ТОЛЕРАНТТЫҚ ҚАҒИДАСЫНЫҢ ЕКI ҚЫРЫ

ТОЛЕРАНТТЫҚ ҚАҒИДАСЫНЫҢ ЕКI ҚЫРЫ

ТОЛЕРАНТТЫҚ ҚАҒИДАСЫНЫҢ ЕКI ҚЫРЫ
ашық дереккөзі
377

Жақында Астана қаласында Н. Гумилев атындағы Еуразия университетiнде Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар мәселесi жөнiндегi жетекшi журналистер мен сарапшылар клубының Халықаралық төзiмдiлiк күнiне арналған отырысы өттi.

Отырыста биылғы Елбасы Жолдауындағы "Ұлтаралық келiсiмдi нығайту, ұлттық қауiпсiздiктi арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрi дамыту" тезисiне көбiрек мән берiп, елдегi этносаралық қатынастардың бүгiнгi деңгейi сарапқа салынды. Қазақстан Кеңестер одағы кезiнде "ұлттар лабораториясы" атанғаны мәлiм. Ал, қазiр елде 130 этнос өкiлдерi өзара тату-тәттi күн кешiп жатыр. Бұл ретте қазақ халқының толеранттыққа деген бейiмiнiң, қонақжай халықтың кiмдi болсын жатсынбай, құшағын айқара ашуының елдегi ұлтаралық татулықта маңызы өте зор. Сонымен қатар, жиында қазақтармен қоса елдегi өзге этнос өкiлдерiнiң де толеранттыққа ұмтылу қажеттiгi сөз болды. Қазақстан посткеңестiк елдердегi қайсыбiр мемлекеттердей мемлекеттiк тiлдi дамытуда шұғыл әрекеттерге барып отырған жоқ. Әлi де болса, елдегi этностардың қас-қабағын бағып, ұлттық саясатта либералдық бағыт ұстанып отыр. Бiрақ, өзге этностар арасында тiлдi үйренуге деген құлшыныс өз деңгейiнде емес.

Қазақстан халқының ХҮI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстан халқының барлығы бiрдей қазақ тiлiнде сөйлейтiн, бәрi менi сол тiлде түсiнетiн күндi аңсаймын" деп едi. Былтыр "Қазақстан халқы ассамблеясы" туралы заң қабылданды. Ол заңда мемлекеттiк тiлдi өзге этностар арасында насихаттау, дамыту секiлдi мәселелер ассамблеяға жүктелген едi. Ассамблея осы мақсаттарды жүзеге асыруды қолға алуда. Ең бастысы – Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде екендiгiн өзге этнос өкiлдерiне түсiндiру, қажеттiлiк тудыру – бүгiнгi күннiң талабы болып отыр. Осы жиында ортаға салынған кейбiр пiкiрлердi назарларыңызға ұсынамыз:

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушiсi:

– Бiздiң елiмiздiң басты байлығы және қасиетi – тәуелсiздiгi. Әрбiр талқыланып жатқан мәселе, жасалып жатқан қадамдарымыз тәуелсiздiктi баянды ету мақсатында жасалуда. Биыл талқыға түсiп, жұрттың назарын аударған "Ел бiрлiгi доктринасы" негiзiнде де ел тәуелсiздiгiн нығайту мәселесi тұр. Елдегi этносаралық татулық, этникалық топтар арасындағы қарым-қатынас, этникалық интеграция мәселелерi де осы тәуелсiздiктi бекемдеудiң мақсатынан туындап отыр. Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының ХVI сессиясында алдағы жылды "Қазақстан тәуелсiздiгi" жылы деп жариялауды ұсынды. Ендеше, ендiгi атқарылар iс-шаралар да осы тұрғыдан болмақ.

Қазақстандағы толеранттық бiр күнде қалыптасқан жоқ, оның негiзi, әрине, қазақ халқында жатыр. Маған Корей орталығының басшысы "Бүгiнгi қазақ халқының толеранттығының тамыры тым тереңде. Ол сонау халықтардың депортациясы кезiнде алпыстан астам ұлт өкiлдерiн қабылдап, жарты нанды бөлiп берiп, бiр бөлмелi құжырасынан орын берген кезден басталады. Ол кезде қазақ халқының толеранттығы бүгiнгiден анағұрлым артық едi" деген едi.

