттарды құрастыруға маманданбаған, мұнда тек зымыранды ғарышқа алып шығатын "Протондар" құрастырылып келген. Мұны Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев та мойындап отыр. "Олар ресейлiк кәсiпорынмен келiсiмшарт жасасқан екен. Бiрақ бұл кәсiпорын ешқашанда спутник жасаған емес. Ол зымырантасығыштарды жасайды. Бұл тiптi басқа сала. Көп адам түсiнбейдi, алғашқы жер серiгiнiң құлауына "ҚАЗҒАРЫШТЫ" айыптайды. Сол кезде мен Ресейде өмiр сүретiн едiм. Қазақстанның мұндай спутникке тапсырыс бергенiн бiлген де жоқпын", – деп ағынан жарылды осы даулы мәселеге орай қарашада өткен баспасөз конференциясында.

ХРУНИЧЕВ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚИТҰРҚЫЛАРЫ

Олай болса, екiншi рет от баспайтынымызға кiм кепiл болады? Ғарыш агентiгiнiң тағы да ресейлiктердiң көмегiне жүгiнуiнiң сыры неде? Хруничев орталығымен "Қазсат-2" аппаратын жасау жөнiндегi келiсiмшарт 2006 жылы бекiтiлген. Ендеше уәде бойынша, келiсiмшарт бойынша тұрып аталмыш орталық 2009 жылдың желтоқсан айында байланыс аппаратын қолданысқа беруi тиiс едi. Алайда, кейбiр бөлшектерiнiң әлi де жасалып бiтпеу себебiнен 2010 жылдың желтоқсан айына шегердi. Оған да қазақ үкiметi мақұл дедi. Десе де "шыдамның да шегi бар", жыры көп Хруничев өндiрiстiк орталығы "Қазсат-2" аппаратын биыл да қолданысқа берудi созып отыр. Ресейлiктердiң өзге ел үшiн аса маңызды iстердi сағызша созатыны, мүмкiндiгiнше аяқтан шалатыны әдетi.

Уақыт еншiсiне тасталған "ҚазСат-2"-нiң ұшырылуы сыйырқұйымшақтанып бара жатса да, болашақта күттiрсе де, нәтижелi қызмет көрсетедi ме, жоқ па, оны кесiп айту қиын.

Қос байланыс аппаратының тағдыры да Хруничев орталығының мойнында болғандықтан, алғашқы аппаратқа жұмсалған қаржыны қайтарып алды. Өзiн-өзi ақтамаған "ҚазСат-1" аппаратына кепiлдiк берiлгенiн ресейлiк орталық мойындаса да, толық қаржыны өтеуден бас тартты. Сондықтан республикалық бюджеттен бөлiнген 65 миллион долларды толық жұмсаған орталық тек 47 пайызын ғана қайтарды. Келiсiмшарт бойынша 70 пайызы өтелуi тиiс болатын. Бiрақ Талғат Мұсабаев осы қаржының жеткiлiктi екенiн айтудан танар емес. "Қазақстан бұл салада өз мүддесiн жоғалтпас үшiн, сақтандырушылардан жалпы жұмсалған соманың 47 пайызын алса жеткiлiктi. Бiз Үкiметке осы iстi ұсынып едiк. Үкiмет мұны қолдады. Iс жүзеге асып жатыр".

Санкцияны толық төлеуден ат-тонын ала қашқан орталыққа елiмiз тағы да айыппұл салмақшы. Бiрiншi айыппұлды мандатып төлемеген орталық, екiншi "Қазсатты" кешiктiруге байланысты салынатын санкцияны төлей қоюы екiталай. Өткен жылы Ұлттық ғарыш агенттiгi "ҚазСат-2" құрылысын шетелдiк компанияларға табысталды деп едi. Осы үшiн, тiптi Ресей Думасының депутаттары наразылық танытқан да болатын. Алайда, мiне, тағы да ескi "әләулай мен хәләулай" жырын аталмыш орталық қайта жалғастырып отыр. Ал өзiмiзге келер болсақ, әлi бағдарлама құрудан қол босамай жатқан көрiнедi. Талғат Мұсабаев 2015 жылға дейiн ғарыш саласын дамытуға арналған жаңа бағдарлама жасалып жатқандығын айтты, сол бойынша ғарышты игеремiз деген уәдесiнен танбады. Бiрақ "ҚазСат-2" аппаратының қашан ұшырылатынын өзi де дөп басып айта алмай отыр, бiр Алланың қолында деумен шектелдi. "Бұл – белгiсiз iске кiрiсу. Қалғанын уақыт көрсетедi. Бiрақ, солай болғанның өзiнде Қазақстан ештеңе жоғалтпайды. Бiз келiсiм шартта өзiмiздiң талаптарымызды айқын көрсеттiк, үлгермесе, айыппұл төлейдi" – дедi Ұлттық ғарыш агентiгiнiң төрағасы.