Мемлекеттiк тiл мәселесiн ассамблея назардан тыс қалдырған емес, ары қарай оны дамытуға күш сала бермек. Мемлекеттiк тiлдi әуелi қазақтардың өзi жеткiлiктi деңгейде бiлуi керек. Бiз ассамблея жанынан мемлекеттiк тiлдi дамыту орталығын құрдық. Бүгiнде қазақ тiлiн үйренуге деген құлшыныс өзге ұлт өкiлдерi арасында күшейiп келедi.

Бүгiнгi таңда мемлекеттiк тiлдi оқу мәселесi емес, оны нақты iске асыру мәселесi өзектi. Оңтүстiк Кореяның бiр университетiнде жүздей студент 3 жылдың iшiнде қазақ тiлiн үйренiп шыққан. Қазақ тiлiнде сөйлейтiн орта жоқ жерде үйренiп шыққанда, оны Қазақстан жағдайында қалай пайдалануға болады? Осы мәселеге көбiрек мән беру керек.

Намазалы Омашұлы, филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры, Журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы:

– Қазақстан халқы ассамблеясы iс-тәжiрибесi дүниежүзiне тарады. Дүниежүзiнде Қазақстан туралы айтқан кезде ауызбiрлiк, ұйымшылдық, шыдамдылық, ынтымақ, төзiмдiлiк мәселесiн үлгi етедi. Үлгi ететiндейi бар.

Қазақстан халқы ассамблеясының ХVI сессиясында Елбасы Н. Назарбаев: "Мемлекеттiк тiлдi дамыту – маңызды басымдылық болып қала бередi. Бiздiң мақсатымыз – мемлекеттiк тiлдi Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруiне қол жеткiзу" деген едi. Бiз осы сөздi басшылыққа алуымыз керек. Яғни, толеранттық қасиет жергiлiктi ұлттың ғана бойында емес, осында тұрып жатқан ұлттардың да бойында болуы керек. Толеранттық екi жақты болуы тиiс. Әрине, оның үлгiсiн қазақ халқы көрсетуi керек. Ал, өзге ұлт өкiлдерi де осы iлтипатты түсiнiп, Қазақстандағы халықтардың интеграциясына өз үлестерiн қосуы тиiс. Толеранттықтың бiржақты болғанын ешуақытта естiген емеспiн.

Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан журналистика академиясының президентi, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi, Журналистика факультетiнiң Журналистика тарихы кафедрасының меңгерушiсi:

– Бiзде Ресей басылымдарының қосымшалары көптеп шығады. "Комсомольская правда – Казахстан", "Известия – Казахстан", "АиФ – Казахстан", "Новая газета – Казахстан" секiлдi. Ташкентте 4 күн болғанымда, бiрде-бiр ресейлiк газет таба алмадым. Бiз Алматы мен Астанада отырып, Қазан телеарнасын спутник арқылы көре аламыз. Алайда, iргемiзде тұрған Бiшкекте не боп жатқанынан бейхабармыз. Бiзге не өзбектiң, не қырғыздың бiрде-бiр басылымы келмейдi. Осыдан үш жыл бұрын бiз грузин телеарнасын көрушi едiк. Қазiр оны да көре алмаймыз. Президент ақпараттық және идеологиялық экспансия жайында өте дана пiкiрлер айтты. Әрине, ресейлiк контентпен салыстырғанда, бiздiң телеарналардың мазмұны жұтаң, айтары аз. Сол себептi де көрермен ресейлiк контентке басымдық бередi.

Әзiрбайжанда орыс тiлi – шет тiлi, онда орыс диаспорасы көп емес, бар-жоғы 150 мың адам, бiрақ халқының 70%-ы орысша бiледi, бұрын Әзiрбайжанда 1200 орыс мектебi болса, қазiр оның саны – 29-ға дейiн азайған. Ресей университеттерiнiң 19 филиалы бар екенiне қарамастан, халықтың басым көпшiлiгi әзiрбайжан тiлiнде сөйлейдi, Украинада орыстардың үлес салмағы барлық халықтың 26%-ын иеленедi. Халықтың 67%-ы орыс тiлiн ана тiлiм деп есептейдi, 2003 жылдың 15 мамырында орыс тiлi Украинада ұлтаралық қарым-қатынас тiлi болып бекiтiлдi, алайда бiраз уақыттан кейiн орыс тiлi ұлттық азшылдықтың тiлi деген мәртебеге ие болды. Грузияда орыс тiлi ұлтаралық тiл мәртебесiне ие болғанымен, ондағы орыс халқының азайып бара жатқанына орай, орыстiлдi мектептердiң саны азайып кеттi. Қырғызстанда орыс тiлi 2005 жылы ресми тiл мәртебесiн жойды. Тәжiкстан халқы орыс тiлiн Ресейге еңбек мигранты үшiн бару мақсатында үйренуге талпынуда. Ал, конституциядағы орыс тiлiнiң ұлтаралық қарым-қатынас тiл мәртебесi жойылды. Мен бұл сан-цифрларды ойлану үшiн ұсынып отырмын.

Павел Гутионов, Ресей Журналистер одағының хатшысы:

– Ұлтаралық қарым-қатынас өте күрделi. Ресейде қазiр ақпарат құралдары бұл проблеманы жазуда көптеген қателiктер жiбередi. Бiздiң Журналистер одағының жанынан этнопроблематикалық БАҚ қауымдастығы құрылған болатын. Бұл қауымдастық этножурналистика тақырыбында жазылған мақалаларға мониторинг жүргiзумен айналысады. Екi жыл бұрын "Баспасөздегi толеранттықтың бұзылуы" атты тақырыпта 1 томдық кiтап шығардық. Мысалдарын келтiре отырып, талдау жасадық. Сонда бiздiң ресейлiк журналистер арасында ұлтараздығын әдейi қоздыру фактiлерi бар екенiн байқадық. Бұның ең басты себебi – авторлардың сауатсыздығынан. Ұлттық проблемада кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс дегендi анықтау оңай емес. Өйткенi, оқиғаға қатысушының барлығы да өз iсiн оң деп ойлайды, шын мәнiсiнде оның барлығы қателесiп жүргендiгiн бiлмейдi.

Қазiр Мәскеуде 67 журналистика факультетi жұмыс iстейдi. Ал, Кәсiптiк-техникалық училищелердiң саны бұдан әлдеқайда аз.

Бiзде көршi мемлекеттер жайында зерттеу жүргiзетiн институттардан гөрi Латын Америкасындағы мемлекеттердi зерттейтiн институттар саны тым көп. Бiз көбiнде мемлекеттер басшылары жайында, олардың адамдық қадiр-қасиетi жайында көп айтамыз. Мәселен, бiздiң журналистер Грузияның қазiргi президентi Саакашвили мен Украинаның бұрынғы президентi Ющенконың адамдық қасиетке жат мiнез-құлықтары жайында көп жазды. Ал, өзiмiздiң губернаторлардың адамдық қасиеттерiн көп тiзбелеп жатпайды. Бұның барлығы журналистiк этиканың қайшылықтарынан туындап отыр.

P.S. Елдегi этносаралық қарым-қатынастарды реттеуде этножурналистиканың қосар үлесi мол. Сол себептi де, елдегi саяси және ұлтаралық тұрақтылыққа журналистер қауымының да сiңiрген еңбегi ерен. Осыны ескерген Қазақстан халқы ассамблеясы осы салада еңбек етiп жүрген бiрқатар БАҚ пен журналистерге"Самұрық-Қазына" әл-әуқат қорының демеушiлiгiмен грант тапсырды.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси коньюктура

орталығының бас сарапшысы

Серіктес жаңалықтары