ЖАЙБАРАҚАТ ЕЛДЕГI ҒАРЫШ ЖАЙЫ…

Осы орайда Қазақстан жерiнен зымырандарын тынымсыз ұшырып жатқан Ресей тарапы отандық ғарыш саласын дамытуда алдына жан салар емес. Өзге ел аумағын жалдап отырса да, көштен қалар түрi жоқ. Ресей Федерациясының Премьер-министрi В.Путин ғарышты одан әрi игеруде барымызды саламыз деп отыр. "Бiз үшiн өз территориямызда өзiмiздiң ғарыш айлағымыздың – жоғарғы технологиялы, заманауи, XXI-шi ғасырдың барлық талаптарына жауап беретiн айлағымыздың болғаны принциптi түрде маңызды", – деп атап көрсеттi В. Путин. "Кеңестер Одағының негiзгi бас ғарыш айлағы "Байқоңыр" болды. Кеңестер Одағының ыдырауының нәтижесiнде ол ғарыш айлағы бiзге достық пейiлдегi ел территориясында, дегенмен басқа жерде – Қазақстан территориясында қалды" деп қапаланды. Сондай-ақ, жақында осы салаға 67 миллиард рубль бөлiп, қаржының қалай жұмсалатынын өзi қадағалайтынын ескерттi. Ал бiз ше? Өзгеге тапсырып, өзiмiз жайбарақат қарап отырғанды әу бастан ұнатамыз. Айта берсек, қазақтың ғарыш саласын дамытуда бiтпейтiн дауы көп.

Десе де, "Қазсат-1" байланыс аппаратының нелiктен iстен шыққанын дөп басып ешкiм айтқан емес. Осы орайда Талғат Мұсабаев "ҚазСат-1" жер серiгiн дайындаумен Ұлттық инновациялық қор айналысқанын қайта-қайта айтып отыр. "Ғарыш саласына ешқандай қатысы жоқ осы қордың өкiлдерi 65 миллион доллардың спутнигiн жасау жөнiнде келiсiмшарт жасасты. Ең сорақысы, қор өкiлдерi келiсiмге отырған кәсiпорын мықты болғанымен, спутник жасаудан мүлдем тәжiрибесi жоқ ресейлiк кәсiпорын болатын. Ол тек зымырантасымалдағыштарды жасаумен айналысатын ұйым едi. Ал зымыран мен жер серiгiнiң арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бiлiмсiздiктен, тәжiрибесiздiктен жасалған келiсiмнiң соңы тақырға отырғызды", – дедi агенттiк төрағасымен ұйымдастырылған онлайн-конференцияда. Жұрттың зығырданын қайнататын жайтқа келсек, әлгi Ұлттық инновациялық қордың немен айналысқаны, қомақты қаржының желге ұшуына нақты кiмдердiң жауапкер екендiгi әлi күнге ашып айтылмай келедi. Тұман тасасынан әрең көрiнетiн әлдебiр тұманды сұлбалар емiс-емiс қарауытады.

"Қазiр "ҚазСат-3" жер серiгiн жасауға тендер жарияланды. Тендерге Франция, Германия, Жапония, Ресей, АҚШ, Израиль, Үндiстан сияқты мемлекеттер қатысуда" дедi. Бiрақ қашан дайын болатыны жөнiнде күмән әлi де сейiлер емес. Қазақстанның ғарыш бағдарламасы қалың тұман жапқан беймәлiм жерге ұқсайды…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары